Жұма, 22 Қараша 2024
Адасқандар 5764 11 пікір 27 Наурыз, 2018 сағат 08:58

Отанға  қауіп орамал мен шолақ шалбардан ба?

Ішіміздегіні айтқанның айыбы жоқ, Қазақстан билігінде қазақ тіліне ашықтан-ашық қарсы шығып сөйлейтіндерді көруге көзіміз де, құлағымыз да көндігіп кетті. Үкіметтегі де, парламенттегі де жиындар орыс тілінде жүргізілуінің өзі-ақ қазақтың, Қазақстандағы 80%-ға жуық түркітілді ұлттардың намысын көпе-көрнеу аяққа таптау десек еш айыбы жоқ. Үштілділікті енгізу, қазақ тілі мен әдебиетін бір пән ретінде қосып оқыту сияқты өрескелдіктер де жоғарыда отырған кейбір мықтылардың, орыстілді немесе шұбартіл мәңгүрттердің қазақ ұлтына ашықтан-ашық жасап отырған маған не істей аласың деген сияқты қыр көрсетуінің бірсыпырасы ғана. Жақында Елбасы Нұрекең биліктегілер жиын-терінді қазақ тілінде өткізуі керек дегенге аздап болса да жақындау келетін әлде ұсыныс, әлде пікір (әйтеуір президенттік тапсырма емес!) айтқан болды да арада күн өтісімен жиында өзі төгілдіріп тұрып орысша сөйлеп шықты. Ал, өз еліміздегі өз дінімізге деген көзқарастар ше? Қазір бір жерде  жарылыс не кісі өлімі сияқты уақиға бола қалса, сол жерде әлдебір орамал тартқан қыздарды, сақалы бар жігіттерді көргендер табыла кететін болды. Сонау жылдары университетте араб тілін оқығанымның пайдасы ма қайдам 20 шақты сүрені оп-оңай жаттап алғанмын. Өз басым намаз да оқыған, ораза да тұтқан емеспін. Бірақ қасиеттілердің қасиеттісі, киелілердің киелісі ислам дінін, салт-дәстүрін ұстанған әйел-еркек, ұл-қыз туралы, ислам діні туралы ғайбат сөз айтып жүрген қарапайым азаматтарды терроризмге қарсы деген арамзалық саясатпен ислам елдерінде мұсылмандарды қырғынға түсіріп жатқан үлкен-үлкен державалардың айтағына еріп жүрген итаршы саясаткерлерді жаным жек көреді. Иә, исламға дұшпан елдердің бұл саясатының салқыны Қазақстанда жалғасуда екенін жасырам дегендер де жасыра алмайды. Әйтпесе, кімнің орамал тартқанында, кімнің қандай сақал қойғанында неміз бар? Осыдан біраз бұрын дін және азаматтық қоғам жөніндегі министрлік басшысы Нұрлан Ермекбаевтың «керек болса заңда сақалдың ұзындығы қандай болуы керектігі де көрсетілетін болады» деген өктемдік ызғары сезіліп тұрған сөзін оқығанда шынымен-ақ бүгінгі Қазақстанға ең қауіпті жау орамал тартқандар мен шолақ шалбар кигендер екен деуге әбден болатын сияқты.

