АҒАЙЫНҒА «ОРАЛ» ДЕЙ МЕ, «ЖОҒАЛ» ДЕЙ МЕ?
Кеше ғана Парламентте Мәжілістің әлеуметтік және мәдени даму комитетінің отырысы өтті. Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова «оралмандардың 70 пайызында жоғары білім жоқ», «тәуелсізіктен бері оралғандардың саны бір миллионға жеткен жоқ» деп «сүйіншілегендей» болды. Осыған орай Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың пікірін білген едік.
– Мінберден сөйлеген вице-министрлердің бірде біреуі қазақша сөйлеген жоқ. Адамда бір жан жылуы, жүрек жылуы болуы керек емес пе? Мен қазақ көші, оралман мәселесі туралы сөйлеген вице-министрлердің біреуінен де ондай жылулықты көре алған жоқпын. Есесіне оралмандарға «Отаныңа орал» деп емес, «Атамекеніңнен ары жоғал» деп тұрғандай сезілді. Анасының ақ сүтін емген ұрпақтың мемлекеттік тілді аяқ асты етуге қандай қақысы бар?! Өзге тілде сөйлеп, жат пиғыл танытса, қай қазақты Отанға көшіріп әкеле қоймақшы. Мемлекет тағдыры талқыға түсіп жатқан осындай сәтте шенеуніктер самарқаулық танытып отырған сыңайлы.
Өздеріңіз білесіздер, РФ Президенті Путин қырымдықтаға бір-ақ күнде орыс азаматтығын бере салды. Біздің заңымыз былай еді, кімсің, қайдансың, не істегенсің деген жоқ. Ел тағдыры талқыға түскен қазіргідей уақытта бізге де дәл осындай шешім қабылдау қажет. Мемлекет тұтастығын, мемлекет мүддесін ойласақ, сондай қадам жасау керекпіз. Ол Қытайдан келе ме, Моңғолиядан келе ме? Қазақ болса болды. Ана құжатты, мына құжатты талап етіп отыратын уақыт емес бұл.
Кезінде «Моңғолиядан келген қазақтардың 98 пайызы білімсіз» деп айды аспаннан шығарған Қабылсаят Әбішевтің «өтірігі» де ұзаққа барған жоқ. Оған да өз пікірімізді айтқанбыз.
Асылы, Көші-қон мәселесі парламентте талқыланған сәтте оралман ұйымдарының өкілдері, жастар парламентте отыруы керек еді. Талқыға қатысуы керек еді. Бірақ кешегі отырыста олардың бірде-бірі болған жоқ.
Айта кететін бір мәселе, жақында Моңғолия Қазақ жастары қоғамының төрағасы Жанболат деген жігіт келді. Бекер келген жоқ. Елі мен жерінің жағдайын айтты. Біз солармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керекпіз. Қытайда болып жатқан жағдайларды күнделікті естіп-біліп отырмыз. Экономикалық қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейде дами бастаған қазіргі кезеңде Қытайдағы ағайындардың да көшіне ешқандай тосқауыл болмауы тиіс.
Abai.kz