ЖАНБОЛАТ АУПБАЕВ. АЖАЛҒА АТТАНҒАНДАР
Осыдан 95 жыл бұрын Жетісудағы шағын қала Жаркентте Бүкілодақтық маңызы бар мемлекеттік операция ойластырылып, жүзеге асты. Ол шекараның арғы бетіне амалдап өтіп, артынша бергі жақтағы бейбіт өмірге енді кіріскен елге зор қауіп төндірген ақ гвардияшылар генералы, атаман Александр Дутовтың көзін жою жөніндегі әрекет еді. Оған қатысқан жерлестеріміз жөнінде шындық толық айтылып бітті ме? Жоқ. Зерттеушілер көбінесе ВЧК-ның* 1920 жылғы күз, қыс айларындағы аталмыш операцияға арналған дайындық жұмыстарын айтумен, 1921 жылғы 6 ақпандағы Қытайдың Сүйдін қамалындағы болған оқиғаны баяндаумен, содан соң оған қатысқандарды Ташкентке апарып марапаттағандығын сөз етумен шектеледі де қояды. Ал одан кейін ше? Ажал аузына аттанып, аман келгендердің 1929-1937 жылдардағы тағдыры қалай болды? Олардан ұрпақ қалды ма? Қайда тұрады? Туған-туысқандарының қолдарындағы құжаттар не дейді? «Атаманның ақыры» фильмінің түсірілу тарихы ше? Ол қалай өмірге келді? Білген адамға оған қатысқан актерлер естеліктерінің де айтары аз емес. Осы және одан басқа да оқиғаларды төмендегі мақалада қадери-халімізше айтуға күш салдық, құрметті оқырман! Оқыңыздар, келтірілген деректерге назар аударып, хабардар болыңыздар демекпіз біз сіздерге. Сонымен…
1. Атаман
Біз сөз еткелі отырған адамның ата-бабалары байырғы самаралық казак әскерилерінің отбасынан тарайды. Әкесі – патша әскерінің Орта Азияны жаулап алудағы Түркістан жорығына қатысқан офицер Илья Петрович Дутов. Ал шешесі – Орынбор губерниясындағы урядниктің қызы Елизавета Николаевна Ускова. Бұлардың баласы, яғни, өзіміз әңгімелемек болып отырған Александр Ильич Дутов қазақ жерінде, атап айтқанда сол кездегі Сырдария облысының Қазалы кентінде жорық үстінде дүниеге келген. Балалық шағы Ферғана, Орынбор, Санкт-Петербургте өткен.
Александр Дутов 1897 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын, 1899 жылы сондағы атты әскер мектебін аяқтаған соң хорунжий шенін алады. Сөйтіп Харьков қаласында орналасқан 1-ші Орынбор казак полкіне жіберіледі. 1903 жылы Санкт-Петербургтегі Николаев инженерлік мектебі жанындағы курсты тәмамдап, Бас штаб академиясына оқуға түседі. 1905 жылы ол өзі сұранып Қиыр Шығыста жүріп жатқан орыс-жапон соғысына аттанады. Онда 2-ші Маньчжурия әскері армиясы құрамында шайқасып, ұрыстағы «жанқиярлық ерлігі және ерекше еңбегі» үшін үшінші дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталады. Соғыс бітіп, Санкт-Петербургке оралған соң Бас штаб академиясындағы оқуын жалғастырып, оны 1908 жылы штабс-капитан шенімен аяқтайды.
