Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11217 8 пікір 5 Маусым, 2019 сағат 09:03

Алаш арыстары: "Мекен-жайым Воронеж"

Өткен тарихымызға көз салсақ, тағдырдың талай қысталаң шақтарында тапқанынан жоғалтқаны көп халқымыздың сан қилы қиындықтарды бастан өткергенін білеміз. Халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген және қоғамның бүгінгі рухани жаңғыруы кезеңінде де жеке тұлғалардың құбылысы ерекше орын алады. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі Халел Досмұхамедов. Келесі жылы есімін иеленіп отырған университеттің ашылғанына 70 жыл толады. Осыған орай университет ректораты тарапынан Халел музейін жасақтау қолға алынды. Университет ректоры Абзал Талтеновтың қолдауымен Х.Досмұхамедов туралы деректер жинақтау мақсатында  тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайполла Жұмабайұлы Сапанов екеуіміз археографиялық іс-сапарға шықтық. Белгілі тұлғаның 1932-1938 жылдары Воронеж қаласына жер аударылып, қызмет атқарғаны белгілі.

Көңілде бір үміт, бір күдік. Себебі бұл қалаға бізден бұрын зерттеушілер арнайы ат ізін салмағаны белгілі.

Алған бағытымыз Атырау – Астрахан – Москва – Воронеж. Негізгі нысанамыз – Воронеж қаласы.  Қаланың ірге тасы 1585 жылы қаланған. Қала Москвадан 534 шақырым жерде. Воронеж қаласы 1928-1934 жылдар аралығында Ресейдің Орталық Қаратопырақты облысының ең ірі әкімшлік, экономикалық және мәдени орталығы болды. Бұл облысқа сол тұстағы Воронеж, Тамбов, Орел, Курск губерниялары енді.

Осы қалада сонау 1930 жылдардағы зұлмат кезеңде халқымыздың Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, Ж.Ақбаев, Ә.Ақбаев, Ә.Омаров, С.Қыдырбаев К.Тоқтабаев, Ж.Күдерин, М.Мурзин сияқты перзенттері айдауда болды. Барлығы кейінгі зұлмат жылдардың құрбанына айналды. С.Қыдырбаев (17 қазан 1938 жылы Воронеж УНКВД үштігінің үкімімен атылған (Книга Памяти жертв политических репрессий Воронежской области. Воронеж: АО «Воронежская областная типография». – 2017. -392 с.), Ә. Ақбаевта Воронежда атылған. Басы байлауда, өздері айдауда болған қайраткерлердің ізі қалған қаланың бүгінгі тұрғындарының саны миллионнан асып жығылады. Қазіргі уақытта қала Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі болып саналады. Қаланы жанай ағып жатқан Дон өзенінің сол тармағы Воронеж өзені  қаланы оң және сол жағалауға бөліп жатыр.

Халекеңнің соңғы өмір жолдары бұл қаламен тығыз байланысты. Х. Досмұхамедов тынымсыз жұмыстан, тұрмысының төмендігі, тосын ауа райының денсаулығына жақпауынан өкпе ауруына шалдығуына орай қалған кесімді жаза мерзімінен босатуды не уақыт межесін қысқарту туралы КСРО ОГПУ коллегиясына 28 наурыз 1934 жылы жазған арызында  қаладағы тұрақты мекен-жайын  «Воронеж қаласы, Ветеринарный көшесі, 13-үй» деп көрсетеді. Ол қаладағы Дәрігерлер білімін жетілдіру  институтында Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтаудың ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Балалары  Сәуле, Қарашаш, Төле қаладағы №1 А.С.Пушкин атындағы орта мектепте оқыды.

Барған күні Воронеж облыстық мемлекеттік архиві директоры Ирина Георгиевна Шайкинамен қабылдауында болып, таныстықтан соң, іс-сапарымыздың мақсаты мен маңызы жөнінде кеңінен әңгімелеп бердік. Ол бізді ерекше ықыласпен тыңдап, қуғын-сүргін құрбаны Х.Досмұхамедов туралы құжаттар архив қорында табылып жатса, бар мәліметтермен таныстыруға және де көшірмесін жасауға ықпал ететіндігін ашып айтқаны бізді ерекше қуантты. Архив қызметкерлерін шақырып алып, біздерге барынша жан-жақты көмек көрсетулерін тапсырды. Қандай да бір көмек қажеттілігі болып жатса өзімен тікелей хабарласуымызды назарымызға берді.  Басшы болса осындай болсын.

