СЕРІК САҒЫНТАЙ. ОҢҚА-ЖӘДІК ОҚИҒАСЫ (Хикаят)
Заман-ай, суық сұр-өңің,
Отқа да, суға саласың.
Кенесарының басын ап, түкті жүрегін –
Жүрегіме жерлеп,
Қай жаққа қаңғып барасың?!
Неңді іздеп жүрсің төрткүл дүниені түтіп жеп,
Осынау қырғын-сүргіннен?
...Кеудемде әлі түкті жүрегім лүпілдеп,
Басымды іздеп жүрмін мен.
Ақсұңқарұлы
* * *
Electa una via, non datur recursus ad alteram!
1840 – тышқан жылы. Сарша тамыз. Арқа. Боқты қазылық.
...Ел қырға шығып қонған. Жаз ортасына таман төре ауылы жұрт жаңартып, қозыкөш жайлаудың бір пұшпағына үй тіккен кез еді. Хан Абылай тұсындағы сән-салтанат жоқ қазір. Даланың төсі де, қазақтың көші де жұпыны.
Бөкей әулетінің ақ тулы ордасы Боқтының төр жайлауына дара қонғанымен, қарашасы мен төлеңгіті орман орыс ортасынан осында ауып келген қарашекпенмен іргелес қазық қағады. Биыл жаз көк шатыр көндей кепкен құрғақшылық болды. Жержиекке жұтыларман боп қияннан көзге әзер іліккен бұлт атаулы Қарқаралы қазылықтың қазығына айналып қалғандай, Қарағайлының биігіне байланып қалғандай – мұнда жетпейді, жеткені желге жеміріліп, ту-талақай ыдырап кетеді.
Қара жердің қыртысын қопарып, топырақ күреген қарашекпендер сайдағы Талдыдан қырға су шығарып, жатақ қазақтың жағасын ұстатты. Ондайды бұрын кім көрген?! Атасы Бөкей ханның айтуынша, атам заманда осы алқапты жайлаған сақ-сармат, ғұн-қыпшақ егін егіпті. Оған анау жатқан кәрі тоғанның сілемдері кепіл. Мың-мың жыл бұрын болыпты-мыс. Одан кейін жалпақ Арқаны жортып жүріп-ақ ас-суға жарыған қазақ жер тесіп, үй салмаған, шөп-шалам кесіп, көкжасыққа алданбаған. Ет пен қымыз, айхай шіркін, кең дала! Одан өзге аңсар-құмары жоқ екен қазақтың. Дештінің даласына сыймай лықсыған қалың жылқыдан артық құт бар ма! Қайран, қазақтың даласы. Дария ғой шалқыған. Сонау Еренқабырғадан Оралға, Оралдан асып, Қап тауын басып, Қара теңізге дейін қаракөктің тұқымы бағындырған. Нілдің жазирасынан ұшқан құспен қанаттасып, Мұз мұхитқа дейін барып, көшін көкке тіреген. Ол заман қайда?! Ақ патша қазақты қысы-жазы жер үйге отырғызам деп, батыстағы ағайынның жайлауын кесіпті. Биылдан соң біз де Қарқаралыдағы қарағай тамға отыратын түріміз бар. "Жайлауың жапырылмасын" деген жаман қарғыс осы шығар?!
Құсбек төре зау биіктен шалынған шөкімдей ғана бұйра бұлтқа қарап ойға батты. Дештінің даласын – садағын сағымға ілдірген аталары мың жыл құт мекен еткен ұлы даланы шарлау арманы еді оның. Арманы адыра қалар деп кім ойлаған?! Қазақтың өрісі күн санап тарылып келеді. Ендігі күніміз не болмақ?!.
Түс ауа қыр басына шығып, күндегі қалпымен екінті намазына дейін ойға қарап ойдағы елді ойлап, көкке қарап тұнық зеңгірге рухтары сіңіп кеткен аталарын ойлап, арғы-бергі тарихты толғап, ертеңіне көз жеткізе алмай қайтар еді. Етектен бұған қарай құйындата шапқан жалғыз атты ойын бұзды. Тағы неғылған шабарман?! Жамантай дуанбасы желпошта жіберді ме екен?! Бірақ олар бұл тараптан ат шаптырмас-ты. Төлеңгіт ауылынан болар. Жобасы бұрыс кетпеген екен. Құрық тастамға дейін екпіндей кеп, атын әзер тоқтатқан бала жігіт ентігін баса алмай тұр. Сірә, ауылдан басы қатты аттың біріне міне сап, асығыс тұра шапқан. Секіріп түскен беті бір тізесін бүгіп, ишара қылды.
- Иә...
- Алла жар!..
- Ар ма. Неден алашапқын боп жүрсің?
- Етектегі... орыстың... егінін... өрт шалыпты... Түгі қырқылғанша... күйіп, күл боп қалыпты...
- Содан?!
- Соны... Содан... сол соққандар атекем ауылынан көріп, төбелес шығарып жатыр... Сізге жылдам жеткіз деген атекемнің сәлемі сол... Орысты... тоқтатып берсін деді... Ауылды өртеп жатыр...
Бұл қолын ұсынған қалпы қатып қалды. Орыстың жаяу төбелесін Қарқаралыда көрген. Айыр-күрек, балта-қазық ұстап, барқырай аттандап, тұс-тұстан шабады дерсің. Етегін түріп әйелі, алыстан тас атып баласы қосыла шабуылдайды. Тұздай көздері ақилана аттандап шабатыны – араққа сылқия тойғаннан екен. Тұсыңнан өтер-өтпестен мүңкір сасық иісінің өзі-ақ қарап тұрған қазақты харап қылуға жетеді. Бірақ атқа мінген қазақтан аруақ көргендей қорқады. Аттың бауырына алып сабағанынан зәрезап болған.
- Е-е, ақыры бір төбелес болды де! Енді бұл күнара қарпысқа ұласады-ау...
Кімге айтқаны белгісіз. Жаушы бала атын ақ көбікке малып, кері шауып барады. Бұл да төменге қарай аяңдай берді.
"Орысты тоқтатып берсін! Орман орысты мен түгіл Ғұбайдолла мен Кенесары хан да тоқтата алмаған. Менен не қауқар шығады дейсің?!" деп күрсініп қойып, іргедегі ауылға ат басын бұрды.
Терең сайдың қос қабағын жайлаған қазақ пен орыс алғаш төбелескен кеш еді. Екі ауыл да отқа оранған. Жарылған бас, сынған қол... Қарашекпендер жақ алап ойдым-ойдым отқа шалып, қара күйе құшып қапты. Қазақтар жақ – әр жерде теңкиген өлексе мен өртенген киіз үй. Ауыл іргесі бықсыған түтіннен үркіп өкірген сиыр. Ағайын ішінен сабыр қашты.
Сол кеште ауыл ақсақалының кенже немересі ұшты-күйлі жоғалып кетті. Орыс жағы баланы көрмедік деп, ант-су ішісті. Қазақ жағы ауыл айналасын атпен сүзіп, көз жетер тұсқа дейін күн салып қарап, иісшіл тазы жүгіртісті. Әшейінде жаппаның көлеңкесінен құнжыңдап шықпай ойнайтын қара бала зым-зия. Тезек тере келген шешесі шашын жайып, аңырап далаға жүгірді. Атасы қамшысын білемдеп ұстап, тырс етіп үн шығармай қап-қара боп түтігіп отыр. Әкесі орыс-қазақты жеті атасынан құлата боқтап, ақыры атын сабап, айдалаға тұра шапқан. Иісшіл тазылар көңірсіген даланы кезіп, табандарын шоққа қарытып қайтып кеп, іргеде жағы айырылғанша есінеп жатты. Күйген дала, күйік ауыл қанын ішіне тартып, зарлы ананың үні боп өкси аңырап, ымыртты қарсы алды...
* * *
Қас қараймай-ақ жүрегі ұшып кеткен еді қара баланың. Ол қарашекпендермен төбелес басталған бетте, тезек тере кеткен апасына қарай жүгіре жөнелген. Апасы қырға таспадай тартылған сиырсоқпақтарды қуалап ұзап кеткен секілді. Өзеннің табанында көріне қоймады. Терең сайды қиялай айналып өте шығармын деп ойлады қара бала. Сайға түсуге көңілі дауаламады. Сайдың етегімен құлдыраңдай шауып, біраз ұзаған соң бұрылып, артына қарады. Ауылдың үстін қара түтін қымтап тұр екен. Уықтың шартылдап сынғаны ғайыптан құлағына жетіп, құрым киіздің бықсып жанғаны көзіне елестеп кетті. Содан жүгіре жөнелген. Терең сайдың түйетайлы қабағына тырмысып шыға келгенде жүрегі тоқтап қала жаздады. Жазғытұрым қарашекпендер қыртысын қопарып, егін еккен алқап күйе жаққандай – қап-қара. Оң жақта да, сол жақта да әр-әр тұсынан әлі әбден сөне қоймаған қараған-тобылғыдан көтерілген сұйық көк түтін болмаса, дала қап-қара боп өртеніп кеткен.
- Апа! - деді айғайлап қара бала.
Үні сайға жұтылып жоғалған. Сәлден соң барлығыңқы дауысы жаңғырық боп қайыра оралып, одан әрмен шошытты.
- Апа, ауыл өртеніп кетті! Қайдасың?..
- Қайдасың? ...айдасың! - деді жаңғырық.
- Ап-о-оу!..
- О-оу... Оу...
Жаңғырықтан өзге ешкім үн қатпады. Қара бала қыстығып жылап жіберді. Артында күйген ауыл, алдында күйеге жұтылған, бықсық түтін торлаған дала. Терең сай түбінен жеткен бақаның құрылы да қорқынышты естіле бастады.
- Апа! Шөлдедім ғой. Айран бер! - деді қара бала. Содан сайды жағалап, сиыр өріп кеткен қолатқа қарай тоқтамай жүгіре берді, жүгіре берді. Сәлден соң тақиясын шешіп, маңдайынан сорғалаған терді сүртпек болды. Апасы белдігіне орап берген орамалы түсіп қалыпты. Тақиясын шешіп ап, сәл тізе бүгіп жүрелеп отыра қалды. Мұрнынан аққан сорасы кеуіп, жарылып кетіпті. "Бет-ауызым бес ит жаласа тоярдай айғыз-айғыз болған шығар. Атам көрсе, сүртіп берер еді"
- Ата, ата! Қайдасың? - деді әлсіз ғана.
Терең сайдың етегі жазаңданып барып, шоқ-шоқ шілікке ұласар еді. "Шілікке тақамаңдар, қасқыр жатады!" деген ағасының үні жетті құлағына әлдеқайдан. Шоқ шілікке тақамай, қыратқа қарай сәл бұрылғанын өзі білмей де қалды. Тақиясы отырған жерінде қала берді...
* * *
1847 – қой жылы. Ерте көктем. Жетісу.
