Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 6098 0 пікір 14 Мамыр, 2014 сағат 10:01

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ КҮНІ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М. Ломоносов атындағы ММУ-де дәріс оқып, Еуразиялық экономикалық одақты (ЕЭО) құру туралы Шартқа қол қойылатын күнді «Еуразиялық интеграция күні» деп жариялауды ұсынған еді. 29 сәуірде  Минскіде өткен еуразиялық интеграциялық бірлестік мемлекет басшыларының кездесуінде ЕЭО-ны құру туралы Шартқа ағымдағы жылдың 29 мамырында Астанадағы «үштік» саммитінде қол қойылатыны расталды. Еуразиялық экономикалық комиссия мен үш елдің Үкіметтері 29 мамырға дейін ЕЭО құру туралы Шарттың барлық мәселелерін келісуі тиіс.

Жалпы алғанда, ЕЭО құру туралы Шарт жобасы Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің бір жүйеге келтірілген құжаттарынан ғана тұрмайды. Сонымен қатар, онда 70-ке жуық халықаралық келісімдер, энергетикалық сектор, қызмет көрсету саласына қатысты жаңа нормалар бар. Мәселен, аталған Шарт жобасында энергетикалық нарықтың базалық құрылымы тұжырымдалған. Жоғарыдағы айтылған жайдың дәлелі ретінде тараптар 2025 жылға дейін мұнай, мұнай өнімдері және газдың ортақ нарықтарын қалыптастыруға бірауыздан келісті. 2016 жылы үш елдің президенттері осы үш сала бойынша нарық қалыптастырудың тұжырымдамасын бекітеді. Ал екі жылдан кейін, яғни, 2018 жылы осы мақсаттағы бағдарлама қабылданады.

Сонымен қатар, 29 мамырда өтетін  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында «үштік» президенттерінің назарына Арменияның Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылуы туралы Шарттың жобасы да ұсынылады. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко Минскідегі кездесуде: «Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Арменияның  КО мен БЭК-ке қосылуы жөніндегі жол картасын жүзеге асырудағы жұмыстарды мақұлдады. Атап айтқанда, жол картасындағы 126 тармақтың 111-і орындалған, 15-і аталған құжаттың өзіне енгізіледі» деп мәлімдегені белгілі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл басқосуда негізгі екі мәселеге назар аударудың қажеттігін қадап айтты. «Біз барлық туындаған мәселелерді өзара келісіп шеше аламыз. Бүгінге дейін үлкен жолдың негізгі бөлігін жүріп өттік. Сондықтан, барлық мәселелерді шеше отырып, біз ЕЭО құру туралы Шартқа қол қоятын кезеңге жеттік. Екіншіден, біздің одаққа басқа әріптестеріміз де қосылғысы келіп отыр. Олардың бұл ниетін сыйлаймыз әрі қоштаймыз. Бірақ, ең бастысы олар біз жүріп өткен жолмен барлық құқықтық аспектілерді сақтап, үш елдің мүддесін ескеруі тиіс»,- деді ол. Ресей Президенті Владимир Путин ЕЭО құрудағы Қазақстан көшбасшысының ерекше рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев – ЕЭО-ның негізін салушы, дем берушісі. «Әуелден-ақ мұндай одақ құру туралы идеяны Нұрсұлтан Әбішұлы айтты. Ал оның ММУ-дегі мазмұнды, негіздемелі және толыққанды келешекке көз жіберген баяндамасы Қазақстанның бұл мәселеге жан-жақты, шынайы көзқараспен қарап отырғанын көрсетеді»,- деді Ресей Президенті. Сондай-ақ, ол үш елдің Кеден Одағының нақты нәтижелерге жеткізіп, ұлттық экономикаларға табыс әкеле бастағанын да атап өтті.

Кеден Одағының Қазақстан үшін тиімді болғанын төмендегі көрсеткіштерден байқауға болады. Интеграциялану жағдайында Қазақстан мен Ресейдің арасындағы шекара маңындағы сауда көлемі – 40 пайыздан астам өсті. 2011 жылдан бастап қазақстандық өңделген өнімді экспорттау көлемі де тұрақты артуда. Бұл ретте әлемдік экономиканың даму қарқыны бәсеңдеген жағдайда да тұрақты серпін байқалуда. Егер 2012 жылмен салыстырғанда өңделген өнімдерді экспорттау көлемі 14 пайызға өссе, 2013 жылдың қорытындысы бойынша ол 24,1 пайызды құраған. 2013 жылы Қазақстанның Ресей Федерациясы және Беларусьпен арадағы тауар айналымы 24 млрд АҚШ долларынан асты.

 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969