Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 10313 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 20:30

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 60 жылдығын атап өтті

Кеше М.Өтемісов атындағы Атырау облыстық драма театрында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 60 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.
Қаламыздағы іргелі оқу орны, ғылыми орталық 1950 жылдан бері жоғары білікті мамандарды даярлап келеді. Алғаш орта мектеп мұғалімдерін, ғылым қызметкерлерін дайындаған білім ордасы бүгінде заман талабына сай, экономика, заң, журналистика, туризм, ауылшаруашылығы мамандығы бойынша жоғары білім беретін көпсалалы оқу орнына айналды. Қазір де сол университет ұжымы, ұстаздар қауымы, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға қызмет етуде. Ғылыми орталықтар, зертханалар, оқыту технологиялары, қоғамдық бірлестіктер, жастар ұйымдары мен әлеуметтік бағдарламалар осы бағыттағы негізгі жұмыстарды реттейді.
Алдымен жиналғандар назарына университет тарихына арналған бейнефильм ұсынылды.
Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ оқу ордасының 60 жылдығымен құттықтап, сөз сөйледі.
Құрметті салтанатқа қатысушылар!
Университет ұжымы, студенттер!
Бүгін облыс жұртшылығының назары - Сіздерде. Үлкен мереке деп айтуға тұрарлық оқиға - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 60 жылдық мерейтойы.
Осы айтулы датамен сіздерді шын жүректен құттықтаймын!
Білім-ғылым - қоғамды дамытатын негізгі күш, оның бүгіні мен болашағы, бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі фактор.

Кеше М.Өтемісов атындағы Атырау облыстық драма театрында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 60 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.
Қаламыздағы іргелі оқу орны, ғылыми орталық 1950 жылдан бері жоғары білікті мамандарды даярлап келеді. Алғаш орта мектеп мұғалімдерін, ғылым қызметкерлерін дайындаған білім ордасы бүгінде заман талабына сай, экономика, заң, журналистика, туризм, ауылшаруашылығы мамандығы бойынша жоғары білім беретін көпсалалы оқу орнына айналды. Қазір де сол университет ұжымы, ұстаздар қауымы, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға қызмет етуде. Ғылыми орталықтар, зертханалар, оқыту технологиялары, қоғамдық бірлестіктер, жастар ұйымдары мен әлеуметтік бағдарламалар осы бағыттағы негізгі жұмыстарды реттейді.
Алдымен жиналғандар назарына университет тарихына арналған бейнефильм ұсынылды.
Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ оқу ордасының 60 жылдығымен құттықтап, сөз сөйледі.
Құрметті салтанатқа қатысушылар!
Университет ұжымы, студенттер!
Бүгін облыс жұртшылығының назары - Сіздерде. Үлкен мереке деп айтуға тұрарлық оқиға - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 60 жылдық мерейтойы.
Осы айтулы датамен сіздерді шын жүректен құттықтаймын!
Білім-ғылым - қоғамды дамытатын негізгі күш, оның бүгіні мен болашағы, бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі фактор.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтардың, әсіресе жастардың білім алу мәселесін аса маңызды міндет қылып қойып отыр. Осы арқылы Қазақстанды шикізат өндіруші емес, ақыл-ойдан туындайтын өнім өндіретін елге айналдырамыз деген болатын.
Сондықтан да бұл салаға басым назар аударылуда.
Бүгінгі күні жоғары білімнің маңызын айтып жатудың өзі артық. Бұл кезең - ақпараттар, жетік технологиялар заманы.
Айналамыздың бәрі, бүкіл өркениет осыған бейімделіп, постиндустриалдық қоғам қалыптасып келеді. Осындай ортада табысты жұмыс істеп, берекелі өмір сүру үшін білім керек. Соның ішінде экономиканың, жалпы қоғам өмірінің жоғары білім талап ететін салалары көбейіп келеді.
Бұл жерде жоғары оқу орындарының рөлі арта түспек.
Атырау облысында жоғары білім беруде бай дәстүр қалыптасқан. Соның ішінде, біздің мақтанышымыз - университет.
Өткен ғасырдың орта тұсында мұғалімдер институты болып бастау алған оқу орны - бүгінде облысымыздың жетекші, маңдайалды білім ордасы, өңіріміздің ғылыми орталығына айналды.
60 жыл ішінде университет мыңдаған адамдарға өмірге жолдама берді. Олар облыста, республикамыздың әр аумағында, тіпті шетелдерде қызмет етуде.
Оқу орнының қабырғасынан қанат қағып ұшқан түлектер ғалым, ұстаз ретінде әйгілі болып, облысымызды өркендету ісіне белсенді атсалысуда.
Осы мерекелі күні университеттің ардагерлерін, есімдері елге белгілі ғалымдар, қайраткерлер, абзал азаматтарды ризашылық сезіммен атап кетемін.
Өйткені, өнегелі білім шаңырағының бүгіні де игі істерге толы, болашағы жақсы үміт ұялатады.
Қазір университеттің ұжымында бірнеше ғылым докторы мен ғылым кандидаттары бар. Академик, профессорлар мен доценттер қызмет етуде.
Университет республиканың басқа оқу орындарымен байланыс орнатқан. Бұл - жақсы жетістік, үлкен ғылыми күш.
Қажырлы еңбек, терең ізденіспен осы жетістіктерге қол жеткізіп отырған білім ордасының ұжымы басшыларына шынайы алғысымды білдіремін!
Бай дәстүрі бар университеттің қызметі алда да жемісті болатынына сенім мол.
Бүгін - тек мерейтой ғана емес, білім саласының перспективасы, білімнің қарашаңырағы - университеттің болашағы туралы байыпты әңгіме қозғалатын алқалы жиын деп есептеймін.
Сондықтан, бірқатар толғандырып жүрген мәселелерге де тоқтала кетейін.
Соңғы 20 жылда «жоғары білім» деген атау мен шын мәніндегі білім сапасының арасында алшақтық пайда болғаны жасырын емес.
Әсіресе, аумалы-төкпелі 90-жылдары білім керегі жоқ, бар қажетіңді базарда отырып табасың деген ұғым қалыптасып, дипломның құны кетті. Қазір бұл психологиядан арылып келеміз, бірақ, көңіл алаңдатар тұстар әлі де жетерлік.
Университет, соның ішінде мемлекеттік университет - жоғары мәртебе. Бірақ, әр нәрсенің атына заты сай болуы керек.
Оқу орнының білім беру деңгейі осы талаптан шыға ма деген сұрақты қоюға өмірдің өзі мәжбүр етеді.
Бұл жерде, ең алдымен, оқу орнының түлектерінің білім сапасы, олардың еңбек нарығының сұранысына сәйкестігі туралы әңгіме қозғаймыз.
Нарық заманында қаржы аударса болды деп студент атаулыны топтап-топырлатып не болса соған оқыта беруге жол берілмеуі тиіс. Ынтасы - төмен, білімге құлқы жоқ, санда бар, сапада жоқ студенттер санын көбейтпеу керек.
Дипломы бар, алайда еңбек рыногында сұранысы жоқ, жұмыссыздар армиясын толтырудың керегі жоқ деп ойлаймын.
Мысалы, әр сала бойынша жоғары білімді мамандар қажеттілігіне талдау жүргізілуде. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының жүзеге асырылуына, жаңа мектепке дейінгі мекемелер ашылуына, сонымен қатар, оқушылар санының көбеюіне байланысты педагогикалық білімі бар мамандарға қажеттілік өсуде.
Сондай-ақ, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкелі отырмыз. Бұл кезде оқыту процесінде өзгешеліктер болады. Талап күшейеді. Міне, осы ерекшеліктер де университет бағдарламасынан көрініс табуы керек.
Ал, нақты қажеттілік тұрғысынан алғанда керек мамандықтар бойынша даярланған мамандардың саны жеткіліксіз болып отыр.
Облыста білім саласындағы кадр тапшылығын жою мақсатында өз жерімізде жылына жүздеген мұғалімдер даярланатынына қарамастан, өзге өңірлерден маман шақыртуға мәжбүр болдық.
Сонымен қатар, сұраныс жоқ заңгер, экономист, қаржыгерлер жұмыссыз жүр. Жыл сайын аталған мамандықтар бойынша 500 түлек шығарылуда. Бірақ оларды жұмысқа орналастыру пайызы төмен. Мысалы, оқуды бітірген 116 экологтың 30-ы ғана жұмысқа орналастырылды.
Жылма-жыл «аударма ісі» (ағылшын тілі) дипломымен мамандарға қажеттілік төмендеуде, өйткені қазір тек қана ағылшын тілінің маманы болу аз. Оған қоса негізгі мамандығы болуы тиіс. Еңбек рыногының сұранысы осы.
Бірақ қажеттіліктің төмен болуына қарамастан, оларды даярлаудың саны да азаймай тұр.
