Абылай ханның түсі
Үргенішті жау шапты, отқа оранған ауылдан жан сауғалап, жан-жаққа ел бытырай босты, Көркем-Уәлидің он екі жасар сары баласы тас қараңғы түнге оранып бұта-бүргенді паналады, кеңірдек үшін қоянға тұзақ құрып, аспандағы сарала қазды жерге құлатты, тасты тасқа сүйкеп от жақты, таусылмаған ризығын жеді, күн артынан күн өтті...
Аптап ыстық жердің апшысын қуырады. Құм бетінде от шарпиды.
Сары бала ұйқыдан көзін ашқанда қалың атты адамды көрді. Ортасында шар айнадай үлкен бөрік киген, келісті келбетті, көзінің жиегінен мейір төгілген ақ сақалды, атаға бірден көзі түсті.
- Жер беті түгел менікі дегендей аяқ-қолын төрт жаққа керіп, әкесінің төрінде жатқандай-ғой мынау деп тамсана қарады Төле би, баладан тарап тұрған нұрға сүйіне оның тегін емес екенін сезді.
- Қайдан келесің балам?
- Сардаладан.
- Қайда барасың?
- Сардалаға.
- Атың кім?
- (Анасының ата-тегіңді ешкімге айтпа дегені есіне түскен ол) Білмеймін.
- Әкеңнің аты кім?
- Білмеймін.
Мынасы қызық екен десті жанындағылар күбірлеп.
Үндемеңдер, тыныш деп Би аға атынан түсіп баламен сөйлесті.
Сардалада сарнаған жетім менен жел ғана деп сардаланың желі ызыңдай соғады. Төле би баланың ішкі әлемін аралап шықты, әке болуға өзін ұсынды, ұсқыны кеткен, қара табан, шашы үрпе-шүрпе болған сары балаға Сабалақ деп ат қойды.
***
Төленің алты қанат ақ ордасының мама ағашы қашанда келімді-кетімді адамдардың атына толы, келген кісінің атын ұстап, қолтығынан демеп аттандырып салуы осы Сабалақтың мойнында, «тура биде туған жоқ» деп Төле алты алашқа билік айтып, елді елдікке, бірлікке шақырды. Құраннан нәр алып, сүннетпен шешім жасап, дәстүрді жадында ұстап, Әз Тәукенің жеті жарғысын(шариғатын) негізге алып қара қылды қақ жарып, әділ билік айтты. Дауласа келгендерден жақсы менен жаманды қатар көрген Сабалақ көп нәрсені ойға түйді, құмнан кебек алтын сүзгендей санасында зерделеді, көкейінде көп нәрсенің таласы болды, солай кемелдікке ұмтылды.
Төле бидің дәрет суын жылытып, батасын алды, көктемде түйесін бағып, күзде жылқысын қарады, көкесіне әбден жақты, Төленің тоғыз ұлынан Сабалақтың зеректігі мен өжетігі күн санап асып отырды, Төленің бәйбішесінің ішіне жын кірді, мына жетім тоғыз ұлдың алдына шығып, ел билейтін түрі бар, Төленің бар салтанаты осының басына орнаса мен бұл қорлыққа қалай шыдамаймын деп байбалам салады, оны естіген Сабалақ өр мінез көрсетіп, Төленің көнбесіне қоймай рұқсат алып, сардаланы әуелі әдетімен кезіп кетті, паң далада паңдана кетіп бара жатқан сұлбасына сүйіне ұзақ-ұзақ қараған Төле сар баласын бір Аллаға тапсырды, елдің бар жүгін де өзінің ықыласын да осы балаға берді.
***
Темір он жасында алып денелі алпамса жігіт болды. Бірге ойнаған балаларды еш місе тұтпай, үлкен балаларды «апалатып» үйіне жіберетін содыр болды. Білмеген ел он жастағы оны түріне қарап отызды еңсерген жігіт деп топшылады. Зәулім теректі тамырымен он үш жасында қопарды, он бесінде атан өгізді иығына салып зулап кете беретін болды.