1909 жылдан 1912 жылға дейін Александр Дутов Орынбордағы казак юнкерлік мектебінде ұстаздық етеді. Осы әскери оқу орны қабырғасында жас курсанттарға көрсеткен қамқорлығы арқасында ол юнкерлердің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленеді. Мәселен оның сол кездегі шәкірттерінің бірі, кейін жазушы К.Седыхтың «Даурия» романына бас кейіпкер болған, 1918-1920 жылдары Забайкалье казак әскерлерінің атаманы дәрежесіне көтерілген Г.Семенов еді. Осы жерде сөз ретіне қарай мына деректі де айта кетейік. Александр Дутов Орынбордағы өмірінің біз сөз етіп отырған кезеңінде сол кездегі подполковник дәрежесіне тең қосын старшинасы шеніне жоғарылатылып, үшінші дәрежелі Әулие Елена орденімен марапатталады. Және осы қалада 1907 жылы Ольга, 1909 жылы Надежда, ал 1912 жылы Мария есімді қыздары дүниеге келеді. Кенжесі Елизавета бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1914 жылы туған. Атаманның Олег есімді ұлы болған дейді. Алайда оның қашан, қайда туғаны жөнінде құжаттар жоқ.
1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Александр Дутов өзі сұранып майданға аттанады. Алғы шептегі 10-атты әскер дивизиясы құрамындағы 1-Орынбор казак полкі қатарында шайқасады. Онда ол Оңтүстік-Батыс майданында генерал А.А.Брусилов қолбасшылық еткен әскери қимылдардың бел ортасында болады. Сол ұрыстар барысында біздің кейіпкеріміз қызмет еткен 9-орыс армиясы Днестр және Прут өзендері аралығындағы плацдармды ұстап тұрған 7-австриялық-венгрлік армияны талқандайды. Осы шайқаста Александр Дутов екі рет жараланады. Соңғы жарасы өте ауыр еді. Алайда, Орынборда екі ай емделісімен полкке қайтып оралады. Көп кешікпей князь Спиридон Бартеневпен қатар 1-Орынбор казак полкінің тең дәрежедегі тете басшысы болып тағайындалады. Сол кездері оған берген мінездемесінде граф Ф.Келлер: «Әскери қосын старшинасы Дутовтың полкі қатысқан Румыния жеріндегі соңғы шайқастарды өте күрделі деп сипаттауға болады. Сонда ол өзін қалыптасқан жағдайды біліктілікпен бағалап, батыл шешім қабылдай алатын офицер ретінде танытты. Осы себепті де мен оны ерекше қабілетке ие, полктің тамаша басшысы деп есептеймін», – деп жазған. 1917 жылдың ақпанында Александр Дутов жоғарыдағыдай жауынгерлік қызметі үшін екінші және үшінші дәрежелі Әулие Анна ордендерімен марапатталады.
1917 жылғы ақпан төңкерісі бұрын аты онша шыға қоймаған казак штабс-офицерінің бірсарынды өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді. Оған әсер еткен 1917 жылдың наурызында Уақытша үкіметтің бас министрі Г.Е.Львовтың Петроградта казактардың бірінші жалпы құрылтайын өткізуге рұқсат берген пәрмені еді. Әскери қосын старшинасы Александр Дутов міне, осыған байланысты өз полкінің өкілі ретінде Ресей астанасына келеді. Сол кезден бастап 38 жастағы сақа офицердің өмірі түбегейлі өзгереді. Ол саяси оқиғаларға белсенділікпен араласа жүріп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізеді. Ақыры 1917 жылдың күзіндегі жиында жасырын дауыспен Орынбор казактарының әскери атаманы болып сайланады.
Қазан төңкерісін Александр Дутов еш мойындамады. Сөйтіп ол алғашқы күндерден-ақ большевиктерге қарсы күрес туын көтереді. 1917 жылдың 25 қазанында атаман өзіне бағынышты әскер қосынына арналған №816 жарлыққа қол қойып, большевиктердің Петроградта өкіметті күшпен басып алуын мойындамауға шақырады. Сөйтіп ол Түркістан мен Сібір арасын жалғап тұрған стратегиялық маңызы зор Орынбор аймағын өз қолына алады.
