Қытайда өлім жазасына кесілген Қазақстан азаматы елге оралды
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовтың Facebook-те жазуына қарағанда, Қытайда есірткі заттары контрабандасымен айналысты деп айыпталып, өлім жазасына кесілген Қазақстан азаматы елге қайтарылған.
Ақмола облысының 1989 жылы туған тұрғыны Қытайдың Үрімжі қаласынан этаппен жеткізілген.
Қазақстан бас прокуратурасы Қытайда сотталған қазақстандық жазасын өз елінде өтейтінін хабарлады.
Жайнақовтың ақпаратына қарағанда, қазақстандық азамат 2009 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталып, өлім жазасына кесілген. Бірақ өлім жазасын орындау екі жылға шегеріліп, 2011 жылы ол жаза өмір бойына бас бостндығынан айыру жазасымен алмастырылған.
Сотталушыны еліне қайтару процесімен Қытайдағы Қазақстан елшілігі, бас прокуратура мен Қытайдың әділет министрлігі айналысқан.
СІМ мәліметі бойынша, биыл Қазақстанға Қытайда сотталған бұдан өзге төрт қазақстандық, ал 2015 жылдың тамызынан бері барлығы 15 сотталған азамат қайтарылған.
Abai.kz