Ал, экономикамыз аса мұқтаж қазіргі заман талабына сай көптеген мамандықтар жетіспей отыр.
Қазір банктер, сақтандыру, консалтинг, аудиттік және инвестициялық компаниялар сияқты экономиканың жаңа секторлары пайда болды. Одан басқа халықаралық құқық, медицина ғылымы, инжиниринг, теңіз техникасы, атом өнеркәсібі, информатика, нано, биотехнология, телекоммуникация, мехатроника, мемлекеттік саясат, адам ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығын дамыту, құрылыс индустриясы құрылымдарын өркендету маңызды қадам болмақ.
Оқу орындары еңбек нарығына мониторинг жүргізіп, оқу процесін соған бейімдеу керек.
Замана талабы - білімді, жан-жақты дамыған, өзіндік ойлау қабілеті бар мамандар дайындау.
Сапалы білім алған ұрпақтың болашағы жарқын, еңсесі биік болмақ. Әйтпесе, қазір бәсеке заманында қажыр-қайрат, тынымсыз ізденіс, ынта-жігер болмаса көштен қалып қою оп-оңай.
Білім беруді осы талаптарға сәйкестендіріп және Атыраудың спецификасын есептеу керек.
Облыста әлемдік деңгейдегі компаниялар жұмыс істейді және олар кадрларға да әлемдік стандарттарға сай талаптар қояды. Сондықтан, білім процесіндегі ескі әдіс-тәсілдерден арылу қажет.
Бүгінде маман дайынду рыногінде нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жоқ.
Мектептегі оқу құралдарынан бастап, жоғары оқу материалдарына дейін шынайы өмірмен, өңір экономикасымен байланысы жоқ. Қолданыстағы методика ескі. Материалдық техникалық база, кабинет жабдықтары-социалистік жүйеден қалған мұралар.
Ғылымның сара жолын жалғастырушылар - аспиранттық корпустың интеллектуалдық деңгейінің төмендігі, дарынды жастардың өзге өңірлерге кетуі өңірдің білім, ғылым саласының дамуына өз кедергісін тигізуде.
Бізде ғылыми жаңалықтар, жаңа инновациялар мен тың идеялар, озық ойлар, жасампаз жобалар ашу ісі артта қалған.
Қазіргі кезең табиғи ресурстан ой еңбегінің жемісін сатуға ауысты. Мысалы, интеллектуалдық өнімді экспорттаудан жыл сайын АҚШ 700 миллиард доллар, Германия 530 миллиард доллар табыс тауып отыр. Аталған елдерде соның арқасында жас ғалымдар саны артып отыр.
Мысалы физик Уильям Лоуренс 25 жасында Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Біздегі ғылым жолын қуған аспиранттар, кандидаттар мен доценттер қайда? Ғылыми орталықтар жұмысы неге көрінбейді? Неге ғылыми ашылулар жоқ? Бұл - шындығында қазіргі заман талабы. Елбасының қойып отырған басты тапсырмасы.
Жақын арада қалада жаңа интеллектуалдық мектептің құрылысын бастағалы отырмыз. Бұл облыстың ғылым саласын дамытудағы басты шараның бірі болмақ.
Қанша маманды қалай дайындасам да үкімет жұмысқа орналастырады деген Кеңес заманы келмеске кетті. Сұраныс қалай - солай тапсырыс береді кәсіпорындар.
Сол тапсырысты мүлтіксіз орындау - міне, қазіргі заманғы оқу орындарының принципі осындай болуы тиіс. Әлемдегі, Қазақстандағы озық оқу орындары осы қағидатпен жұмыс істейді. Бұны берік ұстанған университет, институттар ғана білім нарығында бәсекеге түсіп, табысты бола алады.
Оқудың озық әдістері, технологиялары кеңінен қолданылуы керек. Профессорлық-оқытушы құрамның кәсіби деңгейі - шешуші фактордың бірі. Сондықтан олардың ғылыми, кәсіби тұрғыдан жетілуіне деген талап күннен-күнге күшейе түсуі тиіс.

<!--pagebreak-->
Оқыту процесі тек қана өңірлік оқу орындарында ғана емес, сондай-ақ, ең үздік әлемдік университеттермен тәжірибе алмасып, тығыз қарым-қатынаста жүргізілу керек.
Көптеген оқу орындары басқа университет, институттардан, шетелдерден ғалымдарды шақырып, дәріс оқыту, семинар, коллоквиум өткізуді тәжірибеге енгізіп отыр. Бұл да - тиімді әдіс.
