Сәрсенбі, 11 Қараша 2026
Жаужүрек 59 0 пікір 11 Қараша, 2026 сағат 01:22

Жастар – болашақ қана емес, бүгінгі қоғамдық күш!

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

Мемлекет жастарға мүмкіндік ұсынып қана қоймай, олардың бастамасына сенім артуы керек. Ал, осы мүмкіндікті жүзеге асыру үшін жастарды тыңдау — оларды шешім қабылдау үдерісіне шынайы араластырудан басталады.

Өйткені жастарды ел болашағы деп ауыз көпірте атай салу мүлдем оңай тірлік, ал сол болашақтың бүгінгі өздеріне қатысты шешімдергее тең дәрежеде қатыстыру — нағыз мемлекеттік саясаттың өлшемі екенін үнемі жадымызда ұстауға тиіспіз.

Ел болашағын жақсартуға үлес қосып жүрген белсенді жастардың рөлі ерекше екендігі дау туғызбайтын ақиқат. Волонтерлердің төтенше жағдайлар кезінде көрсеткен көмегі, эко-белсенділердің бастамалары мен жас стартаперлердің жетістіктері – қоғамның сауығып келе жатқанының белгісінің айшықты көрінісі болып табылады. Алайда, «белсенді жастар» ұғымы тек формалды түрде өткізетін форумдарға қатысып, марапат алумен шектелмеуі тиіс. Нағыз белсенділік – жүйелі өзгерістер әкелетін институционалдық күшке айналуы қажет, әрі өмір шындығы болып саналады.

Еріктілік мәдениеті мен қоғамдық бастамалар жастардың азаматтық жауапкершілігін қалай қалыптастырады? Мемлекет белсенді буынның әлеуетін толық пайдаланып жүр ме?

Жастардың белсенділігі – өткізілген форумдардың, ұйымдастырылған акциялардың немесе әлеуметтік желідегі жазбалардың көбедей көп санымен ешқашанда өлшенбейді. Қайта оның шынайы көрсеткіші – қоғамдағы нақты мәселені көріп, оған бейжай қарамайтын, соған байланысты өз шешім ұсынатын және сол шешімнің жүзеге асуына жауапкершілік алатын азаматтардың қалыптасуынан келіп шығады. Осы тұрғыдан алғанда, волонтерлік, көшбасшылық және азаматтық қоғам – бір-бірінен ауылдары алыс тұратын зау-заты бөлек ұғымдар емес, елдің қоғамдық дамуын алға сүйрейтін өзара сабақтас үш күш болып саналады.

Волонтерлік – жанашырлықтан азаматтық жауапкершілікке дейін

Қазақ қоғамында өзара көмек пен асар дәстүрі ежелден бар. Ауыл болып үй көтеру, қиындыққа тап болған отбасына қол ұшын созу, көп болып ортақ істі атқару – бүгінгі волонтерлік мәдениеттің тарихи-әлеуметтік негіздерінің бірпарасы. Сондықтан еріктілік бізге сырттан келген, өзгелер бізге күшпен таңған жат құбылыс емес. Оның қазіргі заманғы ерекшелігі – дәстүрлі жанашырлықтың қоғамдық ұйымдар, әлеуметтік жобалар және кәсіби дағдылар арқылы жүйелі сипат алуынан беймарал танылады.

Қазақстанда соңғы жылдары волонтерлік қозғалыстың ауқымы барынша кеңейе түсті. Ұлттық волонтерлік желінің 2025 жылғы қорытынды есебінде елдегі волонтерлер саны 275 мың деп көрсетілді. Ал мемлекеттік органдардың 2026 жылғы хабарламаларында бұл көрсеткіш 300 мыңнан асқаны айтылады. Аталған есеп бойынша 2025 жылы 358 мыңнан астам волонтерлік мүмкіндік жарияланып, 40 751 іс-шара өткізілді. Біз тілге тиек еткен бұл деректер еріктілік қызметтің еліміздің қоғамдық өмірдегі орны артып келе жатқанын аңғартады.

