Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 8195 13 пікір 18 Маусым, 2018 сағат 12:56

Жаһандық бәсекеге төтеп беру үшін Көші-қонға да жаңа реформа керек!

 

ҚР Премьер-Министрі

Б.Ә.Сағынтаевтың назарына!

Редакциядан Үкімет басшысына сұрақ: ішкі Көші-қонға бөлінген 85 миллиард теңге қайда кетті, қайда жұмсалды, қаншалықты игерілді, Сағынтаев мырза?!.

.........................................................

 Үкімет 2016 жылғы 18 ақпанда арнайы Қаулы шығарып, оралмандарды қоныстандыру үшін Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысын, ал Қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысын арнайы өңір етіп бекіткен болатын.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің сол №83 Қаулысы шыққалы да екі жарым жылға таяпты.

Үкімет бұл обылыстарды «Арнайы өңір» етіп бектіп қана қоймай, оған көшіп келушілер (шыртқы көші-қон) мен қоныс аударушыларға (ішкі көші-қон) берілетін көмектің көлемін де белгілеп қойған.

Аталған өңірлерге көшіп келушілер мен қоныс аударушылардың  отбасының әр мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы жәрдемақы,  бір жылға дейін пәтер жалдап тұру үшін 12 айлық есептік көрсеткіштен 65 айлық есептік көрсеткішке дейін көлемде ақша беріледі.

Жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және айыппұлдар, сондай-ақ салық, тағы басқа да төлемдер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 2018 жылға бекітілген айлық есептік көрсеткіштің көлемі (АЕК) 2 мың 405 теңге екенін ескерсек, бір жанға берілетін 35 айлық есептік көрсеткіштің сомасы 84 мың 175 теңге болады. Ал, бір жылға дейін үй жалдап отыруға берілетін 28 мың 860 теңге мен 156 мың 325 теңге аралығындағы қаражатты қоссаңыз, бұл ақшаға Үкімет айқындаған өңірлерге көшіп барған бір отбасы, ең кемінде, ауылды жерлерден шекеге шертіп отырын келіскен баспана сатып ала алады...

Қазақ Үкіметі осы жобаны іске асыру үшін бюджеттен жылда қомақты қаржы бөліп келеді.  Мысалы, 2017 жылы 85 млрд. теңге ажыратылды. Ал, осынау аса мол сомаға қанша отабасын көшіріп апару жоспарланды дейсіз ғой?!

Міне, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2017 жылғы 10 ақпандағы №72 бұйрығын оқыңыз:

2017 жылға арналған оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын облыстар арасында бөлу

 

Р/с

№      Облыстардың атауы            Отбасы саны

1       Ақмола                                 80

2       Шығыс Қазақстан               300

3       Костанай                               109

4       Павлодар                              50

5       Солтүстік Қазақстан           19

Жиыны:                                          558

 

2017 жылға арналған қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын облыстар арасында бөлу

 

 

Р/с

№      Облыстардың атауы           Отбасы саны

1       Шығыс Қазақстан              98

2       Костанай                               30

3       Павлодар                              69

4       Солтүстік Қазақстан           184

Жиыны:                                         381

 

Екеуін қоссаңыз, бар болғаны 939 отбасы ғана!

Есесіне, 2017 жылы 37 мың 700 адам Қазақстаннан шетелге қоныс аударған.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің сарапшысы  Қайыр Рыспаевтың сөзіне сенсек, шетелге көп қоныс аударушылардың басым бөлігі Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан кеткен.

Егер, 2017 жылы Үкімет айқындаған өңірлерге осы 939 отбасы (бес мыңдай адам болуы мүмкін) толық көшіп барды десек, оның қаншасы сол жақта тұрақтап қалғаны туралы толық ақпарат жоқ.

Қысқасы, Еліміздің Ресей Федерациясымен шектесетін өңірлері жыл өткен сайын иен далаға айналып барады.

