Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 22011 41 пікір 3 Қаңтар, 2018 сағат 12:36

Қытайда қанша қазақ бар?

Қазақтың үлкен бір шоғыры Қытай елінде тұрады. Олар Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районының солтүстік өңіріне бытырай орналасқан. Бұл ол жақтағы қазақтардың ата бабаларынан қалған тарихи атамекендері. Шыңжаңның басым бөлігі қазақтардың ата қонысы болып келгені тарихтан белгілі.

Қытайдағы 2 миллионға жуық Қазақтың 80 пайызы Шыңжаңдағы Іле, Тарбағатай және Алтай сынды үш аймақты қамтыған Іле Қазақ автономиялық облысына тұрады, ал қалғандары Санжы Дүнген облысы, Үрүмжі қаласы, Бұратал Мұңғол облысы, Құмыл Баркөл қазақ ауданы, Қарамай, Майтау қалаларында тұрады, тіпті сонау Ішкі Қытайдағы Гансу (Кеңсу) Өлкесінде Ақсай қазақ ауданы бар.

2018 жылға дейін Қытайдағы қазақтың ресми жан саны 1 миллион 600 мыңнан асты деп болжанып келді. Себебі Қытай үкіметінің 2010 жылғы 6-реткі бүкіл мемлекеттік ресми санағында Қытайдағы қазақтардың жан саны 1 миллион 500 мыңға жуық (ерлер 770 мың, әйелдер 730 мыңдай) делінген-ді, ал бейресми статистикалық болжам бойынша Қытайда 2 миллионнан астам қазақ тұрады. Төменде Қытайда тұратын Қазақтардың жан саны мәліметі Қытай үкіметінің ресми деректері бойынша беріліп отыр.

2018 жылға дейін Шыңжаң Ұйғыр Районында жалпы 25 миллионға таман халық тұрады деп болжанған. Себебі 2014 жылғы ресми санақ бойынша Шыңжаңда 23 миллион халық бар екені жарияланған-ды. Бұнда ұйғыр 11 миллион, қытай 11 миллион, қазақ 1 миллион 600 мың, дүнген 1 миллион 100 мың, қырғыз 185 мың, моңғол 170 мың, доңшаң 65 мың, татар 48 мың, сібе 35 мың, өзбек 11 мың, орыс 9 мың. Төменде қазақтардың облыс, аймақ, қала және аудандардағы жан санының таралу жағдайы көрсетілді.

Қытайдағы қазақтар шоғырлы қоныстанған Іле, Тарбағатай және Алтайды қамтыған Іле Қазақ облысының жер көлемі Шығыс Қазақстан облысының жер көлемімен қарайлас, алайда Іле Қазақ облысында 5 миллиондай халық тұрса, Шығыс Қазақстан облысында 1 миллион 500 мың халық тұрады. Облыстағы Іле аймағы мәңгілік көк мұз құрсанған Тәңір таудың аңғарында орналасқандықтан "Іле Аңғары" деп аталынады. Іле Қытайдағы ең сұлу көркем жер болғандықтан "Ырысты Іле - Кұт Қонған Бай Іле" деп аталынса, алтынымен аты шыққан Алтай аймағы "Алтын Алтай" делінетін, ал табысы толағай Тарбағатайды "Табысты Тарбағатай" деп тәмсілдейтін.

Іле Қазақ облысы. Үш аймақты қамтыған Іле Қазақ автономиялық облысында тұратын қазақтардың жан саны мәліметі мынадай. Облыс халқының жалпы жан саны 5 миллиондай, оның ішінде қытай 2 миллион 300 мың, қазақ 1 миллион 300 мың, ұйғыр 800 мың, дүнген 400 мың, моңғол 67 мың, дыңшаң 60 мың, сібе 30 мың. Облыстағы үш аймақтың жан саны мәліметі жеке-жеке төмендегідей.

- Іле аймағы: қазақ 630 мың, қытай 900 мың, ұйғыр 700 мың, дүнген 280 мың, доңшаң 45 мың, моңғол 30 мың, сібе 26 мың, жалпы 2 милион 500 мың (Іле аймағында 3 қала, 8 аудан бар).

- Алтай аймағы: қазақ 370 мың, қытай 280 мың, дүнген 24 мың, ұйғыр 9 мың, моңғол 8 мың, жалпы 690 мың (Алтай аймағында 1 қала, 6 аудан бар).

