Елбасының жолдауы һәм әлемдік саясат
Қазақстан мемлекеттігінің бүгінгідей қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан халықаралық қоғамдастықтың айнымалы ортасында орнықты әрі қауырт дамуының келесі кезеңдерге бағдарын айқындап берген Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауының арнайы бөлігі дәстүрлі түрде еліміздің тиімді сыртқы саясатына арналды.
Бұл орайда Елбасы Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатын одан әрі жүзеге асыру қажеттігін кәміл нақтылады.
Еліміздің сыртқы саяси басымдықтарын анықтайтын мемлекет басшысы сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда халықаралық саясатымыздың бүгінгі сынақтар мен талаптарға бейімделуі және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап ететінін белгілеп беруі отандық дипломаттардың алдындағы жауапкершілікті арттыра түседі.
Сан ғасырлық ғұмырында қоршаған ортасына, сыртқы дүниеге кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлық пен салиқалылықтың әрдайым жоғары үлгісін танытып келе жатқан қазақ халқының бейбітсүйгіштігі мен осы саладағы ұстанып келе жатқан мызғымас қағидаттары өзін-өзі толық ақтағанын жариялады Елбасы.
Қазақстанның геосаяси орналасуынан туындайтындай, Ресеймен тарихи қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың үлгісіндей саналып, экономикалық тұрғыда Еуразиялық экономикалық одақтың табысты жұмыс істеп келе жатқанына назар аударылды.
Әсіресе Өзбекстандағы саяси өзгерістерден кейін Орталық Азия өңірінде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылды. Мұның өзі көршілес бауырлас елдермен ынтымақтастығымыздың жаңа мүмкіндіктерін игеру міндетін күн тәртібіне көтеруде.
Дүниежүзілік ықпалды мемлекеттердің біріне айналған Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз дәйекті дамуы, соның ішінде «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының орны бөлек көрсетілді.
Әлемдік алпауыт ел - АҚШ-пен қарым-қатынастарымыз үдерісінде Қазақстан басшысының биылғы қаңтар айындағы Вашингтонға жасаған ресми сапары барысында АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізген келіссөздері нәтижесінде Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілуі еліміз сыртқы саясатының қомақты табысы болып табылатыны ешқандай күмән туғызбайды.
Сауда және инвестиция саласында Еуропа Одағымен қарқынды байланыстардың жалғасуы ұлттық, стратегиялық мүдделерімізге толық сай келеді.
ТМД елдері, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді қатынастарды дамытудың өзектілігі жұртшылыққа аян.
Әл-Фараби бабамыздың асыл сүйегі жатқан, Бейбарыс сұлтандай арысымыздың өшпес мұрасы қалған Шам елі - Сириямен бізді діни бауырластық қана емес, тарихи, рухани тамырластығымыздың тереңдігі байланыстыратын болғандықтан да шығар, бүгінде қисапсыз зардап шеккен сириялықтардың үміт-тілегі ғасырлар жібі жалғап тұрған қасиетті Сарыарқа даласына қарай бағытталып, Астана процесі Сириядағы қасіретті соғысты бейбіт жолмен реттеу және осы елдің дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналғанын мәлімдеді Президент Н.Назарбаев.
Сыртқы саясатымыз барысында ұзақ жылдар бойында талқыланып келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуы іргелі табыстарымыздың бірі болып табылады.
Осылайша, аймақтық елеулі мәселелермен қатар, жаһандық жайттарға жасқанбай белсенді араласып, жарқын үн қосып отырған Қазақстан 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып, мұндай жоғары мәртебеге жеткен қазақ елі өз қызметінде дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын орталықазиялық аймақтың өмірлік мәселелеріне аударуға, ядролық қарусыз әлем орнатуды жақындату сынды ауқымды мұраттарды алдына қойды. Төрағалық қызметімізді жоғары деңгейде атқарып, жаһан мемлекеттері қауымдастығының алдында абыройымызды бекемдей түсуге, сонымен бірге Сыртқы істер министрлігінде отаншылдықтың жоғары үлгісін көрсете қызмет етіп келе жатқан дипломаттарымыздың бірнеше буыны үшін өте үлкен кәсіби тәжірибеге айналған Ұлттар Ұйымындағы миссиямыз да жемісті аяқталып келеді.
Мінеки, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы қай кезеңде болсын табысқа деген нық сенім мен халықтың бірлігі ғана ел тағдырын шешкендігін, бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біздің тәуелсіз жас мемлекетіміздің ұлы асуларды бағындыра алатындығына сендіруі еліміздің барлық азаматтарына, соның ішінде дипломаттар қауымына жасампаз жігер, жалынды от береді.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы Елбасының фундаменталды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқын белгіленгендей, санамыздың ісімізден озық тұруы, тіпті ол саяси және экономикалық дамуды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатынын тұжырымдаған өміршең ойларымен тығыз сабақтас екендігін айтуымыз лазым. Расында, бүгінде сыртқы және ішкі жағымсыз факторлардың салдарынан керегесі шайқалып, шаңырақтары ортасына түсіп жатқан бірқатар елдердің қасіреті тек қана әлеуметтік-экономикалық жағдайларға ғана емес, елдің қоғамның рухани құлдырауы салдарынан да орын алғандығына көз жетуде.
Сондықтан барлық салалардағы жаңғыру, ең алдымен, өзінің ұлттық кодын сақтау арқылы, жаңару жолына түскен қазақ елінің алдында қазіргі заман талабына сай демократиялық құндылықтарды нығайту, саяси-экономикалық, мәдени және ғылыми әлеуетті еселеу, рухани қуатты арттыру, Жолдауда қапысыз тұжырымдалғандай, Азаматтардың сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру арқылы сыртқы әлемге елдік бірлігіміз бен тұтастығымызды мойындата отырып, бейбітшілдігімізді баян ету бүгінгі және болашақ ұрпақтардың басты парызы болып қала бермек.
Мұхтар Кәрібай, Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі
Abai.kz