Жайылып аққан қызыл судың үстінен Күннің құлағы қылтиды. Жарылған мұздың күтірі қара түнді зілді күрсініспен тітіреткен еді. Ал, таң ата жайқын су қымтаған дала боз мұнарға оранар сәт түн баласы түк болмағандай – кеңістік сұлық жатыр. Жым-жырт. Таң бозында суға жүзген атыраптан көтерілген бу көкті тұмшалаған торғынға араласа, аспанды жерге жапсырғандай тұтасып қалған. Мұнар ішінен қарауытқан қырқалар мен шұбар қараған, топтасқан тобылғы, теңкиген өлекселер ғана әредік елес береді.
Сайға жыраланып құлаған өзектен судың сыңқыл сылдыры шалынды. Алыстан қарғаның қарқылы естілді. Топтанып шығысқа қарай ұшып барады қалың құзғын. Есебіне сан жетер емес. "Зауалды күн өз басыңа көрінсін!" деп кіжінді Оңқа батыр. Қызыл Күннің сәулесіне жылынуға асыққандай топты құзғын мұнарға сіңіп барады. Өлім иісі тұншықтырып, қамап тұрған жазықта теңкиіп-теңкиіп жатқан өлекселерге әбден тойған-ау шамасы. Кешегі қан-қасап қырғында ажал құшқан сарбаздарды қырқаға жерлеп әзер үлгерген бұлар. Алқымына жебе қадалып, алкеудесіне найза шаншылған, қида қылыш қата тиіп сойып кеткен, жанталас аласапыранда қарны ақтарылып, ішек-қартасы жерге шұбалған қаншама жануарды бауыздап қана үлгерген жаулары. Жер-ана жарықтық тәніне төгілген жазықсыз қанды ауырсынды ма – неше күн бойы сілбіреген жауын ақыр-аяғы қара нөсерге ұласқан.
Кекіліксеңгір етегіндегі әскерге қол жинауға ел ішіне келіп, ағайын-тумаға ұран тастап, жаушылатқан қос батырдың нөкері қапылыста қырғынға ұшырап еді...
Әуелі арғы-бергі аруақты қозғап, алқаға ақылын салар деп ақсақалдарымен сөйлескен. Он жылдай орыспен шайқаста хан қолына қосылған ерлері оралмаған елдің қамкөңіл қариялары не айта алады?! Шарасыз күйде алақанын жайып, бата беруге ғана әл-дәрмендері жеткен. Ақсақалдан ақыл таппаған соң, тізгін ұстап отырған атқамінерлерге жүгінген. Зерлі шекпен киген топ ханнан барқадар таппасын сезіп, басын ала қашсын. Ағайын ше, ағайын?! Жайлауы жаттың жұртына айналып, көші доғарылған, басы ауған жаққа безіп кетермен болса да, барар жері қалмаған ағайын не айта алады?! Ер-азамат атқа қонғанда жетекке ат беріп, жылқысын үйірімен айдап тастаған. Соңыра ақ патшаның салық-салғырты айналып соғып, қойды қозысымен, аша тұяқ ай мүйізін торпақ-танасымен қоса қуалап әкеткен. Ел де, ер де жерге қарап қалған еді. Батаға ғана алақан жайған ел. Басқа берері жоғын айтқан. Кенекем Алашқа сауын айтып, жасыл туын желбіретіп атқа қонған ит жылы шыбықты тай ғып шапқылап жүрген балалар қазір бозбала атанғанымен бірен-саран жаужүрегі болмаса, ақсақал мен ағайыннан асып, ерер ниет танытпады ешбірі. Ел іші егемен болам деген ерлер үшін өгей тартып тұр екен. Жәрдем бермек тұрмақ, "аулақ жүріңдер, кесірлерің тиер" деген рай аңдатты. Тіпті, "атқамінерлер ішкі жақтан әскер шақыртты" деген қауесет те жеткен бұлардың құлағына. Аңысын аңдап апта жатты іргеге көшін доғарып. Ерулік еншісі бөлінбеген ел едік. Ереуіл атқа ер салған ерлерге мезіреті таныта қоймады сол ел. Иті де бұларға қарап үретін болды. Ақыры ашуға мінген нөкерлер.
"Уа, елмісің?! Елдігіңді жұтқан лақатты көрмісің?! Орман орысқа жұтылып кетесің ғой ертең-ақ! Жеріңді кесіп, беліңді басып, етегіңді түрді! Шен-шекпенге сатылған бай-бағлан, би-төрең елге тұтқа болмай, кәуірге топса боп, төріңе шығарғанын неге көрмейсің?!"
Ағайын айдалаға мәңгіре қарап, есінеген әлпет танытты...
"Қарашекпеннің боғымен лайланған су өңешіңнен өтіп кеткен бе?! Жиыл, тудың астына! Құйыл, ағайын!"
Ешкім селт етпеді. Қараша үйдің ығында шыбыққа жайдақ мінген тақырбас балалар ойнақтап, күресін үстіне шығып қарап тұрды бұларға...
"Ел үшін, Алаштың арманы үшін шәһид кешер ерім қалмағаны ма?! Ой, өңшең ез! Ел емес, етегі төмен қатынбасшы өңкей! Шап, кәне! Шаңырағын ортасына түсір! Отын өшір! Бұлармен ел болғанша, күл ғып кетейік! От қой намыссыздың ордасына!!!"
Содан алас-күлес бір сойқан басталған. Ерте көктем еді. Тақалы тұлпар тайғанар мұздауыт жылбысқыланып ери бастаған. Ала қанат қырқаға шұбырынды із түсті. Қараша үйі қара суықтың өтінде қалтырап тұрған аз ауылдың бірер жаппасын қол жинай шыққан аз нөкер алғашқы ыза екпінімен жығып кетті.
Ашу атқа қонса, ақыл абыржып, Ай ашықта азамат адасар заман екен ғой. Оңқа батыр соған өкініп отыр енді. Кеш бата көрші ауылға барып келген шабарманы етектегі елдің бұларға қарсы атқа қонып жатқанын жеткізді. Қырыққаралы нөкерді қоршап, жойып жібермек. Жетекке алған атын тартып ап, арбаға тиеген жарақ-сайманын, олжа мүлік-мүкәммалын талауға салмақ. Қол жинағаны кәне, өздері харап болғалы тұр. Қайтпек керек?!. Жәдік батыр теріс қарап күрсінді.
- Бекер болды! Ашуы апшып тұрған ағайын – жаралы қасқырдан кем емес.
- Езден қорқып, қатынбасшы жатақтан ажал құшсақ маған серт! Аруақ атқаны ғой онда бізді.
- Аруақты қозғама. Сүйекке таңба түспесін де...
- Қараша үйдің үшеуін де қатар тігейік. Қақ маңдайдан келгенін көріп аламыз. Абылайша алты қосты – ту желкеден. Жүкті ортаға үйіп қоярмыз. Бұлар бізден олжа дәметіп шауып алғысы келетін шығар?! Қара қазақтың баққаны мал-мүлік қой. Әйтпесе, қарақан басымызға қызығып отырған жоқ... - деді Жәдік.
- Оның рас. Битін сығып, қанын жалап отырған жатақтар біздің обал-сауабымызды мойындарына жүктеп неғылсын? Қан төккілері келсе бізбен бірге аттың жалына түнеп күн кешер еді әлдеқашан.
Оңқаның атшысы өз алаңын айтпай тұра алмады:
- Бұлар түн қатып шабуылдап, аттансыз атқа қонатын шығар?
Оған кәртамыш жасауыл дау айтқан болды:
- Меніңше, таңғы талма ұйқының сәтін күтеді...
Оңқа тамағын кенеді. Әңгімені доғарыңдар деген ишараты.
- Жо-жоқ. Байқасам, бұлардың еркек кіндіктісінің ұйқысы күн құрық бойы көтерілгенше қанбайды екен. Қатындары да ерте тұрып, түңлік түруді білмейді. Сасып-пысып, ұйықтай бере ме қайтеді?!
- Е-е, жатақтың күні осы да...
- Шапса, сол ұйқысы қана – түс ауа бір қауқар қылар. Әйтпесе, ертең-ақ ашуы басылып қалатын бейнамыс бейғам бейбақтар ғой.
Әңгіме келте болды. Бұлар арбадағы жүкті бұзып, түнеп жату үшін бірер қараша үй мен үш-төрт абылайша қос тігісті.
Түн ортасы ауа сілбіреп жауын жауа бастады. Таңға жақын іргедегі өзенде мұз сынып, қызыл су жайылғаны білінді. Сірә, Алатаудың қарт сеңгірлерінен басын тартқан өзендер биыл мезгілсіз тасымақ.
Мезгілсіз...
Бәрі мезгілсіз бұл ерте көктемде.
Өзен арнасынан жайылып шығып, сай-сала суға шылқыды. Алақанат қыраттағы қардың сауыты сөгітіліп, жылғаланып ол ақты. Сілбіреп жауған боз жауын бес күн тұрды толғатып. Дым шалмаған қуыс қалмады далада. Терең сайға лықси толған іркінді су өзенмен табысып, атырапты шайып кетті. Сең қозғалып, сел басты даланы. Етектегі ел қыр басына жаппасын тікті. Қырдағы ел тауға шығып алды. Жатақтар Жәдіктің отыз шақты нөкерін шауып алмақ түгіл, өз басымен қайғы болып кетті. Қой-ешкісі, арамза туған қозы-лағы, торпақ-танасы суға қарық боп, жүзіп жүр. Бұлардың да жетектегі біраз аты ығып кеткен. Оны іздер жан қайда?! Түн ішінде киізүйдің іргесінен су жүгірді. Ошаққа салатын құрғақ шыбық қалмады. Дөй даланы су қымтап алды. Боз жауын қара жаңбырға ұласты.
...Апта бойы толас таппаған нөсер әне-міне тыйыларман. Теріскейді тұмшалаған қара бұлттың етегі қаусырылған сыңайлы. Алыс көкжиекте шайтан жаққан шырпыдай найзағай ойнайды. Шолақ сайдың ауызы аққан судан жыраланыпты. Жәдік батыр күрсініп қойып, еңкейіп сусіңді қияқты үзіп алды. Бала күнгі ойын есіне келді кенет. Қияқпен қылыштасушы еді. Іргеде шөккен Оңқа ыңырсып дауыс берді сол сәт. Аты жаман дертпен алысқалы оншақты күн. Қараша ауылдың жаушысымен тілге келіскен күні ыстығы көтерілгендей болды. Басы дыңылдап, тәні талып шаршағанын аңдаған. Қаншама жыл бел шешіп, демалмағанда денесі бұлай ауыр тартпайтын. Кеңсірігі дымданып, демі ауырлаған сыңайлы. "Мұрнымнан су ақпасын де – боқмұрын бала құсап". Зорланып жымиған. Кенет қалтырап, маңдайынан шып-шып тер шықты. Бойы бір суып, бір ысыды. Кешқұрым жауырыны тартып, жотасы құрысып, ду-ду қышығандай болды. Шолақ жебенің масағын желкелігінен жүгіртіп, жұлынын қасыды. Арқасы тыз-тыз етеді. Қасынғаны бекер болған екен. Түнімен қос жауырыны, жота-жоны дуылдап шықты. Еріксіз шалқасынан жатқан бойы арқасымен жер күреген. Таңға таяу қара терге түсіп ұйықтап кетіпті.
