Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық 6749 23 пікір 8 Маусым, 2018 сағат 10:22

Қытай сапары. 9 құжатқа қол қойылды

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Ресми кездесу рәсімінен кейін екі елдің көшбасшылары кеңейтілген түрде келіссөз жүргізіп, осы келіссөздер негізінде 9 тарихи құжатқа қол қойылған.

Дәлелді болу үшін 9 құжатты да атай кетейік. 

1. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесі;

2. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы  ядролық және радиоактивті материалдардың, радиоактивті қалдықтар мен қауіпті заттардың заңсыз тасымалдауын болдырмау жөніндегі іс-қимыл туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі  арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдетілген несие беруі туралы негіздемелік келісім;

4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жоспарын бірлесіп әзірлеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалау жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы бірлескен жобалар тізбесін және олардың индустрияландыру және инвестициялар саласындағы қалыптасу тетіктерін бекіту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

7. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы электрондық сауда саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

8. Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне арналған инспекциялау, карантиндік және ветеринариялық-санитарлық талаптар туралы хаттама;

9. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстаннан Қытайға жоңышқа шөбін экспорттау жөніндегі санитарлық және фитосанитариялық талаптар хаттамасы.

Сапар соңында Қазақстан Президенті Қытай тарапына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылық білдіріп, дәстүрлі қонақжайлық көрсеткенін атап өтті.

«Мен, ең алдымен, Сізді жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Компартиясының ХІХ съезін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Бұл қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік мәні бар айтулы оқиға болды», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қытай арманын» жүзеге асыру ісінде ел мемлекеттілігінің тірегі саналатын Қытай Компартиясы рөлінің артқанына тоқталды. Қазақстан Президенті 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткенін айтып, Қазақстан-Қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

«Осы уақыт ішінде біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі 127 екі жақты құжатқа қол қойдық. Бізге осы диалогты жалғастыру қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екі жақты қатынастарымызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Төрағасының достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық және мемлекеттік егемендікті құрметтеу рухында тату көршілік қатынастарды дәйекті дамыту ісіндегі жеке үлесін жоғары бағалады. «Сіздің Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі бастамаңызды іске асыру барысында біздің ынтымақтастығымыз нығая түсті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354