Сенбі, 23 Қараша 2024
Өмірдің өзі 6893 1 пікір 22 Қыркүйек, 2016 сағат 10:17

БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ. ДЕГЕН ЕКЕН

 

Аяғыңды тоса қоймадың ба?

Баянғалидың әкесi  Тақан ақсақал – ұлы Отан соғысының екiншi топтағы мүгедегi, соғыстың басынан аяғына дейiн қатысып, Берлинге дейiн барып қайтқан. Екi рет ауыр, бір рет жеңіл жараланған. Бір  жолы танк снарядының жарықшағы шекеден тиіп, әрең аман қалған екен.

1996 жылдың жазында соғыс мүгедектерiне жеңiл автомобиль берiлетiндiгiн естiп, ауырып жатқан ақсақал Баянғалиға: "Менi комиссияға апар", - дептi. Аудан мен облыстағылар әрлi-берлi қарап, ақынға: "Анда барып өйтiп жiберсеңiз, мында барып бүйтiп жiберсеңiз, бiреу-мiреулер көмектесiп жiберсе, атай машина алуы мүмкiн", - деп ақыл берiптi. Сонда ақын: "Менiң әкем қанын блатпен төккен жоқ, машинаны да блатпен алмайды!"- деп дәрiгердiң әдiл шешiмiне жүгiнiптi. Дәрiгерлер дұрыстап қарап: "Әкеңiздiң сырқаты бiр емес, бес кiсiге жетерлiк екен, он машиналық еңбегi бар екен!

"Мұндай ардагерлер қазiр өте аз қалды ғой, бәрiне де машина берсе артық емес,"- деп жылы сөзбен шығарып салыпты. Сөйтсе, заң бойынша, аяғынан  ауыр жараланған кiсiге машина берiледi екен де, Тахаңның жарақаттары ол заңға жатпайды екен. Ақсақалды үйiне әкеле жатып, Баянғали: "Ал, ендi мазаны алмай тыныш жат үйде. Осының бәрін әуелде ойламаған өзіңнен көр! Оққа  басыңды тосқанша, аяғыңды тоса қоймадың ба!?" - деген екен.

Ғабиден мен Нәбиден

Бiр күнi Шерхан Мұртаза, Нәбиден  Әбутәлиев екеуi келе жатып, Баянғалимен кездеседi. Сонда Баянғали iнiсiн "Палуан" деп еркелететiн Шерхан:

– Әй, палуан, осы сен жұрттың бәрiн сабап жүрсiң ғой, мына Нәбидендi сабап бершi, - дейдi.

Оның сөзiне наразылық бiлдiрген Нәбиден: "Неге менi сабайды, ол менiң iнiм, мен оның атасы Сегiз серiнi жазғам", - деп өзiне тартады. Баянғали екi ағасының алдында тұрып: "Қалай сабаймын, Шераға?"- дейдi.

Сонда Шерхан:

– Мынаны сабау керек. Бұл "СҚ"-да местком болған. Сонда: "СҚ"-да не көп, салық көп",- деп отыратын. Бiр жолы картоп әкелiп беремiн деп елдiң ақшасын, қабын жинап алып, соңынан бәрi жайымен қалған. Сосын қабырға газетiне өлең шығарғанбыз:

Жылу жинап әр үйден,

Кетiп едiң Нәбиден,

Картоп та жоқ, қап та жоқ,

Атаңа нәлет Нәбиден! - деп! Мұны сол үшiн сабау керек!

Содан "Нәбиден құрдасымды саба" деп, тағы бiр кездескенде айтады. Үшiншi жолы топтың көзiнше Шерхан Мұртаза Баянғалиға әзiлдеп:

– Әй, палуан, сен менiң бiр тапсырмамды орындамадың ғой. Анау Нәбидендi бiр сабап бер дедiм, сабамай жүрсiң. Бiр бабыңда жүргенде қолыңа түсiп қалса, сүйкеп жiберсейшi, - деп тағы айтады.                                          

Сонда Баянғали:

– Шераға, үш айттыңыз ғой, егер "официальный" жағын мойныңызға алсаңыз, мен сiзге Нәбиден түгiлi, Ғабидендi сабап берейiн! - деген екен.

 

Жұлдыз бен арт

Жазушылар Одағы үйiнiң астыңғы қабатындағы "Қаламгер" дәмханасында әдебиет сыншысы, марқұм Төлеген Тоқбергенов Баянғалимен кездесiп қалады. Ол кезде Баянғалидың "Жұлдыз" журналына жұмысқа жаңа тұрған уақыты екен. Сонда Төлеген қарлығып шығатын дауысымен Баянғалиға: "Әй, "Жұлдызға" келдiң... "Жұлдызға" келдiң... Ендi артыңды қысып жүр!"- дептi, иығынан жұдырығымен қойғылап тұрып.

Баянғали ағасына қарап: "Ойбай, Төке-ау, жерде қыспаған артты жұлдызға шыққасын қысқан ұят емес пе?"- деген екен.

 

Қарауыл мен сарауыл

Қырымбет ауылында ақын Шәкен Отызбаевтың 100 жылдық тойы болғанда аудандық тұтынушылар одағы, шаруашылық басшылары \бәрi орыс екен\ тiк түрегеп қызмет жасап, қонақтарға құрмет көрсетедi. Сөздiң бiр орайы келгенде Баянғали:

Рахмет, той жасаған қарауылға,

Қарауыл үлгi болсын бар ауылға,

Қарауыл атасына той жасап едi,

Сары ауыл тұрған жоқ па карауылда! - деген екен.

 

Стоматологтың үйінде

Бiр жолы Баянғали Степнякта нағашы апасы Бақыттың үйiнде бiр топ дәрiгерлермен қонақта болыпты. Жездесi Қайыргелдi Қиықов – тiс дәрiгерi. Қонақтар ет жеп болғасын, қалжыңдасып, кең отырады. Қыз-келіншектер: "Стоматологтың үйiне келген соң ба, тiсiмiздi тазалағымыз кеп барады", - деп, тіс шұқығыш алдырыпты.

Кейiн өлең айтқанда Баянғали:

Емес бұл құр жиналып ет жегендiк,

Ойласаң – ата жолын ескергендiк,

Қазақтың дастарханы болмаса егер,

Алыстап ағайыннан кетер ме едiк?

Үйiне стоматологтың келгеннен соң,

Шұқылап тiсiмiздi еркеледiк,

Стоматолог болғаныңа шүкiршiлiк,

Гинеколог болғанда нетер едiк! - деген екен.

 

Алпыс жыл мен алты сағат

Баянғали бiр топ кiсiмен ағасы Мейрамның үйiнiң алдында тұрса, бiр-екi орыс келiп: "Где улица Аймаутова? Целый день ищу, не могу найти", - дептi ренжiп. Сонда Баянғали: "Аймаутов – репрессированный великий казахский писатель. Шестьдесят лет предавали его имя забвению, теперь можно шесть часов поискать его улицу!"- деген екен.

 

Бір коньяк пен екі коньяк

Бiр жолы Баянғалиға сатирик ақын Көпен Әмiрбековтің немере туысы әрi құрдасы, фототiлшi Берсiнбек Сәрсенов: "Көпендi сабап берсең, бiр коньяк қоямын," - дептi.

Баянғали: "Көпен екi коньяк қойса қайтем?"- деген екен.

 

Ұрлап – жырлап...

Бiр жолы бастықтардың бiрi Баянғалиға: "Сен бiрiншi орынға ат мiнiп, кiлем алып жүрсiң, бай болатын болдың ғой!"- дептi. Сонда Баянғали: "Үкiметтi жегендей болмайды екен", - дептi.

Тағы бiр әкім : "Осы сен бiр жерге барасың да, бiр-екi ауыз өлең айтып, ат мiнiп, дүние алып келесiң. Елден алып жатсың, алып жатсың..." - дептi Баянғалиға. "Иә, аға, екеумiз де халықтан аламыз. Бiрақ мен жырлап аламын, сiз ұрлап аласыз!" - дептi сонда ақын.

                                                            

Кенесары мен Тентек сары

Шұбыртпалы Ағыбай батырдың 190 жылдығында Баянғали жезқазғандық ақын Қуаныш Мақсұтовпен айтысады. Ол сөзін "Тентек сарымын" деп бастаған екен. Сонда Баянғали:

Қалай деп мақтанады мына сары,

Өзіне бұлай деген жарасады,

Бір кезде сары болу моды болған,

Ұмтылған сарылыққа жұрттың бәрі,

Мақтанып керегі не сарымын деп,

Дариға-ай, болмаған соң Кенесары! - деген екен.

 

Сүндет

Ақтөбеде өткен бір үлкен айтыстан кейін Баянғалиды құрдасы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қази Жасекенов бір туысының үйіне қонаққа шақырыпты. Әлгі үйдің екі баласын сүндетке отырғызған екен , жиналғандар қолқалап, ақынға өлең айтқызыпты. Бәрі де Шектінің Жақайым руынан екен. Сонда ақын:

Айналайын балалар,

Құтты болсын тойларың,

Піштірілген тәтәйің,

Тілеуіңді тілеп тұр,

Апайың мен атайың,

Тәтәйларың қатайып,

Көбейе берсін Жақайым! – деген екен.

 

Таусылмайтын тақырып

- Бір үлкен кітабым шығайын деп жатыр, - депті ақын Қорғанбек Аманжолов. - Оның ішінде қазақтың ұлттық намысын қайрап жазған бірталай мақалаларым бар!

 Сонда Баянғали:

 - Жарықтық қазақтың ұлттық намысы таусылмайтын тақырып болды ғой, - деген екен.

 

Түрме мен терме

Шымкенттік кәсіпкер азамат, базардың бастығы, бұл заманда терме жазып жүрген бірден-бір ақын Шалқар Әбішұлы облыс әкімшілігімен бірлесіп , бірнеше жылдан бері Шымкентте республикалық «Шалқар термесі» конкурсын өткізіп келеді. Өз қаржысын халықтық өнерді өркендетуден аямаған мәрт ағасына риза болған Баянғали:

 - Шәке, біреулер базардан түрмеге кетуші еді, сіз термеге келіп дұрыс қылған екенсіз! - деген екен.

 

Фейерверк

Жаңа жылда  шаһарлардың бәрінде  тарсылдатып аспанға фейерверк атады емес пе ?

 Ертеңіне күкірт сасыған қорғасын ауаға қарап тұрып, Баянғали :

 - Күштінің арты диірмен тартады деуші еді атам қазақ. Қазіргілердікі фейерверк атады! - деген екен.

 

Құмыра мен шәйнек

Есмағамбет Ысмайыловтың 80 жылдығына  Алматыдан Көкшетауға Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Қабдеш Жұмаділов, Оралхан Бөкеев, Дәуітәлі Стамбеков, Сайлаубек Пернебаев сынды айтулы тұлғалар келеді. Щучинск ауданы \қазіргі Бурабай\ , Мәдениет ауылында , мектепте үлкен салтанатты кеш өтеді. Үлкен ағаларымыз аталы сөз айтып, Есмағамбет Ысмайыловтың асқақ тұлғасын әспеттейді. Содан кейін ағыла сөйлеген «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Оралхан Бөкеев мектепке үлкен құмыра сыйлайды. Концертті өлеңмен бастаған Баянғали толғап келіп:

Балалар, жақсы оқысаң толасыңдар,

Есағаңдай ғұлама боласыңдар,

Есағаңдай ғұлама болғаннан соң

Орекеңнен құмыра аласыңдар! - деп бір күлдірген екен.

 Дастархан басында ақын Дәуітәлі Стамбеков ептеп қызыңқырап сөйлейді.

Сонда Зекең, Зейнолла Қабдолов:

 - Мұхаң, Мұхтар Әуезов: « Көшелі кісі деген сөз бар! Кісінің  қандай екенін білгің келсе, көшесіне қарау керек!» - деуші еді. Дәуітәлінің де көшесі бар екен, бірақ кейде шаңдатып тұрады екен! - депті әзіл-шыны аралас.

 Сонда сөзді іліп әкеткен Баянғали:

Қазақтың мықты ақыны Дәуітәлі,

Келмей тұрған сияқты шабыты әлі,

Шабытына шынымен мінген кезде,

Көшесі оның біраз шаңытады,

Сол кезде көшесіне кіргендердің

Әкесін Дәуітәлі танытады! - дегенде жұрт ду күліп, жадыраған Дәуітәлі жанжал шығармапты. Содан, той тарқарда облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Күміс Мұратбекова құрметті қонақтарға Көкшетау фарфор заводында жасалған бір-бір үлкен, әдемі шәйнек сыйлапты. Сонда Баянғали:

Аузынан сөз, басынан ой кетпеген,

Аман бол ағаларым ай беттеген,

Осы той құмырамен басталып ед,

Аяғы аяқталды шәйнекпенен! – деген екен.

Той жақсы тарап, алматылықтар аман-сау үйлеріне жетеді. Бір қызығы, қызып жүрген Дәуітәлі емес, сап-сау жүрген Сайлаубек Пернебаев сувенирін сындырып алыпты. Соны естіген ақын:

Шәйнегін сындырып ап Сайлау жездем

Барды екен апайыма қай бетпенен! - деген екен.

(жалғасы бар)

 

Abai.kz                                                          

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434