Қазір Қазақстан экономикасы үшін білікті отандық кадрларды дайындау, соның ішінде жетекші салаларда шетелдіктерді отандық мамандармен алмастыру - Президент Үкіметтің, әкімдердің алдына қойып отырған стратегиялық маңызы бар міндет.
Шетелдік инвесторлар шоғырланған Атырау өңірі үшін бұның маңызы ерекше.
Қазір облыс әкімдігі - жас мамандарды жұмыспен қамту үшін қолда бар мүмкіндіктің барын жасап жатырмыз.
Соңғы жылдары жоғары оқу орнынан шыққан түлектің 90 пайызын жұмысқа орналастырдық. Соның ішінде көбі шетелдік компанияларға кірді.
Кәне, қай жерде бар бұндай көрсеткіш?
Бұл да біздің ең үлкен жетістігіміз.
Егер жас мамандардың білім деңгейі замануи стандарттарға сай келсе, алда да жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік береміз. Алайда, көп жағдайда олардың білігі төмен болып отыр.
Бұндайда шетелдік компанияларға - «неге оларды жұмысқа алмайсың?» деп кінә қоя алмаймыз.
«Білімді шетелдік маманды шығарып, орнына білімі төмен отандық кадрды ал!» деп айта алмаймыз. Біздің жас мамандар өздері білікті, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Міне, осындай жағдайда оларға толық қолдау көрсетеміз. Сондықтан, бұл мамандар дайындау бағытындағы жұмыстарды облыс әкімдігімен үйлестіріп отыру қажет. Бұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Тәрбие де тыс қалмау керек. Сіздің мекеме - жай ғана оқу орны емес, болашақ ұстаздарды дайындайтын киелі білім ордасы.
Олар, өз кезегінде жас бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие береді. Жауапкершілігі, салмағы ерекше жұмыс - сіздердікі.
Қазіргі ұстаз алдындағы шәкірт Абай, Шәкәрім, Мағжан, Пушкин, Толстойдың шығармалары түгілі, өздерін танымайтын халге жетті.
Атадан мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін халықтың фольклорлық өнер туындылары ұрпақ жадынан өшіп, ескіріп барады.
Ал, шындығында бұл философиялық толғамдар тәрбие бастауы, ұлағаттың асыл кені емес пе!
Бұның бәрі оқыту, тәрбие ісіндегі кемшін тұстар. Соны жеткізіп ұғындыратын педагогиканың олқылықтары - тәжірибенің ұшталмағандығы.
Экономикамыздың өсуі, жалпы мемлекет тұғырының мықты болуы - өз мамандығын жетік меңгерген жастарда. Бүгінгі салтанат соның куәсі.
Қазір мемлекетіміз жастар саясатына басым көңіл бөліп отыр. Ал оны жүзеге асыратын негізгі құрылымдар - оқу орындары. Міндет - өзіндік ойы, азаматтық позициясы бар, қоғамдық процестерге белсене араласатын, туған өлкесіне жанашыр көзбен қарайтын қазақстандық патриоттарды тәрбиелеу.
«Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары, кәсіби оқулар, қоғамдық жұмыстар да - жас буынды осы үрдіске тартудың тиімді құралы.
Мысалы, 2,5 мың жас маман «Жастар тәжірибесі» жобасына қатысып, нәтижесінде 30 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл тек атқарушы органның жүргізген жұмысының бір бөлігі ғана.
Алайда, жастар мәселесінде көңіл аударарлық тұстар бар.
Қазір бүкіл елімізде жастардың, балалардың сырттан келген дәстүрлі емес діни ағымдарға еріп кетуі белең алды. Бұндай құбылыс біздің жергілікті жастар арасында да орын алып отыр.
Әрине, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі дінді ұстанып, имандылыққа бет бұрса, ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, ниеті теріс, пиғылы өзге діндердің сүттей ұйып отырған тұрғындар арасына іріткі салуына жол жоқ!
Бұл бағытта барлық қатаң шаралар алынатын болады. Сондықтан университет ұжымы да осы мәселемен дұрыстап айналысуы керек.
Сондай-ақ, жастар арасында қылмыс саны, заң бұзушылық өсіп отырғаны ешкімге жасырын емес.
Шындығында көптеген жастарымыз тұрмыстағы қарапайым қолданылатын заң нормативтерін, өз құқықтарын білмейді, сауатсыз.