1918 жылдың күзінде Орал мен Сібір темір жолы бойындағы көтеріліске шыққан чехословак тұтқындар корпусына сүйенген Александр Дутов Колчакты қолдауға белсене кіріседі. Сөйтіп, Ақтөбе бағытындағы шабуылға шығады. Мақсат – Ташкентке қарай тоқтаусыз жылжу еді. Алайда, оның бұл жорықта жолы болмайды. 29 қазанда ақтар қолындағы Бузулук құлайды да, 15 қарашада қызылдар Орынборды шабуылдауға көшеді. Атаман осы ауыр кезең туралы былай деп еске алады: «Бізге қарсы Гай басқаратын «құрыш дивизия» аталып кеткен большевиктердің ең таңдаулы әскери күштерінің бірі атой салды. Олар жақсы қаруланған және де тәртібі де темірдей қатты құрылым болатын. Қиын жағдайға тап болдық. Бірақ менің жігерім бір сәтке те жасыған жоқ».
1919 жылдың сәуірінен бастап Александр Дутов ресми түрде Орынбор казак әскери армиясының қолбасшысы бола тұрып әскери басшылық тізгінін көмекшілеріне тапсырады да өзі Омбыға барып саяси өмірге араласып кетеді. Сібір билеушісі Колчактан генерал-лейтенант шенін алып, барлық казак әскерінің жорықтағы атаманы етіп тағайындалған ол жергілікті жердегі жасақтардың жай-күйін тексеру үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Сол жақта партизан қозғалысына қарсы күреске жетекшілік етіп, Сібір жоғарғы үкімет билігімен және Жапониямен ыңғайлас саясат ұстанған Семенов, Калмыков, Гамов сияқты атамандармен қарым-қатынас орнатады. Олар жоғарғы билеуші Колчакқа адалдығын көрсетуге тырысқанымен, іс жүзінде шығыс майданына бір де бір әскери құрама жібермейді.
1919 жылдың күзінде Колчак дивизияларын талқандаған Қызыл армия шешуші шайқасқа көшеді. Осы кезде Александр Дутов Орынбор казак әскерилерінің қолбасшысы болып қайтадан тағайындалады. Бұл қалың қол Көкшетау мен Атбасардан Жетісуға шегінуге мәжбүр болған аса қиын кезең еді. Жасақ ашық аспан астында аш-жалаңаш күн кеше отырып, жұтаң, елсіз мекендерді артқа тастап шегінумен болады. Обоздағы жүк тартуға шамасы келмеген жылқы, түйені пышаққа жығып, азық етеді. Тұрғылықты халықтың жем-шөбін, киім-кешегі мен көлік-сайманын күшпен тартып алады. Алайда мыңдаған адам тобырына бұл жұқ болмайды. Суық пен аштықтан қырылғандардың саны күн санап өсе түседі. Жұқпалы ауру – сүзек пайда болады.
Жетісуға арып-ашып, әбден сілікпесі шығып жеткен дутовшыларға осы өңірге ертерек келіп, біршама жайлы тұрмыс кешіп жатқан атаман Борис Анненков әскерлері жылы қабақ таныта қоймайды. Араларында өзара дұшпандық ерегіс басталады. Кей жағдайларда олардың дау-дамайы қарулы қақтығысқа да ұласып отырады. Мұны көріп, берекесіздіктен әбден түңілген Александр Дутов 1920 жылдың наурызында өзінің серіктерімен бірге Жетісуді тастап, Сарқанның 5800 метр биіктігіндегі мұз құрсанған Қарасырық асуы арқылы Қытайға өтуге мәжбүр болады. Осылайша Алатау асқан орынборлықтар Шыңжаң жеріндегі ағып жатқан Боратола өзеніне жетеді. Бұл Дампань деген әкімшілік аймағының жері еді. Босқындар міне, соған жақын жерден қос құрып орналасып, бір айға жуық дамыл табады.
Олар осы жерде естерін жиып жатқанда солдаттар Кеңес үкіметі шет елдерге қашқан ақтарға кешірім жариялапты деген сөзді естиді. Артынан бұл хабар расталады. Жасақ қосынына келген Дампань уезінің бастығы атаманға кеңестік Ресей үкіметі одан Қытай Түркістаны жеріне өткен қашқындардың бәріне кешірім жасалғанын ресми түрде хабарлауды сұрағанын мәлімдейді. Мұны өкілдің өз аузынан естіп, содан соң біраз күн ойланып-толғанған Александр Дутов мынадай жарлық шығарады: «Елге оралғысы келетіндерге менің тарапымнан ешқандай қарсылық болмайды. Өйткені Отанымызға өз еркімізбен, ар-намысымызды жоғалтпай оралатын сәттің қашан келетінін айту қиын. Мұндай жағдай жыл өте не болмаса екі жылдан соң, тіпті ондаған жылдардан кейін ғана тууы мүмкін. Отанына қайтқысы келетін, бұдан әріге күш-жігері таусылып, қиындықтан қажыған адамдар тізімге жазылуына болады. Жасақтағы офицер мырзаларға айтарым, олар тарапынан ешқандай үгіт-насихат жүргізілмеуі тиіс. Осыны қатаң ескертемін. Әркім өз тағдырын өзі шешсін. Мен ешқандай уәде бермеймін және бере алмаймын да. Өйткені менде қаржы жоқ. Осындағы әрбір казак өз тіршілігіне қажеттіні өз еңбегімен тапсын».
Кеңес жеріне қайтуға 240 адам тілек білдіреді. 1920 жылдың 6 мамырында жасақ еліне қайтатын жолдастарымен қоштасу үшін сапқа тұрады. Құдай Ана Табынская киелі иконасының алдында мінәжат жасалады. Кететіндермен қоштасып тұрып атаман оларға: «Елге оралған соң сатқындық жасамаңдар, жеке бастарыңның мүддесі үшін мұндағы бауырларыңды кінәлап, олардың туыстарын қиын жағдайға қалдырмаңдар», – деп кеңес береді.
2.Қамал
Қытай жағына Александр Дутовпен бірге ілесіп өткендердің қатарында Жетісу казактары әскерінің атаманы, генерал-майор Николай Щербаков та бар еді. Оның отряды да үлкен машақатпен асуы қиын Қарасырықтан өтіп, Боратола өзенінің аңғарына шыққанда оларды қытай шеріктері ұстап, оқшаулау орнына әкетеді. Көп кешікпей бәрінің тұратын жері белгіленіп, нақтыланады. Атап айтқанда Орынбор казактарының атаманы Александр Дутов өзінің штабымен және жеке күзет полкімен Сүйдін қаласындағы бекініс пен соған жақын маңдағы Мазар, Шипанзе қыстақтарына қоныстандырылады да, ал Николай Щербаков әскері Құлжа іргесіне орнығады.
Осы жерде Кеңес өкіметінің тегеурініне шыдамаған ақ гвардияшылардың Қытайдың Харбин жағы мен Моңғолия беті және Шыңжаң өлкесіне ағылуының себебі неде деген сұрақ туады. Зер салып қарасақ, 20-жылдары казактардың Забайкалье атаманы Г.Семеновтің Шанхайға, барон Унгерннің Ургаға, Борис Анненковтың Үрімшіге, ал генерал Андрей Бакичтің Шәуешекке барып табан тірегенін байқаймыз. Николай Щербаков пен Александр Дутовты жоғарыда айттық. Бұлардың алғашқысы Құлжаны, соңғысы Сүйдінді таңдаған. Сонда дейміз-ау… Кейінгі 20 жыл ішінде жарыққа шыққан ақ эмигранттар жарияланымдарына қарағанда мәселе мынада сияқты.
1918-1920 жылдары Үрімшідегі, Құлжадағы және Шәуешектегі Ресей консулдары Алексей Дьяков, Владимир Люба және Владимир Долбежев Кеңес үкіметін мойындамай, тіпті оның тез арада құлауы үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауды өз парыздары деп санайды. Ал мұндай әрекеттер большевиктер мен Қытайдың Шыңжаң аймағындағы ресми мемлекеттік құрылымдар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда айтарлықтай қиындық тудырады. Мысалы, 1918 жылғы 12 наурызда Жетісудың Әскери-революциялық комитеті Құлжадағы телеграф кеңсесінде жұмыс істейтін большевик Маньковтың нұсқау күткен жеделхатына жауап ретінде: «Маньков жолдасқа жөн-жоба көрсетіп, одан Қытай үкіметіне жақсы көршілік ниетті жеткізуді сұрау» жөнінде шешім қабылдайды. Алайда Құлжадағы бұрынғы патша армиясының полковнигі Владимир Любаның қарсы әрекет етуінен Маньков Шыңжаңдағы жергілікті ресми өкімет орындарымен байланыс орната алмайды. 1919-1920 жылдары Түркістан майданындағы саяси басқарманың бастығы болған, кейін Жетісудағы Верный қаласында комиссар қызметін атқарған жазушы Дмитрий Фурманов өзінің «Бүліншілік» атты деректі кітабында Владимир Любаны былай деп сипаттайды: «Сол кезде Құлжада патша заманынан қалған бір кәрі орыс консулы отырды. Ол байғұс қайда барсын? Сол Құлжадан шыға алмады. Оның үстіне жаңа Ресей мүддесіне қызмет етудің орнына оған дұшпандық танытты. Демек, ол оңбағанның қаржысы да болғаны ғой. Ал ақшамен барлық істі тындыруға болады. Осы ақшаға ол кәрі қақпас казактарды да ұстады, оларға көмектесіп, Жетісуға соққы беруге де дайындады…».
Ол қандай қаржы еді? Дмитрий Фурманов нені тұспалдап отыр? Осы сұрақтарға жауап беру үшін жазушы Вадим Обуховтың «Жоғалған жерұйық» кітабындағы мына деректерге үңілейік. Шыңжаңдағы бұрынғы орыс дипломатиялық қызметінің, Қытайдың басқа аймақтарындағыдай, өз мақсатына жұмсау үшін Ресей-Азия банкінен қарызға алынған ірі көлемдегі қаржысы болған. 1910 жылы құрылған, Қазан төңкерісіне дейін акционерлік капиталы бұрын-соңды болмаған 50 миллион рубль көлеміне дейін ұлғайып, Ресей мен шет елдерде орналасқан 175 бөлімшеден тұратын, кең тамыр жайған бұл банк акцияларының төрттен үші Францияда жатқан еді. 1914 жылға қарай банк негізгі активтерінің, вексельдік және тауарға негізделген несиелерінің, салым ақша мен ағымдағы есепшоттағы қаржы көлемі жағынан Ресейдегі акционерлік коммерциялық банктер арасында бірінші орынды иеленген. 1917 жылы большевиктер барлық банк жүйесін мемлекет меншігіне көшіргенімен, біз сөз етіп отырған құрылымның шет елдердегі бөлімшелері салым ақша және қаржы ағымдары бойынша жұмыстарын біраз уақытқа дейін бұрынғыдай жалғастыра берді. Үрімшідегі Ресей-Азия банкі директорының қызметін төңкеріске дейін А.Суворов деген кісі атқаратын. Азамат соғысы жылдарында да ол осы орнынан мызғымады. Патшалық Ресей консулдарының және Шыңжаңдағы ақ гвардияшылардың іс-қимылдарына қаржылық қолдау көрсеткен міне, нақ осы адам еді.
Шыңжаңдағы консулдықтармен тізе қоса әрекет жасаған ақ гвардияшылар өздеріне керек әскер бөлімдерін жабдықтау және оларды адамдармен, оның ішінде Қытай азаматтарымен толықтыру, құпия да жедел ақпараттар алу сияқты санқилы мәселелерді ақша арқылы шешуде айтарлықтай табысқа жетіп, тастары өрге домалайды. Ресей дипломаттары ақ гвардияшылар жасақтарын құрып және оларға елеулі қаржылық көмек берумен, ақ эмигранттар жетекшілерінің шет елдердегі басқа ұйымдармен байланысын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, орыс диаспораларының өз ішіндегі және қытай өкімет орындарымен арадағы дау-дамайды реттеуде де дәнекерлік және бейтарап қазылық жасап отырды.