Түсінде Құсбек ағасы қуып келіпті дейді. Тура сонау жылғыдай – бұлар ел ішінен біраз қол ертіп, "Кенекем жолында, қазақтың азаттығы жолында жан құрбан" деп найзаға қыл байлап жортуылға шыққандағыдай. Хан нөкерімен бірге мың жылқыны алға салып, сар желіспен шығысқа тартып бара жатқан кез еді. Сол жолы ғой Құсекеңе найзаны батырмай-ақ аттан аударып кеткен. Сонда қайтқан еді ағасы: "Мыналардың сұры жаман екен. Беттеріне түк шығып кетіпті. Енді соңынан қуғыншы салмайық. Бұлар қырады, аямайды!" деп. Оңқа мен Жәдік Жошы мен Молдаханды ала кеткен. Бес-алтыдағы балалар еді тайға мінген. Иә, сонда ғой бұлар қалың жылқыны бермесе де, екі ұлды Құсбек алып қайтқан сол сапардан.
Түсінде сол Құсекең: "Оңқажан, ар ма? Елге қайтсаңдаршы. Сағындық қой! "Ер – туған жеріне..." деген. Өкпе-ренішті ұмытайық. Жошыхан мен Молдахан өсіп қалды. Сендерді сағынып, өлең айтып жүр..." деп, жүзін теріс салып тұрды. "Ағеке, бері қарашы!" дейін десе дауысы құмығып, бұл қыстығады. "Қайран, атамекен!" деп, күрсініп оянған.
Бұлар атқа қонғалы он жыл жылысыпты-ау. Қараша үй төрінде малдас құрған қалпы ұйықтап кеткен Жәдік қозғалақтап, дүр сілкінді. Саудыраған сауытын тастап, қос қабат құрым киізден пішілген бешпет киіп алыпты...
* * *
1841 – сиыр жылы...
Құсбек төре қос батырдың сол кетісін ағайын арасындағы алауыздыққа жорығандарға тоқтау айтпады. Мейлі. Өз өрелеріне қарап, солай ойлап жүрсін. Бұлар Кенесарының арманын қайдан ұқсын! Жауды орыстан емес, өз ағайынынан күтеді бұл ел. Өңкей етекбасты ессіз!
Алаш баласы ат тұяғын қадап барар жерден, көкжиектен озып асар таудан айырылып келеді. Тұтас қазақтың басына қауіп төніп тұр. Ал ағайыны болса, өз мал-мүлкін, қора-қопсысын ғана уайым қылады. Қазақтың ежелден жайлаған ата қонысы талауға түсіп жатқанда, бай-төрелер өз жайлау-қыстауын аман сақтап қалуды ғана ойлайды. Мына қазақ болмаса, қара халық болмаса, бай да, би де, ақсүйек төре-қожа да жоқ қой!..
"Оңқа мен Жәдік әкелері Уәлиден мұра боп қалған мал-мүліктен өз үлес-еншісін айдап әкетті" деседі ел. Оу, мың жылқы сыятын жайлау қалды ма Арқада?! Мың жылқы тұрмақ, салт басты азамат ер сыяр, төре сыяр төр қалмады! Бөкей атамды алдарқатып, "хан сайлаған" орыс сол атам ордасын тіккен Түркістанды Бұхарадан тартып алғанымен, қыс-қыстауын қайтарып берген жоқ қой...
Кешелі-бері Жошы мен Молдахан інілерін ертіп, арғы-бергі ескі әңгімелерді еске алып, аруақты аталарының даңқты тарихын тарқатты. Әлбетте, өзі білетін шамаға қарай айтады әңгімені. Ал, жасынан аймақтың кәріқұлақ қарияларын, жыршы, ақындарын тыңдап өскен Құсбек төренің білім-білігі едәуір еді.
- Біз – ақ тулы төрелер, аруағыңнан айналайын, Ұзын оқты Ондан сұлтаннан тараймыз. Өзге төреден айырмамыз – біз орыстың тепкісін ежелден сезініп келеміз. Ондан атамыз Шығай ханның бел баласы. Тартқан жайы он екі тұтам болады екен жарықтықтың. Он екі тұтам – құлашқа жуық жебені көкжиектен асырып, жоқ қып жіберу үшін қандай жақ керек?! Содан "Ұзын оқты Ондан" атаныпты...
Құсекең – Тәуке сұлтанның жеті ұлының үлкені еді. Егіз туған Жошы мен Молдаханнан жиырма жастай үлкен. Сонан да қос қоңырға әкедей қарап, соңынан ерткен, білгенін үйретіп, бетінен қақпай еркін тәрбиелеген.
- Орыстың тепкісі деймін ғой... Ондан атамыздан Оразмұхаммед, Қайнаркөшек һәм Дайыр тарайды. Ұзын оқты атамыз ағасы Есім ханның қызыл туының астынан жеке шығып, ақ ту тіккен. Бар-жоғы отыз жылдай ғана ғұмыр кешіпті. Ерлігі жайлы, ел үшін істеген еңбегі турасында жырлауға ғұмыр жетпес, сірә! Онданнан туған Оразмұхамедті орыс ақ үйлі аманат есебінде өз ортасына алып кетті. Оразмұхамед орысқа сіңіп, көзден таса, көңілден жырақ кеткен есіл ер екен!
- Ағеке, ту тіккені қалай сонда?
- Бізде неге ту жоқ?!
Қос қоңыр жамырай сұрақ қояды. Бұл соған жауап беріп, мәз.
- Бізде ту жоқ деп кім айтты?! Біз сол Ондан атамыздан қалған ақ туды көтереміз. Туымыз жығылған жоқ, тәубе! Барақтар қызыл ту тігеді. Кенесары жасыл ту көтеріп жүр... Есте жоқ ерте замандарда аталарымыз ұлы жорық алдында шаңырақ мүйіз ақ өгіздің терісін оң аяғымен басып тұрып, қиян-кескі ұрыста шегінбеуге ант береді екен. Одан соң жауының қанымен туын қандап, ырым етіседі-міс. Ел үшін туған ер азамат болсаң, басыңа көтерген байрағыңды құлатпауың керек...
Құсбек төре егіз інісіне айтарын айтып алып, өзі ой тереңіне батып кетті.
Бұл қазақ бір тудың астына енді сірә, жиыла қоймас! Кенесарының соңынан еріп кеткені дұрыс па еді? Бірақ, ел ағалары орысқа қарсы ашық соғысқа шықпай, Кенекем әл жинағанша аңысын аңдап отырғанды жөн санаған. Сонау жылы Кенекең Қарқаралыға келгенде де осыған бәтуаласқан. Атқа қонған жауынгер ханның соңында болады да, ауылдар, жатақ қазақ орысты мойындаған қалып танытып, бұғып отыра тұрмақ. Бірақ, орыс тамыр бұға берсең сұға береді екен. Сонда, мына қоқаңдаған Қоқанға сенеміз бе?! Кәпірден суық, мұсылманға жуық болсақ та, бұлардың заң-шариғаты келе ме бізге?! Қоқанды билеп отырған Мәделі хан маңынан ұрғашы таппағандай, өзінің өгей шешесін некелеп алды. Бұхара мен Қоқан сол үшін қырқысып жатыр. Олардың ар жағында "қай жеңгенің менікі" деп Хиуа қарап отыр. Қайда барып тыныштық табамыз Алаш баласына?!
Иә... Қазақ бір тудың астына жиыла ма екен?! Былтыр осы уақытта Әзіреті Сұлтанға зиярат етуге барған Қасым төрені Қоқан бектері тұтқынға түсірді. Қалың қазақ отырып, қам жасамадық. Қасым Тәшкентте тұтқында жатып, ақыры сонда қаза болып, сүйегі Тәңірінің жазуымен Түркістанға қойылды. Биыл қоңыр күзде Қасымға Ұлытауда ас берілмек, сол аста Кенесарыны хан көтермек. Қазақтың соңғы ханы осы Кене болатын шығар...
* * *
...Қара бала өкси жылап басылды. Жұбатар ешкім жоқ екені санасына сыздықтап жеткен. Шекесінен күн өткенін аңдап, тақиясын түземекке қолын басына апарып еді, төбетейі жоқ екенін сонда ғана сезді. Келген жағына қарап, бірнеше қырдан қалай асып кеткенін бағамдай алмады. Бұлың-бұлың сағым ба, буалдыр түтін бе – қоянжон белдер мұнартып шалынады көзге. Шарасыз балақай кері жүрмек болды. Тым құрыса тақиясын тауып алмақ. Әпкесі қасқырдың тырнағын тесіп қадаған, әжесі оюлап сырып тіктірген жасыл тақия еді. Атасы иісім сіңсін деп тұмағының ішіне салып қоятын.
Бір белден асқан соң алдынан түтін ораған жазира жайылып жатты. Кенет етектегі қараған түбінен әлдене бұлың ете қалды. "Қоян шығар" деді қара бала. Сәлден соң-ақ қоян туралы ойы зорайып, "қасқыр шығар" деген үрейге айналып бара жатты. Сол-ақ екен оң қапталда бұйраланған қарағанның түбіне бүкшеңдей жетіп барып, жасырына қалды. Көзі етек жақтағы шұбар тобылғыда. Әлдене бұлың-бұлың етіп, сайға түсіп кетті. Кенет құлағына әлдекімнің зарлап жылағаны естілді. Ағасы "кейде шайтан адам дауысына салып жылайды. Бала боп іңгәлайды, әйел боп аңырайды. Естісең, сол үн шыққан жаққа барушы болма, қараушы болма!" деген-тін түнеукүні. Қара бала ту өскен қарағанның тырнағына құлағын ілдіріп, қолын қанатып, қалыңына кіріп алды. Тымырсық кештің ыңырсып құлаған көлеңкесінің өзі аптапты еді. Үрей мен азап кеудесін бүріп тастаған қара бала сол аптапта қалш-қалш тоңып, қалтырап жатты-ау. Жылай-жылай талықсып, қарағанның бұтына бүрісе тығылып, ұйықтап кетті. Ал, сол сәтте тарқаған бұрымын беліне орап ап, шарасыздықтан бетін тырнап-тырнап қан-жоса қылған қатпа қара келіншек қара бала тығылған қарағанды қыратты басып өтіп, сайға құлап, зар айтып бара жатқан еді.
* * *
...Әуелі жер топылтқан тұяқ дүбірі естілді. Құсбек төре қыр басында алыс көкжиекке көз жүгіртіп отыр еді. Біркелкі шапқан топты салт атты емес, жылқы қайырған аламанның дабысы секілді. Айғырлар үйір бөлісіп, айқасатын да шақ емес. Апыр-ау, бұл не болды?! Үйірден жылқы айырған барымташының ісі дейін десең, күн тас төбеден шаншылып тұр. Кенет терең сайдың әуітінен желкілдеген ту ойнады. Найзаға байлаған жасыл ту. Сайға жазықтан жылқы қуып айдаған жылқышы болса, ту тігіп қажеті не? Жау айырды дейін десең, айғай-аттансыз тыныш неғылған талапай бұл?! Құсбек төре мана ішкен бесті қымыздан айыққанына күмәндана бастады.
