Жұма, 22 Қараша 2024
Жөн-ақ 7775 0 пікір 27 Мамыр, 2014 сағат 11:29

ШЫҢҒЫС МҰҚАН. ВАШИНГТОН ЖАЗБАЛАРЫ

  

 Елбасының Оқушылар және жастар сарайын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Атырау облысының әкімі Бақтықожа  Ізмұхамбетов  «Шеврон»  корпорациясының басқарушы директоры Скотт Дэвисті қабылдап, келіссөз барысында Атыраудан Жастар сарайын салу жөнінде келісімге келген болатын.  Бүгінгі күні сарай құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталып қалды. Орталықтың ішкі мазмұнын жасақтау үшін «Шевронның» шақыруымен 23-26 сәуірде Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтонға барып келдім. Ұзақ жолды көрген-білгенімді күнделікке түсіру арқылы қысқартып, жолжазбамды оқырманмен бөліскенді жөн көріп отырмын.

 

23 сәуір, 2014 жыл

Сәрсенбінің сәтінде таңғы 06.10-да Атыраудан ұшып шыққан ұшақ бес сағаттан соң табанын Амстердам әуежайына тіреді.   5-6 сағаттық аялдамадан кейін алып ұшақ қанатын ауаға тіреп, Атлантикадан асуға бет алды. Амстердамның өзінен тек Вашингтонға күніне 18 ұшақ ұшады екен. Кәрі құрлық пен Америка арасындағы әуеқатынасының жиілігі соншама, ұшақтар қанат тіресіп, аспанда бірінің үстіне бірі мінгесіп келетіндей. Вашингтонға сағат күндізгі үшке таяу қондық. Сағат айырмашылығы  – бақандай 12 сағат, қазір елде түн ортасы. Атыраудан шыққалы 20 сағат өтті, таңда шыққаннан күнді қуалап келеміз, түн де қуа-қуа күдерін үзе бергенде Б нүктесіне жеттік-ау, әйтеуір.

Ақ үйге таяу тұстағы қонақүйлердің біріне орналастық. Ақ үйдің жанында Украинаның жалауын ұстаған жастар жүрді. Қырғыз делегациясы суретке түсіп тұрды. Шағын алаңқай оқушыларға толды. Мектептер көктемгі каникулға шыққан екен. Тарихпен таныстыру үшін оқушыларды Американың түкпір-түкпірінен Вашингтонға саяхаттату жолға қойылған көрінеді.

Вашингтон, өздерінің өлшемімен, шағын қала, 600 мың ғана тұрғыны бар. Кептелген көлік пен асыққан адамды көз шалмады. Астаналық ырғақтан аймақтық бей-қамдық көбірек байқалады.

 

24 сәуір, 2014 жыл

Биологиялық сағаттың басы қатты. Түстен кейін маужырап, түнде сергексің. Толық бейімделу үшін әр сағат айырмасына бір күннен, яғни 12 күн уақыт керек екен. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Аз уақытты саз ете пайдалану керек.

Түске дейін төрт кездесуде болдым. «Шевронның» әлем үкіметтерімен байланыс менеджері Дайана Сидней 60 мыңнан астам қызметкері бар алып компанияның тіршілігімен таныстырды. 2013 жылы мекеме бес континентте күніне 2.6 млн. баррель мұнай мен газ өндірген екен. Осының оннан бірі Қазақстанда өндірілген. Дайана ханым корпорацияның әлеуметтік жобаларымен таныстырды. Мәселен, Нигерияда СПИД-тің анадан балаға өтуін тежейтін жобаны, Колумбияда шағын фермалар ашу арқылы жастар жұмыссыздығын жоюды, Бангладеште білім бағдарламасын қолдауда. 

Атырауда ана өлімінің жоғары екенін, жастарымыздың 52% ауылда тұратынын ескеріп, халықаралық тәжірибені ойға түйдік.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Вашингтонның қақ ортасында, Ақ үйге адым қадам жерде орналасқан. Ескі ғимарат. Кезінде Американың алғашқы вице-президенті өмір сүрген дейді. Сыртында Мемлекеттік рәміздеріміз бен тәуелсіздіктің символы – қанатты барысқа мінген Алтын адамның мүсіні қарсы алады. Елші Қайрат Омаровпен жөн сұрасып, Атырау облысы әр салада жинақталған тәжірибені зерделеуге, Индустриялық жобаларға инвестиция тартуға мүдделі екенін жеткіздім. Америкада Қазақстанның алты мыңнан астам студенті оқиды екен, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім қуған 2 мыңға жуық студент бар. АҚШ алыс болғанымен, қарым-қатынас жақын. Елшіліктің жұмысы қайнап жатыр.

