Сенбі, 23 Қараша 2024
Арандату 7807 71 пікір 7 Маусым, 2019 сағат 09:45

"Караван" мен Верхотуров "репрессияға қазақтың өзі кінәлі" деп жатыр

Дмитрий Верхотуров дейтін тарихшыны естігендеріңіз бар ма? Әй, қайдам. Екінің бірі білетіндей әйдік адам емес. Сондықтан болар, біз де білмеппіз. Сөйтсек, осындай бір адам бар екен. Сойы бізден емес – орыстан. "Бұл кім, неғылған адам, өзі қайда тұрады?" дедік. Дедік те интернеттен іздедік. Сөйтсек, 1981 жылы Ресейдің Краснояр аймағында туған екен. Қазір де Ресейде тұратын көрінеді. Өзі жазушы, өзі тарихшы, өзі шығыстанушы, өзі экономист, өзі Ресейдің қоғам қайраткері, өзі журналист, өзі блогер, несін сұрайсыз, сұмдық атақты адам-мыс.

2001 жылы жазушылыққа қызығушылығы оянып, қолына қалам ұстаған көрінеді. Содан бері оншақты кітап жазып тастапты. Верхотуровтың интернет дүкенде сатылымда тұрған «Сталиниана», «Сталин және еврей», «Сталин және әйелдер» секілді кітаптарының арасынан көзімізге «Ашаршылық» атты еңбегі оттай басылды. 1932-33 жылдардағы қазаққа қасақана жасалған аштық туралы жазыпты. Ол әрине, қазақтың 3/1-ін жалмаған сол бір зұлматқа орыстың көзімен қарайтыны түсінікті. Жалпы бұл адам 2005 жылдан бері ОА елдері туралы, соның ішінде Қазақстан туралы жаза бастапты.

Сол Верхотуров өткенде «Караванға» пікір беріп, сөз алыпты. «Қазақстандықтар 31 мамырдың қандай күн екенін неге білмейді» депті. «Жалпы билік мойындаған бұл күнге ерекше маңыз беру керек пе өзі?» деп көсіліп сөйлепті. Жалпы Сталиндік репрессия  мен қолдан жасалған аштықта қанша қазақтың шейіт кеткені, қанша қазақтың босып кеткені туралы тарихшылар талай мәрте жазды. Оны бізді қойып, әлем халықтары мойындады. Сөйте тұра Верхотуров 31 мамырдағы қазақтың аза тұту күніне кекесінмен қарайтынын ашық мәлімдеген. Осы қуғын-сүргінге Ресей емес, қазақтың өзі кінәлі дегенді айтады. Біз артық сөз шығындап жатпайық. "Сөзімді бұрмалады" деп көлгірсітпеу үшін бұл жолы сол Верхотуровтың айтқандарын сөзбе-сөз аударып бергенді жөн көрдік.


«Алдымен бізге мәселенің мән-жайына терең үңілмей жатып аза тұтуды ұсынғанына назар аударайық. Не үшін? Сол жылдары қазақ интеллигенциясын нақты не үшін айыптағаны, нақты қандай баптармен соттағаны, жалпы олардың тергеу іс қағаздарында не жазылғаны қызық қой... Біз ақыры бұл істі қолға алған екенбіз, онда барлығын бүге-шүгесіне дейін зерттеуіміз, бұл процесстің барлық астарына үңілуіміз керек. Оның үстіне, мәселені қазір осы мазмұнда көтерудің өзінде аздаған өтірік бар.

Қазір бізге құдды қазақ интеллигенциясының басым көбі репрессия құрбаны болғандай көрсетіп, сол пікірмен санастырып отыр. Яғни, Қазақстан интеллигенттерінен айырылып қап, сондықтан елдің мәдени сауаты төмендеген. Алайда бұл өтірік. Сол жылдары Қазақстанда білім, ғылым мен мәдениет қарыштап дамыды. 1934 жылы Қазақстанның Советтік жазушылар одағы құрылды. Ол одақ 1939 жылы екінші рет, 1954 жылы үшінші рет сьезд өткізді.  Репрессия жылдарында одақты Сәбит Мұқанов басқарды. Мұқановты қазір қазақ әдебиетінің классигі деп таниды. Совет жылдарындағы Қазақстанның мәдени дамуының дәлелі ретінде барлық фактілерді тізіп отырмай, осы жерден тоқтайын.  