Заманның сұры неткен жаман еді! Жасыл ту тіккен Кенесары түстікке ауғалы жыл жылысқан. Мұнысы кім тағы?! Үш ұмтылып орнынан әзер тұрған. О, тәңірі! Ауыл іргесіндегі жабағы-тайды бұлаққа құлата шыққан бие сауған төлеңгіт екен тасыр-тұсыр шапқан. Ту тіккені кім болды? Жасыл ту жалт етіп көрініп, жоқ болған. Жабағы-тайды сайға тығып ап, төлеңгіттерді әуре қылған орыс па тағы? Орыс бұған тұра шабушы еді ғой әуелі?!
Құсекең оқыста ойын бұзған дабыр-дұбырға сәл қынжыла көңіл құлатты. Сайдың ауызынан жиырмашақты құлын-тай шықты құлдыраңдап. Соңынан желкілдек ту төніп келеді.
- Қайт, ей, қайт!
Құсекең қапылыста айғайлап та жіберді.
- Уа-ай, кімің бар? Қайыр!
Сол сәт ту астынан әлдекімнің қаршадай сұлбасы шалына берді көзге. Ту байлаған найзаны үзеңгіге қадап ап, серт ұстана атқа қонған қағілез біреу. Оң қолын басынан асыра бұлғай шабады. Қылышы бар ма дерсің. Төлеңгіттерге айғайлап қояды ма-ау. Екі кештің арасында барымталап алған жылқыны тараң сайға сыйдыра алмай жатқан адамның жанталасы. Кенет әлгі ту ұстаушы жылқыны тастай сала бұған қарай салдыртты. Әуелі мінген аты көзге жылы ұшыраған. Үйірдегі қара қасқа байталы екен. Мүшесі бүтін жануар. Қағілез қара соған мініп апты. Кім болса да келер.
Шырылдаған дауыспен әлдене деп айғайлап келеді. "Аттан! Аттан!" дей ме? Тақай бере анық естіді: "Аға! Аға!" деп келеді екен. Жошы!
- Уа, Жошыжан! Туың не?
- Кене ханның жасыл туы бұл! Молдахан ақ тумен ауылдың арғы бетіне шабуыл салды...
- Ой, бар болғырлар! Бар болыңдар! Адамның зәре-құтын алып...
- Біз орысты шабамыз!
- Өй, орыс емес, өзіңнің тай-құлыныңды айдап тастапсың ғой...
- Оларды жасауылыма айдап барам. Мініске ат керек!
- Тумен жылқы айырып не көрінді, елді үркітіп?!
- Бәрібір ғой, аға! Тусыз жауға шабайын десем, тегіме тартпағаным болады ғой...
- Ой, айналайын! Тегінен сол! Бара ғой. Жауды Алатау асырып тастаңдар!
Жошы найзаның ұшына таққан жасыл матаны желкілдетіп, кері салды. Ұрандап барады. Құсбектің көзіне жас үйірілді кенет.
Тышқан жылы еді ғой – былтыр. Хан Кененің қолына қарсы Қарқаралы бекінісінен жасанған жауынгерді бастап шыққан бұл. Ақ патша берген капитандық шені болған соң, екі жүз қазақпен казак отрядына қосылып, Қарқаралыдан аттанған. Маусымның бас кезі еді. Қарқаралы бекініс атанғалы, өкріктің орталығы болғалы он шақты жыл жылысқан. Он жыл бұрын капитан шенін берді бұған. Капитан боп не бітірсін?! Ақ патша Кенесарыдан қорыққан соң берген шекпені ғой. Ел ішіне беделі артып тұрған бүлікшіл ханның сөзін сөйлемесін, бізге қызмет етсін деп үлестірген саусылдаған сары темірлі сырлы шапан. Отызымда капитан шенін алдым. Ондан атам отыз жасында қалмаққа қарсы ұрыста опат болыпты. Мен не тындырдым бұл халық үшін?!.
Иә, маусымның бас кезі еді. Арқаның атырабы жазды сүйгенімен, Қарқаралы жарықтық қыстың сызынан құтыла алмай, ерекше салқын. Сол сапарға шығарда мұны сәуегей бақсысы оңаша шақырып алып, атқа қонбауын өтінді.
- Алдияр! Бұл жорыққа шықпаңыз... Атқа қонбаңыз...
- Уа, әулием, несіне күмілжіп тұрсың?
- Бекер, бәрі бекер...
Бақсыға қарамай жауынгерді бастап, сапқа тұрды. Бірақ, сол сапардан ауырып қайтқан. Сірә, бақсы тегін алаңдамаған-ау. Ал, өзі болса, сол жорықта тік кезіксе, Кенесарыға ілесіп-ақ кетер еді! Бірақ, сол сапарда Балқаштың солтүстігіне дейін жер шолып қайтқан Ребриковтың күрең қолы Кене ханға жауынгер беріп, Құр-Бақанасқа дейін көшіп жүрген тобықтыны таппай, сандалып қайтқан еді ғой. Кенесары-Наурызбайдың әскеріне қосылмақ түгілі, оларды мына сайын далада іздеп табудың өзі қиямет..
Бөкей атамның бес немересі батыр атанып, атырапқа даңқы жайылып тұр. Түбі осылар ғана ел есінде қалар. Ғазының Құдаймендесі, Абылғазының Қантайы, Батырдың Рүстемі және Уәли ағасының қос қыраны Оңқа мен Жәдік. Оңқа мен Жәдікті көргісі-ақ келеді. Қос бауыры. Әкелері бөлек, шешелері де басқа болғанымен, бір әулеттен өрген өрен ғой бәрі. Ерлікті несіп еткен, ел үшін туған ерлер екен! Ел-жұрт "әкелері Уәли қайтқан соң, інісі Тәуке бұлардың аналарын әмеңгерлікпен алған. Әкеден қалған мал-мүліктің бары Тәукеге ауды. Енді соның өз балаларына қалады мол мұра. Оңқа мен Жәдік сол үлесті Құсбектерге бермес үшін жылқыдан енші айырып айдап кетті. Ақыр-аяғы Кенесарыға қосылып, Тәуке балаларының қалған малын шабады әлі" десіп жүр. Оңқа мен Жәдіктен ондай ессіздік шыға қоймас. Сонау жылы хан нөкерімен бірге жылқыны айдап әкеткенде бұл соңынан қуа барған. Қасына ешкім ертпей жалғыз қуып еді. Шығысқа қарата желдіртіп бара жатқан нөкерге киліге бергенде, қос бауыры қарсы шықты. Нөкерлер мұны әп-сәтте қоршай алып, үш-төртеуі қатарынан найза созған. Суық темірді тәтті етіне тигізбей, киімін түйреп-шаншып, найзамен аспанға бір-ақ көтеріп тұрды.
- Сөйлеңіз, алдияр? - деді сары қазақ.
- Әй, өңкей найсап!.. - деді ысылдап Құсбек. Шапан ішінен киген сырма бешпеттің омыраулығы алқымын қысып, алқынтып сөйлетпеді. - Найза ұшында тұрғанда не сөз?..
- Уа, босатыңдар.
Оңқа екен.
- Жаны сауға. Елге оралыңыз, ағеке, - деді Жәдік батыр.
Нөкерлер мұны қайыра атына қондырды.
- Жошыхан мен Молдаханды... Олар бала ғой әлі... Анамыз аһ ұрып отыр...
- Ол екеуі қазір-ақ қайтады!
- Тайға мініп ап, тапыраңдап батыр болам деп жүрген балақайлар ма әлгі?!
- Иә, кенже бауырларымыз ғой. Біз жылқы айыра шыққанда, қоса қапталдасып шапқан.
- Ой, ер екен олар да!
- Қайдағы ер?! Бес-алтыдан жаңа асқан бала ғой...
Құсекең қос қоңырды өзімен бірге ала қайтты. Елге келе қос батырдың соңынан қуғыншы да шығармады. Теріс қарап, үш күн жатты...
"Осы екеуі елді ел қылатын түбі. Әйтпесе, бізден елдік, бірлік кеткен екен!" Хан "орысты алдарқатып отыра тұрыңдар" дегенмен, елдегі байлар мен өз аталастары сол орыстың ығына жығылып барады. Жығылмағанда қайтсін – бүлікшілді қолдасаң бүйрегіңді суырып алады. Талай ауылды шауып, шаңырағын ошағына отын қылды, киізін тіліп, керегесіне итін сарытты. Ал, бұған тамызда майор шенін бермек. Майор Құспек Таукин.
Қай екеуін айтты үміт қып? Оңқа мен Жәдікті ме, Жошы мен Молдаханды ма?..
* * *
1838 – ит жылы. Қарқаралы қазылық.
Есік пен төрдей ақбоз ат ханның тақымын толтырып-ақ тұр. Айбынына айбын қосып, айдынын аймағынан асырып-ақ кетеді екен. Дулығасы Күнге шағылып, жығасы желк-желк етеді. Ту сыртында тұрған жасыл байрағын биік көтерген ту ұстаушысы да алып екен. Одан әріде ұзын найзалары сарт-сұрт соғылысқан қалың ләшкер. Қарқаралының қарағайлы орманы секілді сыңсыған қалың қол. "Қаланың іргесіне ханның жер қайысқан қолы кеп жатыр" дегенді естіген бекіністегі орыстың, жатақтың жүзі абыржулы. Мәліксай жақта жасанған зеңбірекшілерге ат шаптырып, әрекет шығаруға әзір отырсын деп бұйрық берілген.
Бірақ, ханның қолы бекініске шабуыл жасаған жоқ. Даладағы үйір-үйір жылқыдан мініске ат алып, аймақтағы елден жауынгер жиып, Семей жаққа жылысып кеткен. Сірә, қалаға шабуылдауға жер жағдайын қолай көрмеді. Әйтпесе, хан әскерінің орыс салған Ақтау бекінісі мен Ақмоланы жермен-жексен еткенін ел аңыз ғып айтып-ақ жүр. "Наурызбай батыр бастатқан, Ағыбай, Бұқарбайлар арындатып ат қойған оншақты батырдың өзі-ақ қамалдан атын қарғытып, қан-қасап қылып кетеді екен... Ақмола бекінісін алғанда орыстың күрең әскерінің басшысы Қара пұшық пен Қоңырқұлжа түн жамылып, қашып құтылыпты... Ханның қолы бір түменге жетіпті. Хиуадан зеңбірек алдыртыпты..." деген қауесет ел ішін есеңгіретіп-ақ кеткен.
Ханмен амандасуға аймаққа танымал тізгінұстарлар мен байлар, төрелер барып қайтысты. Құсбектер тау үстінен дүрбі салып қарап тұрған. Сай іші гу-гу, ығы-жығы. Әр-әр тұстан жанған оттың түтіні шудаланады. Бекіністі орап жатқан жақпарлы тау, қатпарлы шыңның етегінен басына дейін тырмысқан қарағай-қайыңды орманға от қоя салса да жарайды екен. Қарқаралыны шауып қайтеді, расында. "Кене ханмен бірге, қарындасы Бопай ханшайымның да сыпайлары түнеп жатыр екен..."
