КООПЕРАТИВ КІМГЕ КЕРЕК?
Бюджеттен ауылшаруашылық саласына бөлінетін миллиондаған қаражат, яғни, субсидия қайда кетеді, өз жеріміздің өнімін неге көрмейміз, ауыл неге дамымайды деген әбден жауыр болған сауалдарды ауыл туралы әңгіме айтуға құмар әркімнің-ақ аузынан естуге болады. Әлгіндей сауалдарға әркім өзінше долбарлап, шындыққа балайтын болжамын айтқан болады. Әр Үкімет құрамы ауылға бағытталған талай бағдарлама қабылдады. Бірақ, ауылдағы қарапайым адамға ол бағдарлама жетпеді. Ауыл сол қалпы. Себебі, ол бағдарламалардың дені жоғарыдан түскен тапсырманың негізінде науқаншылдықпен атқарылатын да Үкіметтік есепте орындалғаны туралы жазылатын. Ал, азын-аулақ малы бар, жері бар ағайын сол баяғы ауыл-ауылды аралап, ет пен сүт, жүн мен тері, көкеніс жинайтын делдалдарға жем болып қала беретін. Бағдарлама біткеннің бәрі әкімшілік жолмен орындалғандай сыңайда болғанмен, қарапайым шаруаға пайдасы аз еді. Ауылшаруашылығы министрлігі өткеннен сабақ ала отырып, жаңа тұжырымдама түзіпті. Ол бағдарлама – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы деп аталады.
Кооператив колхоз да, совхоз да емес!
Бұл тұжырымдаманың бұған дейінгі өзге бағдарламалардан айырмашылығы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын кәсіп еткен ауыл жұртының, қарапайым еңбек адамының өз еріктерімен ұйымдаса еңбек етуіне мемлекет тарапынан мүмкіндік жасау, қолдау. Тұжырымдама бойынша, ауылдарда мал бағып, егін егіп тіршілік кешіп жатқан адамдарды өз қалау, еріктерімен кооператив құрып, соның төңірегінде бірінің жоғын бірі толтырып, алған өнім, баққан малының өнімін қаладан ағылған делдалдарға жем болмай өздері құрған кооператив арқылы нарыққа алып шығып, саудалай отырып, жағдайларын түзеуге сол арқылы ауыл еңсесінің көтерілуіне жағдай жасау.
Ал, ауылшаруашылығы министрлігі болса, осы кооперативтердің құрылуы мен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мәселен, Үкімет – ауылшарушылық министрлігі субсидия негізінде ерікті негізде құрылған кооперативке қажетті технологияны береді. Яғни, сүт-ет қабылдайтын қабылдайтын, сақтайтын орын, басқада қажетті ауылшарушылық техникаларын алуға көмектеседі. Және де мал, егін шаруашылығы өнімі сапасының жақсаруына, оның түрлі стандарттарға сай келуіне керекті дүниелерді алуға да мүмкіндік жасайды. Осы мүмкіндіктер мен жағдайларды бірлесе қолдана отырып, кооперативке ерікті кірген шаруалар бір-біріне көмектесіп, жұмыстарын жүйелеп, делдалға желінбей пайда таба отырып, өз өнімдерін нарыққа өздері шығаруға жол алады. Мәселен, субсидияны бұған дейін ірі шаруа қожалықтардың ғана алуға мүмкіндігі болса ендігі жерде субсидияны орта және кіші шаруаларда алуына мүмкіндік жасалады. Бұл – азын-аулақ малы бар шаруа үшін мал басын өсіруге мүмкіндік болса, азғана жері бар диқанның да шаруасының шырайын ашады. «субсидия бізге жетпейді» деп күдерін үзе бастаған ағайынға кооператив беретін көп мүмкіндіктің бірі – осы. Оның үстіне ауылшарушылығы министрлігі жайылымдық, шабындық жерлердің көлемін ұлғайтып, құдықтар қазып, орнатпақ. Бұл да шаруа үшін оң жаңалық екені даусыз.
Егін шаруалышығы саласында да бұл тұжырымдаманың берері мол болмақ. Өйткені, кооперативке кез келген диқан өз еркімен кіре отырып, бұрын дән себу, тұқым отырғызу, күтіп-баптау, жиын-терін кезіндегі қиыншылықтарды бірлескен кооперативтегі серіктес шаруалармен бірлесе шешуге мүмкіндік алады. Яғни, техника іздеп қиналмайды, өнімді қайда өткіземін, қалай жинап аламын, қайда сақтаймын деп те бір өзі ойға-қырға шапқылап жүрмейді. Кооператив көмегіне жүгінеді, өзі мүшесі болғандықтан ондағы техника мен мүмкіншілікті пайдалана алады. Өнімін кооператив қоймаларында сақтап, кооператив арқылы нарыққа шығады. Тоқ етері, ауылшарушылығы саласындағы түрлі кәсіппен айналысатын адамдар өзара бірлесіп тіршілік етеді.
