Жұма, 22 Қараша 2024
Экономика 4299 0 пікір 24 Қараша, 2016 сағат 00:00

Алматыда қазақ-чех іскерлерінің бизнес-форумы

Алматыдағы «Іnter Contіnental» қонақүйінде қазақ-чех іскерлерінің бизнес-форумы болып өтті. Оның ашылуына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және Чехия Республи­касының сыртқы істер министрі Любомир Заоралек, осы елдің өңірлік даму министрі Карла Шлехтова, сонымен қатар Чехия Экономикалық пала­тасының вице-президенті Борживой Минарж қатысты.

Атап өтетіні, бүгінде Чехия Респуб­ликасы Еуропадағы тұрақты саясаты мен саудасы қалыптасқан ашық экономикалы ел болып саналады. Мысалы, өткен жылы Чехия Еуропа Қауымдастығындағы эко­номикасы аса жылдам және қарқынды дамығандығын көрсетті. Соның белгісі, бұл ел былтыр ІЖӨ 4,3 пайызды құраған мемлекеттер қатарынан табылды. Бұл жоғарғы деңгейдегі көрсеткіштер биылғы жылы да  өз қарқынын жоймайды деп күтілуде.

Сондықтан да экономикалық форум­ның ашылуында сөз сөйлеушілер екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселесіне жан-жақты тоқталып, оның  форум аясында ашық та тікелей диалог ретінде екі мемлекеттің кәсіпкерлері арасында тығыз қарым-қатынас орнатудың мүмкіндіктері қарастырылды. Осы орайда, қала әкімі Бауыржан Байбек бизнес-форумның ашылуы барысында сөйлеген сөзінде біздің шаһарымыз чехтар тарапынан ендігі жерде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың белсенді өрбитініне   мүдделілік танытатынын айта келе:

– Алматы бүгінде ел экономикасының бес бөлігін қамтиды. Сондай-ақ, шаһар шикізаттық емес экономикасы бар жеке капитал мен бизнес қаласы болып табы­лады. Атап айтқанда, мұндағы қызмет көрсету мен сауда-саттық ауқымы ӨЖӨ-нің 86 пайызын құрайды. Өйткені, бұл қалада халықаралық ұйымдар мен транс­ұлттық компаниялардың 60-тан астам офистері, сонымен қатар, банктер бас кеңселерінің 90 пайыздан астамы орналас­қан. Бұл ретте, Қазақстан Алматы бойын­ша бағаланғанда Бүкіләлемдік банктің  рейтингінде 35-орынды иеленіп отыр, –деп атап өтті.

Осыдан кейін қала әкімі Алматыдағы чех компанияларын өз өндірістерін шектемеуге және импорт алмастыруға шақырды. Шаһар басшысы «Бұл үшін бізде барлық жағ­дайлар жасалған және инвесторларды қолдау бойынша заңды тұрғыда көптеген кешенді шаралар қабылданған. Соның ішінде чех компа­нияларының «Инновация­лық техноло­гиялар паркі» арнайы эконо­микалық аймағы мен Алматы қаласы Ин­дустриалдық аймағын дамытуға қатысуы екіжақты ынтымақтастықты белсендіруге айтарлықтай қосымша қосылатын күш болар еді», – деп  атап көрсетті.

Ал өз кезегінде чехиялық сыртқы істер министрі Любомир Заоралек чех кәсіпкер­лері арасында Қазақстанмен әріптестік байланыстар орнатуға аса зор қызығу­шы­лық бар екенін айта келе, осы жолы Қазақстанға келген  деле­гация құрамы соны куәландыратынын келтірді. Соған орай, чехиялық қонақ «Біздің еліміз қазір Еуропадағы нано-тех­нологиялар саласының көшбасшы­ларының бірі болып саналады және бағдарламалық қамтамасыз ету саласы да біршама дамы­тылған. Сон­дықтан да, біз ғылыми-зерт­теулер бойынша жақын уақыттың өзінде-ақ үлкен әлеуетті іс-қимылдар орнайты­нына сенімдіміз» деп, өз ойын білдіре кетті.

Міне, содан кейін форумның ашылуы барысында сөз сөйлеген Чехия өңірлік даму министрі Карла Шлехтова, Эконо­микалық палатаның вице-президенті Борживой Минарж да Қазақстан мен Чехия арасында алдағы уақыттарда тығыз қарым-қатынас орнайтынына сенім біл­дірісті. Сөйтіп, бизнес-форум бары­сындағы кездесулерде екі ел кәсіп­керлері нақты келісімдерге келуге қол жеткізді.

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329