Дүйсенбі, 16 Қараша 2026
Ақмылтық 138 0 пікір 16 Қараша, 2026 сағат 14:11

Тағы да мемлекеттік тіл хақында...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Жақында Астанада өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының оныншы құрылтайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің мәртебесін көтере түсуді көздейтін бағдарламалық сөз сөйледі. Сөзінде туған тіліміздің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызын кеңінен қозғап, бұл орайда алда тұрған міндеттерді атап көрсетті.   

Осыған байланысты айта кетуім керек, ана тілінің тағдыры еліміздің көптеген азаматы қатарлы мені де сонау совет заманынан бері толғандырып келе жатқан-ды. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы әр кезде қағазға түсірген жазбаларымды, ойларымды тілімізді қорғау жолындағы өзімше жүргізген күресімнің хроникалық сипаты сақталған түрде жинап, «Қазақ тілі» қоғамының ұйысқанына 30 жыл толған жылы арнайы жинақ шығарғанмын («Тіл-Ғұмыр». Публицистикалық хроника, 256 бет. «Рух БГ» баспасы, 2019 жыл). Сондағы материалдар тілге қатысты күреске қосылған  үлес іспетті танылып, ескі кеңестік тәуелділік дәуір мен жаңа мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңдегі іс-әрекеттер жайынан біршама өзіндік ой түйерліктей дәрежеде әркімді хабардар етуге жарап қалуы керек. Біз үшін отарлық заманнан жанға батқан тақырыптың бүгінде ұдайы жасыра беруге көнбейтіні әлем бойынша ашыққа шықты. Президент Тоқаев атап көрсеткендей, «қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті». Оны әртүрлі тыйымдармен бүркеп, жамап-жасқай бермей, дұрыс шешімін табу жолын іздестіре түсу әлдеқайда тиімді болмақ.

Мемлекет басшысының Қоғам құрылтайына арнайы қатысып, қазақ тілі тағдырын бекемдеудің жаңа белеске көтерілгенін көрсетуі, сол ретте атқарылуға тиіс міндеттерді таратып айтуы Қоғам мүшелерінің, мәселеге бейтарап қарамайтын жұртшылықтың, көптеген қазақстандықтың көңілінен шыққаны анық. Ол  қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау жайын әңгімеледі, алдағы міндет ретінде кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұражай қорларын цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жандандыру қажеттігіне нұсқады. Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде ғана емес, цифрлық кеңістікте де сақталуға тиістігін ескертті.

Білім беру жүйесінде қазақ тілін қолдану көлемі артып келе жатыр деді, тек биылдың өзінде мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданғанын, колледждер мен жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің саны көбейгенін атап көрсетті. Қазақ тілінің мәдениет пен креативті индустрия саласындағы қолданысына да ерекше назар аударды. Барлық салада қазақ тілі кең қолданылып келе жатқанын, ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түскенін қанағаттана атады.  Былтыр жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылыпты, түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарық көрген көрінеді.  Қазақ тілі ұлтты ұйыстыратын әрі елдің мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін танытатын «жұмсақ күшке» айналып келеді деп, Президент әлемге әйгілі әншіміз Димаш Құдайберген, кино өнерінде жарқ еткен актрисамыз Самал Еслямова, шахмат әлемінде жарық жұлдызға айналып келе жатқан Бибісара Асаубаева секілді халықаралық деңгейде танылған жастарымыздың еңбегін арнайы атап өтті.

Мемлекеттік тіліміздің баршамызға, күллі қазақстандыққа ортақ құндылық екеніне ерекше мән бере келіп, ана тіліміздің биік мәртебесіне сай абырой-беделін арттыру үшін өркениетті ел ретінде табандылықпен жұмыс істеуіміз керек деді Мемлекет басшысы. Ол тиісті буындардың біртұтас елдікті сезіне келе, тіл саясатын жетілдіру, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту, ғылыми әлеуетін арттыру мәселелерін әрдайым ойда ұстауы, солармен қатар инженерия, медицина, құқық, экономика және ақпараттық технологиялар салаларын қазақ тілінде меңгеруге мүмкіндік беретін сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуі қажеттігін ескертті. Бір сәт те назардан түсіруге болмайтын бағыттарды айқындап көрсетті.

«Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеруіміз керек», – дей келіп,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: – «Осы өзекті жұмыста қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту, дәріптеу – тарихи міндет» екенін қадап айтты. Қазақ тілінің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз деді. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек деген міндет қойды. Келер жылдың «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аталатынынан хабардар ете келе, сөзін: «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан мен қасиетті құндылығымыз – қазақ тілі жасай берсін!» – деп түйіндегені барша жұрт қатарлы мені де айрықша толқынысқа бөледі.

Вице-Президент Ерлан Қарин Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының оныншы  құрылтайына Мемлекет басшысының арнайы қатысуы бұл жиынның ауқымы жағынан да, мазмұн тұрғысынан да деңгейін одан әрі арттырған  соңғы жылдардағы ең үлкен, айрықша басқосу болғанын Qaz365.kz Жаңа Қазақстан порталында  нақтылап жазды. Президент көтерген бес маңызды мәселені:  мемлекеттік тілдің болашағы, емле ережелерін жетілдіру, қазақ тілінің ғылым мен технология саласындағы қолданысын кеңейту, қоғам бірлігін нығайту және «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызы туралы пікір білдіріп, көпшілікке түсінікті түрде талдап берді. Бұл мәселелердің ұңғыл-шұңғылын Вице-Президенттің жетік білетініне және көтерілген жәйттердің бәрін жүзеге асыруда білікті басшылық жасай алатынына күмән жоқ. Ол Мемлекеттік хатшы кезінде Қоғамның Сезізінші құрылтайында сөз сөйлеп, «Тіл – ұлттың жаны» деген сөздің бекер айтылмағанын еске сала келе,  «ана тіліміз қай кезде де айбынымыз саналған. Оны сақтау – бәріміз үшін қастерлі міндет» деген, тілімізді сақтау, оны ғылымның және озық технологияның тіліне айналдыру – мемлекет саясатындағы басым бағыттың бірі екенін айтып, сол ретте атқарылып жатқан ауқымды шаруалардың бірқатарына тоқталған. Солардың оң нәтижесі Президенттің Оныншы құрылтайдағы  сөзіне арқау болғанына дау жоқ.

Дегенмен жүзеге асырылып жатқан істердің мазмұнды әм шын мәнінде пайдалы болуына септесу, Мемлекет басшысы баршамызға міндет етіп қойған «қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысу» мақсатымен – бірер ой білдірсем деймін. Сөз жоқ, Президент айтқандай, мемлекеттік тіл қоғамды біріктіруге тиіс. Бұл орайда тіл үйрету іс-шаралары тәуелсіздіктің басынан, тіпті советтік кезеңде тіл жайында алғашқы заң қабылданғаннан бері жүргізіліп келе жатқаны қай-қасымызға да белгілі.

Әуелі мынаны еске алайық. Сонау 1989–1991 жылдардан бері қазақ тілі орыс мектептерінде міндетті түрде оқытыла бастағаны да мәлім. Содан бері миллиондаған түлек орта білімді игерген аттестат алып шықты, бірақ солардың қаншасы мемлекеттік тілді үйреніп мектептен үйреніп шықты екен? Әлде оқу орындарының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай көзбояушылыққа салынуына әлі күнгі жол беріліп жүр ме екен? Ал сабаққа дұрыс қатысып, қазақша біліп шыққандардың өзі оны қолдануға мұқтаждық болмауы салдарынан артынша ұмытып кетті ме екен? Осы мәселені зерттеп, кәдеге асарлықтай тиісті қорытынды жасап көрсе қалай болар еді? Бұл қажет те ғой...