Содан соң өмірде қиыншылықтарға тап болып жатады. Бұл да жалпы білім берудегі ақсап жатырған тұстарымыз.
Одан басқа ішімдікке салыну, нашақорлық, басқа да теріс әрекеттер қоғамның ауыр дертіне айналды.
Жастар - қоғамдағы қозғаушы күш. Сөз жоқ, кез - келген мемлекеттің реформаларының сәтті жүргізілуі жастардың белсенді араласуының арқасында ғана мүмкін болады.
Ақиқатын айтар болсақ, біздің жастарда, жалпы көпшілік арасында қоғамдық өмірге араласуға белсенділік, жанашырлық, құлшыныс, азаматтық бастамалар жетпей жатады. Бүгін біз бастаған жұмыстарды жалғастырып әкететін сіздер!
Қазір «сен тимесең, мен тимен» деп, сырттан бақылап отыратын кердең заман емес. Осы жердің әр тасына жанашырлық таныту, айналадағы қоғамдық саяси өмірге белсене араласу, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу, туған өлкенің патриоты ретінде тамшыдай болса да өз үлесіңді қосу әр тұрғынның парызы болуы тиіс.
Әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Мхатма Гандидің «Дүниені өзгерту үшін өзіміз өзгеруіміз қажет» деген ойлы сөзі бар. Өркениетті елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру, өзің өскен ортаны, аймақты өркендету мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастау керек.
Жастарға айтарым: бүгінде бар жағдайды пайдаланып, енжарлыққа бой бермей, терең білім алу, ғылыми жаңалықтарға, инновация, жаңа идеяларды ашуға жұмыстану - замана талабы.
Елдің ертеңі - білім мен ғылымда десек, Сіздердің терең білім алуларыңыз үшін жергілікті жерде барлық жағдайлар жасалынуда.
Бүгінде облыстағы және басқа өңірлердегі жоғары оқу орындарында, колледждерде оқитын 2000-ға жуық аз қамтылған, мұқтаж отбасыларының студенттеріне оқу ақысын төлеп, көмек көрсетіп отырмыз және бұл одан әрі тұрақты түрде жалғасатын болады.
Сонымен қатар, мектепті озат бітіріп, оқуға түсуге жағдайы жоқ отбасы балаларына облыс әкімінің гранты тағайындалып, қазір осы жеңілдік бойынша 220 студент білім алуда.
Және оқу орнынан жаңа шыққан жастарға үлкен мүмкіндік тек қана Атырау облысында ғана көрсетіліп отыр. Соны пайдалана біліңіздер.
Сіздердің жақсы тұрмыс кешіп, өмір сүрулеріңіз, еңбек етулеріңіз үшін бүгін облыста барлық мүмкіндік бар. Өңірде соңғы жылдары ірі-ірі жобалар жүзеге асты. Көптеген әлеуметтік маңызды нысандар, ғимараттар мен құрылыстар салынды. Әлі қаншасы жүріп жатыр? Алдағы жоспарларымыз бұдан да зор. Осының бәрі Сіздер үшін, болашақ ұрпақ үшін!
Ендеше, жалынды жастарға жүктелетін міндет те үлкен. «Жастар - болашақтың иесі» деп Сіздерден үлкен үміт күтеміз.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Білім - қоғамның бәсекелестігінің шешуші факторы. Облыс әкімдігі білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз, оны білесіздер. Атырау облысында соңғы 4 жылда аталған мәселе сырт қалған емес. Бұл саланы басым бағытта ұстап, бар жағдайды жасап жатырмыз.
Биыл облыста жыл аяғына дейін 40 білім беру нысандарының құрылысы аяқталады. Білім сапасы өсіп келеді. Облыс жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Мұғалімдердің, оқытушылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту, тұрғын үймен қамтуда облыста бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар атқарылып, үлкен бетбұрыс жасалды.
Өздерің сияқты күні кеше университет қабырғасынан шығып, ауыл мектебінің беделін көтеруге селолық жерге жұмысқа барған жас педагог мамандарға көрсетіліп отырған жеңілдіктер мен қолдаулардың маңызы үлкен. Бұндай көмек, жеңілдік еш жерде жоқ.
Осы қолдаудан Атырау университеті де қалыс қалып отырған жоқ. Әкімшілік тарапынан білім ордасына, қызметкерлеріне көмек көрсетіліп отыр.
Осы бағытта ректордың ұсыныстары бар. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, пәтері бар, жері бар, басқа да керегі бар - барлық әлеуметтік қолдаулар көрсетілетін болады.
