Қазір сол бір ірі қаламгер туралы ешкім ештеңе айтпайды
Бекежан Тілегенов деген жазушының "86-шы жыл" деген романын 1994 жылы оқығаным əлі есімде. Желтоқсан көтерілісінің шындығы ғажап суреттелген кесек туынды еді. Сол тұста ол кісі "Жұлдыз" журналын басқарған. Кейін о дүниелік болды, марқұм.
Қазір сол бір ірі қаламгер туралы ешкім ештеңе айтпайды. Əлгі романы да құмға сіңген судай ізім ғайым жоғалды. Осындай мықтылардың өзі туралы да, артында қалған сөзі жайында да жұрт жұмған аузын ашпайды. Есесіне қайдағы бір ортаңқол жазғыштар, екіжүзді залымдар көзі тірісі бар, өліп қалғандары да үнемі дəріптеледі де жатады. Ондай жазғыштардың туған күні, өлген күні де кеңінен насихатталады. Шимай-шатпақтары да басылып шыға береді. Ол жазғандарын оқып көрсең жаңағы Бекежан Тілегеновтың қасында жіп есе алмайтын бірдемелер.
Жалпы, айтайын дегенім, "көп айтса көнді, жұрт айтса болды" деп Абай атам айтқандай, кім көрінгенді көзі тірісі болсын, өлгені болсын "қазақтың пəленшесі, біртуары" деп оқымай-білмей даңғаза дақпыртқа еріп өтірік дəріптеуді қояйықшы! Жалған насихат жастарды адастыратын түрі бар.
Қуандық Шамахай
Facebook-тегі парақшасынан