ЖҰМАТАЙ – ЖЫР ҚАҒАНЫ
Ғашығының есімін Аллаға айтылған мадақтың өзінен де іздеп, ғұмыр бойғы жүрек лүпілі Ләйлә деп соққан ақын Жұматай Жақыпбаевтың туғанына 70 жыл толды. Өкініштісі, өңінен поэзияның нұры төгілген кең маңдайлы ғазалшы ширек ғасыр бұрын ғарыш жаққа күлімдеп аттанып кетіпті. Жыр қағанының жүрегі небәрі қырық бес жыл соғып тұрды. Іңкәрліктің ыстық отын «ләйләлап» лаулатқан жетісулық шайыр әдебиетсүйер қауымның ортасында үлкен құрметке ие болды. Мұңы мен шерін шиырлап қағаз бетіне төккен лирик ақынның жырларын жастар жатқа оқиды. Осы аптада І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Жұматай – жыр қағаны» атты дәстүрлі мүшәйра шымылдығын түрді. Тіл мерекесінің құрметіне өткен республикалық поэзия байқауына облыс әкімінің орынбасары Бақтияр ӨНЕРБАЕВ қатысты.
Биыл қалам ұстаған замандастарымен бірге поэзия қағанатын құрып, ғашықтық ғазалдарымен әдебиет әлемінде айрықша із қалдырған Жұматайға арналған жыр мүшәйрасы халықаралық тілдер күнімен тұспа-тұс келді. Ақын атындағы жыр байқауына әділқазылар ретінде филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Бауыржан Жақып, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Гүлнар Салықбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Қайран, балалар ақыны Әли Ысқабай шақырылды. Құрметті қонақтар мен жас ақындар шара басталмас бұрын Тіл сарайында кездесу ұйымдастырды.
«Жұматай – жыр қағаны» республикалық мүшәйрасының бас жүлдегері - Салтанат Жүсіп
Әдеби кеште облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ахмет Кендірбекұлы сөз сөйлеп, қазіргі поэзия жайында өз ойымен бөлісті. Сонымен бірге, құрметті қонақтар әдебиет төңірегінде пікір алмасып, сиясы кеппеген өлеңдерін оқыды. Тіл сарайындағы тағылымды кездесу соңында ел ағалары жастарға естелік кітаптар сыйға тартып, шығармашылық табыс тіледі. Кездесу жыр қағаны атындағы мүшәйрамен жалғасын тапты. Тіл мерекесінде ту тіккен әдеби шара барысында облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен мәдениет, өнер және шығармашылық саласында жүрген бір топ қызметкерлер марапатталды.
Айтулы мерекеге орай Тіл комитетінің «Құрмет» грамотасын облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Мәрияш Сегізбаева, облыстық мәслихаттың заң бөлімінің басшысы Саматбек Нұрахметов, Текелі қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Марат Дәуренбаев алды. Сонымен бірге, облыс аясында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында «Үздік мақала» аталымы бойынша бас жүлдені облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қуаныш Абайбекұлы, «Үздік телеарна бағдарламасынан» «Жетісу» телеарнасының редакторы Айман Серікқызы еншіледі. Ал «Үздік сайт мақаласы» бойынша «Jetysunews.kz» ақпараттық порталының бас директоры Қалмаханбет Мұхаметқали бас жүлдегер атанды.
– Құрметті қонақтар және өлеңсүйер қауым! – деді Бақтияр Әлтайұлы. – Бүгін біз Халықаралық тілдер мерекесі мен әйгілі ақынымыз Жұматайдың жыр мүшәйрасында бас қосып отырмыз. Елбасы бір сөзінде: «Мемлекеттік тіл ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс», – деп айтып кеткен болатын. Өздеріңіз білесіздер, Жетісу жері ұлыларға бай мекен. Кешегі Қабан, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл, Мұқағали сынды ақын-жыраулар осы өңірден шықты. Солардан кейінгі алтын буынды жыр қағаны Жұматай Жақыпбаев жалғайды. Ол – сан қырлы талант иесі. Бір басында ақындықпен қоса суретшілігі де, термешілігі де, тарихшылығы да, боксшылығы да қатар жүрді.
Облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде Жұматай құрған қағанатты тілге тиек етті. Әдебиет әлемінде мұндай соны өзгеріс бұрын болмаған. Жасындай жарқ еткен ақын замандастарымен бірге жыр қағанатын құрып, нояндарын жасақтады. Сол көзкөрген нояндар бүгінде ортамызда жүргенін, олардың әрдайым ақын рухына тағзым етіп, өлеңдеріне үлкен құрметпен қарайтынын мақтанышпен жеткізді. Бақтияр Әлтайұлының бұл сөзін ақын Бауыржан Жақып та растады. Тіпті, ол Алматы қаласынан көше есімі берілгенін көргенде ерекше тебіренгенін, Жұматай үшін жасалып жатқан әдеби шаралар мен игі істерге қатысқан кезде көңілін ақынға деген сағыныш кернейтінін жасырған жоқ.
Биыл ақынның мүшәйрасына ұзын саны 50-ден астам өлең келіп түскен. Алайда олардың 20-сы ғана іріктеуден өтіп, республикалық байқауға жарамды деп табылған. Ақындар екі бағытта бақтарын сынады. Алдымен жастар Жұматайға арнаған жүрекжарды жырларын оқыса, екінші кезекте еркін тақырыптағы өлеңдерін төгілтті. Қатысушылардың көпшілігі соны тіркеспен, асқақ лирикалық леппен көзге түсті. Бірі ақынға арнаған жүрек сөзін «тұңғиық ішіндегі бір тамшымен» өрсе, бірі «ертерек келген көктемнің күзін де ерте түсірді». Ал Қытай елінен арнайы келген Ерлан Ясын «бір тамшы жаспен жерге қарай домалап кетті». Сахна төріне шыққан шабытты жандар көңіл толқытып, жүректі дір еткізетін ұтымды лирикалық теңеулерімен көпшілікті таңғалдырды. Әрине, олардың ішінен жүзден жүйрікті табу қиынның қиыны. Арқа даласынан келген Мерген Тоқсанбайдың «Тек сенің жанарың оқысын», Перизат Жаңғылышбаеваның «Менен артық бола алады саған кім?» атты өлеңдері әсерлі шықты.
Әділқазылардың шешімімен «Жұматай – жыр қағаны» республикалық мүшәйрасында «Әдебиет порталы» ғаламтор жобасының редакторы Салтанат Жүсіп бас жүлдеге (100 мың теңге) ие болды. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті Нұртас Тұрғанбек бірінші, Павлодар облысындағы «Ауыл тынысы» газетінің аға тілшісі Өзгеріс Қуанар, қарағандылық мұғалім Мақсат Күземханов екінші орындарды алды. Ақмола облысының ақыны Мерген Тоқсанбай, тараздық Хамит Есаманов, атыраулық Алтынбек Әлібаев үшінші межеден көрінді. Жетісу өлкесінің атынан қатысқан Шұғайып Ақынұлы мен Әлия Іңкәрбек арнайы сыйлықпен марапатталды.
Қуаныш ТҰНҒАТАР
Abai.kz