Бірақ қарымтасы да болуы керек.
Терең білім алған, жаңашыл идеялармен қаруланған, Президентіміздің саясатын, еліміздің даму стратегиясын жүзеге асыра алатын білікті, жігерлі жас мамандарды күтеміз университеттен.
Бұл - сіздің оқу орнының перспективасы және жаңа мүмкіндіктері.
Көкірегі ояу, көзі ашық зиялылар бас қосқан бұндай жиындар алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Осы шараны дәстүрге ендіріп, тоқсан сайын алдарыңызға келіп, әкімшіліктің жастармен арадағы қарым-қатынасын нығайту, қарама-қайшылықтарды шешу жолдары, жастардың қоғамдағы рөлі және олардың белсенділігін арттыру, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарушы органдардың атқарып жатырған жұмыстары, жалпы облыстың тыныс-тіршілігі, жергілікті билік пен өкілетті органдардың байланысы, жастар тәжірибесі туралы сөз қозғап, баяндама жасайтын боламын.
Бұндай кездесулер, ашық пікір бөлісулер арқылы облыстағы, бүкіл еліміздегі болып жатқан процестерден, жаңалықтардан, қоғамдық-саяси өмірден құлағдар болып, жан-жақты танысуына жол ашады және жастарды болашақ істерге құлшындырып, азаматтық жауапкершіліктерін, белсенділігін арттырады.
Құрметті салтанатқа қатысушылар!
Жауапты да абыройлы істе университет ұжымына тың серпін, толайым табыстар тілеймін.
Мерейтойларыңыз құтты болсын! Баяндамадан соң облыс басшысы университеттің бір топ ұстазын Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты Қайрат Ищанов Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Алтай Қазмағанбетовке Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс ете отырып, мерейлі мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Ал, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты, Гурьев педагогикалық институтының түлегі Сәрсенбай Еңсегенов студенттік шақтағы қызықты сәттерін еске түсіріп сөз сөйледі.
-Мен университет түлегі ретінде өз сезімімді жеткізгім келеді. Қазір университет өмірінен дайындалған фильмді көріп отырып, бір кездері емтихан тапсырып студент атанған кездер, жатақханадағы бірде тоқ, бірде аш жүрген күндер, оқу орнын сәтті аяқтап, өмірге қанат қаққан сәттер есіме түсіп отыр. Сондай бір қайталанбас қимас шақта тай-құлындай тебіскен достарым - бүгінде басшылық қызметте жүрген ел азаматтары. Мен бізге білім беріп, жанымызды жақсылыққа баулыған университеттің барша ұстаздарына шәкірттік ізетпен басымды иемін. Ұстаздық жолындағы өлшеусіз еңбектеріңіз тек қана шығармашылық ізденіске толы болсын! Табыс тілеймін!-деді Сәрсенбай Құрманұлы. Бұдан соң университет ректоры Алтай Қазмағанбетов құрылғанына 60 жыл толған білім ордасының кешегісі мен бүгініне баға беріп, баяндама жасады.
Университет қызметкерлерін марапаттау рәсімінде ректор, профессор Алтай Ғабдрахманұлы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісімен Майра Ғилаева, Роза Әлжанова, Марта Қорқытованы, ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР-ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен Балқаш Тыныбаев, Тамара Қаражігітова, Мұхит Дүйсеғалиевті марапаттады. Сондай-ақ, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» белгісімен Бақтыбек Таубаев, Элизавета Ковалева, Бөпежан Иманғалиева, Зәуреш Қазмағанбет, Бекет Кенжеғұлов, Нина Самойлова ұлығыланды.
Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткен табыстары мен оның гүлденуіне қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және 10 мың теңге мөлшерінде ақшалай сыйлыққа Ержан Әбділдаев, Данагүл Жайлаубаева, Айман Тілеуғалиева, Жұмагүл Абдрахманова, Слухия Төлегенова ие болды.
Марапаттау рәсімінен соң салтанатты жиналыс университет ұжымының мерекелік концертіне ұласты. Сонымен қатар, жиынға келгендер театр фойесіне қойылған ұстаздардың ғылыми еңбектері мен студенттердің шығармашылық жұмысы қойылған көрмені тамашалады.
Айтулы оқу ордасының 60 жылдығына байланысты шараның бірі бүгін Х. Досмұхамедов атындағы университеттің акт залында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды.

А.БАҚТЫГЕРЕЙҚЫЗЫ.

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320