ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мағжан Жұмабаев оқуларын өткізетін болды
Алдымыздағы жылы Алаштың аяулы ақыны - Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толады. Осыған орай «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы депутаттық сауал жолдап, республика көлемінде Мағжан оқуларын өткізуді ұсынған еді.
Мәжіліс депутат Берік Дүйсенбинов жариялаған бұл сауалда «Алаштың мағынасы бір ғана жүз жылдығымен шектелмейді. Біртуар тұлға Мағжан ақынның аманатын ақтауымыз үшін биылғы Алаштың 100 жылдық мерейтойы келесі жылы Мағжан оқуларымен жалғасын тапса деген ұсынысымызды Мәдениет министрлігіне жолдаймыз. Мағжан оқулары алдағы жылы бүкіл республика аумағында өткізіліп, ал оның қорытындысы Мағжан Жұмабаев туған өлкесі Қызылжарда жасалғаны жөн. Ал болашақта Мағжан оқулары, атаулы даталарда ғана емес, жыл сайын тұрақты өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді» делінген.
Депутат Берік Дүйсенбиновтің бұл ұсынысы "Abai.kz" ақпараттық порталында жария болған еді.
Онда Берік мырза ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлының атына хат жолдап, «арыстандай айбатты», «жолбарыстай қайратты», «қырандай күшті» жастарға сенген біртуар тұлға Мағжан сенімінің аманатын ақтауымыз үшін биылғы Алаштың 100 жылдық мерейтойы келесі жылы Мағжан оқуларымен жалғасын тапса деген ұсынысын жеткізген болатын.
Енді міне, Мәдениет және спорт министрлігінен қуанышты жауап келді. Аталған министрлік «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып «Мағжан оқуларын» ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлапты. Алаш ақынының оқулары оның туған жері - Солтүстік Қазақстан облысынан бастау алмақ. Ақынның мерейтойы аясында дөңгелек үстелдер, шығармашылық кештер, ғылыми конференциялар, кітап көрмелерін ұйымдастыру да көзделген.
Abai.kz