Құлсарыда қалмақ-жоңғардың мүсіні тұр
Мына ескерткіштің мына жерде тұруы өте орынсыз! Мына мүсін біріншіден қазақ емес. Мынау сөз жоқ қалмақ-жоңғардың бейнесі. Яғни, біздің ата-жау біздің өлкеде қақ ортадан ойып тұрып орын алған! Мына жермен өткенде өзіңді Монғолия астанасы Улан-Баторда жүргендей сезінесің. Бұл алтын адам Аралтөбеден табылған дейді, онысына еш шүбәм жоқ. Аралтөбеден табылды деген сөз, демек ол қазақ дегенді білдірмейді ғой. Мүмкін, біздің батыр қазақ жоңғарды сол жерде өлтіріп көміп кеткен болар? Мүмкін, жоңғардың алтыннан құйылған мүсінін қолға түсіріп, ертеңгі күні ұрпақтың бір кәдесіне жарар деп көміп тығып тастаған болар?
Ата-бабамыз: "бір кезде осы қалмақтың мүсіні Құлсары шаһарының қақ төрінде тұрсын!" - деп, қалдырмаған болар бізге? Ал енді бұл не айтып кетті демеңдер, себебі, мен бұл мүсіннің қазақ емес екеніне дәлел келтіремін. Қазақтың шашы ешуақытта жартылай қырқылып, жартысы арт жаққа таралып қатынша өрілмеген, ондай нәрсе біздің салтта мүлдем жоқ, болмаған. Мұрты Буденныйдікі. Ұрпақты әуп дегеннен шатастырмайық! Қазақ балдарына тек қана кекіл қойған. Ер балаға кекіл қою - үйір ұстайтын айғырға ұқсатқандығы, "ер қанаты - ат" деп, жылқыға еліктеткеннен. "Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ" - деп, Абай текке жырламаған. "Қатынға ұқсаған еркектен без" - деп қазақ тегін айтпаған. Мына мүсін сонау дәуірдегі императорларды қорғаған монахтарға көбірек ұқсайды. Бұл мүсіннің биіктігі мен шоқтығы 8 ауыл айналмасындағы тұрғызылған біздің үш батырымыздың деңгейінен де биік. Ал біздің үш батырдың көрініс келбеті жұмыстан әбден қажыған, болдырып шаршап тұрған шаруақордың бейнесіне ұқсастау.
Былай сын айту негізі ауырлау. Үш батырдың ескерткішін тұрғызуға жеке қалтасынан қыруар қаржы шығарған Мағау бауырымызға Жылойлықтардың айтар алғысы шексіз! Алла разы болып деніне саулық берсін! Бұл азаматымыздың Жылой өңіріне қосқан үлесі телегей-теңіз! Сөздің, теңеудің реті келгесін алтын адам мүсіні бұдан биік тұрғанын дәлелдеу үшін келтірілген мысал ғой!
Сынды сын деп білейік, ағайын! Бұл жерде мәселе кекету, ия өз құндылықтарымызға балта шабу емес, бұл жерде бұрынғы қазақ салтын еш өзгеріске ұшыртпай ұрпаққа сол қалпында жеткізу. Әйтпесе кім біліпті, енді бір 20 жылда Ақмешіт төңірегінен табылған деп Екатерина мен Елизаветаның, Қарашүңгүлден шықты деп Распутин мен Петр 1 дің мүсінін саябақ ішіне қондырып қоймасына кім кепіл?
Джет Лидің фильмдерін көрмеген адам жоқ шығар, сондағы Джәкеңнің шаш үлгісін қараңдар, тура алтын адамдікіне ұқсас. Сонда ойлай беріңдер, бұл мүсіннің арғы тегі кім екенін?
Тұрар Шапқара
Abai.kz