Жұма, 22 Қараша 2024
Анық 4445 13 пікір 29 Қаңтар, 2018 сағат 13:14

2018 жылды "Қазақ тілі жылы" деп жариялау керек

Құрметті қазақ ағайындар, ғасырларға жалғасқан отарлау саясаты салдарынан жартыкеш күйге түскен ұлттық тілімізді қалпына келтіруді ел тәуелсіздігінің алғашқы сәтінен бастасақ та күні бүгін айтарлықтай нәтижеге жете алмай келеміз. Ата заңымызбен бекітіп, мемлекеттік тіл мәртебесін бердік. Арнайы заң қабылдадық. Елбасымыз да ұдайы айтып, нақты тапсырмалар беріп келеді. Басқаны қойғанда Елбасының  «қазақ қазақпен қазақ тілінде сөйлессін» деген идеясына да құлақ асқан жоқпыз.

Ананың ақ сүтімен дарыған ұлттық тілімізден неге соншалқты алшақтап кеттік?  Әрине, көбіміз бұл сұрақтың жауабын да білеміз. Сан жылдар бойы бойымызға сіңген құлдық санадан әлі де құлан таза айыға алмай келеміз. Әлемдегі өзге ұлттармен салыстырғанда ұлттық намысымыз төмен, салғыртпыз, аса маңызды істің өзіне немқұрайлы қараймыз, тағысын тағы...

Тілін жоғалтқан халық – өлген халық. Қазақтың тілінсіз Қазақ мемлекеті болу мүмкін емес. Егер тілімізден айырылсақ, ұлтымыз да жоқ, көрген күніміз күн емес, қараңғы түнек. Әр ұлт өзінің тілімен мақтанады. Өйткені ұлтын ұлт ететін сол қасиетті тілі.

Күні бүгін өз тілін тастап өзара орысша сөйлесіп тұрған екі қытайды немесе қытайша сөйлесіп тұрған екі орысты, тіпті әлемдік тілге айналған ағылшын тілінде сөйлесіп тұрған екі жапонды көрдік пе? Жоқ. Егер олай болса мұндай қасірет қазақтың  ғана басында  тұр. Өз тілімізді өзіміз менсінбейтіндей, жек көретіндей қазақтың тілі соншалықты нашар, ойымызды жеткізу мүмкіндігі шектеулі тіл ме?  Жоқ, әсте олай емес. Қазақ тілі әлемдегі ең бай, ең нақышты, мәнерлі тілдердің бірі екенін әлем ғалымдары мойындаған.

Сондықтан осы бір маңызды мәселеге қатысты қадірлі халқым, ардақты қандас ағайындар, өздеріңізге ашық хат жолдап отырмыз.

Ашық хат дегеннің де мағынасы ағайынмен емен-жарқын ашық сырласуға саяды. Жуықта «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігі өзінің алғашқы құрылтайынан ішіміздегі алауыздық, көралмастық, бақталастықты санамыздан аластау мақсатында Қазақстан халқына арнап, «Қазақ елім мәңгі жасасын» атты үндеу қабылдады. Осы құжатты талқылау барысында пікір, ұсыныс білдірушілер үндеудің мәтініне халыққа Елбасының өзі  айтқан  «қазақ қазақпен қазақ тілінде сөйлессін» деген сөйлемді кіргізейік деп пікір айтты. Залдағы құрылтай өкілдері түгелдей  ду қол шапалақтап, бір ауыздан қолдады.

Бұл нені көрсетеді? Жоғарыда айтқандай ұлттық намысымыз соншалықты төмен емес екендігін көрсетеді. Қазақтың бәрінің де өз тілінде сөйлеуін армандайтынының, көксейтінінің белгісі.

Ана тілімізді әлемдегі өркениетті тілдер қатарына жеткізу үшін не істеуіміз керек? Бастысы не істеуіміз емес, неден бастауымыз керек? Өйткені ойдағыдай нәтиже бермей тұрғаны болмаса, істеліп жатқан шаруа аз емес. Ойланайық ағайын! Мынау жаһандану атты аждаһа заманда бөгде өркениетке жұтылып кетпей қазақ қалпымызда қалу үшін ауадай қажет ана тілімізді ардақтауды қазақ қазақпен тек қазақша сөйлесуден бастайық!

Сол үшін:

  1. «Екі аққудың бір басшысы», «қой бастайтын серкесі» дегендей екі қазақ өз ара қазақша сөйлесуді билік басындағы лауазым иелерінен бастайық.
  2. 2018 жылды екі қазақ өзара өзгенің емес, тек өз тілінде сөйлесетін жыл етіп, қазақтың тілінің бағын ашайық.
  3. Ұлттық тілін білмейтін әрбір қазақ азаматы өзіне қорытынды жасай отырып, құлдық санадан шығатын уақыттың жеткенін түсінейік.
  4. Өзара өз тілінде сөйлеген екі қазаққа құрмет көрсетейік, сыйлайық, сенім артайық, ана тілін тез арада жете меңгерген қазақ азаматтарының жолын ашып, олардың ішіндегі білімді, біліктілерін атқарушы билікке, парламент депутатына дейін көтерейік.
  5. Қазақтың тілін қорлаған, жанашырлық танытпаған өзге тілде шүлдірлегендерге қатаң талап қояйық. Ондайларға жол бермейік. Бір жылдың ішінде толығынан қазақша сөйлей алмаған қазақ азаматтарына сенім жүктеп мемлекет тарапынан жұмысқа тағайындаудың өзі қиын болатынын түсіндірейік.
  6. Қазақ тілін қарқынды дамытуға байланысты қарапайым халықтың өздері төменнен бастама көтеріп, Елбасының рухани жаңғыру идеясын қолдаған осы бір маңызды істі үкіметтік ұйымдар қолдаса, халық пен мемлекеттің ара байланысы арта беретіні де сөзсіз.

Сөйтіп бүкіл қазақ атсалыса отырып, 2018 жылы  қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, рухымызды жаңғыртайық!

 «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігі

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5319