Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5495 0 пікір 8 Қаңтар, 2016 сағат 16:12

АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРЫ ОҚО-НЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛЫ АРТПАҚ

Елбасының биылғы тамыз айының басында ОҚО-ның жаңа әкімін сайлағаны белгілі. Мемлекет басшысы Бейбіт Атамқұловты таныстыра келіп, оның түрлі басқару салаларындағы жұмыс тәжірибесін, білім деңгейінің жоғарылығын атап өтті және өңірдің алдына қойған міндеттерді оның игере алатынына сенім білдірді. Ия, жаңа басшыға қойылар талап та, айтылар сын да қашанда көп болары белгілі.

Міне, арада 5 айға жуық уақыт өте шығыпты... Сонымен Елбасы өзі сеніп тапсырған аймаққа жаңа әкім қандай тың дүниелер әкеп үлгерді ... ОҚО облысы 2016 жылды қандай жетістіктермен қарсы алмақшы? Өткен жыл несімен қайырлы болды? ... Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев экономикадағы ахуалдың күрделенуіне байланысты қолда бар қаражатты пайдалану тиімділігін арттыруға басымдық берілетінін, бұл барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті екенін атап көрсеткені белгілі. Елбасы ОҚО -ның әлеуетін жүзеге асыру керектігін атай отырып, бірқатар негізгі міндеттер қойды. Олардың қатарында табиғи ресурстарды пайдалануды қоса алғанда, өнеркәсіпті дамыту, уран кластерін қалыптастыру, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуі үшін жағдайды одан әрі жақсарту, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру және пайдаланылмайтын жер алқаптарын азайту мәселелері бар. Қазiр бюджет қаржысын оңтайландыру жүрiп жатыр. Ендi облыс өз мәселелерiн өз бетiнше шешуi тиiс. Соған қарамастан облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың қолға алған шараларының арқасында облыс экономикасында айтарлықтай даму байқалады. Оны бiрқатар нақты деректерге көз жүгiрте отырып, салыстыруымызға болады. Айталық, өнеркәсiп саласында өткен 11 айда өндiрiлген өнiм былтырғымен салыстырғанда 3,9 пайызға артып, жалпы көлемi 593 миллиард теңгенi құрады. Оның iшiнде соңғы 3 айда, яғни облыс басшылығына Бейбiт Бәкiрұлы келгелi берi аталған салада 182 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлiптi. Бұл да былтырғы осы кезеңдегiден 4 миллиард 200 миллион теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығы саласында былтырғы жылмен салыстырғанда нақты көлем индексi 100,9 пайызды құрады. Жыл басынан берi Оңтүстiктiң диқандары мен шаруалары 300 миллиард теңгенiң өнiмiн өндiрсе, соның 182 миллиард теңгесi соңғы 3 айдың еншiсiнде екен. Соңғы 3 айда тамшылатып суару әдiсi 11100 гектарға енгiзiлсе, осы бiраз уақыттың iшiнде 5,7 гектар алқапқа жылыжай салынған. Осылайша облыстағы жылыжайдың көлемi 1020 гектарға жеттi. Бұл республикадағы барлық жылыжайдың 87 пайызы Оңтүстiк Қазақстанда деген сөз. Бейбіт мырза, өңірге келе сала ауыл-аймақты аралап көру барысында, оңтүстіктің өзіндік бренді қалыптасуы керек деп шегелеп айтқан болатын. Жалпы айтар болсақ, күз айында Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі дүкен сөрелеріне 9 мың тоннадан астам жеміс-жидек өнімдерін жеткізген. Сонымен қатар, Шардара су қоймасының жағасында жаңа туристік нысандар салынбақшы. Себебі 2016 жылы Шардараға Шымкенттен 20 минутта жетуге мүмкiндiк тумақ. Бұл туралы Шардараға сапары барысында Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов мәлiм еткен болатын. Қазiр әуе тұрағының жобалық-сметалық құжаты дайын. Облыс басшысы бұл мәселенiң де жуық арада шешiмiн табатынын айтты. Бұдан басқа Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Сайрамға жасаған жұмыс сапары аясында құрылысы жүріп жатқан мұнай сақтайтын және өңдейтін «STRATUS OIL» кешенінің жұмысымен танысты. Алдағы жаңа жылдың бірінші жарты жылдығынан бастап 6,78 га жер телімінде жылыжай құрылысы жоспарлануда. Сайрамдықтардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған облыс әкімі халықтың тұрмысын жақсарту жөніндегі мәселелердің