Құсбек төре қалың ойға қамалды. Бөкей атасынан кейін хандық тағы төре тұқымынан ауды. Ауғаны емей немене – өзіңнің хан екеніңді, ел иесі, жер иесі екеніңді, қол астыңдағы жұртты былай қойғанда, атам заманнан қырқысып келе жатқан көршілерің мойындауы керек. Ғұбайдолла хан тағына отыру үшін қытайдан елші алдыртты. Айдаһардың алқауына аю көнбеді. Ақыр соңы ормандағы орыс ханның өзін абақтыға тықты, итжеккенге айдады. Қырда орыс, ойда Қоқан – қоқаң-қоқаң. Кене ханның аласапыраны мынау. Атыңнан айналайын, қазақтың басын қосқан Абылай ханның әулеті жайлауынан айырылған соң, өзге елден не сұрайсың?! Хан жайлауын ішкі жақтан шұбырып келген қарашекпенге кесіп берді. Жаяу шұбырған орыс өз елінен неге қашып келді екен, ә? Ақылы жетер емес. Сонау жылы Жамантай ағасы бастап, ақ патшаның қабылдауына барар жолда көрген: орыстың мұнаралы шіркеуі қоңыраулатқан қаласынан ауылы, даласынан орманы көп екен. Сол орманның қолтық-қолаты толған ағашүйлі ауыл. Ауылы ағашты қиып үй қылған, орманды отап, орнына егін салған. Қаласы қара түтін астында, ығы-жығы лас-сасық. Сірә, қарашекпені содан қашады. Неғұрлым күнбатысқа қарай дендеген сайын адам қарасыны көбейе түседі екен.
Жер бетіне жаяу босқан адам сыймай бара жатқаны ма сонда? Ықылым заманнан қазақтың, мұңғылдың, қарақалпақтың жылқысы сыймай жатушы еді жаһанға! Енді адам сыймайтын болыпты. Екі аяқты қаңғыбас сыймаған соң, тұяқты малға өріс іздеп не сорымыз!..
* * *
Қара бала сол ұйықтағаннан түн ортасынан ауа бір-ақ оянды. Ояна сала күндегі әдетімен көзін ашпастан қарманып, атасының сақалын іздеді. Күлте сақал орнына тікен уыстады. Баж етіп орнынан атып тұрған. Қарағаннан құлағы ғана шығып, онысының өзі тікенге сырылып, ашып-ақ кетті.
- Ата! Ат-а-а!
Атасы үн қатпады қара баланың. Алыстан үкінің қанатының сымпылы жетті. Етектегі қалың шіліктің желмен сыбдырағаны еміс-еміс естіледі құлаққа. Кенет қара бала өзінің жапан далада, қараған арасында жападан жалғыз тұрғанын тұла бойымен сезіп, бар дауысымен баж етіп жылап жіберді. Үркіп жарқанат ұшты. Сай түбінен бақа құрылдады. Жеті қараңғы түнде, жапан далада атасының ерке немересі ботадай боздап тұрды. Солқылдап ұзақ жылаған балаға шәуілдеп түлкі-қарсақ үн қатты, байғыз сұңқылдап, сайдың сере тасы жаңғырығып, күңіренді. Қара баланың көз алдында жер дүние дөңгеленіп жүре берді. Көктегі сансыз жұлдыз шыр айналып, жымың қағып мазақ қылды. Ұйықтағанда езуінен аққан суға жабыса қатқан топырақ сөгітіле сауылдап, қойынына құйылды.
Қара бала қарағаннан шығып, басы ауған жаққа жүріп бара жатты. Алтыдан жетіге аяқ басқан балақайды үрей жеп қойған еді. Жүрегі қозғалып, жүйкесі тас боп қатып қалған.
- Ата! Ап-а-а! - деді қара бала...
* * *
1847 – қой жылы...
Түс ауа қарауытқан сай жақтан су жалдаған топтың шуылы жетті құлаққа. Оңқа атшысына үнсіз иек қақты. Сілбіреген жауын арасынан, сай жақ беттен оншақты салт аттының сұлбасы шалынды. Кенет оң жақтан да, сол жақ тұстан да, қараша үйлердің ту сыртынан – абылайша қос жақтан да мұнар арасынан үнсіз пайда болған салт аттылардың едәуір тақап кеп қалғаны аңғарылды. Жатақтар жау қашырар ұранды ұмытқан. Үнсіз ғана су кешіп кеп, садақ оғы жетер тұсқа тақап, сұс көрсеткенсіп тұр. Қоралай қоршағанда жүзге жетер-жетпес сапы. Сірә, ұран тастап, шабуылға бас қояр сәтті күтіп тұр.
Оңқа күлдіреп кеткен ерінін жалап, жұтынды. "Атаңа нәлеттер. Қорқау қасқыр секілді екен – үн-түнсіз мөлиіп кеп тұр".
- Жәдік, мыналардың сықпытын қара.
- Оңғаш, сабыр ет. Неғылар дейсің. Сен өз жайыңды күйтте.
- Жоқ. Мыналармен ел боп, етек жинаймыз деп жүрген біз – ақымақ! Найзамен су сызып, кеп тұрған түрлерін қара.
- Өздерінің жебелері жете ме екен бізге? Тым алыс тұрып алыпты.
Мұнар арасындағы топ біраз үнсіз тұрысты. Жәдіктер сабыр айлап қарап отырысты. Сәлден соң жатақтардың садақ кергені байқалды. Сірә, жақындауға батпаған.
- Мыналарда садақ тартатын күш қалған ба, ей?!
- Мылтықтары жоқ екен...
Оңқа мен Жәдіктің тіккен үйінің қарсысында топ тобылғы суға батып тұр еді. Жатақтардың атқан жебесі сол тобылғының тұсына талып жетіп, сып-сып етіп суға шаншылып жатты. Бұлар қарсы жебе ұштамаған соң, жатақтар еркінсіген тәрізді. Саппен ырғалып, сәл тақалды. Масақты жебе алыстан суылдап кеп, қараша үйдің маңдайшасын жара-мара қадалды. Оңқа сол иығына қалқанын төседі. Атшысы саржасын шірей тартып, алғашқы оғын зымыратып та үлгеріпті. Тым биік көлбеткен екен. Оғы қоршағандардың басынан асып, айдалаға лағып кетті. Жәдік дауысын көтере бұйрық тастады.
- Жақ тартыңдар!
Сол-ақ екен абылайшадан атып-атып шыққан оншақты садақшы қараша үйдің тұсына талтайып тұра қалып, сықырлатып адырна шіреді. Бәрі бір сәтте көкке көлбей ұшырған жебелері көзді ашып-жұмғанша жатақтардың қақ маңдайдағы легін жаусатып жіберді. Садақшылар жан-жаққа бес-алты дүркін оқ жаудырған соң, Жәдік оң қолын көтеріп, тоқтатыңдар деп ишара жасады. Нөкерлердің қыр басында күркеленген тұрағын төрт құбыладан қоршап, қылышын қандамаққа ниеттенген жатақтар жебеге шаншылып, аты үркіп, сапы ыдырап, сансырап қалды. Он жыл бойы хан жасағымен талай қантөгіске кірген нөкер жан шыдатушы ма еді. Жатақтар тағы бір сағат алыстан айбар көрсеткенсіп тұрды да суды шалпылдатып, мұнарға сіңіп кетті.
- Мыналармен ұрысып береке таппайды екенбіз, - деді Оңқаның атшысы даурығып. Оған бірнеше нөкер қосыла кетті.
- Күркесінен шықпай үретін тексіз төбеттер емес пе!
- Қайыра айналып соғары анық.
- Қатары қанша екен?
- Жүз қаралы бар-ау деймін.
- Қатындарына жараларын жылы сумен шайғызып отырған шығар, өңкей нәуетек.
- Жә!
Жәдік қараша үйдің тұсына топтасқан нөкерді таратып жіберді. Өзі айналаны шолып, жерге қадалып, масағы судан қылтиып шығып тұрған бірнеше жебені суырып әкелді. Көбебұзары бар, қозыжауырыны бар, қырлы жебесі бар – қарақұстың қауырсынын қадаған бірнеше жебе әр қолдан шыққаны көрініп тұр. "Ондан атамыз құлаш жебемен құлдырмамай атқандай құлатыпты жауын. Қазіргі қазақтың жебесі қоян атуға ғана келетін қуыс қурай секілді..." Жәдік бір уыс жебені іргеге тастай салды.
Таңға жақын Оңқа сандырақтай бастады.
- Аттан! Аттан! - деді тамағы қырылдап.
- Оңғаш?!
- Жәке, бауырым. Жылқыны әкетті. Қайыр...
- Жылқы кеткелі қашан, Оңғаш. Жи есіңді!
- Қара айғырды қорқау қамапты. Мылтық атшы, тоз-тоз болсын... Неге атпайсың? Әлде, білтең су ма?
- Қайдағы қара айғырды айтасың?! Аш көзіңді. Су қамаған қотыр қырат, соқыр сайда жатыр емеспіз бе!..
Оңқа ыңқылдап барып, булыға жөтеліп, үнсіз қалды.
- Қара айғыр үйірінен айырылғалы не заман...
Кешқұрым шығыс беттен жетегінде қос аты бар жалғыз нөкер көрінді. Үш атпен жортқан жалғыз қазақ ел қонған маңды айналып, алысқа бет түзеген сыңайлы. Көз жетердегі белге шоқытып шыға келіп, бұлардың тұрағын көріп, қалт тоқтаған. Жорықта тігер абылайша қос пен қараша үйден шаншыла шығып тұрған қос найзаны байқап, осылай қарай салдыртты. Тақала кеп, жүрісін баяулатқан. Бұлардың қарауылы оқ жетер тұстан тоқтатты:
- Уа, кім боласың? Доспысың, дұшпанбысың?!
- Оу, қазақ емеспіз бе? Неге сонадайдан садақ кезеніп тұрсың?
- Қазақпыз. Бірақ, қазақ екем деп келіп, кәззап боп шыққанды да көргенбіз!
- Хан жорығынан келемін титықтап. Сендер де хан нөкерісіңдер ғой. Найзаға байлаған қылдарыңнан танып тұрмын.
Екеудің жөн сұрасуын естіп отырған Жәдік жасауылға айғайлады:
- Тақалсын бері. Майданнан қашқан қорқақ болса, ажалы бізден!
Жасауыл садағын жинады. Жалғыз нөкер де қараша үйге кеп атын бір-ақ тіреді. Терлігі, атының омырауы сауыс-сауыс қан. Жасы отыздардағы қара қазақ. Сөзге келмей бір шара қара суды басына көтерді. Жүзі сынық. Біраз уақыт бел шешіп, ұйықтамаған сыңайлы. Қида қылышы қанға қақалып, қынына қатып қалыпты. Тізе бүгіп отырды.
- Уай, кім боласың?
- Орта жүздің қазағымын. Сарысу бойынанмын. Соғыс біткен соң, еліме жетіп алайын деп, үлесіме тиген олжаммен – үш атыммен оралып келем...
- Соғыс біткені несі?! Не сандырақтап тұрсың?!
Жәдік орнына шалт қозғалып тұра кеп, сарбаздың жағасынан шап берді.
- Оу, ағайын. Сабыр. Сабыр ет.
