Қытай жаңалықтар арнасы Димаш туралы
Астанаға арнайы келген Қытай Халық Республикасының журналистері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесіп, сұқбаттасқан соң төмендегідей хабар таратты:
-Қытай Халық республикасы Хунань провинциясының Чанша қаласында өткен биылғы «І аm Singer» жобасына Қазақстан Республикасынан келген дарынды әнші Димаш Құдайбергенов сөз жоқ биік деңгейде өнер көрсетті.
Қазақ елінен осы додаға қатысқан жас та болса үлкен дарын иесі ғажайып өнер көрсетіп, іріктеу кезеңдерінде алдыңғы орындарды, ал кей реттерде үнемі бірінші орындарды иеленді. Сөйтіп, әркез жоғары тұғырдан табылып, жұлдызы жанды.
Қазақстан мемлекетінің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы жетістікке байланысты өз көзқарасын білдірді. Біздің арнамыздың тілшілеріне берген сұхбатында министр әншінің шеберлігін, ән орындау ерекшелігімен тыңдаушысын тамсандырған дарын иесі екендігін тілге тиек етті. Димаш осы өнері арқылы Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланыстарына үлкен серпін бере отырып, өнер саласындағы екі елдің ынтымақтастығын алға жетелейтін ерекше құбылысқа айналды дейді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы музыканы ерекше қастерлейтін және сүйетін жан. Қолы қалт еткен кезде ол фортепианоға отырып, бой сергітеді.
«Музыка қасиетті дүние! Ол - ұлттар арасындағы байланыстың алтын діңгегі тәрізді. Димаш секілді тарлан талант Қытай мен Қазақстанның мәдени байланысына керемет қозғау салды. Қытай тілі – ерекше тіл! Ал Қытайдың әнін біздің Димаш қытай тілінде орындаған кезде, біз ерекше шаттандық. Сонымен бірге қатты қобалжығанымыз да рас», - дейді министр бізге берген сұхбатында.
2017 жылы Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қатынастарына 25 жыл толып отыр. Оның үстіне биыл Қытайдың Қазақстандағы туризим жылы. Алдағы маусым айында Астанада халықаралық ЭКСПО көрмесі өтеді. Осы көрмеде музыка мәдениетінің қайталанбас туындылары қойылады деп күтілуде. Министрдің сөзіне қарағанда, оның дайындығы соңғы мәресіне жетіп қалды. Димаштың өнері Қытай азаматтарының Қазақстанға келуіне даңғыл жол ашады.
Министр А. Мұхамедиұлы: «Қазақстанға келіп сұхбат алуға ниет білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мұның бәрі мәдени қатыныстарымызды жаңа белестерге шығарады» деді.
Димаш ЭКСПО-да өнер көрсетеді деп күтілуде. Оның хас шеберлігі елдің ЭКСПО-ға деген үлкен ықыласын туғызады. Екі елдің қатынасы өте тығыз. Тереңде жатыр. Әсіресе мәдениет саласында. Ал, Димаш осынау ара-қатынасқа жан бітіріп отыр.
Сөз жоқ Димаш ең мықтылардың қатарында!
Редакциядан: Hunan Television (Hunan TV) – провинциалық спутниктік телестанция. Ол 1997 жылдың қаңтарында іске қосылған. Hunan TV - Қытай арналарының ішінде көрермені көп екінші арнаға айналып отыр. Бірінші орында - China Central Television-ға қарасты CCTV-1 арнасы.
Hunan TV Қытай Халық Республикасының едәуір бөлігін, соның ішінде Макао, Гонконг пен Тайваньді қамтып отыр. Бұл каналдың белгілері Солтүстік Америкада, Жапонияда, Австралияда және Еуропаның кейбір бөліктеріне де таратылады.
Телеканалдың басты бағыты - ойын-сауық шоулары. Соның ішінде «Бақытты лагерь», «Әке, біз қайда барамыз?», «I Am a Singer» и «Day Day Up» жобалары көрермендердің ерекше сұранысына ие.
Abai.kz