шешілетінін айтып, оған жауапты мамандарға нақты тапсырма берді. Әлеуметтік саласында да ауыз толтырып айтар жаңалыққа ие десек артық айтқандық емес. Айталық, бiлiм беру саласында жыл басынан берi 60 нысан ел игiлiгiне берiлсе, соның 23-i соңғы 3 айдың еншiсiнде. Жақын келешекте облыстағы апатты және үш ауысымда оқытатын мектептердiң мәселесi 100 пайызға шешiледi деп күтiлуде. Бұл жаңалық жерлестерiмiздiң көңiлiне қуаныш орнатқаны анық. Тағы бір айта кетер жайт, аймақтағы бала еңбегін заңсыз пайдалану факторларына қатысты мәселе. Міне, дәл осы жағдайға жаңа әкімнің көзқарасы ерекше болды деп айтуға тұрарлық. Естеріңізге салсақ, "Еуразия 1" телеарнасының 2015 жылғы 9 қарашадағы жаңалықтар бағдарламасында «Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары сынып оқушылары сабаққа қатысудың орнына, мақта жинаумен айналысып жүр» деп хабар таратылған болатын. Бұл мәселеге тікелей өзі араласқан өңір басшысы Б.Атамқұлов осы жайтты жіті назарға алып, қатаң бақылайтынын жеткізді. Және де алдағы уақытта облыстық білім басқармасының бақылауында болады. Әрбір қызметкер өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруы тиіс деді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында да соңғы бiр тоқсанда 12 нысан ашылған. Сонымен қатар биылғы қорытынды бойынша Оңтүстік Қазақстанда жоғары оқу орнын бітірген жастардың 90 пайызы жұмыспен қамтылғаны қуантарлық жайт. Бір сөзбен айтқанда, дағдарысқа қарамастан экономика салаларында iлгерiлеу бар, әлеуметтiк мәселелер де уақтылы шешiлiп жатыр. Жуықта Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыстың аудан, қалаларында әлеуметтік және коммуналдық, жалпы саны, 45 нысан ел игілігіне берілді. Түркістанда 9 әлеуметтік нысан болса, Сарыағашта 2 білім беру нысаны ашылған. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шардаралықтар да қуанышқа бөленді. Достық пен Көксу ауылында 140 орындық балабақша ел игілігіне берілді. Үш миллионға жуық халқы бар өңiрдiң әлеуметтiк проблемалары да қашанда өзектi болып қала бермек. Десек те алдағы уақытта мұндай жағымды жаңалықтар жалғаса береді... Ендеше жаңа әкім – Бейбiт Атамқұловтың 5 айға жуық мерзімі ішінде атқарған жұмыстарынан-ақ оның iскер басшы екенiне күмән жоқ. Иә, қазiргiдей дағдарыс кезiнде экономиканың даму деңгейiн сақтап қалу өте маңызды. Бейбіт Бәкірұлының дипломатиялық қарым-қатынастарды орнатудағы іскерлік көп жылғы тәжірибесі оңтүстік өңірге оң ықпалын тигізді десек артық айтпаймыз. Осы 5 ай шамасы аралығында бірқатар шетелдік іскер азаматтармен кездесулер ұйымдастырылып, аймақ үшін орасан зор пайдасы бар келісім-шарттарға қол қойылды. Айталық, ОҚО-да әлемдік деңгейдегі техникалық колледж салынбақшы. Оған өңір басшысының Малайзияның техникалық және кәсіптік білім төрағаларымен кездесуі барысында қол жеткізілді. Аталған оқу орны негізінен техникалық, мұнайгаз, тамақ өндірісі мамандықтары бойынша білім беретінін мәлімдеді. Кездесуде малайзиялық меймандар тәжірибе алмасу үшін оңтүстікқазақстандық әріптестерін өз елдеріне шақырды. Сонымен қатар, Польша бизнесінің ірі өкілдері, ғалымдар бар делегация мүшелерімен кездесу барысында да тараптар ОҚО аумағында бірлесе жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды талқылады. Атап айтқанда, польшалық делегаттар карго-терминалы бар халықаралық әуежай құрылысын жүргізуге, заманауи көлік-логистикалық орталығын ұйымдастыруға, жылыжай шаруашылығы мен етті бағыттағы құс шаруашылығын салуға және жасанды қар шығаратын өндіріс орнын құруға қызығушылық танытып отыр. Бұл жобалар мемлекеттік және салалық бағдарламаларды өз деңгейінде атқаруға елеулі үлес қоспақ. Кездесу қортындысында тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұнымен қатар неміс инвесторларымен болған кездесу де өте нәтижелі өтті. Бүгінгі таңда ОҚО аймағында жалпы құны 52 млрд. теңгені құрайтын, неміс инвесторларының қаржысына салынған 