- Кәне, иманыңды үйіре бер! Сен ұрыс даласын тастай қашқан сужүрек болдың ғой. Әлде, қасыңдағы қаруласыңды қапияда қан құстырып, атын олжа ғып жөнеп бара жатқан сұрқиямысың? Соңғы сөзіңді айтып қал.
- Батыреке, жаудан қашар жаманың мен емен. Кененің қолы Майтөбе түбінде қырғынға ұшырағанда мына судың ортасында өзің неге бұқпантайлап отырсың? Айқас басталмастан тайып тұрған Сыпатайдың нөкері емеспісің өзің?!
- Қайдағы Сыпатайды айтып тұрсың? Біз сақау қырғыздар тауға бекінер тұста ел ішіне жаушылап ат қойып, қол жинауға шыққанбыз. Он шақты күн болды өзен арнасынан асып, қызыл су жүріп кетіп, малтығып отырмыз. Ағайын қол жинап бермек түгілі, қол ұшын созар түрі жоқ.
Жәдік бейтаныс нөкердің жағасын босатып, тізерлеп қасына отырды.
- Ал, айтшы көргеніңді. Соғыс бітті деймісің, хан нөкері қырғын тапты деймісің?
- Иә... Қырғыздар Кекіліксеңгірдің қиясына жасырынып, таудың асуына су төгіп, көктайғақ қылды. Етектен атқан зеңбірегіміздің оғы тау басына жетпеді. Біздің қол кең жазықта қоян-қолтық шайқасқа, қаша ұрыс сап, жаудың берекесін алуға машықты еді ғой. Ер Науан қырғыздың бес батырымен жекпе-жек айқасып, бәрін найзасының ұшына іліп әкетті. Соған қарамастан, тар қуысқа тығылып, бекер опат болдық. Сатқын да шықты арамыздан... Наурызбай да, хан да қырғыздың қолына түсті. Туымыз жығылды, отыз-қырық сұлтан аттың жалын құшты, қаншама батыр оққа ұшты. Сақау қырғыздан қырғын таптық...
- Апыр-ай. Қайран, ерлерім-ай!
- Бауырым-ай!..
- Есіл ерлерім-ай!..
Жәдіктер жалғыз жауынгермен қайыра есендесіп құшақтасып, дауыс айтып көрісті...
* * *
- Оу, сорлы қырғызым. Қазақ болмаса, ақ патша сені әлдеқашан бүтіндей жұтып қояр еді ғой. Тар қолтық тау арасына ұйлығысып ап, ұлардай шулайсың, түге. Қоқан саған не береді?! Бірігіп ел болайық, бас құрап, қырдағы орысқа, Сырдағы қоқанға тойтарыс берелік...
- Оны ұға қояр қырғызың кәне?! Орман, Жантай, Жанғараш манаптар ақ патшаға қол беріп, ант-су ішуге әзірміз депті ғой.
- Солты руының Жаманқара батырын өлтірген Саурық үшін кек алып, малын айдап, өзін оққа байлап кетті емес пе.
- Қоқан да, орыс та қазақ пен қырғыз арасына от жағып, азғырынды тіліне ертіп, шаруамызға шайтанды араластырып қойғанын қарашы.
- Енді шегінер жер жоқ. Шу мен Қозыбасыда аталарымыз қазақтың туын тігіп, ел болған! Біз де осы Шудың жағасында ақтық айқасқа сайланып тұрмыз. Не ел болармыз, не жер болармыз! Аттан, қазағым!
- Уа, аруақ!
- Абылай!
- Ағыбай!
Қылыштан шашыраған қан сіркіреген жаңбырдай жауыпты. Наурызбай мен Бұғыбай бастаған топ тауға шығып, қырғыздың қамалына барар жолды аршыды. Хан нөкері қырық арқанды жалғап, зеңбіректі тау жотасына шығарып атқанда қырғыздың қорғаны қирады. Бірақ ақтық айқас болар түні Рүстем төре мен Сыпатай бастатқан он сан жасақ ұрыс даласын тастап тайып тұрған еді. Небары төрт мың нөкермен қалың қырғыз қамалаған хан нөкері Майтөбе алабында қан-қасап қырғынға килікті. Оншақты күнге созылған қырғыннан қазақтың қатары селдіреп-ақ қалды.
- Аспандағы жұлдыздан жердегі қырғыз көп екен! Аға, ең мықты деген біраз батырмен, жүйрікке мініп, қоршауды жарып өтейік. Сол тұстан өңге жұрт та кеудесінде жаны болса өтер, - деді Наурызбай.
- Олай істесем, соңымнан ерген аз ғана нөкерді сатқан боп шығам! Соңғы демім шыққанша, сарбазыммен бірге айқасып өлейін! - деді Кене хан.
Ежелден тауда туып, таста өскен қалың қырғыз қазақтың аз ғана жасағын санамалап тұрып, оққа байлады. Ойқастаған батырын найзаға түйреді, туын жығып, тас атып нөкерді ат-матымен мылжалап, көміп тастады. Қазақтың арманын арқалаған ардагер ерлері шейіт болды, ханы пенде боп тұтқынға алынды. Қырғызға астыртын көмектескен орыс пен қоқандықтар ағайынды қос жұратты оңаша қалдырып, сыртынан шоқ-шоқ десіп, қай жеңгенің менікі деп, марапатын әзірлеп, мұртынан күліп тарасты...
Қалың қырғыз құзғынша қарқылдап тұрды. Дабыл үні құлақ тұндырады. Гүж-гүж еткен, жеңіске масаттанып қарқ-қарқ күлген, қылыштың қырымен қалқанын ұрып, шуды көбейткен мас тобыр кеу-кеулесіп, ортадағы ашық алаңқайға шығарылған ханға қарап анталасты.
- Уа, қазақтың ханы Кенесары! Ақтық сөзіңді айтып, Аллаңа сыйынар кезің келді...
Хан Кене – еркін елін сыйдырар жер таппаған, жазира жерін орыстың отары болудан соңғы деміне дейін қорғаған есіл ер ұзақ толғап, жыр төгіпті. Қамалаған қырғыз, қаумалаған қаскөй дұшпан сілтідей тынып тыңдапты. Ол елімен-жерімен бақұлдасты. Жүрегінің басына ат басындай шер боп байланған арманын зар ғып төгіпті. Қазақтың тас төбесінен кетпей қойған қара бұлт сөгілердей еді аһ ұрған арманынан. Алатаудың мұзы еріп, жас боп төгілер ме еді адамның аңсарын ұқса! Қара аспанның тұнығы тітірер ме еді, қара жердің тоңы қарс айырылып тілініп кетер ме еді!..
- Әлімсақтан арғымақ аттың жалында жаһанды шарлаған қазақ деген ел едік!
Жапанды шарлағаны – жаһанды жаулағандай ғажап кемел ел едік!
Қазақ-қырғыз қосылып, дұшпанды жеңсек деп едім.
Қырдағы сары орысты, ойдағы Қоқан бектерін көріне көмсек деп едім!
Мұсылманға жуық ем, кәуірге суық ем.
Алаштың арманын арқалап туып ем!
Туымның астына Алашым сыймады.
Қара жер қазаққа тарлық етті, басымды көр тартқан екен! - деді ол кәрленіп.
- Уа, қырғызым!
Оңыңнан туды жұлдызың.
Қазақтың туын жыққан соң, орысқа құл болар ұл-қызың!
Абылай атам сан шауып, ел қыламын деп еді,
Ел болмаған ессізді жер қыламын деп еді!
Елдіктен кеткен екенсің.
Алатаудың биігін, Сарыарқаның тұнығын бірге кешер күн тумас.
Айқасқа белді кім бумас, атаның кегін кім қумас!
Бірақ, қазақ-қырғызды майданда қосар ұл тумас енді!
Күнің сөнген екен елім, сенің күніңмен бірге ат жалында ғұмыр кешкен қырғыздың да күні өшер әлі-ақ! - деді хан Кене аһ ұрып.
- Ноқталы басқа – бір өлім.
Қазақты жеңдім деп шуларсың, түге,
Сүйегін шашып, ит-құсқа жем қылдым деп ырларсың, түге!
Қазақтың басындағы күн өзіңе туғанда жүрегіңнің басын ащы жаспен уларсың, түге!
Қайран да, қайран алты Алаш, ендігі күнің жанталас!
Орман мен Жантас, Жанқараш манаптарың мас болар.
Сендергі енді керегі – мына тұрған асау бас болар.
Сол басымды шапқан соң, ақ патшаға тартқан соң, өзіңнің де аңғалағыңа көр топырағымен бірге қанды жас толар!
Өз қылышыммен кесіңдер басымды, айбалтаң өтпес! - деді ол қаһарланып.
- Қазақтың жауы сен емес, өз қазағы екен.
Елімнің ендігі күні – еңсе тіктетпес азап екен!
Қан майданда тастай қашқан серттесім антын жұтқаны-ай!
Ақ патшаның мылтығынан қорқып, бөрідей бөрліктірер даңқын құртқаны-ай!
Араны тоймас жалмауыз жағымпаздар халқын жұтқаны-ай!
Бұ да бір өкініш екен өртеген! - деп қайғыланды ол.
- Уа-ай, орындалмай арманым,
Тістеуде кетті бармағым!
Алашым үшін арқалап, ұран ғып ем аталарымның аруағын!
Елің енді еңсесін көтерер ме екен?
Елім деп қанын төккен ерлерімнің құны өтелер ме екен!
Әй, қайдам!
О, Науанжан, ардағым!
Ағыбайдың тілін алмай, басыңды торға салғаның қата болды-ау.
Сен барда манаптар түн ұйқысынан шошып оянып, үреймен дүрлігісіп жатар еді-ау!
Қайтейін! - деді ол жалын атып.
- Ей, Ағыбай, батырым!
Екі дүниелік жақыным.
Айбарлы атың ұранға айналған сендей ер бітпес енді қазақтың маңдайына.
Қаһарланып шапқанда қара жер сөгіліп, тау мен көл жармасар еді шалғайыңа.
Енді сен егесің аймағыңа! Елімді саған тапсырдым!
Уа, Нысанбай жырауым, сөзімді саған тапсырдым.
Сарыарқаның беліне,
Сары қазақ еліме қош-есен бол дегейсің.
Қоғалы, қомды көліме,
Арғымағым көсіле шапқан төріме қош-есен бол дегейсің.
Ажалды басты көр алар,
Рухым қайыра оралар.
Ғасырдан ғасыр алмасып, қазақтың қайғылы күні де жоғалар.
Қош, қош! - деді ол бақұлдасып.
- Жекпе-жекте өлмедім алмас қылышым майырылып.
Басыңды қоссам деп едім – басымнан тұрмын айырылып!
Қанатымды қайтейін қалған қайрылып,
Алашымды қайтейін, қан жұтқан қайғырып!
Елімді қайтейін боздаған,
Ей, сұрқиясы көп сұм жалған, кімдердің басынан озбаған!
Шабамын десең, міне, бас! - деді ол қасқайып.
Қаһарлы дауысына қайғының қан қатты қапасы қосылып, ұзақ жырлады ол. Алаштың басын қосам деп, басын тауға-тасқа ұрған есіл ер, қастерлі ханы еді қазақтың. Қазақтың сан ғасырлар қайрап дұшпанға салған алтын балдақты алмас қылышының тат жемеген жүзі еді. Тасқа шауып сындырды заманы, өз басын шапқызып, өз қанына суарды заманы.