Әке байлығына шалқып өскен оның түйгені аз, ойы таяз, көңілі тоқ еді, «мен мықты» деп алып денесі мен байлығына барынша сенді, өр көкірек, такапар болып өсті, он жетісінде от басын құрды, төрт әйел алып, әр әйелден он баладан қырық бала тудырам деп өзінше жоспар жасады. Жастықпен асты, тасты, әйел шығарды, әйел үстіне әйел алды, жасы қырықтың қырқасына келді, шыр еткен шикі өкпеге зар болды. Қатал уақыт оны ақыры алпыспен алқымдады, бір балаға зар болып, күндіз түн зарлап жылады, Алланың өзі бермесе, пенденің барма шарасы. Ашудан жарыла жаздады, іш құстасын шығару үшін жанына қырық жігіт алып, сейіл құрып сардалаға саяхатқа шықты...
Ала қарғаның жұмыртқаны жаңа жараған балапанын қарамай тастап кеткенін көрді, әлсіз, сорлы балапанның үстіне шыбын-шіркей үймеледі, шіркейлер сағыз сияқты балапанның шаранасына жабысты, Темір таң қалды, жалғасты тамашалады, балапандар бірінің үстіндегісін бірі жеп талшық қылды, қырық күн бойы кетпей қарады, қырық бір күн болғанда ала қарға балапанына келді, сар ауыз балапандар қара қанат болып көкке ұшты.
Бұл жұмбақ әлемнің сырын далада ұқты, мүлтіксіз қызмет көрсетіп күлімдеп тұрған айға қарады, мәр-мәр тастай тізіліп, жанып-өшкен жұлдызды бірінші рет көрді. Адамдар қандай күнә жасаса да ол еш ренжіместен өз жұмысын жалғатыра береді. Ай мен күн болмаса деп ойлап қорқып кетті...Мизамнның шуақты түндері күндері мен түндері оны сондай аяп жанына рахат силады. Биік таудың басына шықты. Кенеттен бір бүркіт көкке самғай көтеріліп кішкене затты жерге тастады. Астына ілезде пайда болған екінші қыран сол түйіршік затты жерге түсірмей қағып алды. Келесі түскенін де дәл солай қағып алып, көкке самғап биіктегі бүркітке апарып береді. Ол қайта тастайды, жаңағы бүркіт көктен түсіп келе жатқан затты көз ілестірмес жылдамдықпен қағады.
Тамаша көрініс... деп Темір жанындағы қырық жігітімен көз алмай ұзақ тамашалады.
Артынша аналық қыран бүркіт қара тұмсық болған балапандарын жерге лақтырды. Кішкене затты жерге түсірмей ілген аталық бүркіт лезде балапандарды еш жерге түсірмей ұясына қайта апарып қояды. Солай үш балапанды шешесі көп рет жерге лақтырды, әкесі көп рет тосып алды, ақырында оларда қанатын өздері қағып, көкке қалықтап ұшуды үйренді. Солай үш балапан қыранға айналып көкте ұзақ қалықтады.
-Түсіндім Алла, - деп Темір айқалап жіберді, мен әлі ана қырандай әке болуға дайын болмаған екенмін деп үнсіз ой түйді.
Көкірегінің көзі ашылды, өзінің жастықпен жасаған астамшылығына бармағын шайнады, енді бәрі кеш болды, сәждеге келді, өксік ата өзін жек көрді. Сол түн Темір түс көрді түсінде алып қыран бүркіт қолына қонды.
Таң ата жақсылыққа жорып, қуанған Темір бір жылқы сойғызып, түс садақасын жасап қырық жігітіне ас берді. Түсін ешкімге айтпады.
Кеш бата, табаны тілімделген, балағы жалбыраған сабалақ сары баланы Темірдің жігіттері ұстап әкеліп қосқа кіргізді. Қыран тұмсық, өткір көзінен іштегі жалынын байқаған Темірдің есіне бірден түсі келді...
Иен далада жетім балаға әке болып сапарынан еліне қайтты, балалы болғанын жалпақ елге жар салып ұлан асыр той жасап, түйе балуан салып, қыз қудыртты, теңге іліп, жамбы аттырды, ат жарыстырып бас бәйгеге жүз жылқы тікті.
Темір мың жылқысынан Сабалаққа таңдап құлагерді мінгізді, қамқа тон кигізді, кәмшат бөрік киіп, күміс белбеу тағынды, ат үстінде бар өнерге жатылды. Жылқы басы Ысқақтың дала мектебін оқыды.
