Бейбарыс-Кетбұқа
(Соңғы кездесу)
Зорлық-зомбылық көрген бейкүнә сәбилер өміріне арнаймын. Жетідегі бүлдіршіннің сұм тағдырға не кінәсі бар еді?! Неге солай? Алаштық-Түркілік қасиет қайда?
Біз кінәлі... өз болашағын қорғай алмаған қоғам кінәлі! Олай болса, сот шешімі қандай болмасын, ол баланы апасымен бірге мемлекет өз қорғауына алсын! Алдағы болашағын да ойлайық! Олардың бар тарихын, құжаттарын өзгертіп, бір-екі жыл шетелде тұруына, бар сұмдықты ұмытуларына жағдай жасасын! Қайтып келген соң, бейшараларға басқа қаладан үй алып беріп, жаңа өмір бастауларына мүмкіндік берілсе деген нақты ұсынысым бар... Ел ағаларына! Осындай Заң да қажет шығар...
2018. 15 наурыз
Ойланшы! Осы сырдың елесіне,
Көз салып, тарихтың бір белесіне!
Жат жерде екі қазақ, қырылысқан,
Не себеп?!
Кім кінәлі? Білесің бе...
1
- Атақты қолбасшыға бізден сәлем!
Жеңілген қалай екен?! Тар ма әлем?
Басқыншының жазасы осы болар,
Міскін болдың, қолыма түсіп, бәлем!
2
- Рахмет!
Ата-салтты ұмытпапсың,
Ұмытпапсың! Тілін де, біздің жақтың!
Жеңдім деп масаттанба! Кегім қайтар,
Өшпендіктің бітіспес отын жақтың!
3
- Біз емес! Сендерсіңдер отты жаққан,
Кінәлі өзің! Жерімді қансыратқан!
Өз қаныңа өзіңді тұншықтырдық,
Солай болмақ!
Жауызға елді шапқан!
4
- Бейбарыс! Айтар сөзді біліп тұрсың,
Шаттанып, жеңісіңе күліп тұрсың!
Бұл емес, өз отаның басқа еді ғой,
Сатылып кеткен бізден түрік құлсың!
5
- Білемін сатылумен келгенімді,
Сенбессің! Айтсам нелер көргенімді!
Аллам қолдап, жеңіске біздер жеттік,
Құзғындар шоқып жатыр, өлгеніңді!
6
- Біліп қой!
Ол өлгендер саған бауыр,
Осы жағы болып тұр, маған да ауыр!
Жат елде екі туыс қанға бөктік,
Көрсеткен сұм тағдырға лағнет жауғыр!
7
- Отаным ба?! Кім сонда мені сатты?!
Айырып, ата-анамнан зар жылатты!
Қанша сұмдық көрсем де, азат етіп,
Міне, жаңа туысым мені тапты!
8
- Бейбарыс!
Мен өлімнен қорықпаймын,
Ісіме адал болдым! Торықпаймын.
Өлтірмесең, бәрібір, өзім өлем,
Көкке ұшып әзиз жаным, шарықтаймын!
9
- Сендей ерді сол үшін құрметтеймін,
Қорлатпаймын! Ешкімге тілдетпеймін.
Еліме мен де адалмын, кім келсе де,
Шайқасам!
Қарындасты күң етпеймін!
10
- Бейбарыс! Жүрегіңде мұз бар екен,
Түсіндім!
Арамызда құз бар екен!
Қырылған арыстармен бірге қалам,
«Аин-Жалут» болады мәңгі мекен!
11
- Шырылдатып жасымда, мені сатты,
Қаншама жылауменен күнім батты!
Талай рет түс көрдім сағынышпен,
Туған жердің елесі, шын-ақ тәтті!
Ояндым анам мені сипағандай,
Әкемнің көзін сездім, қимағандай.
Мұрнымнан жусан иісі кеткен емес,
Не жаздым!
Мені сонша қинағандай?!
Есімде балалармен алысқаным,
Тай-құлындай тебісіп, жарысқаным.
Әлі күнге қол бұлғап тұрғанындай,
Былдырлаған сәбилік алыс шағым.
Қош, Кетбұқа!
Елімде аға дер ем,
Білемін түркі екенім! Біліп, өлем!
Отанымнан айрылып кетпегенде,
Мен де бір жүруші едім, сендерменен...
....
...Жетім менен жесірін жылатпаған,
Осы қасиет! Қазақты құлатпаған!
Білмеймін, не боп кеттік, осы күнде,
Қалды ма?!
Біздерде сын, күнә артпаған...
Азкен Алтай
Жетысуский
Abai.kz