Тоқаев ҰҚК басшылығымен кеңес өткізді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) басшылығымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен кеңес өткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оның алдына бірқатар міндеттер қойды», — делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарын реформалау, оларға жүктелген міндеттерді орындау тәсілдерін қайта қарау және жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігін мәлімдеді.
Ол «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асырудың, елдің экономикалық мүдделерін қорғаудың, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Президент кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезіндегі шараларды күшейтуді тапсырды.
Abai.kz