Сенбі, 23 Қараша 2024
Тұлға 11430 7 пікір 21 Желтоқсан, 2017 сағат 11:58

Қайдасың, қасқа құлыным?

Ол кезде Алматыдағы жұрттың бәрі театрдан қалмайтын... Оқушылар мен студенттерді былай қойғанда зиялы қауым театрдан шықпайтын... Бұл  аты әлемге әйгілі КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің дүрілдеп тұрған кезі. Дәл осы уақытта жас режиссер Қадыр Жетпісбаев М.Әуезов атындағы театрда  жас драматург Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің» спектаклін сахнаға шығарды. Басты рөлде Құман... Құман Тастанбеков... Өзімізге белгілі әйгілі «Қыз-Жібек» фильміндегі Төлеген... Ол кезеңдерде театрға кірудің өзі қып-қызыл азап... Бірақ театр факультетінің студенттеріне билетсіз кіруге рұқсат... Алайда премьераларда орын болмаса, жібермейді... Дей тұрғанмен есік алдындағы апайлар жүзіміз таныс боп қалғандықтан көбінде жіберіп тұратын. Өйткені біз театр факультетінің студенттеріміз...

Құман – Оралхан – Қадыр... Үш таған. Үшеуі де жап-жас.... Үшеуі де қатарлас... Үшеуі де сымбатты... Үшеуі де талант... Үшеуі де қазақ руханиятына, қазақ мәдениетіне енді кірген жас тұлпарлар. Бұл керемет қойылған спектакль еді. Әсіресе, басты Жан рөліндегі Құман Тастанбеков. Ұзын бойлы, қияқтай қара мұрт өзіне жараса қалған, бота көз, аққұба сұлу жігіт! Қолында гитарасы бар қолаң шашты ұзын бойлы кербез жігіт  сахнаға шыға келгенде залдағы қыз-келіншек тұрмақ, ер-азаматтардың өзі сахнадан көз алмайтын... Қызыға да, қызғана да қарайтын... Өзіне жарасқан қоңыр даусы, оның сахнадағы жүрісі, тұрысы француздың Ален Делонын амалсыз еске түсіреді... Болмаса италияндық Марчелло Мастроянни қазақ боп кеткендей... Ашаршылық пен репрессиядан соң атылып-асылып, тоз-тоз болған қазақ халқының зиялы қауымы, әсіресе Сәкен Сейфуллин, Шахан Мусиндердей сұлу да сымбатты, ақылына көркі сай азаматтардан соң... Қазақта сұлу жігіттер азайған шақта өмірге Құмандар келген. Ел барын, халық барын, қазақта да сымбатты жігіттердің өнерге келгені өзге жұртты амалсыз мойындатқан... Құман сұлу еді... Құман текті еді... Ол Талдықорған облысы Сарқан ауданындағы Покатиловка (қазіргі Екіағаш) ауылында туған... Гитара, гармонда еркін ойнайды...

Екі аша ауылы Жоңғар Алатауының бір сілемі – Марқа тауының етегінде. Бір жағы үлкен Басқанның, бір жағы кіші Басқанның, арғы шеті Аманбұлақ өзенінің маңында орналасқан. Жазғы күнгі табиғаты – көздің жауын алатын, қараса көз тоймайтын кішкентай ғана ауыл... Кейде адамдардың көркі туған жерге тартып тұратын сияқты... Құманның туған жері де өзі де осындай әдемі жерлердің бірі-тін...