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта да облыс аймағында дәрі-дәрмек құралдары мен жанармай өндірудің неміс технологиясы жүзеге асуы мүмкін. Оңтүстікке жасаған Қытай делегаттарының сапары да сәтті өтті. Қытайдың Шаньси провинциясы мен ОҚО экономикалық байланысты нығайта түсті. Шымкентте Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын ашу және қытайлық инвесторларды өңірге тарту мәселелері бойынша келісімге қол жеткізілген. Аймақтың таулы-шахталы кәсіпорындарына арналған локомотивтерді және фотоэлектрлі өнімдер мен күн сәулесі электростанцияларына арналған жабдықтарды шығарумен айналысатын зауыттарды салуға қатысты келешек жоспарлар бар көрінеді. Қытай кәсіпкерлерінің ОҚО-ға инвестиция тартуға деген құлшылығы артып отыр. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері мен Қытай кәсіпкерлері арасында өткізілген кездесуде белгілі болған. Келіссөздер қорытындысы бойынша өңірде қант зауытын, целлюлозалық қағаз шығару комбинатын, әйнек пен шам және жарықтандыру жүйелерін шығаратын зауыттар салу бойынша келісімдер жасалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру негізінде Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасына 2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылатын болды. Бұдан бөлек Франция арасындағы байланыстар нәтижесінде инфрақұрылымдық жобаларға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және өңірдегі туризм салаларына инвестициялар тарту алдағы уақытта жолға қойылатын болса, Оңтүстік Корея мен облыстың кәсіпкерлерінің инвестициялық жобаларын іске асыруға жағдай жасау, өңірлік деңгейде өзара тиімді ынтымақтастық мәселелер шешілгелі тұр. Аймаққа ат басын тіреген басқа Словакия, Үнді, Украина, Монғолияның делегациялары да облыстың инвестициялық әлеуетімен танысып, үлкен жобаларды қолға алуды көздеп отыр. Өңірдің негізгі инвестициялық капиталының көлемі бүгінде 323,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Шетелдік капиталдың қатысуымен құны 1,7 АҚШ долларын құрайтын 29 жоба іске асты. Шетелдік инвесторларды тарту мақсатында оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Түркия, Оңтүстік Корея елдерінде іссапармен болды. Мұндай сапарлар алдағы уақытта Ресей, Малайзия, Сингапур, Франция, Германия елдерінде жалғасын таппақ. Бір сөзбен айтқанда, осы келіссөздер нәтижесі өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарта түседі деп күтілуде. Ендеше алдағы жылдары ОҚО-ның инвестициялық ахуалы артпақ... Сонымен, алдағы 2016 жылы облыс әкімдігі қандай ірі жұмыстарды іске асырғалы отыр? ... Аймақтың басты экономикалық даму бағыттары – ауыл шаруашылылығымен тікелей байланысты екенін айттық... ОҚО әкімі аталмыш саланы дамытудың 5 нақты қадамын атап айтты, ол ауыл еңбеккерлеріне: «Ауылшаруашылығы – егер тиімді қолдансақ, елді асырайтын, экономиканы жоғары деңгейде ұстайтын потенциалы өте жоғары сала. Жері бай оңтүстік халқы үшін оның маңызы одан да зор. Сондықтан да, келесі бесжылдықта бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біріншіден, суармалы жерлердің жағдайын жақсарту және жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу. Бұл біздің негізгі жұмысымыз болмақ. Бұл жұмысқа тек мемлекеттің бюджетін күтіп отырмай, инвестициялары тарту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Екіншіден, фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемі арттыру. Және олардың қолжетімдігі. Баршаңызға мәлім, ауыршаруашылық жерлерінің игерілмеуі, әсіресе шағын фермерлердің әрі қарай дами алмай отырғандығының негізгі себептерінің бірі де – қаржының тапшылығы. Қаржы бар болса еңбекқор шаруалар елде жеткілікті. Тағы бір өзекті мәселе – бұл заманауи техниканың тапшылығы. Шағын фермерлердің әрбірінің жеке трактор немесе комбайн алуға шамасы жете бермейді. Сондықтан, әрбір ауданда сол жердің ауылшаруашылығы саласының ерекшелігін ескеру керек. Ол үшін біз Машина-тракторлық станциялар (МТС) ашатын боламыз. Келер жылы