Мұндай ашық көрініс әсіресе атаман А.Дутов пен генерал Н.Щербаковты қанатының астына алып паналатқан, жазушы Д.Фурманов жоғарыдағы өз романында сөз еткен патшалық Ресейдің Құлжадағы бұрынғы консулы В.Любаның іс-әрекетінен анық байқалады. Ол ақтардың қос генералына жағдай жасау үшін Шыңжаңның сол өңірге әмірі жүретін генерал-губернаторының аузын майлап, бетін бері қаратады. Оған ақ эмигрант Анатолий Воробчук-Загорскийдің жазып қалдырған мына естелігі бұлжытпас дәлел бола алады: «Бақытымызға қарай Шыңжаң генерал-губернаторы Ян Цзяньсин ақтардың досы, большевиктердің қас жауы болып шықты. Консул В.Любамен пікірлесе отырып, ол осы жерге тұрақтаған казак орыстарға жылы қарап, жергілікті өкімет орындарына олардың әрқайсысына күніне екі қадақтан (бір қадақ 443 грамға тең) ұн, сондай мөлшерде ас әзірлеу мен үй жылытуға қажет тас көмір босатып отыруға нұсқау берді».
Мамыр айында бұл билік иесінің атаман Александр Дутовтың жасағына Сүйдін қаласында тұрақтауға рұқсат бергенін біз жоғарыда айттық. Сүйдін кеңестік Қазақстан шекарасынан 52 шақырым жерде, осы елден Құлжаға баратын күре жолдың бойында орналасқан қала-тын. Және мұнда консулдардың күзетшілері үшін салынған 200 адамдық казармалар бар еді. Шекарадан өткен жасақ 1000 адамдай болғандықтан, казактардың біраз бөлігі Сүйдін бекінісіне және өз қолдарымен қамал іргесіндегі беткейге қазып салған жер үйлерге орналасты. Тек 1-Орынбор полкі ғана Сүйдін қаласынан 40 шақырым жердегі Душегур қыстағында болды. Бұлардың бәрі қытай өкімет орындарынан жоғарыдағыдай мөлшерде көмек алып тұрды.
Айта кетейік, эмиграцияның мұндағы алғашқы кезеңінде большевиктермен қарулы күресті қайта бастау деген бұрынғы ақ гвардияшылардың көпшілігінің ойына да келмеген нәрсе еді. Олар үшін ең маңыздысы тірі қалу, тырбанып өмір сүріп, нәпақа табу болатын. Орынбор әскері автомобиль бөлімінің бұрынғы басшысы Сергей Хитун өзінің жазып қалдырған күнделігінде сол кезді былай деп еске алады: «Шыңжаң уәлаятының губернаторы біздің басшымыз Бакичпен келісе отырып, орыстарды екі ай бойы азық-түлікпен қамтамасыз етуге уәде берді. Қуаныштысы, арамыздағы кейбір пысық «кәсіпкерлер» бұл мерзімнің аяқталуын күтпестен өз нандарын өздері тауып жеуге кірісіп кетті. Орынборлықтардың арасында біреуі елден кинофильм таспаларын алып шыққан екен. Бұрынғы жарық қуатын беру ротасының жауынгерлері қос доңғалақты арбаның үстіне электр моторын орнатты да, менің механик жігіттерімнің көмегімен кино көрсете бастады. Мотордың айналма белдігі үзіле берді. Бірақ америкалық ковбойлар туралы киноның жергілікті қазақтар мен ұйғырларға ұнағаны соншалық, олар резеңке белдік қайта тігіліп, жалғанғанша шыдамдылықпен күтіп отыратын.
