Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 6195 2 пікір 24 Мамыр, 2019 сағат 13:59

«Күріштің жаңа сорты көңілден шықты»

Бақыт Жаханов, Қызылорда облыс ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бақыт Дүйсенұлы, Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды қаншалықты кәдеге жаратуда?

– Өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласын қарқынды дамыту және ғылыми негізделген жаңа технологиялар мен инновациялық жобаларды өндіріске енгізу мақсатында «Инновациялық тәжірибені енгізу және тарату бойынша қызмет» бюджеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Бюджеттік бағдарлама бойынша ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 116,3 млн. теңге бөлініп, облыс әкімдігі жанындағы конкурстық комиссия шешімімен ауыл шаруашылығы өндірісіне 9 жаңа инновациялық жобалар енгізілуде. Оның ішінде, 3 жоба егіншілік, 6 жоба тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталған инновациялық жобалар.

Сондай-ақ, агроөндіріске сандық технологияларды енгізу саланы қарқынды дамыту үшін өндіріске «ақылды технологиялар» енгізу жоспарланып, бүгінгі күні жалпы егіншілік саласындағы 16 шаруашылық құрылымдары «нақты егіншілік» элементтерін ішінара пайдаланып отыр. Сонымен бірге, «Ақмая» шаруа қожалығының базасында «нақты егіншілікке» арналған «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасын әзірлеу жұмыстары басталды.

Мал шаруашылығы саласында «ақылды фермалар» құру бағытында жұмыс жасалып, қазіргі таңда 3 репродуктор мал шаруашылықтарында жылжымалы станок - фиксатор, ауыспалы жүктемелік, автоматты суарғыш жылытатын құрылғылар, автоматты суарғыш құрылғылары мен баламалы энергия көздері, GPS-навигаторлары пайдаланылуда. Сонымен бірге, «Рза» АҚ-ның сүт өндіру кешені базасында 2021 жылға дейін барлық заманауи автоматты қондырғылар, табынды компъютерлік басқару, электронды таразы, ұрықтандыру үшін АТЖ-мен бұқаларды іріктеу, АТЖ-мен сүт өндіру кешенін интеграциялау арқылы сандық ферма құрылатын болады.

Бұдан бөлек, былтырғы жылы Жалағаш ауданы «Манақ баба» фермерлік қожалығында «Оазистік суландыруды таныстыру» жобасы іске қосылды. Қазіргі уақытта осы жоба арқылы шаруашылық автоматты суарғыш құрылғыларын және баламалы энергия көздері жел, күн энергияларын пайдалануға мүмкіндік алып отыр.

– Облыс диқандары қанша гектар жерге күріш отырғызды? Биылғы меже қандай? Күріштің жаңа сорты егілді ме?

– Биыл облыс бойынша 178,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленіп отыр. Оның ішінде, негізгі дақыл күрiштің көлемі – 85,8 мың гектар. Аудандардан алынған мәліметтер бойынша, бүгінгі күні (22.05.2019 ж) 73 977 га (86,2%) жерге күріш тұқымы себілсе, оның 65 330 га (76,1%) суға бастырылған. Егін егу жұмыстарын агротехникалық талаптарды сақтай отырып, оңтайлы мерзім ішінде, мамыр айының 25 дейін және суға бастыру жұмыстарын 30 мамырда аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі таңдағы күріш өндірісімен айналысып жүрген облыс дихандарының негізгі пайдаланып жүрген сорттары - Лидер, Янтарь, Новатор, Фаворит, Маржан, Каз Ер-6, Айсауле. Дегенмен айта кету қажет, «Ы. Жахаев атындағы қазақ күріш ҒЗИ» ғалымдарының соңғы жылдары өндіріске ұсынып жүрген «Ай Керім», «Сыр сұлуы» сорттары мамандар тарапынан жақсы

бағасын алуда. Мамандарымыздың бағалауынша, бұл сорттар барлық сапасы жағынан Ресейлік сорттардан кем түспейді, бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда бұл сорттар өндіріске енгізілумен қатар, мемлекеттік сортсынақтан өтуде және келер жылы аудандастырылады деп күтілуде. Ғалымдарымыздың айтуынша, 2021 жылға қарай осы сорттармен егілетін көлем жалпы күріш егісінің 60 пайызын құрайды деп жоспарлануда. Соңғы жылдары ғалымдарымыз Иран нарығын зерттеуде. Осы мақсатта Иран күрішінің «Тором-хошими», «Феруди», «Неда» сорттарын экологиялық сортсынақтан өткізуде. 2018 жылы Қармақшы ауданы «Ақтөбе и К» ЖШС 300 га, Қазалы ауданы «Сыр маржаны» ЖШС 25 га жерге Тором Хошими сортын егіп, 35 центтерден өнім алды. Қазіргі таңда шаруашылық мамандары өнімдерін Иран нарығына экспортқа шығаруға жұмыс істеуде.

– Аймақтың экспорттық әлеуетін арттыру бағытында қандай шаралар қолға алынды?

