АҚ АНА – АҚ ОРДА
...Жабыққанға жол беріп,
Торыққанға ем беріп,
Тарыққанға дем беріп –
Сүйеу болған Ақ Ана!
Адасқанды жөнге сап,
Жаратқанды ойға сап –
Тіреу болған Ақ Ана!..
Өткенді қайта жаңғыртып,
Өшкенді қайта жандыртып,
Тыңнан түрен салдыртып –
Жол бастаған Ақ Ана!
Ақ жолға сілтеп халқыңды,
Жаңғыртып ескі салтымды –
Ел бастаған Ақ Ана!...
Үзілген жалғап үмітті,
Сейілткен қайғы, күдікті,
Ұлықтап әдет-ғұрыпты –
Ардақтаған Ақ Ана!
Жылатпай қанша әруақты,
Құлатпай қанша шаңрақты –
Қорғап қалған Ақ Ана!..
Емсіздерге ем беріп,
Әлсіздерге әл беріп,
Дәрменсізге дем беріп –
Пана болдың, Ақ Ана!
Ұлы жоққа ұл беріп,
Қызы жоққа қыз беріп –
Ана болдың, Ақ Ана!..
Күлмегенді күлдіріп,
Жүрмегенді жүргізіп,
Тұрмағанды тұрғызып –
Шипа бердің, Ақ Ана!
...Қажеті не жасырып,
Қасиетіңе бас ұрып,
Дауа тілеп жаныма,
Сая тілеп тағы да –
Қайта келдім, Ақ Ана!
Қайта келдім Ақ Орда!..
Тұрмағанбет Кенжебаев – ақын,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер Одағының мүшесі.
13. 07. 2015 жыл. Қаскелең.
Abai.kz