Жергілікті базарда көбінесе айырбас сауда жүретін еді. Брикет түріндегі, яғни нығыздалып қатырылған кірпіш шай кез келген ақшадан да өтімді болды. Мен қытайлық қысқа етікті американ әскери шинелінің белдігінен тарқатылып алынған бір үлкен шумақ жасыл жіпке айырбастап алдым. Бұрынғы офицерлердің біразы базарда жайма сөрелер жасап алып, қытайлар мен ұйғырларға қосыла сауда жасауға кірісті. Олардың сөрелерінен фотоаппараттар да, қол сағаттары мен дүрбілер де, бесатар мылтық және темір шәугім, әскери киімдер де көптеп табылатын. Бұл заттардың бәрін де жергілікті халық қуана сатып алатындықтан орынборлықтардың саудасы қызып тұрды.
Әлі есімде, бірде балалайка оркестрі құрылып, ол губернатор үйінің ішкі ауласында ойын-сауық көрсетуге шақырылды. Өңір басшысы аудармашы арқылы өнер көрсетушілерден «ең жақсы орыс әнін» орындауды өтінді. Оркестр жақында ғана құрылғандықтан оның репертуары жұтаң еді. Сондықтан балалайкашылар «Ай сәулесі төгіліп…» әнін орындауға ұйғарды. Қытайлықтар әнді ұйып тыңдады. Әнші оркестрдің сүйемелдеуімен жоғары дауысты пикколоны аяқтап, жылдам ырғақты стаккатоны жорғалата жөнелгенде бәрі де, тіпті губернатордың өзі де дуылдата қол соқты. Балалайкашылардың әрқайсысына қытай доллары және түрлі-түсті қағаздан істеліп, ішіне өрік толтырылған сый дорба берілді».
Өмір осылай қалпына келіп, қайта жандана бастады. Ал ақ гвардияшы генералдар мен офицерлердің түпкі ойы, көздеген мақсат-мүддесі қандай еді? Олардың шекараның арғы бетіндегі жеңілістен рухы бәсеңсіп, күйзелген әскери бөлімдерінде уақыт өте ұйымшылдық пен тәртіп қайта орныға бастады. Осыны басқаларынан бұрын сезген Александр Дутов 1920 жылдың 12 тамызында Шыңжаң аймағындағы большевиктерге қарсы күштерді өз басқаруындағы Орынбор әскерімен біріктіру туралы №141 бұйрық шығарды. Жағдайды ой таразысына салып қарағанда мұндай пәрмен қажет те еді. Бірақ генерал-лейтенант көпе-көрінеу өз өкілеттігін асыра пайдаланып, солтүстік-батыс Қытайға өткен ақтар жасақтарының қолбасшылары бір-бірінен тәуелсіз әскербасылар ғана емес, көп жағдайда бір-біріне тең генералдар екенін ескермеді. Вадим Обуховтың «Жоғалған жерұйық» кітабындағы деректерге қарағанда генерал-майор шеніндегі Сібір казактары әскерінің атаманы Борис Анненков және Жетісу казактарының атаманы Николай Щербаков өздерімен дәрежесі тең Орынбор казактары атаманының құзырына мойын ұсынудан мүлдем бас тартады. Генерал-майор Николай Щербаков жоғарыдағы бұйрықты оқығанда тіпті Орынбор атаманын жекпе-жекке шақыруға дейін барған. Бұған оның қытығына тиер сөздер айтқаны себеп болған сияқты. Өзінің бұйрықтарында генерал-лейтенант Жетісу атаманын «өте қатал, халықтың көңіл-күйін қаперге де алғысы келмейтін өктем адам және шаруалардың жауы» деп сипаттайды. Александр Дутовтың берген ақпарына сүйеніп, қытай өкімет орындары Николай Щербаковты бірнеше күнге қамауға алады. Осылайша жағдай жекпе-жекке шығатындай ушықпаса да бір бұйрықтың кесірінен атамандар арасына араздық сынасы қағылады.
«Егемен Қазақстан» газеті
(Жалғасы бар)