Дегенмен волонтерліктің мән-мазмұнын тек сандық көрсеткіштермен бағалау жеткіліксіз. Оның басты құндылығы – адамды қоғам алдындағы жауапкершілікке үйретуінен тұрады. Қарттарға көмек көрсету, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау, экологиялық акцияларға қатысу, ауыл балаларына білім беру, төтенше жағдай кезінде көмек ұйымдастыру – мұның бәрі жас адамның әлеуметтік сезімталдығын арттырып, өз ортасындағы мәселелерге бейжай қарамауына барынша ықпал етеді.

Волонтерлік қызметтің тағы бір маңызды қыры – жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етуі екендігін сөз орайда қадап айтқанымыз өте орынды болар еді. Ерікті жобаға қатысқан жас уақытты басқаруды, командамен жұмыс істеуді, адамдармен тіл табысуды, мәселені шешуді және бастаманы соңына дейін жеткізуді үйреніп, мол кәсіби және өмірлік тәжірибе жинай алады. Бұлар өз кезегінде – еңбек нарығында да, қоғамдық өмірде де қажет құзыреттер болып табылады.

Алайда, мемлекет тарапынан волонтерлікті бас-көз жоқ, жастардың тегін еңбегін пайдаланудың құралына айналдыруға еш болмайды. Еріктінің еңбегі құрметтеліп, қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі, атқарған жұмысы билік тарапынан мойындалуы һәм бағалануы қажет. Волонтерлік ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы әріптестік ашықтыққа, өзара сенімге және нақты қоғамдық нәтижеге негізделгенде ғана бұл қозғалыс елімізде кең қанат жайып, тұрақты түрде қарыгтап дамиды.

Көшбасшылық – атақ емес, жауапкершілік!

Жастар көшбасшылығы дегенде көп жағдайда сахнада сөйлейтін, форумдарға қатысатын немесе қоғамдық ұйымның жетекшісі атанған тұлға елестейтінгі де жасырын емес. Бірақ көшбасшылықтың өлшемі лауазым мен атақта емес. Керісінше, нағыз көшбасшы – қазақ қоғамына ортақ мәселені анықтап, адамдарды бір мақсатқа жұмылдыра алатын, шешім қабылдаудан қорықпайтын және нәтижесі үшін жауап беретін адам болуы керек.

Мұндай қабілет аяқ астынан бір күнде қалыптаспайды. Ол мектептегі өзін-өзі басқарудан, студенттік ұйымдардан, волонтерлік жобалардан, жергілікті бастамалардан өз нәрін алып басталады. Мәселен, ауылдағы балаларға арналған оқу клубын ашқан, елді мекеннің экологиялық мәселесін көтерген немесе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған жобаны іске асырған жас – қоғамға нақты пайда әкеліп қана қоймай, көшбасшылық тәжірибені өз бойына молынан жинақтайды.

Бұл ретте жастарға бастама көтеруге мүмкіндік беру жеткіліксіз болып саналады. Оларға шешім қабылдауға, жобаны басқаруға, бюджет пен ресурстарды жоспарлауға, өз жұмысын бағалауға да барынша аттың басы жіберілген мүмкіндік берілуі керек. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар жас көшбасшыларды дайын іс-шараларға қатысушы ретінде ғана емес, жобаның тең авторы және жауапты орындаушысы ретінде қабылдауы билік тарапынан жасалатын маңызды қадам да болып табылады.

Қазақстанның 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында да азаматтық қатысу және шешім қабылдау процесіне жастарды тарту негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Аталған құжатта бұл процеске тартылған жастардың үлесін 2029 жылға қарай 30 пайызға жеткізу нысаналы индикаторы қарастырылып отыр.

Бұл – өз кезегінде аса маңызды бағдар. Бірақ көрсеткіштің өсуі жастардың қоғамдық шешімдерге ықпалы күшейді дегенді еш білдірмейді. Осыған орай, жастар кеңестері мен қоғамдық ұйымдардағы өкілдік нақты ұсыныс енгізуге, шешім жобаларын талқылауға және олардың орындалуын бақылауға барынша мүмкіндік берілуге тиіс.