Оқу институтының төрайымы Джен Морисон әлемде кең таралған STEM (Science, Technоlogy, Engineering and Math - Ғылым, Технология, инжиниринг және математика) бағдарламасы бойынша оқушыларды нақты ғылымға баулумен айналысады. Экономикалық дамуда технологиялық дамудың алар орны ерекше екенін айтады. АҚШ-тағы 20% жұмыс орны, яғни 26 млн. қызмет түрі STEM, демек, жоғарыда аталған салалар білімін қажет ететін көрінеді. Американың жоғары оқу орнына түскен  студенттердің 75%-ның математикадан сауаты шамалы болған. «Жастардың нақты ғылымға бейілі жоқ. Бірақ онсыз көгермейміз, болашағымыз болмайды. Оларды осы салаға баулуымыз керек», - дейді. 2018 жылға дейін STEM білімін қажет ететін жұмыс орындары 17% артатын көрінеді. STEM жүйесі «Шевронға» қажет мамандар дайындайтын болған соң бұл бағдарламаның негізгі демеушісі де - аталған компания. Жылда STEM білім бағдарламасы басшыларының ұлттық конференциясын және АҚШ ғылымының фестивалін өткізеді. Алдағы екі күнде осы шараларға қатысу жоспарланған. Бұл шараларға осы уақытқа дейін 100 мың адам қатысыпты.

Фаб қорының директоры Шерри Ласситер жастарды нақты ғылымға зертханасыз қызықтыру қиын екенін айтады. Маманданған саладағы №1 әйгілі Массачусетс технология институты ойлап тапқан fab lab (лабораториялар фабрикасы) Американың білім жүйесінен ойып тұрып орын алған. Қазір бұл жүйе 40 елге тарап үлгеріпті. fab lab-тың 300 зертханасы бар екен. «Зертханада алар білімнің маңызы кітаптан оқығаннан бір мысқал кем емес. Себебі, үйренген біліміңді зертханада іске асырмасаң, ұмытылады. Бұл - бір. Екіншіден, кітап оқып технология ойлап табу қиын. Зертханаларда құралдармен жұмыс істеген студенттердің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға толық мүмкіндігі бар. Үлгерімі төмен талай оқушы-студент fab lab зертханаларында керемет дүниелер ойлап тауып, талай байқауларда алдына жан салмай, үздік мекемелер мен оқу орындарында қызмет етіп жатыр», - деді Шерри. Уақытын сабаққа емес, компьютерлік бағдарлама ойлап табамын деп оқудан қуылған дүниенің асқан ауқаттысы Билл Гейтс еске еріксіз түсті. Қазір STEM жүйесі Назарбаев зияткерлік мектептеріне енгізілді. Атырауда салынатын болашақ Оқушылар және жастар сарайында спорт және өнер үйірмелерімен қоса, STEM жүйесін, электроника, бағдарламалау, роботтехника, құрастыру, физика, химия, биология салаларының үздік зертханалары мен оқу әдістемесі енгізілетін болады. Сондай-ақ, білім беру–жастардың болашақтан өз орнын табуға арналған бір ғана бағыт. Екінші бағыт - жастарды әлеуметтендіру, көшбасшылыққа баулу, бір сөзбен айтқанда, өмірге үйрету - жастармен жұмыстың екінші ұшы. Түстен кейін Вашингтоннан бір сағаттық жер – Балтиморда өткен кездесулерде осы мәселе әңгіме болды. Балтиморлықтар АҚШ әнұранының Балтиморда жазылғанын мақтан тұтады. Әнұранның сөзі 1812 жылы британдықтар Балтиморды атқылағанда 35 жастағы адвокат жазған поэмадан алынған екен. Ондай болса, Атырау мен Балтиморда рухани туыстық бар екен.

Сонымен, түстен кейін Балтиморда Халықаралық жастар қорының қызметкерлерімен 5 сағатқа жуық әңгімелестік. Мұнда неше адам өз жұмысын таныстырғанын шатастырып алдым. Кейінірек есептесем, маған берілген визит-карталар 10 данаға жетіпті. Бұл қордың жастармен жұмыс әдістемесі әлемнің 73 елінде іске асырылуда. 24 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан орталық жастармен жұмыстың халық-аралық тәжірибесін жинақтап, әлемге  таратуда.

Жастар орталығының жұмысы үш бағытқа бөлінеді: оқыту, жұмысқа орналастыру және көшбасшылыққа баулу.

«Алғашқысы мен соңғысы – оқу-тоқуы түсінікті. Ал жұмысқа орналасуға қалай көмектесесіңдер? Мені осы мәселе қатты қызықтырады. Жұмыс орны экономикаға байланысты емес пе?» – деп сұрадым.

«Біз жастарды қатарының алды болуға үйретеміз. Сосын жастар экономиканы өз қолдарымен жасайды», - деп жауап берді орталықтағылар.

Жұмысқа тұруға көмек бағыты бойынша «Сәттілік паспорты» атты бағдарлама 80 сабақтан тұрады.

«Ашуды басқару», «Уақытты тиімді пайдалану», «Жақсы әсер алуға үйрену», «Сынды қабылдау», «Жауапкершілік», «Жеке құндылықтар», «Мәселе шешу» және тағы басқалары... Бұл сабақтар «өмір дағдысын» (life skills – жизненные навыки) қалыптастырмақ.

- Оқу орындары жастарды білім-ғылымға үйретеді. Жұмыс табу үшін жалғыз білім-ғылым аздық етеді. Біз үйрететін дағдылар кез келген адамның өміріне қажет, - дейді олар.

Қазақта «аузы күйген үріп ішеді» деген даналық бар емес пе еді?! Ауыздың күйетінін білу үшін барлығының да қайнап тұрған шайға ұртын тосуы тіпті де міндет емес. Ақылды өзінің емес, өзгенің қателігінен сабақ алмаушы ма еді. Жастар орталығы адамзат тәжірибесі негізінде ессіз-есепсіз тәуекелге бармауға үйретеді.

73 елде тек осы бір орталықтың ойлап тапқан әдістемесі мен тәжірибесі негізінде жастармен жұмыс жүргізілуде. «Ақпараты бар әлемді билейді» демекші (Тот, кто владеет информацией – владеет миром),  америкаша ойлау жүйесі, мәселе шешу жолы, дүниетанымы риясыз әлемге таралуда. Біліп өскен жат болмайды, жатырқамайды. Жатырқатпау, демек жаусындырмау – әр елдің сыртқы саясаттағы үлкен жетістігі. Бұл мақсатқа білімнің күшімен жетіп жатса, таңданбасқа амал бар ма? Америкада алғаш болсам да, ол маған да жат көрінген жоқ. Күнде көріп  жүрген жерімдей. Сол баяғы Ақ үй, жымиюы мен жиылуы жылдам адамдар, қара балалар, таңертең жүгіріп жүрген сергектер мен зорға жүретін іркілдеген семіздер. Қарама-қайшылыққа толы Америка. Оның сыры неде десем, көріп жүрген Голливудтың киноларында екен.

Кино демекші, біз барған күні ақпарат құралдары жарыса хабарласып жатқан оқиға: белгілі актер Ричард Гир кезекті киносындағы кейіпкері – үйсіздің (бомж) образына кіру үшін қайыршыдай киініп, қоқыс жәшіктерінен тамақ тауып, жерге жастана жеп отырса, жанынан өтіп бара жатқан әйел кісі аяп кетіп, дүкеннен сатып алған азық-түлігін «үйсіз» Ричардқа ұсыныпты. Қарапайым Америка әйелінің мейірімін бұқаралық ақпарат құралдары елге үлгі етіп, жалғанға жар салып жатты. Америкалық өмір салтының қалыптасуында ақпарат құралдарының рөлі жоғары.

Біз барған мейрамхананың бірінде шотпен ілесіп келген тілімдей қағазда АҚШ пен әлемнің маңызды бір сөйлемге сыйғызған жаңалықтары бірге келді.

