Дүйсенбі, 16 Қараша 2026
Жаңалықтар 103 0 пікір 16 Қараша, 2026 сағат 14:17

Алматыда Шыңғыс Айтматов орталығы ашылды

Суреттер: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

«Тұран» университетінде көрнекті қырғыз жазушысы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов атындағы орталық пен қаламгердің бюстін салтанатты түрде ашу рәсімі өтті. Жаңа орталық жазушының мұрасын зерттеуге және Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған білім беру, ғылыми және мәдени жобаларды біріктіретін алаңға айналады.

Салтанатты рәсім Шыңғыс Айтматовтың гуманистік идеялары мен шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болу» атты іс-шара аясында ұйымдастырылды. Оған Қазақстан мен Қырғызстанның дипломатиялық өкілдері, жазушылар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Орталықты құру бастамасын Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Жеңишбек Асанқұлов көтерді. Жобаны «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов қолдады. Оны жүзеге асыруға Алматы қаласында тұратын қырғыз диаспорасының өкілдері елеулі үлес қосты.

Құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірашов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, жазушының туысы әрі Шыңғыс Айтматов қоры президентінің кеңесшісі Асанбек Ахматов, сондай-ақ екі елдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері болды.

Іс-шара барысында Қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры Нұрбек Талантбеков Шыңғыс Айтматов бюстінің авторы, мүсінші Надырбек Жээренчиевке Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мәмбетәлиевтің құттықтауын табыстады. Сонымен қатар мүсіншіге министрліктің наградасы берілді.

Қонақтарға жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді. Кездесуге қатысушылар Шыңғыс Айтматов мұрасының түркі әлемі мәдениетіндегі орны мен жалпыадамзаттық маңызы туралы ой бөлісті. Бағдарлама музыкалық және әдеби қойылымдармен жалғасты. Салтанатты бөлімнен кейін университет кітапханасында орталықтың ашылу рәсімі өтті.

Шыңғыс Айтматов орталығы ғылыми конференциялар, дәрістер, әдеби кездесулер, көрмелер және бірлескен мәдени-білім беру жобалары өткізілетін алаң болмақ. Орталық қызметінде жазушының шығармаларын зерттеуге, жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және студенттерді Орталық Азия халықтарының мәдени мұрасымен таныстыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Орталықтың ашылуы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени және ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды. Адамның қадір-қасиеті, адамгершілік таңдау, тарихи жады және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелерін арқау еткен Шыңғыс Айтматов шығармашылығы бауырлас екі халықтың ортақ рухани кеңістігінде ерекше орын алады.

«Тұран» университеті алдағы уақытта да мәдениетаралық диалогті дамытуға, тату көршілік қатынастарды нығайтуға және түркі әлемінің көрнекті тұлғаларының әдеби мұрасын сақтауға бағытталған бастамаларды қолдай береді.

Abai.kz

0 пікір