Сенаторлар денсаулық сақтау саласының мәселелерін талқылады
Сенат депутаттары Серік Бектұрғанов пен Мұрат Бақтиярұлы еліміздің денсаулық сақтау саласындағы мамандар қорын басқару, салааралық үйлестіру мен дәрігерлік және фармацевтикалық білім беру саласындағы мемлекеттік басқару мәселелері бойынша денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен кездесті.
Министрліктің ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Сәуле Сыдықова саланың ахуалы туралы сенаторларды хабардар етті. Департамент директоры айтқан статистикалық деректерге сәйкес, республикада 248 мыңнан астам дәрігер қызметкерлер, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесінде 205 712 дәрігер жұмыс істейді. 10 мың халыққа шаққанда дәрігерлер саны (Қазақстанда – 39,6, ЭЫДҰ елдерінде – 33) және орта санаттағы медицина қызметкерлері (Қазақстанда – 95,5, ЭЫДҰ елдерінде – 91) болып отыр. Дәрігерлік мекемелер мамандармен тұрақты түрде әрі қанағаттанарлық деңгейде қамтамасыз етіліп келеді.
Бұл ретте, қалалық және ауылдық жерлерді дәрігер мамандармен қамтамасыз етуде айырмашылық сақталуда (қалада – 10 мың тұрғынға 56,8, ауылдық жерлерде – 10 мың тұрғынға 16,1 маманнан келеді).
Бүгінгі күні жұмысқа алынбаған штаттық орындар бойынша 2481,75 дәрігер тапшы болып отыр.
Департамент басшысы медициналық білім беруді жаңғырту аясында дәрігерлік университеттерді дамытудың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары жасалғанын, онда оқыту бағдарламаларын өзгерту және стратегиялық серіктестер – шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламасын енгізу, медициналық жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту, университеттік клиникаларды құру, профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуетін арттыру көзделгенін атап өтті.
Ол білім беру үдерістеріне резидентура тұжырымдамасы, емдеудің ерте байланыстары, клиникалық дағдыларды қауіпсіз ортада оқыту, коммуникативтік дағдыларға үйрету, білім беруде ғылыми көзқарасты дамыту, оқытудың интеграцияланған түрлері, медицинадағы дәлелді негіздер, білім беру ұйымдарындағы менеджмент енгізілгенін, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мен профессорлық-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыруға баса назар аударылғанын хабарлады.
«Сонымен бірге, бірқатар мәселелер шешімін таппай отыр. Қазақстанда бірыңғай үлгі қалыптасқан, дегенмен Болон процесінің талаптарына, халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келе қойған жоқ.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде адами капиталды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамалық әдістерді бекітті, ол денсаулық сақтау жүйесінде кадр саясатын жетілдіруді және денсаулық сақтау қызметкерлерін даярлаудың және үздіксіз кәсіби дамытудың жаңа сапасын қамтамасыз етуді көздейді.
Денсаулық сақтау жүйесінде кадр саясатын жетілдіру жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында салалық біліктілік жүйесі жетілдіріледі, денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын басқару тетіктері жаңғыртылады, денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын талдау, болжау және мониторинг жүргізу әдістері жетілдіріліп, медицина қызметкерлерінің тартымды бейнесі қалыптасады, кәсібінің беделі арта түсетін болады. Мамандарды сапалы даярлау мен денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби түрдегі үзіліссіз даярлығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер осы сала мамандарын даярлау талаптарына сай халықаралық стандарттарын енгізуді, медициналық білімді, ғылым мен іс жүзіндегі емдік шараларды интеграциялауды көздейді», - деп атап өтті С.Сыдықова.
Шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Семей медициналық университеттерінің ректорлары да қатысып, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Депутаттар оқу орнын бітірген түлектердің жіберілген жердегі қызметін атқаруы мәселесін, түлектердің жалпылама емдейтін дәрігер секілді жұмыс істей алмайтынын сұрады, сондай-ақ дәрігерлік колледждерде мейірбикелерді даярлау сапасын қайта қарау мәселесі де көтерілді. Сындарлы үнқатысу мен пікір алмасу болды.
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы шараны қорытындылай келіп Парламент пен барлық мүдделі органдардың бірлескен жұмысын одан әрі жалғастыру маңызды деп санайтынын жеткізді.
Abai.kz