Х.Досмұхамедов тұрған үйдің фасады

Халел тұрған үйдің ішкі ауласы

Халел тұрған үйдің қас беті

Х.Досмұхамедов.  Воронеж, 1938 ж.

Халелдің балалары оқыған А.С.Пушкин  атындағы орта мектеп ғимраты

 

Ж.Досмұхамедов тұрған үйдің орнына қайта салынған үй

Ж.Досмұхамедов зайыбымен

Алаш арыстары тұрған К.Маркс көшесіндегі №94 («гармошка») үй

М.Тынышпаев ұлы Ескендірмен. Воронеж, 1932 ж.

М.Тынышпаевтың әйелі Әмина баласы Дәулетпен. Воронеж, 1932 ж.

Архив оқу залы ізденушілерден лық толы. Құжаттарға сұраныс беріп болған соң, Халел бабамыз тұрған үйдің мекен-жайын Воронеж облыстық мемлекеттік архив қорында жұмыс жасап отырғандардың ішінен жасы үлкен  ағамыздан сұрастырып қарадық. Бірақ ол кісі, ондай көшені  естімегендігін, өзінің мамандығы құрылысшы, бірақ үйінде қала көшелерінің картасы барлығын, алып келіп, біздерді таныстыруға уәдесін берді. Бұл біз үшін үлкен демеу болды. Ең өкініштісі 1942 жылы облыстық архив қорындағы құжаттардың 3/2-сі неміс-фашистерінің бомбылауының нәтижесінде жойылып кеткен. Біздің үлкен олжамыз архив қорынан Халелге қатысты №1714 «Досмухамедов Халиль» атты істі тапқанымыз болды. Жоқты бір жоқ табады дегендей бұл істе Жаһанша Досмұхамедовтың есеп карточкасы тігілген екен. Тегі бірдей болған соң іске қоса тіккен деген пікірдеміз. Бұл құжаттың құндылығы сол саналы ғұмырында ажырап көрмеген, тағдырлас Жаһаншаның қаладағы мекен-жайы «Скорняжный переулок, 3» деп көрсетілген. Халекең 1935 жылдың 3 қазан күнгі Воронеж қаласы, Варейкисов ауданы әлеуметтік кеңесіне  жазған арызында да мекен жайын  Ветеринарный көшесі, 13-үй екендігін атап көрсеткен (РФ, Воронеж облыстық мемлекеттік архиві, 1714 қор, 2 тізім, 318 іс, 1 п.).