Жоғарыда қысқаша айтылған кооператив не үшін керек дегенге келсек, 3,4 млрд доллар азық-түлік және басқа тұтыну тауарларын сатып алғанымыз үшін шетелге кетеді екен. Яғни, халықтың қалтасынан шыққан қаражат өз шаруаларымыздың өнімін алуға емес, өзге елдің қазынасын молайтып жатыр деген сөз. Ал, ауылшаруашылығы министрлігі ұсынып отырған – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасы ауылдағы өнім өндіруші қарапайым орта және кіші шаруалар кедергісіз, өздері біріге отырып, өнімін нарыққа шығарып, халыққа жеткізіп, сол арқылы бәсекені көтеріп, халық қаржысын өздері алып, ауылға апаруы үшін жасалған. Әрине, бұл тұжырымдама. Әлі талай сатылардан, талқылаулардан өтеді. Алайда, бұл құжаттың ең басты ерекшелігі қарапайым шаруаның қамын күйттейтіндігінде дер едік.
Кооператив ешкімнің жеке мүлкіне, жеке шаруашылығына, малына, жеріне қол сұқпайды
Жобаны дайындаушы ауылшаруашылығы министрлігінің қызметкерлері мен өкілдері бағдарламаның әкімшілік жолмен, науқаншылдықпен жүргенін қаламайды. Әкімшіліктер араласса, шаруалардың ерікті бірігуі бұзылып, кооперативтің негізгі мақсаты орындалмайды. Әкімшілік жолмен жүзеге асырудың немен аяқталатыны бәріне белгілі. Әкімшілікпен бірге бұл бастама ірі агро қожалықтар мен фермерлер де өре түрегелетіні анық. Өйткені, мемлекеттен ауылшаруашылығына бөлінетін қаржыны санаулы ірі агроөнеркәсіптер мен ірі фермерлер өздері ғана алып, «дайын асқа тік қасық» салып, үйренгені мәлім. Ал, жаңа тұжырымдама ауылдағы шаруамен айналысып отырған адамдардың бәрінің ерікті бірлестігінің негізінде құрылатын кооперативке нақты мемлекеттік қолдау жасап, сол арқылы ауылды көтеруді көздейді.
Сөз соңында баса айтатын екі маңызды нәрсе бар. Біріншіден, ауыл жұртының кооператив дегенді естігенде баяғы барыңды ортаға күшпен салдыратын колхоз, совхоздың советтік жүйесінің жаңа түрі ме деп шошынып, үрке қарауы. Кооператив ешкімнің жеке мүлкіне, жеке шаруашылығына, малына, жеріне қол сұқпайды. Араласпайды. Тек сол жеке шаруашылық жұмысын жүйелеп, жақсартуға, өнім сапасын арттырып, оны сақтау мен нарықта саудалауға мүмкіндік туғызу. Оның өзінде кооперативке кіру, кірмеуді әр шаруаның еркіне сала отырып, ерікті түрде құрылуына маңыз беру. Екіншіден, кооператив туралы кешенді әрі жан-жақты түсіндіру, насихаттау жұмыстарының жүргізілу қажеттілігі анық сезіліп отыр. Өйткені, ауылға ақпараттық мың құбылып жететін белгілі. Сондықтан, ақпараттық түсіндіру жұмыстары бұл жобаның болашағына тікелей байланысты болмақ. Міне, біз танысқан тұжырымдамадан түйгеніміз – осы. Біз білсек, көптеген дамыған елдердің аграрлық, ауыл шаруашылық саласында шаруалардың өзара бірлесіп, ерікті түрде құрған кооперативтері мемлекет қолдауымен нәтижелі жұмыс істеп келеді. Қазақстан айдағы ел емес, дүниедегі жақсы істердің бізде де жүзеге асқаны керек-ақ. Әсіресе, қарапайым ауыл тұрғынының қамын күйттейтін осындай жобалардың іске асу, орындалу механизмдері әкімшілік кедергілерсіз, науқаншылдықтан ада түрде жүрсе ғана кооператив қарапайым шаруаның оң жамбасына келетін, жағдайын түзейтін жоба болар деген үміттеміз!
Өміржан Әбдіхалықұлы
abai.kz