Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 3899 3 пікір 14 Қаңтар, 2019 сағат 10:13

Жолдың жайын шешіп берсеңіз, Қырымбек мырза!

Қызылорда облысының әкімі 

Қырымбек Елеуұлы

Көшербаевтың назарына

Өткен жылы Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығы қарсаңында  Арал ауданы, Құмбазар елдімекенінің бір топ ақсақалдары мені арнайы ат сабылтып іздеп келді. Қолдарында 2013 жылғы облыс, аудан көлеміне тарайтын газеттері бар. Газеттерде бір топ ауыл тұрғындарының Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа арнайы жазған хатттары жарияланыпты.

Онда:  «Біз Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауын ықыласпен тыңдадық. Оның «Қазақстан - 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан экономиканың күре тамыры – жол құрылысы екенін нақтылаған сөздері біздің ауылдың шешімі табылмай келе жатқан келелі мәселесіне де қатысты екенін байқадық.

Расында да, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне жолдың маңызы – айрықша! Олай дейтініміз, кезінде «Құмбазар»  дегенше – «құт базар десеңші» делінген ауданымыздағы ең шұрайлы да мазалы жердің бірі – осы Құмбазар елі. Ауыл шаруашылығына өте ыңғайлы болғаны сондай – қиындыққа тап болған жандар осы маңды төңіректейтін.

Өкінішке орай, соңғы кезде заман талабына сай жолдың болмауы – шаруашылыққа кері әсер етіп, тұрғындар арасында ренішті жағдай қалыптастырып отыр. Бірақ, әр істің өз шешуі болатыны сияқты,  бұл келелі мәселенің де өз шешімі бар. Ол – Құмбазар мен үлкен жол – трассаны қосса болғаны. Арасы небәрі – 11 шақырым ғана! Әлгі үлкен  жол – трасса Қызылжар елді мекені мен Қамыстыбас стансасының бойында жатса, ол Қамыстыбас арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдық жолына қосылады.

Демек, Құмбазар сынды ауыл шаруашылығына қолайлы жерді үлкен жолмен заманауи талаптарға сай жол салып қосар болсақ, аудан экономикасына оң өзгерістер әкелері сөзсіз»,- делінген екен.

Осының алдында ғана Арал ауданының Ақбай, Бекбауыл және Үкілісай елді мекендерінің  бір топ тұрғындары да жолыққан-ды. Олардың да облыс, аудан көлеміне тарайтын газеттерде Қырымбек Көшербаевтің атына жол азабын тартып отырғандықтарын  білдірген хаттары жарияланған екен. Ол газеттерде:

«Бүгінгі таңда дініміз, рухани құндылықтарымыз өзімізге, мұсылман боп есептелінетін қазақтарға,  қайта оралып жатқан мына заманда – Арыстан баб әулиенің жеті жердегі жайының бірі – Ақбай елді мекенінен 20 шақырым жердегі қасиетті орынға келіп, мінәжат етіп жатқан халықта қисап жоқ. Алайда, халықтың қасиетті орынға мұнан да көбірек сапар шегуіне жолдың қиындығы біраз бөгет болып тұр.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолынан бастау алып, Ақбай елді мекенінің үстімен әулие жатқан жайға қарайғы жерді асфальттап, жағдай жасаса, ауданымызда, тіпті Сыр өңірінде туризмнің дамуына да өзіндік серпін берер еді.

Егер темір жол бойындағы Үкілісай, Бекбауыл елді мекендері Ақбай арқылы  «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» ұлы жолына қосылса, Арыстан баб әулиеге мінәжат етушілердің екі бағытта да  келуіне жағдай жасалар еді. Әрі Үкілісай, Бекбауыл тұрғындарының тізгіндеуге келмейтін теміржол көліктеріне телміруін кемітіп, жеке көлік тізгініне өздері-ақ ие болып, жағдайларын жақсарта түсулеріне мол мүмкіндік туары анық-ты» - деп жазылыпты.

Бұл ұсыныстың бәрі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қарапайым халыққа жасап отырған қамқорлық саясатымен ұштасып жатқанын аңғару қиын емес. Сондай-ақ, бұл ұсыныстардың тағы бір ерекшеліктері – ұлтымыздың рухын көтерер, тарихымызды түгелдеуде бағыт-бағдар беріп отырған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әйгілі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» - делінген оймен ұштасып жатқаны таңғалдырады.

Өйткені, жергілікті тұрғындардың көтерген келелі мәселелері, өткенді былай қойғанда, ХІХ ғасырдағы Сыр бойы халықтарының басқыншылармен күресте Жаңқожа батыр бастаған халық көтерілісшілерінің де негізгі күре жолы болғандығы тарих шежірелерінен, аңыз әңгімелерден айқын көрініс тауып, ұрпақтар сабақтастығын аңғартып  тұр!