Ал, «2018 жылға арналған оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 27 желтоқсандағы №454 бұйрығымен Үкімет айқындаған өңірлерге биыл жалпы 2328 отбасы қоныстандыру жоспары бектіліпті. Олардың қай облысқа неше отбасынан баратыны төмендегідей тәртіппен белгіленіпті:

2018 жылға арналған оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын облыстар арасында бөлу

 

Р/с

№      Облыстардың атауы                     Отбасы саны

1       Ақмола                                           90

2       Шығыс Қазақстан                        350

3       Қостанай                                        25

4       Павлодар                                        80

5       Солтүстік Қазақстан                     77

Жиыны:                                                   622

 

2018 жылға арналған қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын облыстар арасында бөлу

 

Р/с

№      Облыстардың атауы                     Отбасы саны

1       Шығыс Қазақстан                        364

2       Қостанай                                        272

3       Павлодар                                       380

4       Солтүстік Қазақстан                     690

Жиыны:                                                   1 706

Биылға белгіленген квота өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге жуық көп екен, бөлінген қаражат та сол екі есеге таяу болмса, кем болмасы анық. Міне, жылдың жарымынан артығы бітті. Әзірге бұл аймақтарға қанша отбасы көшіп келгені және қоныс аударғаны туралы мардымды ақпарат жоқ!

Сөз жоқ, Елбасымыздың тапсырмасымен көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды аталған аймақтарға орналастыру жобасы – төтенше тарихи және стратегиялық маңызға ие саясат. Ұлы Дала Елінің қауыпсіздігі үшін бұл жобаға бір күн де немқұрайлы қарауға болмайды. Екінші жағынан көшіп барушылардың жермен қамтылып, шаруашылық құруына, сөйтіп әл-аухатын көтеруіне де өте тиімді өңір бұл.

Құдайға тәубе, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №401 Жарлығын іске асыру мақсатында Үкімет Қаулысымен «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы»   (http://www.enbek.gov.kz/kk/node/345461 ) бекітілді.

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 13 қазандағы №644 қаулысы шығып, Қор өз жұмысын бастап жатыр (https://abai.kz/post/71769 ).

Ескі әдіспен көшіп келушілер мен қоныс аударушыларға бір жолғы жәрдемақы мен бір жылға үй жалдап тұру ақысын беріп қана отыра беру –  жеткіліксіз. Олардың жаңа қонысқа түбегейлі орналасып кетуін қамтамасыз ету, келем деушілердің белсенділігін қозғау үшін тағы біраз тер төгуге тура келеді. Мысалы, «Тұжырымдамада» айтылған «Солтүстікке келген халықтың белсенді ассимилляция үшін уақыты жеткілікті болуы мақсатымен айтарлықтай ұзақ мерзімді кезеңге жұмыс орындарын құру арқылы ірі жобалардың іске асуын қамтамасыз ету» деген секілді бос сөздерді жүзеге асырудың нақты механизмдерін жасап, бірден іске асыру керек. Ең жақсысы, «жұмыс орындарын құрудан» гөрі, олардың  өздеріне жұмыс орындарын ашып, алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік берген абзал.

Өкінішке қарай, мұндай стратегиялық және тарихи маңызы төтенше зор, Еліміздің болашақтағы территориялық қауіпсіздігіне тікелей қатысты бұл ауқымды саясатты жүзеге асыруға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырындағы Көші-қон комитеті қауқарсыз!

Қазақстан үшінші жаңғыру кезеңін бастап жатқан бүгінгі таңда жаһандық бәсекеге төтеп беру үшін көші-қон саясатына да жаңа реформа керек!

Сол үшін,

  1. Бұрынғы Көші-қон агенттігін қайта қалпына келтіріп, жаңа бағытта құру керек;
  2. Көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру жұмысын жеке компанияларға тендермен беру арқылы жүзеге асыруды жолға қойған дұрыс (Кемелді жоба дайындалып, екі жақты қатаң келісім-шарт жасалса, бұл әдіс – бәсекелестікті қалыптастырып, жауапкершілікті арттырады және өнімді жоғарлатады);
  3. Алғашқы адымда Үкімет айқындаған жеті облыстың үшеуінің орынбасар әкімін шеттен оралған танымал, іскер азаматтардан тағайындап, оларды біржолата осы көші қон жұмысымен айналысуға мүмкіндік берген жөн;
  4. «Abai.kz» ақпараттық порталы мен «QAZAQSTAN» ұлттық арнасынан аптасына жарты сағаттық арнайы бағдарлама ашып (сайт үшін онлайн-конференциялар ұйымдастырып), үгіт-насихатты күшейту, заңнамалар мен тұжырымдамаларды түсіндіру жұмысын көбірек жүргізу тиімді болар еді деп ойлаймын!

 

Ауыт Мұқибек

 

15.06.2018

Астана

 

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052