Сонау 1930 жылдары Кеңестің хауіпсіздік орындары дұшпанды сырттан гөрі іштен көбірек іздеп, алуан түрлі  арамзалық әдіспен мыңдаған бейкүнә жандарды «халық жауы» атандырып итжеккенге айдатып, одан қалғанын атып-асып қынадай қырғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Жақында «Дат» газетінен өзін қауіпсіздік органдары қызметінің ардагері деп таныстырған Н. Бөкейханов дегеннің «Что проповедует хиджаб?» («Хиджаб нені уағыздайды?») деген мақаласын (Дат 1.02.2018) оқығанда атам қазақтың «көн қатса қалыбына барады», «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген әулиелік мақалдары мен қазақты қырып-жоюдың жаңа бір әдісіне айналған сол 30-шы жылдар есіме түсе кетті. Ол кезде жазаға тартылғандардың маңдайына «халық жауы» деген қара таңба басылды. Ал мына Н. Бөкейханов мырзаның хауіпсіздік органдарындағы  бүгінгі ізбасарлары жоқ «халық жауын» қайдан табады, әлде оларды бұл қиындықтан «хиджаб» киген қыз-келіншектер «құтқарады» ма? Хиджаб өз алдына, оған сәл кейінірек. Ал орамал хиджаб емес қой, орамал тартқан қыздарды мектепке, қоғамдық орындарға кіргізбеу туралы заң бар ма? Әлде бұл қазақты еңсесін көтертпей, ұдайы тұқыртып отырудың, қазақты дінінен, салт-дәстүрінен айырып жаһанданған, еуропаланған мәңгүрт ұлтқа айналдырудың жасырын бір құпия әдісі ме? Ол жағы беймәлім. Қазақ сынықтан басқа аурудың бәрі жұғады дейтін еді, әлде бұл сол 30-шы жылдары талай байғұсты «халық жауы» деп ұстап бергендерден олардың балаларына немесе немерелеріне қан арқылы жұққан кеселі ме кім білсін? Әйтпесе, Ақтөбеде орамал тартқаны үшін мектепке кіргізілмей қойған қазақ қыздарына христиан дінінің «масленицасын» тойлатып қою қазақ халқының салт-дәстүріне қасиетті ислам дініне қарсы ашықтан-ашық дұшпандық тәрбие емес пе?! (Бұл «жаңалықты» 20.02.2018 күні телеарнадан көрсетті. Сонда сөйлеп тұрған біреулер «масленица» – мейрам, оны тойлау әркімнің өз еркі деді. Ендеше, орамал тарту әркімнің өз хұқы болмауы қалай? Осы мәселеге орай Ақтөбедегі білім басқармасының бастығына хабарласқанымызда (Л. Оразбаева) ол «масленицаның орамалға қатысы жоқ» деп уәж айтты.

Енді Н. Бөкейхановтың хиджаб туралы «толғанысына» құлақ түріңіз. Ол әуелі хиджаб киетіндер кімдер өзі, сунииттер ме, шииттер ме деп сәл ғана ойланады да әрі қарай бас қатырмай «сірә, хиджаб киюге бірқатар (у ряда женщин) әйелдердің денесінің формасы жетілмеуі («несовершенства форма их  тела») себепші болған болуы керек» деген тоқтамға келеді. Сөйтеді де кенет қазір хиджаб киюшілер көбейіп барады, бұл өзі еліміздің қауіпсіздігіне қатер тудырмай ма, міне, осыны тиісті органдар мұқият қарауы керек дей келіп, өзінің сақал қойған, шалбарының балағын шорт кескен еркектерге күдікпен қарайтынын да ескертіп қояды. Неткен сақтық десеңізші?! Егер қауіпсіздік саласының осы бір қыранкөз қырағы ақсақалы бүгінде  жастарымызды нағыз жабайылыққа, хайуандық азғындыққа бағыттап жатқан түрлі түнгі клубтардан, гей-клубтардан қорқамын, ел болашағы деп жүрген жастарымыз солардың жетегінде кетіп ұлтсыз, отансыз мәңгүрттерге айналып барады, бүйте берсек мемлекетіміз құрдымға кетеді деп қайғырса оған қосыла қайғырар едік. Егер осындай бірнеше ақсақал әуелі  орамал тартқан қыздарға емес, көшеде кеудесінде дір-дір қаққан қос анары мен кіндігін қоса ашып тастап, майқұйрығын жарқыратып көрсетіп, әбүйірін жабар-жаппас мини-шорты киген, аузында темекі, қолында сыра шишасы бар, боғауыз сөзді ағыл-тегіл ақтарып баратқан қазақ қыздарына тыйым салайық, қатын-қалаштарымыз ерлерін беттен алып, төске шабуын тоқтатуымыз керек десе шынымен-ақ іргелі  ел болуды бастаған екенбіз дер едік. «Рухани жаңғыру» деп шуылдауды осыдан бастасақ қазақ ұлтының ертеңіне елжірей қарап, үлкен бір үрзада сезімге бөленер едік. Бірақ, жердегі «құдайлар» қазақтың маңдайына ондай бақытты қимай отыр ғой, қимай отыр ғой! Әйтпесе, орамал тартқан қызы мен сақал қойған жігіттерінен қорқатын ел басқа жақтан жау тисе күні не болмақ? Мына тұрған, үй іргесіндегі Ресейдің ең  зиялы қауым өкілдерінің өзі Қазақстан дегенің Ресейдің жері, Қазақстанды бір-ақ аптада басып аламыз, Назарбаев кеткесін көп ұзамай Қазақстанда «большая суматоха» басталуын күту керек деп отырғанда атандай ақырып шығудың орнына ақсақалдарыңның қаупі осындай болса ойланатын,құлдық санадан оянатын кезің келді-ау, есі бар қазақ деп айғай салғың келеді екен.