Мәселені егжей-тегжейлі зерттеп алмай жатып, аза тұту дегеннен мен қандай да бір астар іздеймін. Анау аштыққа қатысты да солай болған. Ауыл белсенділерінің, ұжымдастыру қаһармандары мен мал-жанын тартып алғандардың ұрпақтары да істің мән-жайына үңілмей жатып, кім-кімнен тартып алғанын білмей жатып аза тұтуда. Меніңше, бұл мәселе де осы секілді.

Егер тергеу материалдарын жіті зерттейтін болсақ, меніңше бүгінгі қазақ интеллигенциясының кешегі аталары туралы көптеген жаңа мәліметтерге қол жеткізер едік. Сол кездегі билікке жағымпаздану жолындағы сұмдық тартыстың таң қаларлық көріністеріне көз жеткізер едік. КСРО кезінде интеллигент деп – тек компартия тарапынан мойындалған адамды ғана атайтын. Ол адам ауыр жұмыстан босатылатын. Жақсы жалақысы мен пәтері т.б. көптеген игіліктері мен артықшылықтары болды. Міне, сол жағдайға жету үшін, партияның жеңілдіктерін алу үшін жұрт барлық нәрсеге дайын болды. Тіпті, жолындағы бәсекелестерінің көзін жоюға барды. Сол үшін жала жауып, арыз жазуға мақұл болды.

Сондықтан, ақыры осындай арнайы күнді белгілеген екен, онда бұл «жала жабу мен арыз жазу арқылы әлеуметтік жағдайға жетудің ұят» екенін түсіндіру мағынасында ғана болуы керек және нақты үлгілерін көрсету керек.

Әрине, мәселе нақты дереккөздерден жетпеген, анық зерттелмеген болса, онда сізді оп-оңай алдауы мүмкін. Миын бос сөзбен уламай, архивке барып зерттеп отыратын адамдар табыла қоюы екіталай. Сондықтан да мақсатты түрде «мәселенің мәніне үңілмей жатып аза тұту» пропогандасы жасалып жатыр.

Сол себепті де, ұлттық жадыны жаңарту үшін құжаттарды зерттеу өте маңызды. Иә, бұл кейбіреулер үшін келеңсіз жұмыс болуы мүмкін. Өз аталары туралы болғандықтан, кейбіреулер үшін бұл ұсыныс ұнамауы да мүмкін. Алайда бұл туралы білу керек. Ең құрығанда сол кездегі жала жабу мен арыздану айласын бүгінгі қоғамда қолданбаудың қамы үшін, қоғамның мұндай жағдайларға қарсы иммунитет қалыптастыруы үшін білу қажет».


Бұл жаңағы Дмитрий Верхотуров деген білгіштің жазғаны екен. Салыстырып оқимын дегендер үшін, орыс тіліндегі сілтемесі міне:

Түйін. Дмитрий Верхотуров дейтін орыс тарихшысының пікірі осы. Сталиндік репрессияның болғанын, аштықтың қолдан жасалғанын жоққа шығара алмай амалы таусылған орыс тарихшысы, енді «қазақ зиялылары тұрмыс жағдайын жақсарту үшін бір-біріне арыз жазды» деп қуғын-сүргінді қазақтың өзі жасаған етіп жіберіпті. Бұған жауапты журналист емес, қазақ тарихшылары беру керек... Сондықтан да Верхотуровтың пікірін сөзбе сөз аударып бердік. Ары қарай, ой қозғап, пікір түйіндеу, тойтарыс беруді Сіздің еркіңізге қойдық, оқырман.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

71 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396