Тоғыз балалы ана "қырық екінші арызын" Сапарбаевқа жолдайды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Бердібек Сапарбаевтың назарына
Жақында редакцияға алматылық көпбалалы ана келіп көмек сұрады. Тоғыз перезент тәрбиелеп отырған отбасы тұрып жатқан баспанамыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдауы екен. Он баланы дүниеге әкелген батыр ананың айтуынша (бір баласы шетінеген), әкімдік алты жыл бұрын берген баспанасын қайтарып алуы мүмкін көрінеді.
Мұхамеджанова Гүлзира 2009 жылға дейін жеті перезентін аман-есен дүниеге әкеліп, 34 жасында "Алтын алқалы" ана атанаған. Ал 2012 жылы 29 желтоқсан бұл үйде үшем дүниеге келеді. Сөйтіп, он балалы отбасы болғандықтан, әрі үшем дүниеге келгендіктен Алматы қаласына қарасты Алатау ауданның сол кездегі әкімі Бағдат Мәнізоров оларға Көкжиек ықшамауданынан үш бөлмелі пәтер сыйлайды.
Иә, сыйлайды. Әкім өз қолымен үйдің кілтін тапсырып, газет-журналдарда жазып, телеарнада көрсетеді. Баспананы табыстау рәсімінде Сәкен Майғазев қатарлы әншілердің қатысуымен шағын концерт те өткен көрінеді. Тіпті Алатау ауданының құрылғанына бес жыл толуына орай шыққан үлкен жинаққа бұл отбасының суреті де басылып, ауданның бес жылдығына орай берілген есеп-қисапқа енеді.
Өкініштісі, осылай жалпыға жар салып жүріп берген үй жекеменшікке емес жалға берілген екен. Үй иелері мұны жақында ғана білген. Тура алты жылдан кейін. Бұл үйдің кілтін 2013 жылы 8 наурызда табыстаған. Содан дәл бір күн бұрын, 7 наурыз күні туғанына үш ай ғана болған үшемнің біреуі шетінеп кеткен. Сәбиінен айырылып сансырап отырған отбасы әкімдік берген әр қағазға еш ойланбастан қол қойып беріпті. Несін ойланады, бұлар үйді алыпсатарлардан емес, мемлекеттен, білдей әкімнің қолынан алып отыр ғой...
Сөйтіп сенген әкімі әлгі алыпсатарлардың әрекетін жасаған екен! Бір қолымен «үй иесі» деген құжатты, бір қолымен «жалдап тұру» туралы келісімшартты беріп кеткен. Ал, бұған не деуге болады?
Гүлзира ханым көтеріп жүрген қалың құжаттардың ішінде үйге жеке меншік иелік ету туралы акті де бар, сонымен қатар, үйді жалдаушы ретіндегі келісімшарт та бар. Соған қарағанда бұл үй ұзақ уақыт жалдап тұруға берілген секілді. Ал жекешілдендіруге өтініш беру-бермеу тұрып жатқан отбасының өз еркінде екен. Егер жекешелендіргісі келе сол тұрғын үй құнының (4 880 100 тг) кем дегенде 30%-ы мөлшерінде бастапқы жарна төлеуі керек. Мұны «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы басшысының орынбасары А. Сайдельдаев айтып отыр.
Гүлзира ханым қазіргі тұрып жатқан үйдің өзінің жеке меншігі емес екенін биыл жыл басында кездейсоқ білген. 2013 жылы пәтер кілті табысталды. Ол кезде ешқандай төлем жасамаған. Ал 2016 жылы қалалық тұрғын үй басқармасына (бастығы Қайрат Нұрқаділов) шақырып алып, қажетті құжаттарға қол қойғызып алған. Араға тағы үш жыл салып, биыл қайта шақырған. Сөйтсе, бұл үйді жалдап тұру туралы келісімшартты әр үш жыл сайын ұзартып отыру керек екен.
Осыдан кейін ғана тоғыз баласымен (жетеуі кәмелет жасына толмаған) қосқанда он бір адам тұрып жатқан баспанасынан айырылып қалуы мүмкін екенін білген. Сөйтіп, жауапты орындардың есігін тоздырып, іздене бастаған. Алғашқы қаққан есігі «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы. Ал олардың қандай жауап бергенін жоғарыда айттық. Тұрғын үйді жекешелендіргіңіз келсе кем дегенде отыз пайыз жарнасын төлеп, жекешелендіру туралы өтініш беріңіз депті.
Одан кейін де бірнеше жауапты мекемені жағалап көргенімен, жөні түзу жауап ала алмаған көрінеді. Сөз арасында айтып қалды, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасарына жазған өтініш-арызын 42(!) мәрте көбейтіп шығарған екен. Соның 41-іншісін бізге қалдырды. Демек, бұл өтініш-арызды бізден бұрын да 40 жерге берді деген сөз. Ал одан шешіліп жатқан мәселе жоқ. Тоғыз баласын жетелеп табанынан тозып жүрген ананың жалғыз талабы - Үкімет өзі берген үйді өзі қайтып алмаса екен! Сондықтан да, 42-арызды тікелей Әлеуметті қорғау министрі Бердібек Сапарбаевқа бағыттауды жөн санап отыр. Рас, көп балалы ананың жанайқайын етектегі ұсақ шенділер жоғарыға жеткізбей жатқаны тағы бар. Сол үшін де Гүлзира Мұхамеджанованың баспасөз арқылы әрекет етуден басқа жолы қалмаған.
Көпбалалы батыр ана осы жағдайдың жоғардағы жауапты адамдардың құлағына жеткенін қалайды. Біздің мақсат та осы. Үшем дүниеге келген отбасыға баспана берудің бас-аяғы бұл емес. Оның үстіне бұл кісілер тоғыз перезент тәрбиелеп отыр. Сондықтан, бұл отбасыдан бұрынғы әкім-қаралардың «Алдаркөсе әрекеті» үшін дәл бүгін 5 млн сұраудың еш жөні жоқ деп білеміз.
Сонымен қатар, Гүлзира ханым Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары В.Вавилинге деген үлкен ризашылығын жеткізді. Дәл осы қызметкер бұл кісінің жұмысын оң бағытта шешіп беру үшін қолынан келген көмегін аямапты. Негізі 29 сәуірге дейін пәтерді жалдап тұру мерзімін тағы үш жылға дейін созуы немесе 30% алғашқы жарнаны төлеп жекешелендіруге өтініш беруі керек екен. Вавилин мырза өзі араласып, осы мерзімді 20 маусымға дейін ұзартып беріпті.
Құрметті Бердібек Машбекұлы, қазіргі таңда елімізде кезек күттірмейтін, күрделі мәселелердің бірі - көпбалалы аналардың мұңы болып отыр. Біз сөз етіп отырған Гүлзира Мұхамеджанова да мемлекеттің көмегіне мұқтаж. Батыр ананың тоғыз перезентіне тұрақ болған баспанасын ресми түрде өзіне жекешелендіріп беруге ықпал етсеңіз!
Көп балалы ананың Сізден өтініп сұрары осы ғана!
Қуаныш Қаппас
Abai.kz