Мәселен, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясындағы мәліметте: «Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін Хиуа ханы Аллақұл жасақтарымен түркімен Аймұхамед палуанды жібереді. 1836 жылы Ақирек деген жерде (Ақиректе Арыстан баб әулиенің жеті жердегі жайының бірі бар.-Н. Ж.) елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болады» - делінген-ді.

Бұл жеңіс – Сыр өңірі халқының Хиуа хандығының озбырлығына қарсы күрестегі тарихи жеңісі еді. Бұл оқиғадан соң, Хиуа хандығының қазақ жерін басып алу, иемдену жоспарлары іске аспай, тек қарақшылық шабуылдармен ғана шектелуге мәжбүр болғаны да рас-ты. Демек, бұл тарихи шайқас – соғыс басымдығын қазақтарға алып берген шайқас болатын. Ал, шайқастың болған жері – Ақбай-Үкілсай-Бекбауыл қара жолының бойында, яғни «Мәстәт» деген жердің маңындағы төбеде болған-ды.

Шайқастың тап сол жерде болуы да – заңдылық болатын. Өйткені, Аймұхамед палуан жасақтары   Сыр бойы мен қырды байланыстырып тұрған күре жолмен, яғни «Құмбазар» елді мекені үстімен, Нұрша әулие жатқан жердің тұсымен, қазіргі темір жол өткелі тұрған жер арқылы Ақирекке өтсе, Жанқожа бабамыздың сарбаздары Ақиректің солтүстігіне таман жатқан Мақпал көлін (Мақпал көлі – Жақайым бабамыздың келіні Мақпал анамыздың құрметіне аталған. Оның бір кездері табиғаты теңдессіз сұлу, балығы мол көл болғаны әлі күнге халық жадында. Кезінде Көкше жерінен шегініп келе жатқан Кенесары ханның көл табиғатына қызығып, ордасын осы жерге тігуді ойластырғаны да аңыз әңгімелерден мәлім. – Н.Ж.) қоныстанып отырған Ақтан батыр бабамыздың қонысынан шығып, Аймұхамед палуан жасақтарын  күтіп алғаны да тарихи шындық.

Ендеше,  Құмбазар елді мекені тұрғындарының көтеріп отырған жол мәселесі – Нұрша әулие жатқан жердің тұсымен темір жол өткелі арқылы Ақбай-Үкілсай-Бекбауыл бағытындағы жолмен тоғысса, нұр үстіне нұр болып, тарихымыздың жаңғыра беруіне кең мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар, ол жолдың тоғысар жері – Жанқожа батыр мен Аймұхамед палуанның жекпе-жекке шыққан жері болғандықтан, болашақ ол жерге Жанқожа бабамызға арнап ескерткіш қойылып жатса, ұрпақ рухының көтеріле беруіне де септігі тиер еді.

Тағы да тарихқа жүгінсек, 1847 жылы көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, тонап кетеді. Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазбен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады. Жанқожаға Ресейдің Райым бекінісінің бастығы Ерофеев бастаған отряд келіп, хиуалықтарды талқандауға көмектеседі.

Райым бекінісінен шыққан Ерофеев бастаған Ресей әскерлерінің жүріп өткен жолы - бүгінде Қамыстыбас-Қызылжар жол бойындағы Ескіұра елді мекені тұсындағы Құмбазар елді мекеніне апарар 9-11 шақырым қара жол. Осы қара жолды заманауи қайта жаңғыртып, халық игілігіне берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Иә, сөз соңында түйіп айтар болсақ, болашақ Ақбай-Үкілсай-Бекбауыл жолына Нұрша әулие тұсынан темір жол өткелі арқылы Құмбазар елді мекенін қосса, сонымен қатар, Құмбазар елді мекенін Қамыстыбас-Қызылжар жолына да қосып, шеңбер жол жасасақ, аудан экономикасының, әсіресе ауыл шаруашылығының жаңа серпінмен дамуына даңғыл жол ашылар еді.

Осылайша, тарихи жол мен бүгінгі жолды ұштастырып, жаңғыртуды ұсынып отырған елді мекен тұрғындарының өтінішін сізге жеткізуді ауыл ақсақалдары маған аманаттаған еді. Аманатқа қиянат жасамайын деп сізге сол аманатты ақпарат құралдары арқылы жеткізуді жөн санадым.

Сізге деген құрметпен:

 Нұрбай Жүсіп

Арал ауданы

Қызылорда облысы

Abai.kz

 

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440