Орыстар үшін Әлжан қазақ емес, орыс, орыстың индееці екен...
Бір айдан асып барады, ресейлік Антон Мегердичевтің «Жоғары өрлеу» («Движение вверх») киносы өз елін де, өзге елді де елең еткізді. Жұрт кинотеатрлардан тамашалап, жаппай мақтап жатыр. Біз де көрдік. Расында да жүректі қозғайтындай-ақ қауһары бар блокбастер екен. Кино сонау 1972 жылғы Мюнхендегі олимпиадада Кеңес Одағының ерлер баскетбол құрамасының жанкешті жеңісіне арналған. Ол кезде біз орта мектепті жаңа бітірген бозбаламыз. Ел намысы десе жанып түсер бір кезең еді.
Әлжан Жармұхамедов
Мюнхендегі АҚШ пен КСРО командаларының кездесуі тарихи драмаға айналды. Небәрі 3 секунд ойын тағдырын шешкен айқаста Кеңестер Одағы құрамасының сапында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов жасындай жарқылдаған. Осы финалдық ойында басқалардан ең көп (36 минут) алаңға атой салған бірден-бір осы ағамыз екен. Ол кеңес спортшыларының арасында Купер тестін тапсырған жалғыз кісі. Бұл - тарихи факт. Сондықтан да картинада Әлжан ағамыздың образы бар. Оны актер емес, спортшы Александр Ряполов сомдаған.
Ал енді біздің әңгімеміз мынада. Әлжан ағамыздың рөлін сомдаған Александр Ряполов былай дейді: «Ол - тұлға. Әкесі - қазақ, шешесі - орыс. Тегі ортаазиялық болғанымен , ол - орыс. Оның бойында орыстың күшті рухы мен шығыстың даналығы бар. Тіпті оны шетелдіктер «индеец» деп қалған соң, біз оны қазақ емес, «индеец» ғып сомдадық. Фильмнің саясатқа үш қайнаса да сорпасы жоқ», - дейді. Кинода АҚШ көшелерінде жергілікті стритболшылармен кездесіп қалғанда, олар Жармұхамедовке (Ряполов) «орыс индееці» - деп реплика тастайды. Бұл өмірде болмаған. Режиссердің фантазиясы. Кино түсірілмес бұрын режиссер де, актер де Әлжан ағамызбен (Мәскеуде тұрады) кездесіп, сөйлесіпті. Кино шыққан кезде жерлесіміз: «шындыққа сәйкес келмейтіні көп, тым әсірелеген, сұмдық», - десе де, бірнеше рет қайта-қайта көргеннен кейін: «Бұл деректі емес, көркем кино, айырмашылық болады», - деп бастапқы пікірінен айнып қалған. Айналып келгенде блокбастерде этникалық қазақты таба да, тани да алмайсыз. Ал грузин мен литвалықтар көзге ұрып тұр, керісінше, дараланған. Олардың өзіндік мінезі-құлқы, көзқарасы ұлттық ерекшілігі ескерілген. Тіпті команда болып грузияға дейін сапарлайтыны бар. Фильм біз көрген заманның, кеңестік саясаттың жаңғырығын: «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін. Отан оттан да ыстық» деген секілді бере білген.
Әйтсе де, орыстар жанкештілігін қоя ма, аңызға айналған баскетболшылардың жесірлері күйеулерімізді дұрыс көрсетпеген, шындық бұрмаланған, рухы қорланды деп, кино авторларына наразылық білдіріп, дауласып, сотқа тартқан. Көркем шындық пен деректі шындықтың арасындағы дәстүрлі тартыс. Осыдан 46 жыл бұрын Мюнхенде жеңілген американдықтар баласына, тіпті баласының баласына, түп-тұқиянына шейін жеңілісті мойындамауды, күміс медальді алмауды өсиет қып қалдырыпты.
Ал біз болсақ, фильмді бетке ұстап, Әлжан ағамызды Қазақстанға шақырып, Мәдениет министрі қабылдап, Астанада, жер-жерде кездесулер өткізіп жүрміз. Онымыз дұрыс, әйтсе де, фильмдегі олқылықты, қазақ Әлжан ағамызды "индеец" жасағандарға қарсылық білдірсек, дұрыс болар еді...
Жанұзақ Аязбеков, Қостанай
Abai.kz