Келесі кезекте Воронеж облыстық қоғамдық-саяси тарих архиві (бұрынғы партия архиві) мекемесінің қызметкерлері біздің келген шаруамызды мұқият тыңдап алып, оларда барлық қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын білдіріп, көңілімізді бір марқайтып тастады. Келесі күні архив қызметкерлерінен кезінде Х.Досмұхамедов тұрған көше туралы сұрастыра бастаған тұста, олар аталған көшенің архив мекемесінен алыс еместігін, бірақ ол көшенің атауы басқаша аталатындығын назарымызға берді. Бұны естіген біз архивте байыз тауып отыра алмадық, аталған көшедегі Халел бабамыз тұрған үйді тауып, көруге асықтық. Шынтуайтына келгенде Халел тұрған үйді көреміз деген үміттің болмағандығы да рас. Себебі соғыс кезінде қаланың 93 пайызы қираған болатын. Архивтен шыға салып көшені іздеп, ғалым жерлесіміз тұрған мекен-жайды оңай таптық. Қызыл кірпіштен салынған екі қабаты ескі ғимарат екендігі бірден көзге шалынды. Ғимарат жақсы сақталған екен. Ғимарат қабырғасына «ул. Кости Стрелюка 11/13» деп жазылған тақтайша ілінген. Ауласына кіріп, ішке ендік. Ғимарат ішінде күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылысшылар бізге назар аудармастан өздерінің жұмыстарын істеуде. Бірінші, екінші қабатты аралып шықтық. Бөлмелерде орналасқан офистегі азамат бұл ғимараттың өте ескі екендігін, кеңестік кезеңде әскери сауда орталығы орналасқандығы туралы ғана білетіндігін жеткізді. Бұл ғимарат туралы нақты білгілеріңіз келсе Воронеж облыстық мәдени мұра нысандарын қорғау басқарамасына барғандарыңыз жөн деді. Салып ұрып аталған мекемені жұмыс уақыты аяқталғанша, іздеп жүріп тауып алдық. Облыстық мәдени мұра нысандарын қорғау басқарамасы кеңесшісі Наталья Сергеевна Оболенская ханым бізді жылы шыраймен қарсы алды. Бірден келген мақсатымызды айтып, жаңа ғана болған көше мен ғимарат жөнінде не білетіндігін сұрастырдық. Ол қалада ондай атаумен аталған көшенің болмағандығын  айтып, көңілімізді су сепкендей басты. Дегенмен де бізде архив құжаттары негізінде айтып отырмыз деген уәж айттық, одан көмек күткен жас баладай жаутаңдағанымызды жасырып неғылайық. Наталья ханым қала көшелері туралы «Историко-культурное наследие города Воронежа» атты қалың кітапты қолына алып, қарастыра бастады. Бізде кітапқа ұмсынып, кітаптың әр парағын көзбен жеп қоярдай-ақ ұмтыламыз. Міне, кітаптың 81-ші бетінде «... По церкви, стояшей у перекрестка с улицей Володарского, называлась Пятницкой, после революции по располагавшемуся в здании епархиального училища ветеринарному – Ветеринарной, в послевоенное время получила имя воронежского комсомольца-разведчика Кости Стрелюка, погибшего в Карпатах», - деп жазылған. Сонымен бірге біз көрген ғимраттың суреті де қоса берілген. Қуанышымызда шек жоқ. Кеңесші де өз кезегінде бұл ғимараттың мәдени мұраны қорғаудың мемлекеттік реестріне енгізілгендігін жеткізді.

Патшалы Ресей кезеңінде аталған көшеде Пятницкой шіркеуі орналасқандықтан көше осы атауға ие болса, 1917 жылғы революциядан кейін бұл көшедегі Епархия реальді училищесі ғимараты  ветеринарлық институтқа берілуіне байланысты  көшенің атауы Ветеринарной көшесі аталған. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары көшенің атауы сол қалада туып-өскен, соғыста қаза тапқан, Халелдің балалары оқыған бұрынғы №1 (қазіргі №11 А.С.Пушкин атындағы) мектептің түлегі, соғыс жылдары барлаушы, комсомол Костя Стрелюктің есімімен аталды. Бір ерекшелігі ғимарат орналсқан көше трассасы 1774 жылғы қала жоспары бойынша  салынған. Сонымен Воронеж қаласында айдауда жүрген кезінде Халекең тұрған үй бүгінгі күндері Костя Стрелюк атындағы көшеде орналасқан. Үйдің қысқаша тарихына шолу жасасақ. Бұл үй 1868 жылы құрылған  Воронеж әйелдері қайырымдылық бөлімшесінің кедейлер комитеті бастамасымен 1883 жылы тігін шеберханасы ретінде салынды. Құрылыстың қаржылық  шығынын А.Н. және Н.А. Клочковтар мен көпес әйел А.В.Андронова (ақын А.В.Кольцовтың қарындасы), ақ сүйек әйел А.И.Шеле көтерген. Ғимарат архитектор А.М.Барановтың жобасы негізінде салынған. Шеберхананың ашылуы 1884 жылдың наурызында жүзеге асты. Бұл шеберхананың ерекшелігі 12 мен 17 жас аралығындағы кедей қыздардың баспанасы болды. Қыздар осы үйде тұрып, сауаттылыққа, үй шарауашылығына қажетті барлық кәсіпті үйренді. Деректер бойынша 1886 жылы 44 тәрбиеленуші болған. Аталған ғимараттың тағы бір ерекшелігі декор сәндік элементтері арқылы салынған екі фасадтан тұрады, сол кездегі Воронеж қаласы үшін сирек кездесетін батыс европалық сәулет өнері негізінде салынған. Ғимараттың қабырғалары өте қалың.  Қазіргі кезде бірінші және екінші қабаттарда әртүрлі мекемелердің кеңсе-офистері  мен тігін шеберханасы орналасқан.