Ал қара аспан, алқаракөк қара аспан селт етпеді, қара бұлт та мөлт етпеді. Жазылып жатқан жер жиырылмады, мұздап жатқан тау тітіркенбеді.
Әуелі ханның сауыт-сайманын сыпырып алып, жейдесін дал-дұл жыртып, кеудесін жалаңаштап, көк етін қылышпен есе сөгіп жіберіп, ішек-қарынын аяғына таптатыпты. Жүрегін қолқасымен қоса жұлып алып, қара қанын ағыза сығып масаттаныпты дұшпаны. Масатаннып тұрып, ханның қос жұдырықтай жүрегіне біткен қалың түгін көріп, төбе құйқасы шымырлап, зәре-құты қашыпты. Кейін дулыға сыймас, бұғау түспеген асау басын жаңғырыққа салып шауып алып, ақ патшаға жөнелтіпті...
* * *
Жатақтар бес күн бойы кезегімен қоршап, нөкерді ала алмады. Су кешіп, өздері де титықтады. Арада тағы бірер күн өткен соң қызыл су да аяғын тартып, қырқа-қырат жоталанып көрініп қалды. Топырақ тобарсып, буалдыр бу таңнан ыдырай бастаған. Шолақ сайдың астаң-кестеңі шығып, өлген малға толып қалған екен. Арам өлген малдың өлексесі күн қызуымен борсып, алапты сасытты. Сызды ауа, сасық леп өлім иісін мүңкітіп, далада аты жаман шешек дерті шайтанның деміндей таралып-ақ тұр еді. Әуелі бірнеше күн күрк-күрк жөтеліп, мазасы кеткен кәртамыш жасауыл көз жұмды. Бұлар биіктеу қыраттан кеңдеу ғып көр аршып, жасауылдың басын құбылаға қаратып, жүзін жасырды.
- Әркім өз лашығынан шықпасын! Жұт жеті ағайынды. Шешекпен сегіз. Ортақ қазаннан тамақ тарту тоқтатылсын!
Жәдік елге келген шешектің бірнеше лаңын бастан өткерген. Өте сақ еді. Оңқаның беті бері қарамасын сезсе де, қараша үйде сыңарымен бірге қам ойлап, садақ жонып сайлана берген. Бірер тәулікте оншақты сарбаз шешектің шеңгелінен шыға алмады. Жатақтар да бұлардың титықтаған халін аңдап, қарасын молайтып, қаумалай қоршап, осы қырдан тірідей көшірмеуге ант ұстасқан тәрізді...
Қазақ шешекпен атам заманнан алысып-ақ келеді. Ауыл-орманымен опат қып кеткен апатты дерттің дем-тынысы сезілгеннен үрейге бой алдыратын бейапарлығы да ежелден. Шешек шыққан үйді жапанға жалғыз тастап, түн ортасында жұртқа қалдырып қаша көшіп, маңына тірі жан жолатпай, аурулы жан әбден арып-ағып өлгенше таяқ тастам тұсына бармаған. Шешек тиген адамның басынан күн өтпесін деп лашық тігіп беріп, қараша үйінің үзігі мен түңлігін ғана қалдырып, керегесін жалаңаштап, өзін бақанға таңып кететін болған. Ауру шыққан ауылды жасауылмен қоршап, тырп еткізбей өртеп те жіберген талай мәрте. Сол құрығынан құр жібермес анық ажал Оңқа-Жәдік сарбаздарын жын-пері уысына түсіріп тұр еді.
- О, құдайым! Жаудың найзасының ұшында жан тапсырар сертім бар еді! Кәуірдің қылышына серт байлап, басымды соған тігер ем! Иттей боп іріп-шіріп, керегеден мөлитер өлім бе еді сұрағаным?!
Оңқа қараша үйді төңкеріп тастауға шақ қалып, аһ ұра аласұрды.
- Кет, Жәдік! Жолама маңыма! Өзің не деген жаны сірі пәлесің?! Ауырып қаласың! Тақалма маған...
- Оңқа, сен екеуіміз о бастан бір тағдырға байланғанбыз. Сертіміз қанжардың жүзінде!
Жәдік бауырының басындағы мүшкіл халді көре тұрып, әуелде ортақ тіккен лашықтан шықпады далаға. Жатырлас жан бауыры, қарулас қандыкөйлек серігінің ауызына су тамызып, күлдіреп кеткен терісіне тоң май жағып, құрым киізден қабат-қабат кеудеше пішіп берген болды. Қарағай сапты найзалары жаппаның жабығынан шығып, байлаған қылы желмен таралып сұс беріп тұр еді. Орнынан суырып алып, екі найзаны да шолтитып шауып тастады. "Енді мұнымен дұшпанды ат көтіне сырғытып жарытпаспыз." Шолақ найзаларды қатар төсеп, ұштарын бір-біріне қарсы бағытта сабынан оздыра байлап алды. Жәдік екі жағында да өткір ұшы бар шолақ найзаны ортадағы жерошақ үстіне тастап, Оңқаға найзаның арғы жақ ұшын ұстау керектігін айтты.
- Оңғаш, сен мені өзіңе тақалтқың келмесе, мына қос найзаның арғы ұшына шық. Бір-бірімізге теріс қарап отырайық. Найзаны жоныңа тіреп ал.
Өзі өз айтқанын істеп, денесін орап тастаған құрым киізге найза ұшын қадап, сырт беріп отырды. Қырық-елу жебелі жағын оң қолына оңтайлап, тұсына қойып алған. Оңқа да Жәдіктің істегенін үнсіз қайталады.
- Уай, қайсың тірісің? Үн қатыңдар.
- Қаншамыз қалдық?
- Жаны сірі жетеуіміз қалыппыз...
- Онда бүгін жатақтың жанкештілері шабады десеңші.
- Көріп алдық құқайын. Орыстың зеңбірегіне қарсы шапқанда, жатақтың жаман оғынан жасқанбаспыз!
Хан Кененің аламанына ат қосқан, жанын оққа тіккен жеті шері, шер жүректі жеті оғлан тұс-тұстан анталаған өз ағайыны – өз қазағына қарсы садағын сайлап, жебесін кезеп, қылышын қайрап, қан жұтып, қасарысып отырды. Күн құрық бойы көтеріле шығыс беттегі жатаған қыраттың жотасынан қара ту тіккен жиырмашақты салт атты бой көрсетті. Бұлардың доғарылған көші айға жуық уақыт тұрақ еткен қырқаны нұсқап, біраз сөйлесіп тұрды да, төрт-бес салт атты орағыта шауып, тұс-тұстағы жақтастарына хабар әкеткен сыңайлы.
- Қамдан, қарулас!
Жәдік таңертеңгілік керегесі жалаңаштанып, үзігі ғана күнқағар боп қалған үйлерді айналып, аралап шыққан. Үш-төрт күн бойы маңайдан жатақтар жаудырған жебені жинатып, жетеуіне бума-бума оқты бөліп берді.
- Қос-қос садақты аңырата тартсақ, қай тараптан андыздай шапса да тоқтатуға дәрменіміз бар ғой. Жанымыз пида. Жаудан, өрт пен судан аман қалып, өз туысымызбен өліскенше ұрысамыз деп ойлаппыз ба? Бекем болыңдар, бауырлар! Бұл да бір сынағы шығар тағдырдың. Осыдан аман қалсақ елге жетіп, ала туымызды Арқаның алқабында желбіретерміз. Иә, аруақ! Иә, Алла!
- Аруақ! Аруақ!
- Абылай!
Жеті жауынгер – ата жауымен ақтық айқасқа емес, аталасымен бейопа мағынасыз майданға дайындалып жатты.
Сәуірдің сәруәр сәулесі сызды кеудеге жылу құйған көктем. Пенде баласының фәнилік қырқысынан қамсыз табиғат жарықтық тамылжып тұрған маусым-тұғын. Жаратылыстың құдіретіне шек бар ма, жұмбағына жауап бар ма?!
- Жәдік, - деді Оңқа зорлана күлімсіреп, - Біз елден кеткелі он жыл өте шығыпты ғой.
- Иә, желідегі құлын ақауыз ат болған шығар. Елдегі қарындас қауым ендігі бізді танымайтын да шығар.
- Бату бабамыз батысты тізе бүктірем деп қаншама жыл жортуылда жүріп, хан атамыз қайтқанда елге оралыпты. Сонда есігіндегі құл танымай қалыпты екен...
- Уа, Оңғаш! Күні қисайған кәрінің сөзін аузыңа қай құдай салып отыр?! Әлде, сен де сыр берейін дегенің бе?
- Жо-жоқ... Бірақ мына дерт менің түбіме жететін секілді. Сүйегімді кеміріп барады. Сенесің бе – өкпем өрт сүйгендей күйіп тұрса да, қалтырап тоңып жатам...
- Қой, берілме. Сен екеуіміз әлі Талдының суын таспен бөгейміз!
- Е, е, соған жеткізсін де. Мен бірақ күмәндімін...
Кенет ту сыртындағы жасауыл әңгімені бұзып, айғай салды:
- Қалқан тізіңдер! Жатақтар садақ кере бастады.
Сол-ақ екен қыр басында ұйлығысқан жеті жігіт қырылып қалған қаруластарының қалқандарын керегеге шандып, өздері соның ығында садақ-саржаларын сайлай бастады. Жатақтар бүгінгі қамданысын ақтық ұрыс деп, бел буған тәрізді. Маңайдағы қыр-қырат етектерінен баспалап келіп, ұран шықса, ұмтылуға әзір тұр.
- Мен шәһид боп кетсем, елге сәлем айтарсың. Құсбек ағамнан, елден ғапу сұра. Кешсін!
- Не айтып отырсың, Оңқа? Бірге барамыз елге...
Жатақтар бұлар күткендей ұран тастап, дабыл қақпады. Тек межелі тұсқа тақала кеп, садақ тартты. Суылдай ұшып жеткен алғашқы жебе қараша үйдің қарсысына – топан топыраққа қарс қадалып, сытыр етіп сынып түсті. Содан жебе борап берсін. Жатақтар жебенің басын жермайға матырып, білте шүберек байлап, тұтатып атуда. Қара түтінмен із тастап ұшқан қалың жебе қараша үйлердің уығын жапқан үзікке, шым киізге қадалып бықсып жана бастады. Әп-сәтте-ақ нөкерлер бекінген қыр басы қара түтінге оранды.
- Уа, саспаңдар!
- Оттан өздері қорқып тұрған шығар, иттер!
Бықси жанған киіз үсті-үстіне төпелеген отты жебеден тұншыға тұтанып, лаулай бастады. Сол сәт етектегі бұқпантай әскер ұран көтеріп, қырға шаба жөнелген. Алас-күлес жалын, лоқсыған қара түтін арасынан Жәдік айғайлап, сарбазын сабырға шақырып қояды.
- Сәл тақалсын. Сол сәтте көздеп атып, жусатып саламыз. Кәне, кірістік!
Өзі сайланған саржаны шірей тартып, қырға шауып шығып келе жатқан қасқа аттыны көздеп кеп тартып жіберді.