Қазақ киносының інжу-маржанына айналған Сұлтан Қожықовтың «Қыз-Жібек» фильмі әлі күнге көгілдір экраннан түскен жоқ. «Қыз-Жібек» - бір емес, бірнеше буынды тәрбиелеген кино. Ондағы Қыз-Жібек пен Төлегеннің махаббаты экранда эпостан да әдемі бейнеленген. Бұл фильм ұлылардың бас қосқан шығармасы еді. «Қыз Жібек» қазақ халқының эпосы болса  – оны өңдеген ұлы Ғабит Мүсірепов. Режиссері – Сұлтан Қожықов, композиторы – ұлы Нұрғиса және Меруерт пен Құман, Асанәлі. Төлеген-Құман қыздар түгіл, бойшаң да бойсыз бозбала, талабы таудай жігіттерге үлгі болды... Құманға еліктеп мұрт қою, жымиып күлу, мейірленіп жалт қарау – қазақ жігіттерінің еліктейтін -  сұлулықтың эталоны болды. Фильмнің басында Сырлыбайдың ауылына келгенде Төлеген өзінің кісі екенін, азамат екенін көрсетеді. Қыз іздеген мырза жігіт «Ел шауып» келу үшін емес, «елдестірмек – елшіден» деп келген сәті. Жайықтың көсілген жағасы. Анадайдан айдыны алыстан көзге ұрған, жайылып аққан, жайнаңдап аққан – Жайық өзені... Сырлыбайдың қасында нөкерлері. Бұла күші бойына сыймай, қайнаған самауырдай екі иығы селкілдеп, сабасына түсе алмай тұрған Бекежан. Тұрысы да, жүрісі де, өзі де, сөзі де тым ірі. Асқақтай сөйлейді. Адуындап сөйлейді. Осы кезде Төлеген сөз бастаған.

- «Алдияр, Ақжайықтың қырғынын көргенім жоқ. Шақырған болсаң, естігем жоқ. Өз бетіммен жолаушы келіп едім. Бірақ естіген болсам, келер ме едім, келмес пе едім... Келсем, «кең далаға сен де сиясың, сен де сиясың, сендер де сиясыңдар» - деп айтпасам, келмей қалар едім. Жағалбайлының айыбы қанды қырғынға келе алмай қалғандығы болса, оған да бір себеп бар шығар. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе мынада. Болмашыға өзді-өзіміз қырылысып жатқанда, жұрт көз бізді бақпай ма екен? Қансыраған елімізге қызықпай ма екен? Қысық көзді, қиғаш қабақ көршің отыр бүйіріңде. Тістесе-тістесе бақсының құмалағындай шашылып кеткен еліміз бар. Күннің шығысынан батысына дейін созылған ұлан-байтақ жеріміз бар. Сыймай жүрсек екен-ау...  Сыйыса алмай жүрміз ғой... Менің сізге ең алдымен айтпағым осы еді».

Көзінен от шашқан, елдің бірлігі үшін тістене де тік қарап, ашумен емес, айбарланып айтқан. Айқаймен емес, айбаттанып айтқан. Әрбір сөзі – мірдің оғындай, қара сөз емес, өлең жолдары іспетті. Сары майдан – қыл суырған сияқты. Жас жігіттің жастығына емес, ақылына сай көркіне емес – көрегендігіне, ездікті емес,  елдікті айтқан... жүрегіндегі жалынын айтқан... Жүрісін қойшы - аттаған адымына айызың қанады. Сөйлеп тұр...  «Болмашыға өзді-өзіміз...». Міне осы кезде Төлеген кідірген... Тосылып қалған... Тоқтап қалған... Тоқтағаны – тосын жәйт еді. Жас жігіттің сұлуға сүрінген сәті-тін... Төлеген-Құман осы сәтте экрандағы Жібекке ғана емес, жалындаған жүректерге шоқ салған... Есалаңдау әпербақан, жылтыраған қыз көрсе – жалп етіп құлай салатын көп етікті емес... Елдіктің де, Ерліктің де бағасын білетін, нарқын түсінетін қазақ деген қаймана халықтың қамын жейтін – азамат тұлғаның сөзі. Арданың  ақылы...

Құман Төлегенді осылай сомдады. Алғаш рет «Қазақфильмде» «Қыз-Жібектің» түсірілімін көркемдік кеңесте талқылағанда көбісі Құманға сенімсіздік танытты... Сенбеді... «Сенген қойым – сен болсаң, ауызыңды ...» дегендер де аз болған жоқ... Алайда режиссер Сұлтан Қожықов айтқанынан қайтқан жоқ... Бұл сөз Құманға да жетті. Жас актер үнсіз құлазыды, қиналды, қынжылды, күрсінді, күңіренді... Сосын өзін-өзі қамшылаған... қайраған... Сценарийді қайта-қайта қарап ұзақ түнді ұйқысыз атырған. Сосын бойындағы барын салды. Бойындағы бар дарынын салды. Сұлтан ағасы Құманға күн өткен сайын қуанымен болды.