Осы Н. Бөкейханов ақсақалдың Отан туралы  әлгіндей «уайымын»  оқып болғасын әкем байғұс та, оның құрдастары да елінің тәуелсіздік алғанын көрмей өліп қалғаны  дұрыс болған шығар деген ойға кеттім. Неге дейсіз бе? 1941-1945 жылдары  ата-бабасы Отаным демек түгіл түсінде көрмеген орыстың орманы мен батпағын кешіп кім үшін соғысып қан төккенін білмей елге кеудесін сүйреп әзер оралған сол әкем байғұс таоның қатарлары да шетінен сақал қойып, балағы тобықтан жоғары бөз дамбал мен келтебалақ шибарқыт шалбарын тастамайтын еді. Соларды со заманда ешкім ваххабиссің, террориссің, радикалсың деген жоқ еді. Анамыз да, туып-өскен үйінің оң жағында отырған, күйеуге тимеген апаларымыз да орамалын басынан тастамайтын. Хауіпсіздіктің қыранкөз қарты осы Н. Бөкейханов әлде өңшең бір орамал тартқан қатын-қалаш пен шолақ шалбар кигендер Ресейдің СУ-25 ұшақтарына мініп алып Сирияны бомбалап жатыр деп ойлай ма, әлде орамал тартқан қазақ қыздары Донецк мен Луганскіге барып Украинаны бөлшектеп жүр деп ойлай ма қайдам, әйтеуір, өз сөзін хиджаб пен шолақ шалбар туралы айта келіп, «мен елімізде Сирия мен Украинадағыдай жазықсыз адамдардың қаны төгіліп, бірін-бірі өлтіргенін қаламаймын»,-деген бейбітшілік сүйгіш лебізбен аяқтайды. Өте дұрыс! Бірақ әр нәрсенің айтылар орны бар емес пе?

Өз басым бұл жерде қазақ қыз-келіншектері жаппай хиджаб кисін дегелі отырғам жоқ. Өйткені, хиджаб – бір ұлттың ұлттық киімі. Ал бір ұлттың киім үлгісі дұрыс не бұрыс деуге ешкімнің хақы жоқ. Бұл жерде мәселе хиджаб кию мен орамал тартудың арасы жер мен көктей екендігінде. Орамал әлем әйелдерінің бас киімі дерлік бұйым. Христиандардың Інжілінде  әйелдің жалаңбас жүруі Құдайға қарсылығының белгісі деп білінеді. Кешегі Кеңес заманында да мына тұрған Өзбекстанның ТашГУ, СазГУ, сияқты іргелі университеттерінде оқитын өзбек қыздары аудиторияда орамалын шешпей отыратын. Өзбекстан обкомдарының, райкомдарының съезге делегат болып келгендерінің өзі Кремльдің съездер сарайында Брежнев, Громыколардың қарсы алдында басынан ала тақиясын тастамайтын. Сол дәстүр оларда әлі де сақталған. Чеченстан президенті Рамзан Қадыровтың қабылдауына барған чечен әйел жыныстылары да, одан сұхбат алуға барған орыс журналист қыздары да басына орамал тартып, етегі тобықтан төмен ұзын көйлек киіп баратынын көріп жүрміз. Ендеше біздікі не, біздікі кіммен күрес? Әрбір тәуелсіз ел ең алдымен тарихи жергілікті ұлтының дінін, тілін, үрдістерін сақтайды. Ендеше біз бүгінде жартылай жалаңаш, кеудедегі қос анары мен бөксесін ашып тастап, темекісін бұрқыратып, сыра шөлмегін аузынан қылғытып,  аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жүретін қыздарымыз бен жасы қырықтың қырқасына шыққан қатын-қалаштарымызға қарсы күрес ашсақ ұлттығымыз да, тәуелсіздігіміз де нығая түсер еді ғой. Өйткені, қашанда тілінен, дінінен, ділінен, ұлттық бет-бейнесінен айрылып құрып бітетін елдің ең әуелі әйел жыныстылары бұзылатынын оқып та, көріп те жүрміз ғой. Өзі басып алатын елдің ең әуелі әйел жыныстысын құтыртып, тең праволылық, гендерлік саясат, феминизм, әйел құқығы деген сияқты сайқали саясат жүргізу арқылы әйелін еріне қарсы қою үлкен-үлкен державалардың басты әдісі екенін еркектеріміз де, әйелдеріміз де естен еш шығармауы керек. Бүгінгі Қазақстанның орыстілді немесе шұбартіл басшылары аузын ашса Еуропада өйтеді де бүйтеді деген лақпа сөздерді мәдениеттілік  деп ойлайды. Ал Батыстағылар екі еркектің бір-біріне үйленуі, мультимиллионер қатын Сандес Бернардес сияқты өз ұлының астына жатып, өз ұлына күйеуге тиюі, әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауы, қатынының бүгін басқа бір еркекпен жатуға баратынын еріне ескертіп қоюы сияқты «тең праволы хайуандықтар» жағынан ғана алда келеді. Қазір Алматыда  бірнеше жерде гей-клубтар емін-еркін жұмыс істеп жатқанына, түнгі  клубтардан шыққаннан кейін қыз-келіншектеріміздің істеп жүрген істеріне, күйеуінің көзіне шөп салғанымен тұрмай оны бірнеше жылға соттатып жіберген қатын телеарналардан қыздарымызға «ақыл» айтып, кітап жазуына жағдай жасап, гендерлік саясатпен феминизмді өршітіп қойғанына қарап көп  ұзамай қазекемдер де әлгіндей «тең праволы хайуандық мәдениетке» қол жеткізіп, Қазақстанды әлемге танытары хақ. Біз бұрын жеріміз, байлығымыз әлем жұртшылығының бәріне ортақ, ақшаңды сал да (инвестицияңды) ала бер дейтін едік. Қазір қыздары шетелдікке күйеуге тиіп, Италияда, Канадада, Чехияда т.б. тұрып жатқанына интернационал отбасын құрды деп мақтанатын қазақ бүйте берсе  енді қазақ қыз-келіншектері  үш тілде сөйлейді, олар ешқандай ұлтқа жатпайды,  қыздарымыз бәріңе ортақ, келіңдер, алыңдар!» деп жарияға жар салуы да әбден мүмкін.

Мейлі, хиджабқа тыйым салса салсын (ол да заңсыздық!) ал орамал тартқан қыздарға мемлекеттік шабуыл жасайтындай не күн туды біздің билікке? Ақтөбе облысында мектепке баратын оқушы қыздарды мектепке кіргізбеуге қандай себеп бар. Осы облыстың алақандай Темір ауданындағы шап-шағын Кеңқияқ мекеніне орамал тартқан қыздардан қауіп төнуі мүмкін  дегенді ақыл-есі дұрыс адам айта ма? Ал дін және азаматтық қоғам жөніндегі министрлік басшысы Нұрлан Ермекбаевтың «керек болса заңда сақалдың ұзындығы қандай болуы керектігі де көрсетілетін болады...» дегенін оқығанда шынымен-ақ бүгінгі Қазақстанға ең қауіпті жау орамал тартқандар мен шолақ шалбар кигендер екен демеске лаж қалмайды. Басқа айтар сөз қалмағасын қолдан келгені орыстың бас ақыны дерлік арабтектес Пушкиннің орамалға қатысты  мына өлеңін қазақшаға тәржімалауды жөн көрдік.

Оу, пәк жарлары Пайғамбардың

Махаббаттың асқақтатқан шынарын,

Дәл сендердей пәкизат жоқ еш елде

Заты түгіл атын білмес күнәнің.

 

Бейбіт шаңырақ, белгісіндей бола алар

Сендер тартқан сонау сәнді орамал!

Адалдықты мәңгі осылай сақтаңдар!

Жасырыңдар жүздеріңді, көрмесін

Сұлулықты сұм көзімен атқандар!

 

О, жены чистые, Пророка

От всех жен вы отличены:

 Страшна для вас и тень порока

Под сладкой тенью тишины

Живите скромно: вам пристало

Безбраной девы покрывало

Храните верные сердца

Для нее законных и стыдливых

Да взор лукавый нечестивых

Не узрит вашего лица...

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

 

 

 

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308