Меңреу қараңғы тұман шөккен бір түнде Темірдің мың жылқысына жау шапты, Жылқы басы Ысқақ сойылға жығылды, құлагерді тақымдап Сабалақ қарақшыларды қырық жігітпен қуып, аты шулы қырық қарақшыны тірідей қолға түсіріп, дүйім жұртқа он бесінде аты шықты. Сол әңгіме елге аңыз болып тарады, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр өзі іздеп келді, қыпшақтың қара Темірі балсы Сабалаққа батсын беріп, қас батырға қосты.
***
Әбілмәмбет ханның жарлығымен әр отбасындағы еркек кіндік атқа қонып, жоңғарға соғыстуға бар қазақ жиналды, қалмақтың Шарыш батырының аты аспандап айға жетіп тұрды, бүгін майданға шыққан Қазақтың екі батырын көз ілестірмей аттан сұлатты, елде үрей жоқ, қазақтар састы, жоңғарлар асты.... ертең соңғы жекпе-жек кім шығады белгісіз... Ел ұйқысыз дөңбекшіді, «ешкім шықпаса, мен шығарамын»- деп сексенге келген қарт Бөгенбай дәретін жаңалап екі бас намаз оқып ұйқыға кетті.
Сабалақ сол түн түс көрді, түсінде қалмақтың баһадүрі Шарыштың басын допша домалатып теуіп бара жатты, орнынан жеңіл тұрды. Көкесі Темірге түнде көрген түсін айтты.
-Жақсы түс, жауыңды жермен жесен етесің деп Темір, күректей алақанымен бетін сипап, осыдан Шарысты жеңсең бір сары сиыр сойып, нәзір құрбан шалайық деді. Әлекедей жаланаған жігіттер таңғы асты патышаға жайғандай етіп дайындаптты, буы бұрқыраған қуырдақ пен дөнен қымыздың исі Темірдің қосынан айналасына сіңіп жатты.
Дәл сол түні Жоңғардың батыры Шарышта түсінде Сары баланың басын доп қып теуіп бара жатқанын көрді, таңғы аста, алқалы топта, нояндардың арасында мақтана айтты, хан Қалден-Серен сен алмайтын жау барма деп дарылдай аспандата күлді...
***
Қан майданда алып денелі, шашын түйген Шарыш ақырып тұр... Күн бұлттың арсынан зорға сығалайды, үп еткен жел жоқ, кім шығар екен бұған дегендей бар тіршілік қас қақпай қадағалап тұрғандай. Тынысын ішне тартқан қазақтар жағынан Бөгенбай қарт, белін буына бастады, алдына алқына жеткен Сабалақ: батыр ата, бұл жолғы кезегіңізді маған бер деп өтінді, қарт батыр қабағат қуанып, атынан түсіп, қайқы қылышын көлденең ұстап батасын берді. Сабалақ енді Әбілмәмбет ханға келді.
- Дәт тақсыр Хан ием деп отты жанарын қадады.
- Дәтің болса айт балам.
- Мынау ақырған қалмақтың басын алсам деп едім, рұқсат етсеңіз.
- Тым жас көрінесің, бұрын майдан көрген бе едің?
- Атамыз жаудан қайтпаған...
- Қара қазақ қамы үшін бір жолға рұқсат беріңіз... Шарыштың айқайы бұл жолы тіпті қатты естілді.
Жиырма жасар Сабалақ Абылайлап майданға тура шапты, Қазақтардың өзі бұл кім деп жан-жағына қарады, ыржия, бойына тоғытпай қарысы алған Шарыш; бала-ау қозыңды бағып жайыңа жүре бермей несіне қан майданға өлім тілеп ерте келдің деп қарқылдай күлді. Сабалақ оқты көзін қадап тұрыстық бере жауына кектене айбар танытты, көз алдында тұрған Үргенішті шапқан жауын көрді, оның жанарындағы жалыннан сескенген Шарыштың өне-бойы дір етіп, күші бірден әлсірей бастады. Шарыштың көз алдында кішкентай бала алып адамға айналды, оның айналасында қалың адам пайда болды. Шарыш қоыққаннан қаша жөнелгісі келді, өйткенше болған жоқ, жекпе-жек басталып кетті, қос батырдың наизасы жарық-жұрық етті, қалқан ұстап қян-кескі ұрыс салды, алысқа барып қайтадан тұлпарларын тебініп, арындай тура шапты, қылыштың жүзінен от шарпыды, ақырған дауыстар бұлта сіңді, қою шаңға бөккен екеудің қарасы көрінбей кетті, екі жақ өз Құдайларына сиынып жатты, артынша Шарыштың аты бос ойнап шықты. Абылайлап Қазақтар аттандап лап қойды, Қалмақтың қалың қолын тықсыра қуып Іленің жағасына бірақ апарды.
Үлкен жеңістен соң, Абылайлап жауға шапқан Сабалақтың шын аты белгілі болды, атақы Шыңғысханның тұқымы, Барақ ханның ұрпағы, берісі қанішер Абылайдың немересі Әбілмәнсұр, Көркем-Уәли сұлтанның ұлы екені жалпақ жұртқа жайылды. Көктен түскендей болған хан тұқымына таңданысын жасыра алмай, қуаныштан төбелері көкке жетті Қазақтардың.
Сабалақ Әбілмәмбет ханның бас сардары болды. Сол күннен бастап оның Сабалақ аты да, Әбілмәнсұр деген шын аты да аталмай, Абылай деп атап кетті бүкіл қазақ, жоңғар, шүршіт, ноғай, татар баласы. Атағы аспандап оның атының аяғының дүрсілін алыстан, жерге құлақ қойып тыңдап қалмақтар шошитын болды. Қабағын түкситіп, демін ішіне тартып, елдің қамын жейтін болды, бұрынғы жай қазақ оның жанына жақындай алмай қалды.
***
Абылай қапияда жау қолына түсті, сондай айдарынан жел есіп тұрған шақта, атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін шағында, қараңғы зынданға салынды. Мен алмайтын жау жоқ, мен мықты, мен көкті тіреп тұрмын деген Абылай амалсыз шой қараңғы түнекте Жаратушысын таныды, өзін өзі іздеді, бұта-бүргеннің арасында аш-жалаңаш жатқан шағы көз алдынан өтті, тәубе, тәубе деп, орнынан атып тұрды, қазақтың қас батыры болып тұтқында отырмын шүкір деді. Атасы Шыңғысхан қазақ даласына жебедей қадалып, ондағы көп халықты қырғанмен, шебер Жаратушы өз қолымен бәрін орнына қойып, оның үлкен ұлы Жошыға және оның тұқмдарына осы топырақты қайта қалпына келтіруді жүктеді, Алтын орда, ақ орда, көк орда, қазақ хандығы бәр-бәрі осылар...Абылайды бір жетіден бері жегдей жеген ішкі ширығуы, ашу-ызасы зорға тарады.... маужырап ұйқыға кетіп барды, шешесінің етегінде жатты...ертек айта бастады...сенің аталарың хандар тұқымы, түркменнен қолға түскен мені сұлтанның әйелі деп «қатын» деп мәртебеледі...сенде хан боласың, сенің де әйелдерің қатын болады.
Сен саспа, бұл жерден шыға үлкен хан боласың, сонда сен аталарыңның жолын жақсы жалға, халқыңның қадіріне жет! мен жалаңаяқ Әздермін сені туғаныңнан қорғап келемін, Алланың қалауымен сенің жауың Шарыстың басын алуда жаныңда болған біздер деп шүңірек көз, аласа бойлы, жалаң бас, жалаң аяқ адам көзден ғайып болды. Ұйқысынан тез оянды Абылай, жаны сергіп, өзін сондай бір жеңіл сезінді.
Алтын тақтың буымен қателік жасап алдым ба? Төле би мен Темірден алыстап қалғанына налыды, Алладан кешірім сұрап жалынды. Бүкіл қазақ Абылай үшін дұға жасады, жалаңаяқ Әздер әулие күн-түн көз ілмей Алладан тіледі.
Тоқсан адаммен Төле би Қалденге қалың елі қазақтың атынан келді, алдағы мың жылдар хақында сөз етті, мына екеуміздің орнымызда ертең басқа адамдар, басқаша сөйлесіп отырады, сенде, менде Құдайымыздың алдына барамыз, сонда есеп береміз дегенде, паңданып отырған Қалден тағынан «Бұрхын, бұрхын» деп атып тұрып дуалы ауыз бидің сөзіне тез тоқтады.
Зынданның басына екі жақтан адам барып Абылайды ордаға алдыруға келді, қақпақ ашылғанда түсінде көрген жалаңаяқ Әздерді көрді Абылай. Бойына сондай мығым күш бітті.
Жауының алдына рухы биік болып келген Абылай Қалденнің қолшоқпарларының ханымыздың алдында тізерлеп бас и дегеніне қаймықпастан.
-Мен қазақ деген елдің қас батырымын, батыр майданда тұтқынға түссе сөз, ұрлап, қатынша ұстағанға неғылған бас иу деп, өзін паң ұстап кеудесіне қолын қойып сәлем берді.
Сол сәттен бастап Абылайдың өшкен бағы қайта жанды, ол жау қолында еш сасқан жоқ, күнен-күнге жағыдайы жақсарды, айлар аунап, жыл ауысты.
Жау қолынан босап, Топышты тоқалдыққа алып, Қалденге күйеу болып, Әмірсанамен дос болып оралды. Жау қолында шебер Алла оның нәпісін тәрбиелеп, иманын көзіне көрсетті, еліне келгеннен бастап Абылай тақуалықты мықты ұстанды. Абылайдың айбыны асқақтай берді, Алла Тағала оның дәрежесін одан сайын көтерді. Әбілмәмбет хан орнын беріп, бүкіл қазақ ақ киізге салып Абылайды хан сайлады.
Хан Абылай Йассауи атасын қатты құрметтеді, Түркістанға әр келгенде алсытан аттан түсіп, жаяулап барып әулиеге тәуіп етіп, артымен шегініп кететін болды.
***
Қара күзде қырғыз-қазақ соғысты. Атақты Әтеке батыр үш күн бойы Абылайдың қолын ойсырата жеңеді. Туысқан бауырлар қанша соғысса да аспанда күн күлімдеп күнде шығып, кеште батып тұрды.
– Ендi қайтем, Жалаңаш баба?! – деп Абылай піріне қарады хан шатырда.
– Сәске көтерiлгенше ол атса да сен атпа, ол шапса да сен шаппа. Сенiң оғың оларға сәске көтерiлген соң дариды – дедi Жалаңаш баба.
– Шатыр сыртынан естіген бiр батыр: Хан еке, қарап тұрып, тектен-текке қырыламыз ба? – деп атын екпiндетiп, жауға шаба бергенде аты тулап жығып, ортан жiлiгiн үздi.
Түске дейін қырғыздар екпіндетіп қазақтарды шатырларына қуып тығады, алды, шатырды өртеп елдің үрнейін әбден ұшырды. Дұқа намазын оқып, зікір жасап отырған жалаңаяқ әулиеден басқа жанда үрей қалмады. Абылайдың да шыдамы әбден таусылды, жанына ханды шақырған әулие тізесіне тізесін тигізуді сұрады, сосын бір фатиха, ұш ықылас шариф оқып пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа(с.ғ.у) мүбарак рухына, алғашқы хаифа Хазіреті Әбу Бәкір(р.а) бастаған руханияттың алтын шынжырындағы Алланың сүйікті құлдарының мүбарак рухына және пірің менің рухыма бағышта Алладан жеткізуді сұра, артынша жеті рет шынайы Аллдан қорқып, жасаған күналарыңды еске алып, кешірім сұра, сосын сүйікті пайғамбарымызға жеті рет салауат айт, одан соң пірің мен Қалмұһаммед Бекмұхаммедұлына байлан деді. Әулие өзінде бардың бәрін Абылайға өткізеді, жүректен жүрекке нұр ағылды, жаны тыншыды, мен ханмын, мен батырмын, Шарыштың басын шаршы топта алдым, ханның тұқымымын деген нәпісі зорға жуасыды, өзін бір тамшы мәниден, одан ұйған қаннан жаратқан Жаратушысын ойлап, өне бойы дір етті, ұстаздан нұр ағылып кеудесіне құйылды, ана құрсағы, бұл дүние, қабыр, мақшар алаңы, жаннат, тозақ... енді міне Абылай рухының хәлібі Алла, Алла деп дүрсілдеп соға бастады, қоқыныш, үрей бәрі зым-зия жоқ болып, рахаттанып көкте праққа мініп сатылап ұшып бара жатқандай күй кешеді...
Түскі аста қырғыздар масаттанып, бозасын ішіп, әндетіп дуылдап ырлай бастайды.
Кенеттен Әтеке есіне бірдеңе түскендей қылғына:
– Бiтiмге келсек қалай, қазақтар өздері жеңіліп тұрғанда деп, батырларына шолай қарайды.
– Не деп кеттіңіз ағасы-ау. Жеңіс бізде емес пе, деп дуылдай күледі басқалары.
–Сол көзім жыпылықтап тартып барады, бір жамандық барма деп қорқам деп Әтеке батыр міңгірлей қалады.
–Нәдiр батыр, көзім тартты деп қорқуға болама, көз ол жүректің соғуымен байланысты тарта береді. Төрт күн бойы жеңілген маңқа қазақтың енді несі қалды, түсткен кейін қалған шатырларын өртеп, жерін басып алып, еркегін құл, қатынын күң етеміз деп бозаның буымен аспандата дарылдай күлді.
– Әтеке-ау сізді де батыр дейді ау деп аузын сүрткен Нәдір одан сайын өрекпіді.
– Шарт кеткен Әтеке шатырдан шыға екi мың қолын жинап алатуды асып кетті. Жалаңаш баба жерден бiр уыс топырақты алып, жауға қарай шашып, «Ал, ендi шабыңдар!» – дейдi.
Күздің сумаңдаған суық желі әп-сәтте Алатаудың сол қапталын соқыр тұманға бөктірді, соғыс майданында ештеңе көрінбей кетті, төрт күнгі ат тұяғы қиған жерден құлан адасар шаң тұрып, ат бауырынан қара қан аққан соғыс болады. Ақырында қырғыздың атақты батыры Жайлыханды сегiз ұлымен қабат ұстаған Абылайлар жеңіске жетті. Осы соғыстан кейін Абылай мүлде басқа адамға айналды. Иманы одан сайын күшейген Абалай пірінің қасында қалқада отырып хатым жасайтын болды, сәрсенбі мен бейсенбі түн Алланы көп зікр етті. Тасбиық намазы мен таһажүт намаздарын жұма түні тастамады. Өз халқына қамқор қолбасшы, ақылгөй дана хан болып толысты. Қандайда бір шешім қабылдау қиын сәтте Истихара намазын оқып Жаратушыға арқа сүйеді, оңмен солын солай реттеп, қытай мен орысқа сыр бермеді, бас имеді.
***
Абылай бейсенбіден жұмаға қараған таңда түс көрді, түсінде қалың қамыстың қасында тұрды, кенеттен қамыс өздігінен жапырылды. Артынша қамыстың арасынан шыққан жолбарыс керіліп-созылып аз тұрып, алып ақ аюға айналып кетті, ақ аюда қасқыр, түлкі, күзенге айналды. Қамыстан енді айдаһар ысылдап шықты. Шошып оянған Абылай дәретсіз жер баспайтын әдетімен, төсегінің аяқ жағындағы жарты қыш кірпішпен тәяммүм жасап, қырық қадам жердегі әжетқанаға барды, бір шелек сумен ғұсыл құйынды, тезден Хашир сүресінің соңғы үш аятын оқып, жалғап бір Фатихамен он бір Ықылас сүресін оқып сауабын сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа(с.ғ.а) бағыштап, Я, Алла бұл түсім жақсылық болса жақын ет, жамандық болса жауыма бер! -деп бетін сипады. Іштей түсін өзі жорыды, бірақ жаны жай таппады.
Таң намазын оқи сала, таң қараңғылығымен далаға шықты. Түркістанның құм ұшырып, көз уқалатқан таусылмас бораны Йассауи кесенесінің айналасында жоқ, сондай жанға тыныштық сыйлайды, осында жатқан хандар мен сұлтандар оның жанына келгендей болды... Соңғы демінде өз кіндігінен тараған, отыз ұл, қырық қызына Йассауи кесенесіне жерлеуді өсиет етті.
Нұрхалық Абдырақын
Abai.kz