Егер «Қыз-Жібек» - лирикалық эпос болса, фильм – сол деңгейден шыққан кино туындысы. Төлеген – кісі өлтіріп, қан майданда қол бастаған батыр емес. Төлеген – ең алдымен сұлулыққа ғашық болған, інжудей қызға іңкәр болған, тау бұлағындай тазалық пен мөлдір махаббатқа шөлдеген, шөлдеген де сусыны қанбай, мына опасыз өмірге сыймай кеткен, сұлуын қимай кеткен кейіпкер...

Бұл Жозеф Бедьенің «Тристан мен Изольдадағы» - Тристан, шығыс әдебиетіндегі «Ләйлі-Мәжнүндегі» - Мәжнүн... махаббатының күйігіне шыдамай есі ауысқан, есалаң күй кешкен сол кейіпкердей... Лирикалық персонаж... Құман - Төлегеннің әлгілерден айырмасы – Ел болашағын ойлаған, «қысық көз, қиғаш қабақ көршінің бүйірде отырғанын» есте ұстайтын елінің ұланы... Құман қазақтың есінде осымен қалды... Ол осымен қадірлі, қастерлі...

Өткен айда ғана ол Меруерт екеуі Астанадағы тойға келді. Қыз-Жібек пен Төлегендей екеуі жас жұбайларға жақсылық, махаббат, тазалық, тектілік тіледі. Сол тойда өзіне ғана жарасқан әдемі күлкісімен арқа-жарқа болып, ел-жұртпен құшақтаса амандасып, мені де қайта-қайта сүйген. Ол аздай мен кетіп бара жатқанда, «Талғатжан, келші екеуіміз бірге суретке түсейік» деген...

Білмедім... біле алмадым... Бұл сонда анық қоштасуы ма еді... Түсінбедім...

Құман ұстазы Хадиша Бөкеевадан оқыды. Дәріс алды. Сұлтан Қожықов ағасынан үйренді. Болат Шәмшиевтей байкесінің ақылынан «байып» жүруші еді. Қазақ көрермені көп біле бермейтін «Махаббат жаңғырығында» ол басты рөлде – Нұрбекке түскен. Әйгілі Тәттібибі Тұрсынбаевамен партнер болды. Және осы фильмдегі трюктарды өзі жасаған... Онда талантты сазгер, өмірден ерте кеткен Асанқали Керімбаевтің әні бар.

Бар әлемнен тығылсам да ықтанып,

Ботадайын көздеріңе сұқтанып.

Бақытымдай минут сайын сені іздейім,

Баққан ізің басқалардан қызғанып.

Иә, Құман осылай болатын... Қыз-Жібегін құлай сүйген Төлегендей Құман да Меруертті өте сүйді, өбе сүйді, өле сүйді... Басқан ізін басқалардан қызғана сүйді. Бірақ... Құман текті еді... Қызыққанын да, қызғанғанын да ешкімге көрсетпейтін.

Құманның ойнаған ұзын-сонар актерлік биографиясындағы тағы бір роль – ол Абдолла Қарсақбаевтың «Менің ағам» фильміндегі – Ғани образы. Ғани Мұратбаев -  әлі күнге өзінің бағасын толыққанды ала алмаған тұлға. Бар болғаны 23-ақ жастағы жалынды жігіт өзінің азғантай өмірін туған еліне, туысқан Республикалардағы ағайынға арнаған... Абдолла Қарсақбаев Леонард Толстойдың осы аттас сценарийі бойынша түсірген фильм - кезінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген кино. Мұнда қажырлы да қайратты, өз идеясы үшін, өз халқының жарқын болашағы үшін жанын пида қылған перзент. Әрине, бүгінде ол «қызыл фильмдерге» біз қыжырая қараймыз. Алайда ол біздің өткен жолымыз, талайы тағдырымыз. Тарихтың «шимай-черновигі» болмайды. «Бағымыз ба, сорымыз ба» демекші, ол біздің кешегі өткеніміз – батпақ та болса, сатпақ болса да, өткен соқпағымыз...