екі ауданда пилоттық жоба іске асырылатын болады. Бұл – үшінші бағытымыз. Төртіншіден, бүгінгі таңда ғылыми қолдаусыз ауылшаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті бола алмайды. Ғылымның, жаңа технологияның көмегінсіз бұл саладағы бизнес дами қоймайды. Қажетті технология сақталмаса, жеріміз қысқа мерзімде жарамсыз болады. Өсімдікті қорғау, ветеринария салаларында алдын алу шаралары қабылданбаса, бір мезетте кәсіптен айырылып қалу мүмкін. Сол себепті, облысқа жаңа технологияларды тарту мақсатында арнайы орталық жұмыс істейтін болады. Әрбір ауданның ерекшеліктерін ескере отырып, Фермерлерге ғылыми- консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашылатын болады. Бесінші бағыт – бұл әрбір ауданның потенциалы мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, жыл соңына дейін 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлар бекітіледі. Әр ауданның басым бағыттары айқындалады деген сөз. Мәселен, таулы аудандарда интенсивті бау шаруашылығы қолға алынатын болады. Тек Қазақстанды қамтамасыз етуді емес, алма кластерін дамытып, оны экспорттауды да мақсат қойып отырмыз» деп мәлімдеді. Сонымен қатар өңір басшысы Бейбіт Бәкірұлы «Мақтарал ауданында мақта шаруашылығын қайта дамытамыз. Келесі жылдан бастап мақтаның егіс алаңын ғана емес, оның өнімділігін де арттыру бойынша арнайы бағдарлама іске асырылатын болады. Сырдың бойындағы суармалы жерлер жүгері мен көкөніске бағытталмақ. Астық саласында өнімділікті арттыру үшін толық күзгі дақылдарға өтуіміз керек. Созақ, Бәйдібек сиякты аудандарда мал шаруашылығына басымдылық берілгелі отыр. Сайрам мен Түлкібас аудандарында сүт өндіру мен өңдеуге ерекше көңіл бөлінеді және қайта өңдеу саласында да осы мамандануға қарай жұмыс жүргізілмекші. Әрбір аудан әкімінің жұмысы осы басым бағыттардағы атқарылған жұмыстары бойынша бағаланатын болады – қанша инвестор тартты, қанша шаруаға көмектесті, қанша өнім алды, қанша жұмыс орнын ашты. Шаруаға, келген инвесторға қолдау көрсетпейтін әкімнің немесе әкімдік қызметкерінің бізге қажеті жоқ. Ал кедергі болатындарды дер кезінде жұмыстан босатамын!» деп қадап айтты. Қысқасы, облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы саласындағы жаңа саясаты қалыптастырылғалы отыр. Міне, 2015 жыл да аяқталды. ОҚО әкімдігінде өңір басшысы Б.Атамқұлов төрағалық еткен жиында, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты 2016-2018 жылдары қамту бойынша өңірдің дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспары қаралды. Таныстырылып қана қоймай, алдағы екі жылдық жоспарда облыста өнеркәсіп пен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, жұмыс орындарын құру, инфрақұрылым, бюджет және салықтық түсімдер мен азық-түлік тауарларының бағаларын өсірмеу шаралары қаралды, шегеленді. Сонымен қатар жекешелендіру, мемлекет иелігінен алу және заңдастыру, мемлекеттік жекеменшік әріптестігін дамыту, халықтың тұрғын үйлерге қолжетімділігін арттыру сынды бағыттар бойынша да жұмыстар атқарылмақшы. Облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту шаралары ары қарай да жалғаспақ. Облыс әкімі Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауындағы міндеттердің жүзеге асуына аймақта ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. «Біздің міндетіміз - Оңтүстік Қазақстан облысын біздің еліміздің дамуының өсу нүктесі жасау. Бұл үшін барлық шара қабылдануда!». Бұл - Елбасы Н. Назарбаевтың осыдан 5 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде айтқан сөзі еді. Қазіргі күні ОҚО облысы еліміз бойынша қай қырынан алып қарасаңыз да «маңызды» облысқа жатады. Соңғы 10 жылда облыстың бюджеті 11-ден 21-ге дейін, яғни 240 миллиард теңгеге дейін артты. Демек, өңірге ел сенімін ақтайтын, оның диірменін айналдырып әкетер іскер басшылар ғана керек... Халық та, Елбасы да әкім жұмысының оң нәтижелерін ғана көргісі келеді...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395