Дүйсенбі, 16 Қараша 2026
Әдебиет 172 0 пікір 16 Қараша, 2026 сағат 14:22

Кебіс

Сурет: tilalemi.kz сайтынан алынды.

Кейде адам өзі қатысып отырған оқиғаны қиялында басқаша етіп құрып отырады. Яғни, ол оқиғаны мүлде басқа қырынан елестетіп көреді.

Бұл өзіңді әлдебір артықшылықта елестетіп қанағаттану сезіміне мүлде қарамақайшы. Бұл дәл баланың «не бар екен» әлде «не болар екен» деп сау тұрған нәрсені бүлдіретіні сияқты. Бұнда да қалыпты өтіп жатқан оқиға қарап отырасың да ойша ешкім күтпеген, тіпті ақылға сыймайтын өте тосын бір әрекетті жұрттың көзінше жасайсың, сосын оның әсері мен салдарын ойша көз алдыңа әкелесің. Бұл өзі әрі қорқынышты әрі қызықты ойын. Мүмкін, қорқыныш терепиясы да шығар.

Марапаттау жиналысындамыз. Министр сөйлеп тұр. Жұртпен бірге мен де ол кісіге қарап отырмын. Бірақ, әдеттегідей, өз қиялымнан туған ессіз әрекетімнен кейінгі залдағы адамдардың реакциялаларын көз алдыма әкелем. Бүкіл зал дүр ете қалды. Әйел адамдарың оқыс шыңғырған дауыстары естілді. Жаңа ғана мен аяқ киімімді шешіп алып министрге лақтырып қалдым. Менің ойымда ол кісі жалт беріп дарытпай кетеді, не менікі онсыз да басынан жоғары асып лағып кетеді. Бушқа аяқ киім лақтырылған кездегі оның бейнесі есіңізде болар?! Осы әлгінде ғана бүгінгі ең жоғары марапатты алып менің жанымдағы орнына кеп жайғасқан ағамыз селк ете түсті. Аласапыранда мен оның көзіне қарап үлгердім. Жиналыс алдында менімен амандасып, өзін таныстырғанына қатты өкінгені байқалады. Мен орныма отырмаған күйі: «кешіріңіз, байқамай қалдым», не «әзілім еді, құдай ақы» деймін. Әрине, ешкім сенбейді. Оққағарлар болмаса да, осында отырған министрлік қызметкерлері сөзімді аяқтап бітпей мені тарпа бас салады. Сырттан күзет те шақырып үлгерер. Бастысы бұдан арғы жағдайым не болады? Мені марапатқа ұсынған бөлім бастығының көңілі қатты қалары даусыз. Ғимарат толы қызметкелер мен әріптестерім алдында масқарам шығады. Менің қолымды қайырып өте ыңғайсыз жағдайда залдан әкетуге айналған. Артыма қарап ем, мен жаққа қарап тұрған төрайымды көрдім. Оның жүзіндегі аяқастынан болған оқиғадан кейінгі таңғалыстың орнын енді реніш пен жиіркену сезімі басқан. Мен ұяттан қып-қызыл боп барам. Неге мұндай ақымақтыққа бардым, неге? Жүргізуші жігіт менің атымды атады. Соғылған қолдардың бікелкі дауысы құлағыма келді. Орнымнан тұрдым. Сахнаның бір бұрышынан манадан бері марапатталушылардың сыйлығын министрге жеткізіп тұрған қыз менің атыма жазылған мараппаты министрге қарай жеткізді. Саханаға беттедім. Алдымдағы сыпайы жымиған жүзге тездете басып келем. Сосын, тағы да ойладым... Жоооқ, керек емес!

Әмір Қабшықбай

Abai.kz

0 пікір