Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2411 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 14:09

Көк бөрiнiң шерi

Талдықорғанның шыны көк аспанын әрлi-берлi шарлаған алақандай ақ мақта бұлт күлiп тұрып, еркелеп жылай салатын бала сияқты демде дымқылданып, баданадай маржан тамшыларын төгiп  жiбердi. Қаланың жүргiншiсi аз көшесiнде жалғыз өзiм келе жатқанмын. Жүгiрiп барып таяу маңдағы теректiң түбiне тығылдым. Қарасам, үстi-басы малмаңдай су болған өңi бөтен бiр жiгiт мен тұрған терекке қарай жедел басып келедi екен. Бiрден аңғарғаным, бейтаныстың бойында бiздiң қаланың тұрғындарына мүлдем ұқсамайтын қағiлездiк, сергектiк байқалады. Түбiнен бастап толқындана төгiлген шашы мен сәндеп қойған сұлу мұрты бұл адамның табиғатына үлкен зиялылық пен биiк мәдениет дарығанын да әйгiлеп тұрды. Еш ойланбастан «дәу де болса осы Жүкел шығар» дедiм iшiмнен. Облыстық «Жерұйық» газетiнен сойы бөлек, жазуы сойқан автордың аты-жөнi оқырманның көзiне жиi түсiп жүрген. Жүкел Хамай. Түйсiгiм алдамапты – талдың жапырағын жамылған «тағдырласым» соның өзi болып шықты. Жақын танысып, бiлiспестен бұрын ә дегендегi әңгiмемiз де қызық: Әуезовтен басталды. «Бiрiншi роман керемет, – дедi ол. – Тұтас қазақ әлемi бар. Көш қандай? Дала қандай? Айлы түндегi алтыбақан құрған жастар қандай? Жаңа ғана жаныңда болып тұрып, бел асып кеткен секiлдi».