Құман – Ғани бұл рөлді де шиырта ойнады. Аштыққа ұшыраған еліне жылу жинағандай, басқы сахнада ел-жұрттан, әсіресе бай-шонжардың алдында сөйлеген көрінісі қандай әсерлі, қандай нанымды. Құман – Ғани бұйра шашты, көзінде от, көкірегінде бұла күш... кеудесі толы – күйініш пен күйзеліс.  «Жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек, Жігітте де жігіт бар – Азаматы бір бөлек». Дәл солай. Құман бұл рольге Төлегенде кеткен есесін қайырғандай ойнады. Оның үстіне бұл жолы кино алаңында жинаған тәжірибесінің пайдасы тиді. Бұл образ Құманның нағыз Құман тазыға дейін түрленген жұлдызды сәттері еді.

Бір қатар жұрттың жартысы,

Қара тер болып жүр босқа.

Бір басқа адам артисі,

Ал артист адам бір басқа.

Бұл Қадыр ағамның, ұлы Қадыр Мырзалиев көкемнің өлеңі.

Осы Құманға, Құман Тастанбековтей артистерге арналған шайыры. Құман өнерде де, өмірде де текті жігіт болатын... Мен оның ешқашан біреуге ренжіп, біреумен бет-жыртысқанын көрген де, естігем де жоқ. Ол тіпті жан-жары Меруертті театрдағы директор «досы»  жұмыстан  шығарып жібергенде де үнсіз қалды. Бұл осы ездігінен емес, ерлігінен. Ұсақтамайтын, майдаланып көрмеген марқасқа азаматығынан... Қайран, дос, аға-дос... Мен оған еркелеп «жезде» деуші едім... Меруерт те Жайықтан, Оралдан ғой... Сондықтан да оған  кейде «сен» деп, кейде «сіз» деп жүріппің ғой... Қадірлі ағам... Сен де мені қатты қадірлейтінсің... Осыдан 2-3 жыл бұрын орденьге ұсынылғаныңда маған назданып та, қысылып та, «енді, Талғатжан, өзіңе аманат» деп едің... Кейін ол орден дейтін марапатты  алғанда балаша қуанғаны әлі есімде... Бұл жерде Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының еңбегі ерекше...

Жаны жайсаң жақсы дос – Құман кейде бала секілді болатын. Осыдан біраз жыл бұрын Алматыдағы «Совминнің» ауруханасына түстім. Кейде мұны «профилактика» дейді. ІІІ қабаттағы ІІІ терапия бөлімі... Орналасқаным сол еді, палатаға Мұрат кірді. Әйгілі «Дос-Мұқасанның» жетекшісі Мұрат Құсайынов.  Амандық-саулықтан соң осында ІV қабаттағы травматологияда Құман жатыр деді. Кешке Құманға көтерілдік. Бір орындық палатада жалғыз екен. Бөлмеде көп шар. Кәдімгі балалардың үрлеп ойнайтын шары. Құман ағамның аяғы тайып құлап, қабырғасы сынған екен. Қабырға қол емес, гипс салмайды. Өзімен-өзі жазылады депті. Бірақ шар үрлесе, қабырға дұрыс бітетін көрінеді. Қысқасы амандық-саулықтан соң, Мұрат қалжыңдап анекдот айта бастады. Және Құманның үрлеп тұрған шарын ұстай бергенде қолындағы сақина тиді ме, әйтеуір шар  «тарс» етіп жарылған. Ал кеп күлгеніміз... Күліп жатырмыз... Құман ішін басып, «күлмеңдер» дегендей қолымен ишарат етеді. Біз одан сайын күле береміз. Сайтан күлкі. Сөйтсе, күлудің өзі қабырғасы сынған адамға – ауырсыну екен ауыр екен... Құман көзінен жас аққанша... ішін басып, екі бүктеле күлген... Әсіресе, күлгендегі екі бетінің шұңқыры көз алдымда қалып қойған... Енді мәңгілікке қалған шұңқыр...