Ақпараттандыру саласында тағы бір байқағаным–теледидардан өзге елдің телеарнасын байқамадым. Барлығы да АҚШ-тың телеарналары.

Түс-тұрпаты бөлек, таным-түйсігі әрқилы, тамыры бес құрлықтан өрбіген әртүрлі халық тарихын басқа жерден іздемейді. Кеше көшіп келген кәріс те, бұрнағы күні қоныс тепкен мексикалық та, «кәріспін», «мексикалықпын» демейді, «америкалықпын» дейді. Ұлтын арғы атасымен байланыстырсаң, ренжиді.  Қырық рулы елдің бір тілде сөйлеп, бір бағытта жүріп, тұтас бір ұлт болып, санасын бір идеяға жеңдіру - халықаралық саясаттағы феномен.

 

25 сәуір, 2014 жыл 

Бүгінгі күнгі график тығыз болды. Түске дейін  STEM ұлттық көшбасшылық конференциясына, түстен кейін де бірер кездесу өткізіп, АҚШ-тың Ғылым және инжиниринг фестиваліне қатыстым.

Конференцияны ашқан «Шевронның» вице-президенті Стивен Грин Американың әлемдегі көшбасшылық орнын сақтап қалу үшін білім мен ғылымға көп көңіл бөлу керек екенін атап өтті.

- Мен жас инженер болып еңбек жолымды осыдан 34 жыл бұрын бастағанымда бұрғының басы бір Эйфель мұнарасының ұзындығындай  жерге жететін. Ал, қазір мұнай бұрғысы 12 Эйфель мұнарасындай ұзындыққа жер қойнауына бойлайды. Мұнай-газ саласындағы кейбір инженерлік ше-шімдердің күрделілігі космоста атқарылатын жұмыстан қалыс түспейді. Мәселен, Қазақстандағы бір мұнай кенішін игеруді жобалаудың өзіне Панама каналын салуға кеткен уақыт жұмсалды.

Қазір технология бойынша алдымызға біраз елдер шығып кетті.  Айталық, Америка 65 елдің ішінде математикадан 26-орында, ғылымнан  21-орында. Ұлы ұлт болып қалуымыз үшін кәсіпорындар білім мен ғылымға көмектесу керек. Біз, «Шеврон» соңғы жылдары білім саласына 37 млн. доллар демеушілік жасадық, алдағы үш жылда STEM саласына тағы 30 млн. доллар салмақпыз, - деді Стивен Грин.

Екінші болып сөз алған Америка мұнай институтының төрағасы Джек Герард та АҚШ-тың күш-қуатын сақтап қалу үшін жастардың нақты ғылымдарға ден қойғаны жөн деген ой айтты.

- АҚШ газ өндірісі бойынша Ресейді басып озды, қазір №1 орында. Екі жылдан соң мұнай өндірісі бойынша Сауд Арабиясын басып озып, 1-орынға шығады.   Американың энергетикалық көшбасшылығын сақтап қалу үшін мұнай-газ саласына жаңа күш керек. 10 жылдан кейін Америка мұнайшыларының үштен бірі зейнетке шығады, - деді Джек Герард.

Нақты ғылымдарға бала кезінен ден қойып, жастайынан ғылым әлемін жарып шыққан жастарға сөз берілді. Олар бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлін алға тартып, өз өмірлерінде орын алған қызықты оқиғалармен жалғастырды. Бірі бала кезінде ас үйде эксперимент жасаймын деп үйін жағып ала жаздағанын айтса, екіншісі ғылыми жұмысына уранды қалай тапқанын әңгімеледі.

Менің сол жағымдағы орта бойлы қара жігіт Ританкар Дас 12 жасынан бері баламалы қуат көздерін зерттеумен  шұғылданып, бала кезінде-ақ Ұлттық ғылым қоры мүшелікке алыпты. Қазірге дейін 50 байқаудың жеңімпазы болған. Осы жарыстардан 500 мың доллар жеңіп алған. Әйгілі  Беркли университетінде рекорд жасап, 19 жасында ең жоғары бағамен бітіріп шыққан. Оксфорд университетінің биоинжинирия бойынша магистратурасын тәмамдаған. Әлемнің жүздеген ғылыми журналында еңбегі жарық көрген. Ғылыми орта болашақ Нобель сыйлығының иегері деп жүрген көрінеді.

