Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2589 0 пікір 25 Қазан, 2016 сағат 23:10

Қабанқұлақ – Бес құланның жолы

Бастауын сонау қырғыздың ақбас Алатауынан алатын Шу өзенi құлдилап келiп терiстiкке қарай бет түзейдi. Сайын далаға созыла шығып алған соң Қаратау жоталарымен жарыса жылыстап, Шойынқұйынның терiскей жағын ала батысқа қарай бағыт алады. Осылайша сылаңдай аққан Шу өзенi Қаратау жоталары аяқталар тұста ағысын баяулатып, Айнакөл мен Ащыкөлге құяды да тiзгiн тартады. Бұл екi көл де айдыны толқыған, үйрек-қазы шулап жататын көлемi үлкен көлдер. Әсiресе, Айнакөлдiң аумағы атшаптырым, айдыны айнадай жарқыраған әсем көл болған. Өкiнiшке қарай, қазiргi кезде Айнакөлдiң табаны кеберсiп, қаңсыған ыдыстай күй кешiп жатыр. Шудың суының Айнакөлге құймағанына көп жыл өттi. Ал, Ащыкөлге де Шудың өзенi кейiнгi кезде мырзалық танытып жатқан жоқ. Құбылмалы кейуанадай бiрде жетiп жатады, кейбiр жылдары жүйкелеп, орта жолда қалады. Көбiне-көп Ащыкөлге құйып жатқан Сарыарқа жерiнен берi қарай ағатын Сарысу, Боқтықарын өзендерi. Айдыны күнмен шағылысып, балығы тайдай тулаған, шағаласы шулап жатқан жарасымды көл.

 Осы көлдерден шығысқа қарай түстiк жерде Шу өзенiнiң бойында Бөкенбай деп аталатын жайлау бар. Бұл жерде айдыны шалқып Ақжайқын көлi жатыр. Ақжайқын көлiн төңiректеп созыла жатқан қос сеңгiр тобы көзге сонадайдан көрiнедi. Екi төбенiң арасы бiр-бiрiнен қозы көш жер. Тау жағында тұрғаны Қабанқұлақ деп аталады да, төменгi Шу бойына қарап орналасқаны Еңкей деген атпен белгiлi.

Ертеректе бұл төңiректе құлан көп болған көрiнедi. Өйткенi, осы маңайда Құлан атымен байланыстыра аталатын жер атаулары көптеп кездеседi. Он сегiзiншi ғасырда осы төңiректе өмiр сүрген бiр батыр кiсi қолындағы екi сәйгүлiк атын арнайы құланды қуып алуға баптаған деседi. Аттардың терiн алып, садағын асынып, өрiсте жатқан бiр үйiр құланды ақыра қуып шығарады. Өкшелей қуған аттылы адамнан ықтаған топ құланнан сәлден соң бесеуi бөлiне қашады. Жердiң жабысын жақсы бiлетiн батыр құландарды еркiне жiбермей, арнаның тау жақтағы қапталына қарап тықсырады. Өйткенi, осы жақ қапталда ойдым-ойдым сорлар көп. Батырдың мұнысы қашқан құландарды сорға толарсақтату немесе жүйрiк жануарлар шабысынан тоқырап, садақ жебесiне iлiгуi мүмкiн. Бiрақ сезiмтал жануарлар сорды жанамалап қиғаштай тартып, тауға қарай жөңкидi. Бөкенбайдан шыға бере бұлай қарай бұтасы сиректеу жазық болып келедi. Жазық жерде еркiн көсiлiп зулаған құландар жебе жетер жерге келтiре қоймайды. Аңның қызығымен тақым қысқан батыр тау бөктерiне таяу Көлшiкке дейiн қуып келедi. Көлшiк пен Созақтың арасы жиырма бес шақырым. Ал, құландарды қуып шыққан Бөкенбайдан Көлшiкке дейiнгi аралық алпыс бес шақырымды құрайды. Өзiнiң құтты мекен өрiсiнен ұзап шығып кеткен құландар қайтару бермей, келген iзiмен Бөкенбайға қарай жосиды. Құландардың соңынан қалмай түре қуып отырған батырдың тақымындағы Еңкей аталған тұлпары сол кезде зорығып құлайды. Жiгердi намысқа жаныған батыр құлаған жүйрiктi тастай салып, Қабанқұлақты тақымға басады. Әлi де үйiрiне қосыла қоймаған құландарды қашыра қуып шығады ғой. Жерге таныс болып қалған жануарлар өздерi қашқан сүрлеумен жөңкiле тартса керек. Аз-кем тыныс алып қалған құландар садақ жебесiне iлiктiрмейдi. Көлшiктiң жанына келгенде және керi қарай жөңкiледi. Намысқа булыққан батыр ет қызуымен тұлпарға қамшы басып, қинап жiберсе керек, Еңкей тұлпар құлаған тұстан өтiп барып Қабанқұлақ та зорығып мерт болады.

Ел аузында батырдың аты ұмытылғанымен, жылқы түлiгiн жанындай жақсы көрген халық қос тұлпардың құлаған жерiндегi сеңгiр төбелердi екi сәйгүлiктiң атымен атап, мәңгi есте қалдырған. Ал, бес құлан қашқан сүрлеу «бес құланның жолы» аталған. Кейiн үлкен керуен жолы болған екен.

Осы атау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейiн айтылып келдi. Кейiнгi кезде бұл сүрлеу Бөкенбайдағы Ақжайқын көлiне барып демалушылардың үлкен күре жолына айналды. Ата-бабаларымыз мекен еткен сайын даламыздағы тарих тағлымының бiр парасы осылай сыр шертедi.

Тiлеубек ЫБЫРАЙЫМОВ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470