Құман театрда да, кинода да бірдей еңбек етті. Қазақтың ұлы-ұлы дарынды артистерімен партнер болды. Ол О. Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» Ұшқыш, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Тәңірберген, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында»  Шоқан, Т. Ахтановтың «Антында» Сауран, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Әлібек, Т. Ахтановтың «Жоғалған досында» Естемесов, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Қасым,  «Ақ кемесінде» Құлбек,  Е. Домбаевтың «Біздің кластың қыздарында» Төлеген, Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» Цезарь,  Ф. Эрвенің «Түлкі бикешінде» Флоридор, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында» Фархад,  Жұлдызшы, Еврипидтің «Медеясында» Ясон, Шахимарденнің «Томирисінде» Балқаш, С. Торайғыровтың «Қамар сұлуында» Омар, С. Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Жақыпбек, Т. Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Жалғасбек, Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қария, М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында Андрей, Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Штейниц, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Монтекки, Д. Кобурнның «Жынойнағында» Веллер Мартин А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасында – Кулыгин рөлдерін кемеліне келтіре кескіндеді.  «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген рөлімен қатар, «Біздің Ғани»»  (1971),  «Қыс – суармалы кезең емес» (1972), «Мұнда аққулар ұшып келеді» (1973), «Аққулар жаңғырығы» (1974), «Қосымша сауалдар» (1978), «Ағамның қалыңдығы» (1979), «Провинциалды роман» (1981), «Қараша қаздар қайтқанда» (1981), «Өрнек» (1982), «Алаң жиегінде» (1982), «Кімсің сен, салт атты?» (1987),«Адам-жел» (2003), «Махамбет» (2008) фильмдерінде көрінді.

Құман досшыл болатын... Ол үлкенмен де, кішімен де тез тіл табыса кететін. Сол достарының бірі – Оралхан Бөкеев болатын. «Құлыным менің» спектаклінде Жанның мынадай сөздері бар.

- Ей, нөсерден соң пайда болар шұғыла, сен үміт сағымындайсың, жақындаған сайын алыстай бересің. Сен ілеуде туған асыл жандар секілдісің. Жарқ етіп туасың, дүниені қызыл арайға бөлеп тұрасың. Сосын, сосын жоғаласың. Бойынан сен секілді нұр бөліп шығаратын жақсы адамдар маңдайымызға неге сыймайды екен осы... Данконың жүрегінен жаралғаны сияқты, біздегі жақсы қасиет те сіз секілді асыл адамдардан қуат алады. Мен сіздің күміс жүгеніңізді әсте де музейге тапсырмаймын, өйткені артыңызда ат ұстайтын ұрпағыңыз бар. Өйткені, артыңызда құлындарыңыз қалды кісінеп! Иә, солай...

Үлкенге де, кішіге де, алысқа да, жақынға да сүйікті бола білген Құман... Сенің де бұл өмірде көрген теперішің аз емес... Әсіресе, мезгілсіз кеткен жалғыз ұлдың қайғысы сенің онсыз да әлсіз жүрегіңді сыздатқаны рас...

Сен бүгінде қазақ өнерінің қас тұлпарына, арыны мықты арғымағына айналған шақта Ұлылар кеткен мәңгілік мекенге аттанған екенсің... Сен қазақтың Құманы... Сен Қазақтың Төлегені  боп мәңгі есте қаласың. Ойнаған рөлдерің жетерлік. Алайда қаймана халқың үшін, қазағың үшін сен... сол жап-жас, әдемі де сымбатты, өмірге ғашық көзбен қараған Төлеген боп Ел есінде сақталасың... Өйткені сен ол кезде өнер әлемін жаңа аттаған құлын кезің болатын...

Өмір бар жерде – өлу бар... Көктемде құлындар көп туады. Ала-құла, әр түрлі... Бірақ қасқа құлын сирек... Өте сирек... Өйткені, қасқа құлын басқа құлын емес... Сен де сондай өзге жан болатынсың!

Ел-жұртың сені сағынғанда, баяғы досың Оралхан айтпақшы, «Қайдасың, қасқа құлыным?» дер... Қайдасың, қасқа құлыным?

Талғат Теменов, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Халық артисі, профессор

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391