«Абай жолының» алғашқы романындағы оқиғалар мен суреттердi «таңдайына салып» тамсанған оның жүрегiнде ұлы сағыныштың салқар көшi ауып барады екен: «Ол дәурен ендi оралмайды ғой» дедi күрсiнiп.
Содан берi Жүкеңнен хабар үзген емеспiз. Милә дейтiн миы ашыған шолақ етек белсендiсi бар жатақханада да бiрге тұрдық. Жүкел Хамайды жақынырақ тануыма сеп болған да әлгi Милә мен әлгi жатақхана.
Жүкел ойға мырза, оқуға «обыр» жан екен. Түркi тарихы турасында түртiнгеннiң бәрiн бiледi. Еуропа мен Ресей сионтологтарын қашан, қай уақта жүрiп оқып алғанын кiм бiлсiн, кез келгенiнiң атын атап, түсiн түстеу оған түк емес. Атап, түстеп қана қоймайды, сынайды, кем-кетiгiн айтады. Қайсыбiрiн мүлдем жоққа шығарады. Алтын Орда хандарының соңғы тұяғы Ахметтiң ұрпағы, жиен апамыз Анна Ахматованың ұлы Лев Гумилевтi де Жүкең қатардағы түркiтанушылардың бiрiне санайды. Бiз дауласамыз.  Дауласамыз, бiрақ ақырында Гумилевтi қайтадан, дұрыстап оқу қажеттiгiне мойын ұсынамыз. «Бұл Жүкел осынша мол бiлiмдi қайдан жиған?» деп әредiк өзiме сауал тастайтынмын. Сөйтсек, Жүкел көне ғасырлар сырын моңғолдың салқам даласынан ұғып, Тоныкөк пен Күлтегiн бабадан «дәрiс оқып», Алматыға дайын келген қоржыны тоқ қаламгер екен. «Дәрiс оқып» дегендi бекер айтып отырмаған сияқтымыз. Iлкiдегi сыр сұхбатымызда Жүкең 30 жасқа толған күнiнде Тоныкөк бабаның басына бiр топ iнi-бауыр, ағаларымен әдейi ырымдап барып, бiтiк жазудан «Бiлге Тұнықұқ бен өзүм табғаш елiне қылынтым....» деп басталатын жолдарды танып, бiр уыс тас үгiндi алып қайтқанын әңгiме етiп едi. Сол үгiндiнi ол бойтұмарына түйiп сақтап жүр.
Жүкел – әуел баста моңғол тiлiнде жазған ақын. «Моңғолдардың Олжасы Жүкең болды» деп ақтарылады Байөлкеден олжалы оралған жiгiттердiң бiрi Ақедiл Тойшанұлы.  Жүкел Хамай Алматыға келiп ат басын тiреген соң  да мұндағы «азуын айға бiлеген», «көкiрегi аяққаптай» алты жүз жазушының арасына сiңiп, жұтылып кеткен жоқ. Керiсiнше, өр Алтайдың арда туған арқарындай кегжиiп, жан пенденi бойына шақ көрмей, Құнанбай баласы Ибраһиммен, Жұмабайұлы Мағжанмен, Айбергеннiң Төлегенiмен, Жұмакенмен, Мұқағалимен, Жұматаймен, Тыныштықбекпен ғана «мәслихат құрып» саяқсып жүрiп алды. Өзiнiң осы достары туралы циклдi эсселер жазды. Олардың поэзиясын дзэн-буддистiк таным тұрғысынан мүлдем жаңаша талдады. Бүгiнгiнiң кейбiр қызылкөз сыншылары үшiн ескерте кеткенiмiз артық болмас, Жүкел қазақ поэзиясының шоқ жұлдыздарынан буддашыл ақын жасауға ұмтылмады, алайда  ғарыштық сана тудыратын қазақтың өлең сөзiндегi қисапсыз кереметтердi ашты, сын өнерiн баянды белге көтердi. Сынға соны леп әкелдi. Сосын моңғолшасын ана тiлiне аударып, өлеңге көштi. Жүкелдiң өлеңдерi де бiртүрлi көрiндi. «Әй, Жүкел, сен моңғолшаны ғой бiраз жерге апардың, ендi өлеңдерiңдi қазақша жаз» деп оған әзiлге сүйеп ақыл айтатындар да сол кезде табыла кеттi. Ақылман ағаның «қазақша жаз» дегенi «мына бiзше жаз» дегенi болса керек. Әйткенмен де, Жүкел «қазақша» жаза алмады, өз соқпағымен тарта бердi. Себебi, Жүкелде өзi таңдап түскен соқпақтан өзге таңдаудың, өзге жолдың болуы мүмкiн емес. Жүкел поэзиясы – жыраулар дәстүрiнiң жаңаша өрiс тапқан жалғасы. Жүкел поэзиясында қобыз сарыны бар. Оның өлеңдерiнен кейде iшi толып ұлыған көк бөрiнiң шерi естiледi. Сондықтан Жүкел шығармашылығына қатысты бiлгенiңдi малталап, бiрдеңе деу қиянат.
Жүкел Хамайдың қазақ әдебиетiне өлшеусiз сiңiрген бiр еңбегi – аудармалары. Ол Талдықорғанда тас қабырғалы пәтердiң iшiнде отырып, Абайды моңғол жұртымен табыстырды. Мұхтар Әуезовтi, Мағжанды, Төлегендердi моңғол тiлiнде сөйлеттi. Шыңғыс қаған мен оның әулетi билiк құрып, көшпендi тайпалардың басын құраған заманның шежiресiн хатқа түсiрген «Алтын тобчының» жалғыз өзi ғылыми түсiнiктемесiн жасап аударып шықты. Махамбеттi тәржiмалады. Қорғасыннан ерiп қағазға құйылған сөз-таңбаны өшiре алмайсың ғой. Ер Махаңның 200 жылдық тойының қарсаңында тойды ұйымдастырып өткiзушiлердiң бiрi  Қойшығұл Жылқышиев: «Иманғали Тасмағамбетов «Махамбеттi моңғол тiлiне аударса» деп едi» деген сыңайда сөйлеп, Алматыдағы газеттердiң бiрiне сұхбат берген едi. Бiз ерiксiз таң қалдық: оу, Махамбеттi Жүкел моңғолша аударып қойды емес пе деп. Әрине, мемлекеттiк қызметтiң қат-қабат шаруасымен жүрген Имекеңнiң әдебиетшiлер ауылы не iстеп, не тындырып жатқанынан толық хабары болмауы мүмкiн. Ал сонда Қойшы ағамдiкi не... Қойшы, әйтеуiр той өттi, думан тарқады, қызық басылды. Жүкелдiң Махамбетi Шыңғыс қағанның көне жұртына жеттi. Мiне, осы үлкен абырой болды. Махамбеттi марқұм Ғалымжан Мұқанов француз тiлiне аударды. Аударма үстiнде аяулы аға көп азап шектi. Тұрмыс тауқыметiн де тартты. Аяққа түскен қанды iрiң жанын жегiдей жедi. Ал өз жанын өзi аямайтын Жүкел болса, жүрек дертiне шалдықты. Қазiр ол Талдықорған қаласында бұйығы тiрлiк кешiп жатыр. Бала-шағаға шай қатық болатын ыңғайлы жұмыс та табылмай жүрген көрiнедi.
– Мен де кетем өмiрден,
Тыраулап қайтқан тырнадай, – дептi Жүкел рухтас ағасы Жұмекен Нәжiмеденов дүниеден озғанда. 
Ақынның рухын бүгiн жылтырап, ертең тозатын дүние шiркiн сындырмасын. Оның қажырлы еңбегi Атажұртында лайықты бағасын иеленуi керек.  Саңлақтың бәйгесiн сайтан сарнап алған мына заманда бiз оны  жоғалтпауға тиiспiз... Жасы да жер ортасына таяпты. Жүкел Хамай – елуге келдi.

Дәурен Қуат, 2008 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478