Азаматтық қоғам – жастардың қоғамдық ықпал алаңы

Азаматтық қоғам – мемлекеттің қызметін сырттай бақылап қана отыратын қағаз жүзіндегі көз жұмба орта емес. Ол қоғамдық мәселелерді анықтап, шешім ұсынатын, билік пен азаматтар арасындағы диалогты дамытатын маңызды институттар жүйесі болып табылады. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлік бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, кәсіби және бастамашыл қауымдастықтар кіреді.

Жастар осы құрылымдарға белсенді араласқан сайын қоғамдағы мәселелерді тек жеке мүдде тұрғысынан емес, жалпыға ортақ жауапкершілік тұрғысынан бағалауды да зерделеп үйренеді. Олар білім беру сапасы, экология, қала мен ауыл инфрақұрылымы, мәдениет, цифрлық қауіпсіздік, әлеуметтік теңдік секілді тақырыптарды әлеуметтік ортада жұрт атсалысатын қоғамдық талқылауға тікелей шығара алады.

Қазақстанда мұндай қатысуға арналған институционалдық мүмкіндіктер бар. 2025 жылғы ресми мәлімет бойынша, елімізде 263 қоғамдық кеңес жұмыс істеп, олардың құрамына шамамен төрт мың белсенді азамат кіріп отыр. Аталған жылы қоғамдық кеңестер 1500-ден астам нормативтік құқықтық акт жобасын қарастырып, 200-ден астам қоғамдық тыңдау өткізді. Бұл – азаматтық бақылау мен қоғамдық пікірді мемлекеттік шешімдерге жеткізудің нақты арналары болып табылады.

Бірақ жастардың бұл алаңдардағы үлесі мен ықпалы биліктің тарапынан кеңінен қолға алынып әлі де күшейтіле түсуі қажет. Жас азаматтардың қоғамдық кеңестерге, жергілікті өзін-өзі басқару жұмысына, қоғамдық тыңдауларға және азаматтық бастамаларға қатысуы қағаз жүзінде ғана көрініс тауып, формалды сипатта қалмауы керек. Олардың ұсынысы тыңдалып қана қоймай, қаралып, қабылданған немесе қабылданбаған шешімнің себептері түсіндірілуі қажет екенін баса айтқымыз келеді.

Осы жерде мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сенім мәселесі алға шығады. Егер жас адамның бастамасы төрешілдік (бюрократиялық) кедергілерге тірелсе, қоғамдық пікір ескерілмесе немесе волонтерлік жоба тек есеп үшін ұйымдастырылса, белсенділіктің қарқыны біртіндеп әлсіреп, билікке деген теріс көзқарасы қалыптасатыны да жасырын емес. Ал, билік тарапынан кеңінен қолға алынған ашық диалог, әділ бәсеке және нақты нәтиже өз кезегінде жастардың қоғамдық институттарға деген сенімін бекемдей, тас-түйін нығайтады.

Жастар – болашақ қана емес, бүгінгі қоғамдық күш!

Белсенді жастар – мемлекеттің қозғаушы күші деген тұжырым ұран күйінде қалмай ел дамуына өз үлесін қосуы керек. Оның нақты мазмұны жастардың қоғамдық мәселелерді шешуге қатысуынан, бастамаларына қолдау табуынан және мемлекеттік шешімдерге ықпал ете алуынан көрінеді. Волонтерлік адамды жанашырлыққа тәрбиелейді, көшбасшылық ортақ мақсатқа жұмылдырады, ал азаматтық қоғам сол белсенділікті қоғамдық өзгеріске айналдырады. Осы үш бағыт өзара үйлескенде ғана жастардың әлеуеті толық ашылады.

Мемлекет жастарға тек қолдау көрсетіп қана қоймай, оларға сенім артуы керек. Ал жастар белсенділікті жеке жетістікке жетудің баспалдағы ретінде ғана емес, ел алдындағы жауапкершілік ретінде қабылдауы қажет.

Өйткені елдің болашағы жастарға аманат етілетін кезеңді күтіп отырмайды. Ол бүгінгі таңда жастардың қандай шешім қабылдап, қандай бастама көтеріп, қоғам өміріне қаншалықты араласатынына байланысты қалыптасады.

Abai.kz

0 пікір