Одан кейінгі көйлекшемен екінші тұрған Джек Андрака – орта мектеп оқушысы, 15 жасында бес минутта обыр (рак) ауруының бар-жоғын анықтайтын сенсорлы қағаз-құрал ойлап тапқан. 2012 жылы дарынды балалар байқауын жеңіп шығып, АҚШ президенті Барак Обаманың қонағы болыпты. Обама оны «Өзгерістер чемпионы» деп атапты. Талай-талай алқалы жиындарда сөз сөйлеген көрінеді. Олардың ішінде әйгілі TED конференциясының спикері, Корольдық медицина қоғамының ең жас лекторы.

Қалғандары да құралақан емес. Барлығы да – үлгі болар жастар. Осылардан біздің жігіттердің қай жері кем? Адамнан адам артық емес...

Ұлттың қуаты осындай жастардың жасампаздығымен қалыптаспақ.

Түстен кейін оқушылар мен студенттер ойлап тапқан жаңалықтар көрмесін араладым. Озық ойлылардың туындыларына таңданбасқа амал жоқ. Сол жерде Конрад қорының төрайымы Ненси Конрадпен танысып, тілдестім. Суретте оң жағымда тұр. Күйеуі космонавт Чарлез Конрад аспандағы Айға табан тигізген үшінші адам екен. Жолдасы қайтыс болған соң, қор құрып, жыл сайын инновациялық конкурс өткізіп тұрады. Космодромы бар, адам баласының төбесі көкке алғаш рет көтерілген Қазақстаннан келгенімді естіп, жақынын көргендей өбек қақты. Ал, сол жағымдағы түрі бізге келетін қыз 2012 жылы өткен Инновация конкурсында жеңіп шығыпты.  Ол кезде оқушы екен, қазір студент. Ойлап тапқан дүниесі қазір Нигерияда қолданысқа енгізілген.

 

26 сәуір, 2014 жыл

Түске дейін бірқатар Смитсон музейлеріне соғып, түстен кейін ұшып кеттім.

 

P.S.  Базарда жүрген елдер көбірек сонда қалғысы келеді, базарға бет алған елдер жылдамырақ барғысы келеді. Арманның айғаққа айналуының қырдағы да, ойдағы да құпиясы бір – жастар тәрбие-сіне уақытты, білім-ғылымға қаржыны аямау. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, жеке сектордың да аянып қалмауы тиіс мәселесі. Түстен кейін соққан Смитсон музейлері  Смитсон институтына қарайды. 19 ғасырдың ортасында 500 млн. долларға тең бар байлығын Джеймс Смитсон АҚШ үкіметіне қалдырып, әлемге білім тарататын орталық ашсын деп өсиет етіпті.  

Әлемдегі алғашқы миллиардер Джон Рокфеллер де дүниесінің жартысын Американың дамуына жаратқан. Артында бірнеше университет, ғылыми орталықтар, әйгілі Эмпайэр-стейт-билдинг және жүздеген шіркеу салдырды.

Билл Гейтс те балаларының әрқайсысына 10 млн. доллардан артық ақша қалдырмапты, бар байлығымен АҚШ-тың дамуына демеушілік жасауда.

Біздің кәсіпкерлердің де алыстағы әріптестерінен үлгі алар жері жоқ емес.

Ал, Жастар сарайының мазмұнын қалыптастыру жазда жүргізіліп, құрылысы күз айларында басталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі заманғы озық ойдан туған халықаралық тәжірибеге тұнған теңдессіз орталық боларына, Атырау жастарының дамылдап дамуына жағдай жасайтын Жастар сарайына айналатынына сенімім мол.

Бір саланың бір ғана жобасының төңірегінде жүріп жатқан жұмыстардың төрт-ақ күні. Елбасының саясаты негізінде қаншама облыста қанша сала бойынша осыған ұқсас қанша жұмыс жасалуда.

P.P.S. «Шевронның» маған жолсерік болған қызметкерлері Эшли Мортез бен Лейла Айтмұхановаға алғыс айтамын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321