Өзбек журналисі Абдуллаевқа билікті күшпен тартып алмақ болды деген айып тағылды
Тергеу ісінің алдын ала қорытындысы бойынша өзбек журналисі Бобомурод Абдуллаевқа интернетке Усман Хакназаров деген бүркеншік атпен мақала жазу арқылы, қазіргі билікті тартып алмақ болды деген айып тағылған.
1 қазанда Ташкент аудандық соты журналисті он күнге қамау туралы шешім шығарған. Осы аралықта оған қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу материалдарына қарағанда, "Өзбекстанның халықтық қозғалысы" атынан Абдуллаев қозғалыс жетекшісі Мұхаммад Салихтың нұсқауымен 2011 жылдан бері интернетке мақала жариялау арқылы Өзбекстанның конституциялық құрылымын құлатпақ болды делінген.
44 жастағы тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаев Ташкентте 27 қыркүйекте ұсталды. Бастапқыда ол ұрлықпен айналысты деген күдікке ілінген. Бірнеше күн өткеннен кейін, оған Конституциялық құрылымды құлатып, билікті күшпен тартып алмақ болды деген айып тағылды.
Abai.kz