- Уа, Ұзын оқты Ондан атам аруағы, жебей көр!..
* * *
Құсбектің бақсысы жалынның тіліне қарап, қара тасқа айналғалы жетіқарақшы темірқазықтан салбырап ілінді. Жым-жырт. Төре де оттың ойынына қарап, ойға қамалған.
- Қырда орыс ойранын салды, Сырда Қоқан қоқаң-қоқаң етіп, құтырды. Бейбіт ауылыңды өрт жалмап, су қамады. Жатағың жаттың атын ерттеді. Батырыңды қан тартты, би-төреңізді орыстың шен-шекпені арбады. Ағайын жұтпен қатар келген шешектен шыбындай қырылды. Жайлауыңды қарашекпен түренімен қопарып, қыстауыңды дерт жайлады. Қазақтың шаңырағы ортасына түсті. Не айт дейсің маған, уа, төрем?!
- Не айтасың, шынымен?! Сен айтпасаң да, елдің ертеңі белгілі болды. Қазақ үшін қара түнек заман орнағалы тұр-ау. Мені "хан" деп атайды мына ел. Нағыз ханының басын қырғыздар шауып алып, ақ патшаға тартты. Ежелден ұлыс үшін ту көтерген ақсүйек тұқымы едік. Енді ақ патшаға құл боламыз. Үш жүзді жалғыз хан билеуші еді, енді ордада тоғыз сұлтан билейтін болдық. Ұлысым көшер өріс те тарылды. Көш доғарылды, осы тоқырағанымыз тоқыраған, отырықшы боп омалатын түріміз бар...
- Тоқмақ пен Бішкек тұсында, Кекіліксеңгір тауының қолатында Кенесары қолы қырғын тапты. Қазақтың ғана емес, арғымақ аттың тұяғымен әлемді шарлаған баһадүр салт атты жұрағаттың күні еңкейіп тұр. Енді әлемді тастан түрме тұрғызған жертесер жатақтар билейді...
- Иә, патшадан алған шеніміз қазақтың қайғысына өтеу бола алмас. Қайта қайғысына қайғы жамамасақ етті. Қайда барып күн көреді Алаш баласы?!
- Кене ханның басын алғаны, сүйегін сайға шашқаны – қазақты қорлағаны ғана емес. Жоқ қылам дегені ғой замананың. Енді, сол ханның ғазиз басын арулап жерлемей бұл жұраттың басынан қара бұлт ауа қоймас! Ақ тулы әулетің ертең-ақ қызыл туға ауысар, әке баласымен айқасар, әйел ерімен жауласар. Санаң сансырап, далаң қансырап, шаңырағыңның күлдіреуіші шіріп, түңлігіңнен түтін ұшпас күндер туады. Арқаның атырабын ақсөңке сүйек басады. Адам сүйегі... О, Тәңірім, кеше гөр қазағыңды!
- Астапыралла! Не айтып кеттің, әулием! Сен үндемеші енді...
Құсбек төре бұдан кейін бақсысымен оңаша сырласуын мүлде доғарды. Тек екі інісімен ғана сырласып, есте қалмас ескі дәуірлердегі даңқты аталары туралы аңызды ғана алданыш ететін болды...
* * *
Аңыраған адырнадан алқына ұшқан ажал оғы екпіндеп келе жатқан аттының сол жақ қабырғасын қақырата сөгіп, өте шықты. Көбебұзар қу жебе жалаңаш тәніне құлын жарғақ қысқа тон киген жатақтың өкпесін тесіп өте шығып, оның ту сыртында айғайға аттан қосып келе жатқан бозбаланың төсін жара кірш етіп қадалып, ат үстінен жұлып әкетті. Жаны сірі жеті сыпай да жан-жаққа жебе жаудыртты. Жәдік пен Оңқа бір-бірінің жотасына тіреген найзаға сүйене, шірене садақ керген.
- Қанды басың, бері тарт! - деді Оңқа ысылдап. Көздеген жебесінің ұшына қарсы маңдайдан қарагерін көсілте салдыртып келе жатқан жатақты алып, құлаштай тартып қап, жебе зулатты. Оңқа да, Жәдік те саржаға сайлаған сұр жебемен бір атқанда екі жатақты сұлатып түсіріп тұр еді. Сауытбұзар сары жүн оқ ат үстінде лекітіп келе жатқан адамның алдыңғысын көктей тесіп өтіп, соңындағысын ат үстінен ұшырып түсіріп тұрды. Жатақтарды үрей буды. Ұраны құмыға шыққан шабуылшы жақ құрық тастамға келгенше отызшақты ат шыңғыра кісінеп, иесіз ойқастап шыға берді топтан.
Дегенмен, көптің аты – көп. Тұс-тұстан андыздай шауып, алқын-жұлқын жеткен жатақтар нөкерлерге тым тақап, арбаға килігіп, қостарын жығып, сойыл төпелей бастаған. Жәдік қайқы қылышты қос қолына қатар ұстап, құйын-перен үйіріліп, оңынан келгенін бір, солынан келгенін екі жайпап, оншақтысын сұлатты. Қылышын тастай салып, ілкіде өзі қосақтап буған қос сүңгілі найзаны төбесінде шыр айналдырып, өзі қоса ырғи секіріп, айналасын бықпырт тигендей қырды. Найзаның қос сүңгісімен тиген жерін қан қылып, алды-артын тегіс жайпады. Жеті сыпай лашықтан атып-атып шығып, найза-қылышпен екпіндей келген ессіз жауды кезегімен түйресті. Бірер ат қара түтіннен үркіп, лапылдаған оттан жалына шоқ түсіп, үстіндегі иесімен қоса өртеніп, түзге лаға шапқан. Шапқан аттың арынымен отқа қоса кіріп, нөкерді таптай өтіп, үйіріле қайыра кеп, әзірейілше төніп, жаусатқан сойылгерлер де жетерлік. Айналасы бие сауым уақытта қара түтіннен ту байлаған төбе басындағы айқас сап тыйылды. Жарадар болып, қансырап ыңырсыған бірер қазақ жатты ойран-топаны шыққан төбеде. Иесі аттан сыпырылып түсіп, үзеңгісі бауырын сабаған, содан үрке тасырлата шапқан қырықшақты ат маң далаға кете барды.
Сол жақ қолы білезігінен шабылған Жәдік сірі қайыспен шынтақ тұсын тарс буып тастап, бықсыған құрым киізді шыжылдата жарасына басты. Оңқа екеуі ғана тірі қалған екен. Жеті сыпай төбе басында, етегінде жайрап жатқан жатақтармен араласа топырақ топанына мылжалана шөккен. Ауа қан сасыды. Әуеде құзғын шулап, қарқылдасты.
Кеудесіне туырлық киізден қабаттай сырған бешпет киген, қос сүңгілі шолақ найзаның екі ұшын жоталарына тірей, теріс қарап отырған төренің қос батыры, Кененің қос сарбазы қоңырсыған қара төбеде, қарға-құзғын қарқылдай тойлаған ажалды алапта аңырап аһ ұрып отырып, ақырғы түндерін қарсы алды.
- Татар талқанымыз таусылған екен, Жәдік, - деді Оңқа қырылдап.
- Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген. Ит-құсқа жем болмаспыз. Бірақ елге де жете алмаспыз...
- Қан майданның өтінде жекпе-жекте өлсек арман жоқ еді. Іріп-шіріп ағып өлмекпіз бе, шынымен?!
- Мына найзаларды не үшін буды дейсің, Оңқа?! Екеуіміз бірге туғанбыз, бірге ат жалын тартып міндік. Жауға да бірге аттандық. Орыспен он жыл қырқыстық. Шегінген жеріміз болды ма! Ажалымыз да бірге келсін деп, сайладым сүңгілерді!
- Сен мені қалдыр, Жәдік. Етекке түсіп, құраулап шақырсаң есті жануар келер дауысыңа. Ел шетіне жетіп ал.
- Мен сені тастамасқа ант ұстағам, Оңғаш. Сол сертім – серт! Бері қарашы маған, - деді Жәдік.
Шолақ найзаның арғы ұшын жотасына тірей сүйенген Оңқа қозғалақтап, айналып Жәдікке қарап отырды. Жәдік найзаның жез сақинасын жалғыз қолымен ұстап, кеудесіне тіреп оған қарап малдас құрып отыр екен.
- Тұр орныңнан, бауырым. Хан нөкері жатаққа тірідей пенде боп, қолға түсіп, олжа-сауға сұрамаспыз. Сен көрмеген, мен көрмеген не қызық бар бұл жалғанда. Атамыз Уәлидің аруағын мазалап, атына дақ түсірген жеріміз жоқ. Соңыңда ізіңді өшірмес ұрпақ қалмады демесең, қазақ атырабында атымызды ұран ғып айтар өрен шығар бір заманда! Арғы атамыз садағын сағымға ілдірген Шыңғыстың сертіне адал шерігі сынды, қазақ сыпайының сапында қан кештік. Хан Кененің арманы үшін Алаш туы астында ат ойнатқан ер болдық. Бұдан артық не ғұмыр керек екеуімізге! Қараша үйдің керегесінен телміріп, аштан өлер жайым жоқ!
Оңқа, он күннен астам шешекпен алысып, кеудесін өрт дулатқан есіл ер, есінен ауық-ауық танып кетсе де, өр жігері мен тегіне тартқан алапат күш иесі, алып батыр Оңқа өз найзасының қос қарыс сүңгісін шым киізге нығарлай батырып, орнынан теңселе тұра кеп, қандыкөйлек серігі, жан бауыры Жәдікке күлімсірей қарап үнсіз тұрды. Ажалға да тік қарар есіл ерлер қос сүңгілі найзаға сүйеніп, қыр басынан еңіске түсіп, мұнар құшқан далаға сіңіп бара жатты...
* * *
...Түздің сары құсы көлбей ұшты қара баланың басынан. Ызба белбеуін шешіп, онысымен шапанын орап арқасына асып алған балақай аңырып қарады түз құсына. Есі кіресілі-шығасылы қалыпта түлей түзде бірер тәулік сансырап, қаңғып кеткен қара бала үрейді де, үмітті де сезер халде емес-тұғын. Сайға түсе бере шілік арасынан құйрығы қайқиып, езуінен ақ көбік шұбырған қасқыр шыға келді.
- Кәһ-кәһ, күшігім, - деді қара бала.
Жүні түсіп, қабырғасы ырсиған қасқыр құтырып кеткен екен. Баланы айнала топырақ боратып ойнап, жер тырналап сәл алысты да, өзінің оң жақ бүйіріп арс етіп қауып алып, айдалаға лағып кете барды.
- Кәһ-кәһ, күшігім, - деді қара бала.
* * *
...Қазақтың есі ауып, адасып, киесі құтырған қасқырша шабынып жортқан заман екен.
Жүрегіне түк байлаған батыры дерттен шөгіп, жаяу жапан кезді.
Ханы бассыз, тәні көмусіз қалды.
Төресі ессіз күн кешті.
Төрткүл дүниені түтіп жеген алапат дәуір келді ұлы далаға.
* * *
1847 – қой жылы.
Ел қырдан ойға құлаған көтерем көктем еді...
Abai.kz