– Ауыл шаруашылығы өнімдері нарығын және экспорттық әлеуетті ұлғайту мақсатында 2018 жылдан бастап экспортталатын өнім түрлері ұлғайтылды. Қазіргі таңда Қытай, Түркия, Араб Әмірлігі мемлекеттерінің нарығы игерілуде. Атап айтқанда, облыс бойынша 2013 жылы экспортқа 3 түрлі өнім шығарылса (балық, күріш, астық қалдығы), 2018 жылы оның санын 16-ға жеткіздік (қауын, қарбыз, тірілей қой, мақсары майы, картоп, өсімдік шырындылары, рапс және құнбағыс тұқымдары, күріш сабаны, көкөніс, томат, тірілей МІҚ және түйе). Жалпы, өткен жылы облыстан 34,5 млн. долларды құрайтын95,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, 2017 жылмен салыстырғанда өсім 18,2 %-ға артты. 2017 жылы облыс МІҚ малдың аусыл ауруынан буферлік аймақтан шығарылып, сыртқы нарыққа тірілей түрде МІҚ, түйе, қой малдарын экспорттай бастадық. Атап айтқанда, өткен жылы Өзбекстан Республикасына (285 бас түйе, 100 бас ет бағытындағы МІҚ малдары), Біріккен Араб Әмірлігімен Сауд Арабиясына (81 бас тірілей түйе және Ресейге 200 бас тірілей қой жөнелтілген болса, биыл Өзбекстанға 30 бас түйе, Иран мемлекетіне 789 бас қой малдары экспортталды. 2019 жылдың 1 тоқсанына облыстан 8,7 млн долларды құрайтын 21,3 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері (балық, күріш, бидай қалдығы, тірілей түйе және қой) экспортталды. Алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірлігіне - тірілей МІҚ, қой малдарын сондай-ақ, жасалған келісімге сәйкес шілде, тамыз айларында бақша дақылдарын (қауын, қарбыз) экспорттау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, биылғы жылдан бастап экспорттаушы кәсіпорындардың өнімдерін шет мемлекеттеріне экспорттау барысында кеткен шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша үкімет тарапынан қаржы қарастырып, мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда, облыстан 5 кәсіпорын өтінім әзірлеп, құжаттарын өткізуде. Сонымен қатар, салаға белгіленген мақсатты индикаторларға қол жеткізу мақсатында былтырғы жылы Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын жүзеге асырудың Тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар белгіленді.2019 жылы экспортқа бағытталған жобалық құны 5,4 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда (ет комбинатының құрылысы, құс фабрикасы, жылыжай шаруашылығы, тауарлы-сүт фермасы, күріш зауыты және т.б).

– Бірнеше жылдан бері облыс көлемінде малшылар слеті өтуде. Аталған іс-шаралар шаруалар үшін несімен тиімді?

– Әрине, слеттің мал шаруашылығы саласының дамуына тигізер әсері мол. Жыл бойына жаздың ыстығына, қыстың суығына қарамастан төрт түлік малды өсірумен айналысып жүрген шаруалардың еңбектері орасан зор.

Малшылар слетінің негізгі мақсаты – мал шаруашылығы саласындағы еңбек азаматтарының жыл бойына атқарған еңбегін бағалап, жақсы жетістікке жеткен малшыларды марапаттап алдағы тұрған жұмыстарға ынта-жігерлерін арттыру болып табылады. Сондай-ақ, мал шаруашылығы бойынша жеткен жетістіктерімізді, ата кәсібімізді заман талабына сай ғылыми тұрғыда дәлелденген заманауи технологияларды қолдана отырып дамыту туралы ой салып, пікір алмасу үшін сала мамандарын біріктіруге тиімді. Себебі, малшылар слетіне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің өкілдері, республикамыздың белгілі ғалымдары, төрт түлік малдың республикалық палаталары, жабдықтаушы кәсіпорындар қатысып келеді.

Былтырғы жылы аймақтағы дәстүрге айналған малшылар слетіне Қазақстанның 16 аймағынан біздің облысты қосқанда 7 аймақ өкілдері (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан) облыстарының делегациялары қатысып пікір алмасса, биыл слетті кең ауқымда өткізуге республиканың барлық облыстарының делегаттарын шақырып отырмыз.

– Облыста құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жағдайы қалай? Басым бөлігі қай бағытта жұмыс істейді.

– Облыста құрылған кооперативтердің басым бөлігі мал шаруашылығы бағытында жұмыс істеп, мал басын өсіруде. Қазіргі таңда 1000 бастан жоғары мал бордақылайтын 3 мал бордақылау алаңдарының базасынан зәкірлі кооперативер ұйымдастырылып, «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, МІҚ малын өсіріп отырған шаруашылықтар осы кооперативтерге телініп (привязаны), еркек төлдерін осы мал бордақылау алаңдарына өткізіп отыр. Мал шаруашылығын дамыту, малдың өнімділігін жоғарлату мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы аясында былтырғы жылы 1312 бас шет елден асыл тұқымды ірі қара малдар және 14501 бас қой аналығын сатып алуға несие берілді. Жалпы, бүгінгі күнге облыс бойынша барлығы 2688 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 106 кооперативтер тіркелген. 2016-2018 жылдары аралығында кооперативтерге 3,5 млрд.теңге жеңілдетілген несие қаражаттары беріліп, 1253 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, қосымша 897 адам кооперативтерге жұмыскер ретінде тіркелді. Мемлекеттік қолдау шаралары негізінде кооперативтердің сатып алған МІҚ (оның ішінде асылдандыруға), техника мен жабдықтарға 148,7 млн. теңгеге субсидия төленді. Нәтижесінде 2018 жылы кооперативтермен өндірілген өнім 2017 жылмен салыстырғанда ет – 15 есеге, сүт – 8 есеге, картоп – 1,6 есеге, көкөніс өнімдері – 17,4 есеге артса, ағымдағы жылдың 1 тоқсанына кооперативтермен 139,5 тонна ет, 1,5 тонна құс еті, 1800 дана жұмыртқа, 276 тонна сүт және сүт өнімдері өндірілді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дәурен Сейтжанұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371