- Тарбағатай аймағы: қазақ 270 мың, қытай 850 мың, дүнген 90 мың, ұйғыр 45 мың, моңғол 35 мың, жалпы 1 миллион 300 мың (Тарбағатай аймағында 2 қала, 5 аудан бар).

Санжы дүнген облысы: қазақ 160 мың, қытай 1 миллион 100 мың, дүнген 160 мың, ұйғыр 75 мың, жалпы 1 миллион 500 мың (Санжы Дүнген облысында 2 қала, 5 аудан бар).

Үрімжі:қазақ 75 мың, қытай 2 миллион 600 мың, ұйғыр 450 мың, дүнген 330 мың, моңғол 10 мың, жалпы 3 милион 550 мың.

Бұратал Моңғол облысы:қазақ 55 мың, қытай 300 мың, ұйғыр 65 мың, моңғол 30 мың, дүнген 30 мың, жалпы 490 мың.

Баркөл Қазақ ауданы:қазақ 40 мың, қытай 65 мың.

Қарамай қаласы:қазақ 12 мың, қытай 320 мың, ұйғыр 46 мың.

Ақсай ауданы: қазақ 4 мың.

Жинақтай келе қазақтың Қытай еліндегі жалпы жан жаны 1 миллион 600 мыңнан асады. Бұнда қазақтар ең көп шоғырланған аймақ Іле аймағы болып, онда 630 мың қазақ тұрады (халықтың 23 пайызы), ал қазақ ең тығыз орналасқан өңір Алтай аймағы. Ондағы халықтың 55 пайызға жуығы қазақ.

Қазақтарың жан саны 60 мыңнан жоғары тұратын алдынғы 10 аудан-қалалар тізімдігі:

Күнес ауданы (Іледе): 170 мың қазақ.

Нылқы ауданы (Іледе): 100 мың қазақ.

Мұңғылкүре ауданы (Іледе): 95 мың қазақ.

Алтай қаласы (Алтайда): 90 мың қазақ.

Текес ауданы (Іледе): 85 мың қазақ.

Тоғызтарау ауданы (Іледе): 80 мың қазақ.

Көктоғай ауданы (Алтайда): 80 мың қазақ.

Толы ауданы (Тарбағатайда): 75 мың қазақ.

Үрімжі: 75 мың қазақ.

Қаба ауданы (Алтайда): 60 мың қазақ.

Тарихи деректер бойынша 1911 жылы Қытайдағы Қазақтың жан саны 190 мыңдай, 1944 жылы 440 мың, 1949 жылы 450 мың, 1982 жылы 900 мың, 2000 жылы 1 миллион 300 мың, 2010 жылы 1 миллион 500 мың болған. Қытай коммунистік үкіметі орнаған 1949 жылы Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Районында жалпы 4 миллион 500 мың халық тұрған, оның ішінде қытай 320 мың болып, Шыңжаңның 7 пайыз жан санынын ғана құраған, алайда 2018 жылы, яғни 70 жылдан соң Шыңжаңда Қытай ұлтының жан саны 12 миллиондай болып, олардың Шыңжаңдағы ара салмағы 47 пайызға өскен. Ұйғыр халқының 80 пайызы оңтүстік Шыңжаңда тұрады. 2018 жылы Шыңжаңдағы қазақтың жан саны 1 миллион 800 мың мен 2 милион арасында деп болжанады, себебі ресми санақта 2000 жылы қазақ 1 милион 300 мың, 2010 жылы 1 миллион 500 мың, ал 2016 жылы 1 миллион 600 мың болған. Сараптап қарасақ, Қытайдағы 1911 жылғы 190 мың қазақ, 2018 жылға келгенде 2 милионға жуықтап, бір ғасыда 10 есеге өскен, ал біздің Қазақстан өңірінде 1911 жылы Қазақ 4 милион болып, ол сан 2018 жылы 14 милионға жеткен, бір ғасырда 3.5 есе өскен, егер Қытайдағы Қазақтар сияқты 10 өссек, бұл күнде жан санымыз аз дегенде 40 миллион болуға тиісті еді.

Қытайдағы қазақтардың қарқындап өсуі ондағы бейбіт-ашаршылықсыз өмірдің болуында жатса керек, ал Кеңес үкіметі тұсындағы Қазақстан қазақтары небір қолдан жасалған нәумет, қырғын және ашаршылыққа көп ұшырап жан саны қарқынды өсе алмай қалған, бірақ бұл санға да шүкір делік, халқымыздың саны өсіп, бейбіт өмір сүре берсін.

Есімбек Толықбай

Abai.kz

 

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371