Талай мәрте арнайы бағдарлама жасап, үйірмелер жүргізуге көп қаржы бөліп жүргеніміз де рас емес пе, тек соның оң нәтиже беріп жүргені де шамалы тәрізді. Менің ойымша, қазақстандықтың бәрін қазақша сөйлетеміз деп құлшынудың қажеті шамалы, тек солардың баршасының бойына  мемлекеттік тілге құрметпен қарау сезімін дарытса болғаны. Сонда олар ешқандай арнайы курстарға қатыспай-ақ күнделікті тіршілікке қажет жетпіс-сексен сөзді оп-оңай біліп алады, сонда күні кешегі әлдебір астамшылық дертпен ауырған   екібастұздық әйел сияқты көрші мемлекет басшысынан елімізге әскер кіргізуді сұрағыштардың исі де, ізі де қалмайды. Тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, күллі қоғамдық орындардың жиын өтетін орындарын ілеспе тәржіме жасауға керекті аппаратурамен жабдықтауды, сөйлеушілердің сөздерін мемлекеттік тілге және кері бағытта жедел аударып тұру ісін жүзеге асыратын тілмаштар тобын әзірлеуді жолға қою жөн. Мұндай тәсіл арқылы сауда жасау, тамақтандыру, әлеуметтік саланың басқа да толып жатқан буындарында мәдениетті қызмет көрсетудің тиімді боларына күмән болмаса керек, егер солай етер болсақ – түрлі арандатушылыққа да, арандап қалуға да себеп қалмаған болар еді.

Еліміз бойынша әртүрлі әлеуметті нысандар салынады, барлық өңірде мыңдаған жұмыс орны ашылады, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады деп таныстырылған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына байланысты да бірер ой тілге оралып тұр. Және бұл ойды жария етуіме Президенттің: «Отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік беріледі», – деген тұжырымы түрткі болды.

Мәселе мынада. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде ерекше белсенділік көрсеткен реформаторларымыз қазақ халқының тарихи өмір сүру салтын,  тарихи ұлттық экономикасының негізін тәрк етіп, ауылдарда миллиондаған мал ұстаудың қажет еместігін, керек болса, шет елдерден сатып әкелетіндерін жария еткен де, голощекиндік қасіретті «революциядан» кейін қайта ұйысып, ес жиғанда елді асырап тұрған кеңшар, ұжымшарларды елді мекендерінде заманауи шағын кәсіпорындар ашып беру арқылы бекемдеп, сақтауға тырысудың орнына, жаңа «революция» дауылымен қаусатып-күйреткен. Бірақ сол парықсыз реформаларының себеп-салдарларын күні бүгінге дейін ешқайсысы талдап, сараптап көрген жоқ. Ол аздай, күнкөріссіз қалған жұрттың қалаға ағылуын урбанизация талабы іспетті ақтап жүрді.

Менің ойымша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасының бір тармағы жаңа тұрпатты кәсіпкерлерді игерілмей жатқан, жалға берілуі ықтимал ұлан-ғайыр жерге ойластырылған үлкен жоспар арқылы орналастыру жолымен қазақтың ата кәсібін жаңғыртуға мүмкіндік беруді көздесе дұрыс болар еді. Сайын далада жыпырлап көтерілген заманауи ауылдар әрі жер-судың шынайы қожайындарын қалыптастырар, әрі ұлттық тіл, өнер, дәстүр, салт біткеннің тамырдан ажырамай дамуын қамтамасыз етер еді. Сонда Мемлекет басшысы: «Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында мұндай ауқымды жоба бұрын-соңды болған емес», – деп әділ бағалаған бағдарламаның тіліміздің  маңызын терең түсінуге бағытталған қадірі мейлінше арта түседі ғой деп ойлаймын.

Жалпы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мемлекеттік тәуелсіздіктің отыз бес жылдығы қарсаңындағы мерейтойлық құрылтайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тілімізді баршамызға ортақ құндылық ретінде бағалағаны, оның абырой-беделін арттыру үшін біртұтас ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек деп кесімді пікір білдіргені жұртшылыққа айрықша сенім телірі сөзсіз. Өз басым, егер «Тіл-Ғұмырды» қайта шығару бұйырар болса, хроника-жинақтың басты мақсатын айқындай түсу үшін оны «Аса маңызды құндылық» деп атамақпын...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір