2020 жылға қарай халықтың 100 пайызында электронды денсаулық паспорттары болады
Қазан айының басында өткен Үкімет отырысында премьер министр Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың баяндамасын тыңдап, осы сала бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Сол жиында үкімет мүшелері 2016-2019 жылдарға арналған қолданыстағы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жаңғыртылған жобасын мақұлдады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған министрлік келіп түскен арыз-шағымдарға, БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерге талдау жасайтынын да айтқан еді.
Министрліктің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің барлық негізгі мәселелері алты топқа бөлініп отыр. Олар: қызмет көрсету сапасы, білікті мамандардың тапшылығы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық жабдықтарды жаңарту, халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ендіру туралы ақпараттандыру проблемалары, денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен айқындылығы және азаматтардың денсаулығының төмен деңгейі.
– Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жәрдемнің, әсіресе медициналық-санитарлық алғашқы көмектің сапасын арттыру үшін мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар маңызды шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, министрлік жаңа учаскелерді құру және мемлекет пен жекенің серіктестігі аясында МСАК-тың шағын формаларын дамыту арқылы келесі жылдың аяғына дейін жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтады. 2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дәрігерге түсетін жүктемені 1 700 адамға дейін азайту қажеттігін де айтып өтті.
Және, «Отбасылық дәрігерлер» практикасын одан ары дамыту аясында диспансерлеуді өлім-жітімнің 60 пайыздан астамының себептерін анықтайтын ауруларды басқару бағдарламаларына трансформациялау жүргізіледі.
– 2020 жылға қарай артериялық гипертензия, қант диабеті және созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі секілді үш ауру бойынша есепте тұрған пациенттерді осы ауруларды басқару бағдарламаларымен қамту 11 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтылатын болады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар 2020 жылға қарай барлық дәрігерлер мен мейірбикелерді аталған бағдарлама бойынша оқытып шығуы керек, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Бұдан өзге, қағазсыз құжат айналымына толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін цифрландыруды жалғастыру керек, сонда медицина персоналына түсетін шамадан тыс жүктеме төмендейді. Медициналық көмектің сапасын жақсартудың тағы бір бағыты қауіпсіз босандыруды және ана өлімін азайтуды қарастырады. Жаңарған мемлекеттік бағдарламада медицина қызметкерлерінің біліктілігін одан ары арттыру, медициналық ұйымдарды акушер-гинекологтармен және анестезиолог-реаниматологтармен жасақтауды 95 пайызға дейін жеткізу көзделген. Бірақ қазіргі құзырлық бөлініс бойынша денсаулық сақтаудың жергілікті жағдайына Астанадағы министрлік емес, әр әкім жеке жауапты болғандықтан, бұл ретте көп нәрсе жергілікті басшыларға тәуелді. Сондықтан министр тағы да соларға жүгінді.
– Әкімдіктер барлық қажетті мамандарды жұмысқа алып, орнықтыруы, сондай-ақ барлық жүкті әйелдерді уақытылы есепке алуды және оларды динамикалы түрде бақылауды қамтамасыз етуі керек. Желілік нормативке сәйкес, монобейінді ауруханаларды, соның ішінде перзентханалар мен босандыру үйлерін көпбейінді ауруханаларға интеграциялауды қамтамасыз ету қажет. Медициналық ұйымдар медициналық жабдықтармен жарақтандырудың ең төменгі стандарттарына сәйкес, толық жабдықталуға тиісті. Жергілікті атқарушы органдар жедел жәрдем мен ауруханалардың барлық қызметкерлерін оқытып, бекітілген стандартты ендіруі қажет, – деді Е.Біртанов.
Биыл салада жалпы құны 31 млрд теңге тұратын 35 объектінің құрылысы жоспарланған. 2019 жылы жалпы сомасы 55,6 млрд теңге жұмсалатын 33 объектіде құрылыс-монтаждау жұмысы жүреді. Бірақ олардың 60 пайыздан астамына бюджет емес, жеке бизнес қаржы құюда. Кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін жаңа жылдан бастап, мемлекеттік бағдарлама аясында бірнеше шара қабылданбақ. Мәселен, медициналық ЖОО-лар мен колледждерге іріктеу үшін қосымша емтихан енгізіледі. Оларды бітіретін түлектер біліміне міндетті тәуелсіз бағалау жүргізу заң жүзінде бекітіледі. Министрдің айтуынша, жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша әкімдіктердің жауапкершілігі күшейтіледі. – Құрметті әкімдер! Ауылдық жерлерге кадрлар тарту, оларды ынталандыру, әлеуметтік қолдау – сіздердің қолдарыңызда! Айтылған мәселелерді жеке бақылауға алуларыңызды сұраймын, – деді Елжан Біртанов.
Медициналық жабдықтарды жаңарту аясында «Ұлттық медициналық техника базасы» атты ақпараттық жүйе құру, онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында бюджет қаражатына және МЖӘ механизмдері бойынша медициналық техниканың 150 бірлігін сатып алу, медициналық техниканы тиімді пайдаланудың онлайн мониторингін енгізу жүзеге асырылмақ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес арнайы қор құрылды, онда қазір 100,5 млрд теңге жинақталған. 2018 жылғы 1 қаңтардан бері осы қор мемлекет атынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек қызметтерінің бірыңғай сатып алушысы болып табылады. Министрліктің айтуынша, 2020 жылға қарай халықтың 100 пайызында электронды денсаулық паспорттары болады. Бүгінде 10 млн халықтың осындай паспорттары бар көрінеді. Сонымен қатар ведомство салауатты өмір салтын насихаттауға жыл сайын 2,3 млрд теңге шығындамақ. Оның барысында қазақстандықтар арасында қант, тұз, темекі, алкоголь тұтынуды азайту туралы үгіт жүргізіледі.
Бұдан соң Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдердің ұсыныстарын қарастырып, мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстарды одан ары жандандыру үшін қосымша тетіктерді пысықтауды жүктеді. Бұның сыртында, Министрлік дәрі-дәрмектермен, медициналық бұйымдармен, кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыстарды жүйелеуге, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жай-күйі мен заманауи медициналық жабдықтармен жарақталуы проблемаларын шешуге міндетті. Премьер-министр бюджет қаржысына қарап отырмай, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, медициналық техникамен жабдықтау бойынша МЖӘ тетігін қазіргіден анағұрлым белсенді пайдалану қажеттігін атап айтты. Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, емханалар мен ауруханаларға, әсіресе бір салаға маманданған дәрігерлерді тарту, олардың біліктілігін арттыру, әлеуметтік қолдау бойынша іс-шаралар қабылдау тапсырылды.
Abai.kz