Халел тұрған үйде алаш арыстары мейрам күндерін сылтау ғып талай бас қосқан. Дастархан басында өткен-кеткенді еске алып, атамекенге деген сағыныш сезімдерін бөліскені, шемен болып қатқан шерлерін тарқатқаны да ақиқат. Қарашаш Халелқызы өз естелігінде: «Әкеммен Воронежда Жаһанша Досмұхамедұлы, Әбдіхамит және Жақып Ақбайұлдары, Әшім Омарұлы, Сейідәзім Қыдырбайұлы, Кәрім Тоқтабайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жұмақан Күдерұлы, Мұхтар Мурзиндер бірге болды», -  деп жазды. Осы қалада оқыған болашақ тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов пен кейін партия қайраткеріне дейін өскен Жақыпбек Жанғозиндер де ол үйге жиі келіп тұрған.

Халелдің балалары оқыған жоғары да аталған мектеп үйден 300 метрдей жерде орналасқан. Мектеп ғимараты 1912-1913 жылдары бой көтерген. Бұл ғимаратты да суретке түсіріп алдық. Ғимарат Воронеж қаласының тарихи-мәдени мұрасы тізіміне енгізілген. Бір қызығы Халекең тұрған мекен-жайдың қасында 1933 жылы салынған ОГПУ-дің ғимараты орналасқан.

Ал Жаһанша Досмұхамедов тұрған көше ХVІІ ғасырдың аяғы ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында көбінесе тері өңдейтін кәсіппен айналысқан қолөнершілер тұрғандықтан «Скорняжный» аталған.  1970-80 жылдары  жаңадан драма театр салынуына орай көшенің жоғары жағындағы тұрғын үйлер бұзылған. Ал 1990 жылдары жаңа заман лебіне байланысты коттедждер салына бастаған. Қазіргі уақытта аталған көшенің төменгі жағындағы ескі үйлер ғана сақталып қалған. Осы көшедегі Ж.  Досмұхамедов айдауда болған жылдары тұрған үй үй соғыс кезінде қираған, ал 1946 жылы И.Е.Солоннников (1904 ж.т.) деген азамат қайта салып, осы мекен жайға тұрақтаған.

Воронеж облыстық қоғамдық-саяси тарих архиві деректері бойынша жоғары да есімдері аталған Алаш қайраткерлерінің кейбірі қаладағы Карл Маркс көшесіндгі №94 үйде тұрған. Бұл үйде қала тұрғындарына «гармошка» атауымен етене таныс үй болып шықты. Ғимарат 1929 жылы конструктивизм нақышында салынған. Соғыс жылдарында ғимарат қирап бүлінгенімен, кейін ішнара ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы архитектураның классикалық үлгісі негізінде өзгерістер енгізіліп, қайта салынған.

М.Тынышпаевтың баласы Даулеттің естелігі бойынша жер аударылған әкелерінің артынан барған анасы екеуін ағасы Ескендір күтіп алып, қаладағы Пятницкой көшесі бойындағы үйге орналастырғандығы», - туралы жазады (Мухамеджан Тынышпаев. Воспоминания, документы, фотографии: - Алматы: «Томирис»-21», 2017, -с.32).

Алдағы уақытта  Атырау облысы әкімдігі тарапынан Воронеж қаласының әкімшілігімен келісе отырып бүкіл Алаш жұртының мақтанышы болған Х.Досмұхамедов тұрған ғимаратқа «Бұл үйде 1932-1938 жылдары қазақ халқының біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист ғалым, профессор Халел Досмұхамедов тұрған» деген ескерткіш тақта орнатса құба-құп болған болар еді.

Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371