Назарбаев: Путин – сөздің адамы
Президент Назарбаев ресейлік телеарна тілшісімен әңгімелесу кезінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі аспектілері жөнінде айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының іске асырылу нәтижелеріне және перспективаларына тоқталып, Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің негізгі мәселелеріне қатысты сауалдарға жауап берді.
«Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру барысында мұғалімдердің жалақылары да өсетін болады. Қазір біз мектептерде білім берудің жаңа мазмұнына көштік, бұл мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, орта білім беру жүйесінде біліктілік санаттары көзделген. Санаты көтерілген мұғалімдердің жалақысы қосымша 50 пайызға көбейетін болады», – деді Қазақстан Президенті.
Айтпақшы, Президент Назарбаев әлгі жерде Ресей Президенті Владимир Путин жайлы пікірін айтып, оны «сөздің адамы» деп бағалапты.
«Президенттер арасындағы қарым-қатынас өте маңызды. Лидерлердің арасындағы байланыс Мемлекеттер арасындағы сенімді тудырады. Владимир Путин 2000-жылы президент болып сайланды. Біз бірінші күннен бастап-ақ, жақын араласа бастадық. Жасыратыны жоқ, сол байланысымыз нағыз достыққа ұласты. Мен оның адамгершілік қасиеттері жайлы айтайын. Оны басқалардан гөрі жақсырақ танитыным рас. Ол – сөздің адамы», - депті Президент Назарбаев.
Сондай-ақ, биыл қайта сайлауға түскелі жатқан Ресей Президенті Владимир Путиннің қиын кезеңде Ресей тізгінін ұстағанын айтыпты.
«Біз Ресеймен көршілес орналасқан елміз. Оның ішкі жағдайларын байқап отырамыз. Аймақтар өз билігі өзінде, орталыққа салық төлеуді қойып, бас-басына билік жүргізіп жатты. Бір жағынан Қапқазда соғыс жүріп жатты. Халықаралық ахуал мен ішкі экономика астаң-кестең болып жатты. Сол тұста Путин тізгінді ұстап, елді қалыпты жағдайға келтірді», - дейді Қазақстан Президенті.
Президент Назарбаев жаһандық саясаттағы Ресейдің шеттету көріп, сыйы кеткені жайлы да сөз етіпті.
«Ресейді шеттетіп, әлемдік маңызды мәселелерді шешу процессіне жақындатпады. Ресейді жайдан-жай ығыстырып жіберу мүмкін емес. Ол ірі ядролық қаруы бар мемлекет. Ол да әлемдік саясаттағы басты факторлардың бірі. Сондықтан Ресейді ығыстырып жіберу ақылды шешім емес. Путин қазір Ресейді өз орнына қойды. Ол Сирия билігінің сұрауы бойынша кикілжіңге араласты. Былай қарасаңыз, Ресей әлемдік деңгейдегі экстремизм, террорзим деген пәлекеттің бетін қаййтарды», - депті сұхбатта.
Президент Назарбаевтың Ресейлік арнаға берген сұхбатын орыс басылымдары жарыса жазып жатыр. «Жаңа досымнан ескі досым артық». Бұл Ресей қпаратының аузындағы сөз.
Ал біз енді алты күннен кейін Ресейде кезекті Президент сайлауы өтетінін естеріңізге сала кеткенді жөн көрдік. Иә, Ресейдегі сайлауда сондай бір интрига жоқ. Путиннің бұл жолғы сайлауда жеңіп шығатыны екібстан белгілі. Ол жаңалық емес. Пост-кеңестік елдердің барлығында демесек те, басым көпшілігінде сайлау саяси қойылым ғана. Ресми ақпаратқа қарасақ, Путиннің бұл жолғы статистері – Владимир Жириновский мен Павел Грудинин екен.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz