Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5632 0 пікір 7 Мамыр, 2015 сағат 11:11

Мұхтар ШЕРІМ. КРЕСЛОНЫҢ МАХАББАТЫ

Президент сайлауынан кейін министрлер билеп жүрді, әкімдер ән салып кетті. Өздеріңіз білесіздер, лауазымдарында қалып, қайта тағайындал­ған шенеуніктердің таңдайлары тақылдап, бүйректері бүлкілдеп, жүректері лүпілдеп, көңілдері «космосқа» ұшты.  Сол екен, қарапайым, кәдімгі қазақи, арқасы жоқ орындықтар, «табуреткалар», бір яғы сынған мүгедек орындықтар өре түрегеліп, Астанада наразылық шеруін өткізді.

–Креслолар отставкаға кетсін!

–Солар ғана қайта тағайындала бере ме, не?

–Өздеріне отыратын министрлер мен әкім-қаралардың ішінде бастары істемейтін, тек өз құлқынын ғана ойлайтындар бар, тым болмаса креслоларын ауыстырсын!

–Шенеунік кресло біткен жан-жағына шыр көбелек айнала алады! Біз бейшаралар айналсақ, шиқылдап құлап қаламыз! Ашпыз...

–Бізге тек базардағылар ғана отырады, – деп түңілді жас табуретка қыз.

–Мен кедей үйдің орындығымын... Шиқылдап ауырып жүрмін... –деді  екі рет аяғы сынып, қайта шегеленген орындық жігіт жыламсырап.

–Біздің де креслоға айналғымыз келеді!

   Орындықтар осылай шулап, ұрандатып жатқанда, полицейлер келіп, бірнеше орындықты дубинкамен ұрып қиратты... Табуреткалар мен отыз орындықты ұстап алып, қамап қойды... Қыздар университетінде оқыған, сым­батты орындық бойжеткен бар еді, полицейлерден қашып шығып, минис­трлік ғимаратына байқатпай кіріп кетті. Премьер-министрдің қабыл­дау бөл­ме­сінде  ешкім жоқ екен. Қаз-қатар тізілген, сәнді орындық­тар­ға сәлем беріп, кабинетке кірді. Сәнді орындықтар мұрындарын шүйіріп, сыбыр-сыбыр ете қалысты. Кабинеттегі кресло жігіт өз көзіне өзі сенбеді:

–Ой, Орынгүл, қайдан жүрсің? Жаным менің! –деп құшағын жайды. Орындық қыз күлімсіреп, жылы жымиып, креслоның алдына отырды.

–Өзің ғой, хабарласпай кеткен... Министрдің креслосы болғалы бізді менсінбейтінді шығардың...

–Қойшы, жаным... Біз екеуміз ағаш, рейка кезімізден таныспыз ғой. Соткамның «единицасы» таусылып...

–Қайта тағайындалуыңмен!

–Рахмет. Премьер-Министр мырзаның арқасы. Қайта-қайта тағайындала береді... Жаным, мені сүйесің бе?

–Ия...

–Естуімше, «Скамейка» деген бір орыс орындық саған қырындап жүр дейді

ғой?

–Қойшы соны... Бойы қыртиып Табуретка ағай да сөз айтады маған... Қақбас десе.

–Мына кабинеттен жаалықтым! –деді кресло күрсініп, –жүрші, қол ұстасып, Шымкентке қашып кетейікші...

–Өлә, сен Шымкенттенсің бе, не? Оралданмын деп едің...

–Сен де Шымкенттен екенсің ғой, Алматыданмын деп едің...

   Сол екен, кабинетке кіріп келген премьер-министрдің көмекшісі орындықты сирағынан ұстап, терезеден лақтырды. Жүрегі жылаған кресло жігіт те көп қабатты ғимараттың терезесінен өзін-өзі тастап жіберді... Төменде қос ғашықтың қирандысы араласып, шашылып жатты... Беу, ағаш махаббат...

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377