ШАЛБАЙДЫҢ ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ
Алматы облысының экс-әкімі Шалбай Құлмахановты білмейтін жан жоқ. Сол Шалбайдың інісі Шайбай Құлмаханов Алматының іргесіндегі Үлкен Алматы селолық округінің қарапайым тұрғынына шапқыншылық жасап, жерін тартып алмақшы екен. Бұл туралы редакциямызға арнайы келген Гүзел Сағынтаева атты шиіттей екі баласы бар жас ана айтып берді. Ол Құлмаханаовтардан көрген қорлығын жіпке тізіп, әділеттілік үшін күресетінін жеткізді.
Гүзел Сағынтаева 2002 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Үлкен Алматы селолық округінен 15 сотық жер телімін сатып алып, оны әпкесі Мейрамгүл Исмағанбетованың атына жаздырып қояды. Сол 2002 жылдан бері аталған жердің салығын төлеп, бүкіл құжаттарын заңдастырып, иеленіп жүреді. 2014 жылы Үлкен Алматы селолық округінің жері Алматы қаласының аумағына кірген соң, Гүзел құжаттарын тураламақ болып, Бостандық аудандық жер бөліміне барады. Сөйтсе, жер бөліміндегілер бұл жердің иесі Евгений Құлмаханова (Шайбай Құлмахановтың әйелі) екенін айтады.
Гүзел Сағынтаева, жәбірленуші ана:
– Мен жер телімімнің басқа иесі бар екенін 2014 жылы Бостандық аудандық жер бөлімі арқылы білдім. Сосын Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жердің кадастр нөмірі арқылы тексертсем, жер менің атымда тұр. Ал, жер бөлімі басқаша айтады. Не істерімді білмей, сотқа бермек болдым. Оның арасынша аталған жерді Құлмахановтар сатпақ болып, krisha.kz сайтына жарнама беріпті. Олармен тілдесуге қанша жүрексінсем де, сатып алатын адам болып, телефон арқылы сөйлестім. Сөйтсем, бұл жерді (56 сотық, оның ішіне менің де жер телімім кіріп кеткен) олар сол кездегі Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмахановтың шешімімен алған көрінеді. Бірақ, Шалбай мырза, Шайбайға жерді қандай мақсатта, не үшін бергенін түсіне алмадым.
Гүзел Сағынтаеваның айтуынша, Шалбай Құлмаханов бұл жерді 2003 жылы інісі Шайбайға мемлекеттік резервтен тегін алып берген. Не себепті? Мемлекеттік резервтен 56 сотық жерді алатындай Шайбайдың қандай еңбегі бар?
Гүзел Сағынтаева, жәбірленуші ана:
– Мен бастапқыда жерді сатып алатын адам болып, Шайбаймен кездесіп, оның қолындағы құжаттардың көшірмесін алдым. Олар осы бірер жылдың ішінде аталған жерді туыстар арасында бірнеше рет саудалап, бір-біріне сатыпты. Мен Құлмахановтарды сотқа бердім. Бірінші сотта (30 маусым, Бостандық ауданының ауданаралық сотының шешімімен) біз жеңіліп қалдық. Өткен аптада болған екінші сотқа журналистерді шақырдық. Содан болар, сот «бір жердің екі иесі болуы мүмкін» деп шешім шығарып берді. Бұл не сонда? Қалайша бір жердің екі иесі болады? Түсіне алмай отырмын.
Осы бір жылға жуық уақыт ішінде Құлмахановтар Гүзел Сағынтаеваға, оның жерінде жүрген жұмысшыларға 4 мәрте қысым жасаған. Қорғансыз келіншекті қорқытып үркітуге дейін барған.
Гүзел Сағынтаева, жәбірленуші ана:
– Бірінші жолы қоршау салып жатқан жұмысшыларды көлігіне салып алып, қаланың шетіне шығарып тастады. Екінші жолы, тағы бір жұмысшыларды (қазақстандық азаматтар бола тұра) ауылдық ішкі істер бөліміне апарып, тергетіпті. Үшінші жолы, осындай проблеманың үстінде ағам келген екен, соның көзінше жұмысшыларды қорқытып, аңшының қаруымен оқ атқан. Төртінші жолы, «үш-төрт теректі кесіп тастадың» деп АІІБ шағым түсіріп, табанымнан тоздырды.
Түйін
Шиіттей екі баласы бар, жас келіншектің жанайқайы кімді болсын толғандырары хақ. Шалбайлар мен Шайбайлардың айы оңынан туып тұрған заманда, ананың көз жасы түкке тұрмайтынын білеміз. Сонда да Шалбайлардың шапқыншылығына қарсы үн қостық. Сіз не дейсіз?
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz