Qazkom мемлекеттік тілде сөйлемеу арқылы тілдік жанжал туғызып отыр
Қай мекемеде болсын, Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етуге әр азаматтың хақы бар. Өткен жылы "Эйр Астана" әуе команиясымен қазақ тіл үшін соттасып жеңіске жеткен түрік азаматы Оғыз Доған Qazkom банкінің Астана қаласындағы Сарыарқа филиалына барып, мемлекеттік тілде есепшот аштыра алмай, біраз қиындыққа тап болғанын жариялады. Мемлекеттік тілде жауап беруге жарамаған банк қызметкерлерінің Заңды белшесінен басып, азаматтардың құқығын таптап, талап еткен тілде сөйлемеуі, сөйлегісі келмеуі бұл жағдайды сотқа дейін жеткізуі әбден мүмкін.
Алдымен Оғыз Доған жариялаған видео-жазбаны көріп алалық.
Өздеріңіз көріп отырғандай, видео-жазбаны түсіруші мүмкіндігінше мәдениетті. Эмоцияға, я мінезге бой алдырып тұрған жоқ. Сұрлары қазақ бола тұра бір ауыз сөз қазақша тіл қата алмаған қызметкерлердің жайы тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған ел үшін, мемлекет үшін ұят жағдай.
Видеоға көз салсақ, банк менеджерінің қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқанын көруге болады. Филиалдың басшысы деп таныстырған Әлия есімді азаматша да Оғыз Доғанның шағымын құлағына да ілгісі келмей ресми тілде сөйлеп, қасарысып тұрып алды.
Бұл біріншіден, Заңды белінен басып, азаматтың құқығын таптау.
Екіншіден, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің тіл туралы жүргізіп отырған саясатын құлаққа ілмеу. Мемлекеттік тілде қызмет етуін талап еткен азаматқа мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеу - алдымен билікке қарсылық. Елбасының талабын шыбын шаққан құрлы көрмеу арқылы бұлар қазақ бола тұра еліміздегі мемлекеттікті құраушы қазақ ұлтына, қазақ тіліне деген жеккөрніштерін айшықтап отыр.
Үшіншіден, бұл жеккөрініш осы екі қызметкердің ғана жеке тұлғалық сипаты емес. Бұл Qazkom-ның жалпы бейнесі деп түсінуге болады. Еліміздегі білдей банк қазақ тіліне суық қарап, қызметкер алған кезде оның мемлекеттік тілді білуін талап етпеген болып отыр. Оғыз Доғанға орысша "уберите камеру" деп зекіп жүрген қызметкерлер бұл сөзді бүкіл банктің атынан айтып тұр. Тұтынушыға "уберите" деп бұйрық беруге Qazkom-ның құқығы жоқ.
Төртіншіден, "Не үшін видеоға түсіруге болмайды?" деген сұраққа банк қызметкерлерінің бірі де мардымды жауап бере алмады. Бұл да - сауатсыздық.
Бесіншіден қазақша сөйлей білетін банктің қызметкерлері (күзетшілері) клиентті, яғни Оғыз Доғанды итеріп-итеріп, банктен қуып шықты. Бұл Оғыз Доғанды банктен итеріп шығару емес, мемлекеттік тілді банктен аластау деп түсінбек ләзім.
Алтыншыдан, 7 минут бойы клиентке қазақша қызмет көрсетуге ынта танытпаған банкті сотқа беру - Оғыз Доғанның ғана емес, жалпы қазаққа ортақ іс.
Жетіншіден, банк қызметкерлерінің тоңмойынданып, қазақ тілінде сөйлемей қоюы еліміздегі орыстілділер мен Ресейдегі шовинистердің ашу-ызасына тиері анық. Яғни, Qazkom банкі тұтынушының құқығын таптап қана қоймай, мемлекеттік тілде сөйлемеу арқылы тілдік жанжал туғызып отыр.
Түйін
Бір қазақ азаматы Оғыз Доғандай қадам жасап, мемлекеттік тілді талап етсе, ол ұлтшыл, жікшіл болып шыға келер еді. Түрік азаматтың қазақ тілі үшін шырылдауы бізге - олжа. Орыстілділер мен түрік азаматының айқасы қазаққа тек пайдасын тигізгей дегіміз келеді.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz