Бес сиырдан басталған бизнес
Мал шаруашылығын дамыту, отбасылық фермаларды құру – ауылдық жерлердегi жұмыссыздықты жоюдың бiрден-бiр тиiмдi жолы. Осыған байланысты Мақтаарал ауданында бiршама шаруалар жүзеге асырылуда. Достық ауыл округiне қарасты Гүлiстан елдi мекенiндегi «Субхан ата» мал фермасы осы сөзiмiзге нақты дәлел. Махмуд Субхановтың мал бордақылау iсiн қолға алғанына онша көп уақыт бола қоймапты. Әйтсе де, өз iсiне мығым шаруаның бұл iстi дөңгелетiп отырғанын көрiп, риза болдық.
— Өзiмiздiң суармалы жерiмiз болғандықтан, жылда қауын, мақта егумен айналысып жүрдiк. Қанша дегенмен, өнiмнiң барлығын түгел сатып жiбере алмайсың. Егiстiкте қалып қойған қауын, қарбыз, мақта қалдықтарын ысырап етпей, бiр кәдеге жаратудың жолдарын iздестiре бастадым. Ойлана келе, мұның ең ұтымды тәсiлi мал бордақылау деп ойладым. Мал басын көбейту үшiн «Ырыс» микроқаржы ұйымынан былтыр 6 миллион теңге несие алдым. 7 пайыздық мөлшерлемемен 3 жылға бөлiп төлейтiндей етiп, келiсiмшарт жасадық. Алған қаражатымызға он өгiз, он бұзау, бес сиыр алып, кәсiбiмiздi бастадық. Күзде бiраз өгiздердi семiртiп, бабы келiскендерiн базарға шығарып саттық. Нәтижесi жақсы, бiр өгiздiң бағасы 300 мың теңгеге дейiн барды. Соның арқасында несиемiздiң бiраз бөлiгiнен құтылып үлгердiк.
— Мал азығын қалай дайындайсыздар? — деген сауалымызға М.Субханов:
— Иелiгiмiзде 45 гектар жерiмiз бар. Сондықтан мал жем-шөбiнiң 50 пайызы өзiмiзден шығады деуге болады. Дәл қазiргi уақытта фермамызда 20 бас iрi қара мал бар, оның 10-ы сауынды сиыр. Күнiне шамамен 30-40 литрдей сүт аламыз. Себебi, барлық сиырды сауа бермеймiз, кейбiрiн бұзаулары аяқтанғанша төлiне беремiз. Базарға сүт, айран, сүзбе апарып сатамыз. Мұнда екi адам жұмыспен қамтылған. Олардың жалақыларын уақтылы төлеп отырамыз. Келешекте қора-жайымызды кеңейтiп, жем-шөп жинайтын бөлек кең орын салсақ деп жоспарлап отырмыз, —деп жауап бердi.
Сондай-ақ, мал шаруашылығын қолға алып, одан тәп-тәуiр пайда тауып жатқан отбасылық фермалардың бiрi —Ынтымақ ауыл округiне қарасты Әден ата ауылындағы «Бегiмбет ата» шаруа қожалығы. Басшысы Еркiнбек Ерiмбетовтiң айтуынша, ол бұл салаға жайдан-жай келмеген көрiнедi.
— 2006 жылы қатты науқастанып қалдым да, басыма қиындық түстi. Қаржыдан тарықтым. Сол кезден бастап «ешбiр қор жинамаппын, осы күнге дейiн бекер жүрген екенмiн ғой» деген ойлар санамды жаулап алды. Бала кезiмнен малға үйiрсек болдым, сондықтан осы сала менiң табиғатыма жақын екенiн анық түсiндiм де, ауруымнан айығып, өз-өзiме келгеннен соң, ойымды жүзеге асыруға бел будым. Алғашында бұл iстi 5 iрi қарадан бастағанмын. Ерiнбей-жалықпай еңбектенсең тәп-тәуiр пайда табуға болатынына көзiм жеткеннен соң, әкiмшiлiктен қора-жай салу үшiн 12 сотық жер алып, мал басын көбейтуге кiрiстiм. Өгiзшелердi бордақылап, семiрген кезде етке өткiземiн, кейбiрiн базарға шығарып сатамын. Сатылған ақшаға майда мал алып, қайтадан соларды семiртуге кiрiсемiз. «Мал — баққанға бiтедi» демекшi, мал дегенiңiз «тiрi банк» қой. Осылайша қызығушылығым артып, биыл наурыз айында «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 3 миллион 300 мың теңге несие алдым. Ол қаржыға өгiзше, сиырлары бар, барлығы 22 бас мал сатып алдық. Құдайға шүкiр, соның арқасында ұсақ малдарды қоспағанның өзiнде, мал басы қырық басқа дейiн жеттi. Одан бөлек, үйдiң жанынан жер учаскесiн алып, жаңа типтi мал қора салып жатырмыз. Несиеге алған қаражатымыздың бiраз бөлiгiн осы құрылысқа жұмсадық. 10 гектар жерiмiзге жоңышқа, жүгерi еккенбiз. Мал азығын өзiмiз даярлаған соң, бағасы арзанға түседi. Құрт, майымызды базарға апармай-ақ, ел-жұрттың өзi үйге келiп, «Алматы, Астанадағы туыстарымызға жiберемiз» деп алып кетiп жатады.
Тағы бiр айта кетерлiгi, Еркiнбек өз күштерiмен «Дiнислам» атты 75 орынды балабақша ашыпты. «Ет, сүт, айран, құрт, майды бөбекжайға өзiмiз жеткiзiп беремiз. Осылайша балаларды экологиялық таза табиғи өнiмдермен қамтамасыз етудемiз. Жақында қаймақ шығаратын сеператор сатып алдық. Ендi бүлдiршiндерге қаймақ та берiлетiн болады», — дейдi Еркiнбек аға.
Шiркiн, ел игiлiгi үшiн қызмет ететiн осындай жандар көп болса ғой. Қарапайым шаруа Еркiнбектiң бұл бизнесi көпке үлгi екенi айдан анық.
Сәбит Қалдыбаев. Мақтаарал ауданы.
Abai.kz