Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Тамыр 10817 18 пікір 31 Тамыз, 2017 сағат 11:33

Елің кім?..

 

Елің кім?
Мен осы сұрақты әлі күнге дейін түсінбеймін.
Болған жайт. Жыл сайын Кеңес әскерінің қатарында болған достар бильярдтан жарыс өткіземіз. Ауыспалы кубогымыз да бар. Оншақты жыл бұрын, балалар кішкентай ол кезде, ұлдарды бірге алып келеміз деп шештік. Көрсін әкелерінің бос уақытта немен айналысатынын? Жиналдық. Бірқыдыру елміз. Қазір дәу жігіт болып кеткен ұлдардың ол кезде столдан басы ғана қылтиятын. Менің ұлым бильярд столына қолы жетпесе де, тыраштанып бірдеңе істеп жүрген. Бір уақытта алыс достардың бірі келіп ұлымды әңгімеге тартты:
- Елің кім?
- Қазақпын.
- Жоқ, елің кім деймін?
- Қазақстан.
- Елің кім, руың кім, қай жүзсің деймін?
Ұлым маған қарады:
- Папа, ол не?-деді. Мен жай ғана:
- Дұрыс, балам, елің де, руың да - Қазақстан сенің,-дедім. Содан соң әлгі досыма:
- Баланың басын қатырма. Білмейді ол руды да, жүзді де. Мен ұлыма ру мен жүзді үйретпеймін. Уақыты жеткенде өзі біле жатар. Мен оған қазақсың деп қана үйретемін.
Досым маған ренжіп сала берді:
- Пәлі, мен сені біраз нәрсені біледі деп жүрсем? Руы мен жүзін білмей қалай қазақ болады ол? "У ішсең руыңмен" демей ме? Баланы бастан. Дұрыс емес мынауың,-деп күбірлеп кетіп қалды. Біреудің пікірін көңілге алатын адам мен емес, назар аударған жоқпын. Бильярдты соғып жатырмыз. Бір сағаттан кейін әлгі досым қасыма қайта келді. Қайта келді де бүкіл залға естіртіп былай деді:
- Мен бағанадан бері ойландым. Сенікі дұрыс екен, Серік. Қазақ баласынан "елің кім?" деп қазбалағанда не ұтамыз осы? Басқа елі бар болса, оның несі қазақ сонда? Бір қазақты елге бөліп бөлшектегенде ұтарымыз қайсы? Ру емес, біз қазақ деген бір бүтін елміз ғой біз. Ру айтылған жерде бүтіндік жоқ. Бәрібір - құрама. Құрама - ыдырайтын дүние. Ал, ұлт - тұтас, бір, құйма деген сөз. Сондықтан сенікі дұрыс. Мен де ұлымды солай үйретемін енді.
-Әрине, солай,- дедім. Басқа не айтуым керек еді? Әлде, ұлттық бірлік туралы әңгіме қозғауым керек пе еді? Бізден басқа елдерде "ұлттық бірлік" деп елдегі саяси күштер мен ұлттардың бірлігін, мемлекеттің тұтастығын айтады. Біз қазақ руларының ауызбіршілігін "ұлттық бірлік" деп түсінеміз. Яғни, өзгелер құсап ел мен жерге иелік етуді емес, алдымен өзіміз басымызды құрап алайықшы деп алақан жайғызған шарасыздықты меңзейміз. Қазақтың ұлттық бірлігіне байланысты соңғы естіген "жаңалығым": бір үлкен рудың ақсақалдары жиылып, облыс әкіміне барыпты. Сұрағы мен талабы: "Біздің рудан неге басшы қоймайсың? Енді басшы қоймайтын болсаң, біз сенімен ренжісеміз" болыпты. "Ұлттық бірліктің" қазақша критерийлерінің бірі - осы. Қазақтың ұлан-ғайыр даласы мен кең пейіл еліне иелік етуді айтамыз, қайда оған, бір сайлау болса, алдымен "елі кім екен?" деп ру сұрай бастайтынымыз анық қой. Ұлттық бірлік. Өзге ұлттарды бауырымызға тартып жол көрсету, ықтырып ықпалда ұстау - алыс бізге. Ядролық қару ұстамайтын мемлекет ретінде ядролық зымырандардан бас тартқанымыз қаншалықты дұрыс болған десеңізші! Әйтпегенде.... ұлттық бірлік қайда? Онда, ядролық қарудың құлағына таласар ма едік? Сонымен, елің кім бауырым?

Серік Жанболат

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1527
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3310
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5939