Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2892 0 пікір 28 Маусым, 2011 сағат 06:19

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» Жан жегісі (2-нші тарау)

Алаш қайраткерлерінің мұқым ұлтты осындай мүсәпiрлiкке ұшыратқан партия мен үкiметтi өкiметiмен қосып жек көрмеске еш амал жоқ едi. Мұндай саяси сараместiк пен сатқындыққа, қатыгездiк пен қаскөйлiкке, жалдаптық пен жәдігөйлiкке шыдамаған, жүрегi шошынған қайраткерлер кеңкелес кеңестен мүлдем түңiлдi. Сондықтан да ұлттың ар-намысы болған алаш азаматтары билiктен бас тартып, бетiн терiс бұрып әкеттi. Олар өзінің қуат-күшін елінің рухани игiлiгiне жұмсауға, ұлттық рухты өлтiрмеуге ұмтылды.

Қысылтаяң шақта да ұлт мүддесіне деген күрес рухы әр азаматтың жүрегiнде сақталып қалды. Әрқайсысының бастарына төнген қауiптi сезiне тұра iшкi құрметтi ұмытпады. Жер мәселесiмен «Алаш iсi» ушығып, саяси қысым мен жазалау науқаны қатар жүргiзiлген қат-қабат күндерде де ұлттық сана мен қоғамдық пiкiрдiң қозғалысы толас таппады. Қазақ зиялыларының бұрынғы ашық талқылаулары мен кездесулерi жартылай құпия, мүлде құпия түрде жүргiзiлдi. Олардың арасындағы байланыс құралына сол кезеңдегi мүмкiн болған барлық тәсiлдер пайдаланылды. Патшаның отаршыл жазалау саясаты мен жандармерияның тiмiскi әрекетi алаш азаматтарына конспирацияның неше түрлi қитұрқы амалдарына үйреттi.

Солтүстiк және Оңтүстiк облыстар Қазақстанның мемлекеттiк шекарасына енген соң, өздерiнiң белдi бір мақсаттарының орындалғанын қанағат етті. Сөйтіп бiрыңғай мәдениет, оқу-ағарту саласына ауысты. Партия мен үкiметтен көңiлі қалған Мұхтар Әуезов ешкiмнен рұхсат сұрамастан Семейден, төте Ташкентке кетiп қалды. Iле Ленинград университетiне ауысты. Партиялық билетiн өлкелiк комитетке хатпен қоса салып жiбердi. Тергеушілерге:

«Еңбек тәртiбiн бұзғаным үшін және мүшелiк жарнаны төлемегенiм үшiн мені партиядан шығарып тастады», - деген мазмұнда уәж айтты.

Әрине, бұл да жай ғана алдарқату едi.

Ұлт зиялыларының Ташкентке жаппай ауысуы секемшiл өкiметтiң күдiгiн тудырды. «Алашорда» қайраткерлерiн түрмеге бiр-бiр сүңгiтiп алса да», оларды сотқа тартатындай сылтау табылмады. Ол өкiнiшiнiң орынын тергеу орындары 1929-1931 жылдардағы «ұлы құрбандықтың» тұсында толықтыруға тырысты. Ақыры ештеңе таба алмаған соң Байғасқин Есiмге «қысым көрсетiп, азапқа салып»:

«Мен өзiмнiң бұл куәлiгiмде алғашқы жолғы жауапта ұмытып кеткен мына бiр жайды қосқым келедi. Мен өзiмнiң алғашқы жауабымда: Әнуар паша мен Заки Уалидидiң саяси сахнаға шығуына байланысты 1922 жылдың мамыр айында алашордашылардың арасында бiр қозғалыстың басталғанын, алашордашыл Әуезов Мұхтар мен Тоғжановтардың қазақ ауылдарында ұлы түрiкшiлдiк рухты насихаттағанын айтқамын (Менiң бiрiншi жауабымды қараңыз). Петропавлдық алашордашылардың арасына осы ұлы түрiкшiл үгiт-насихатты жүргiзген тұста, бiр жолы сол кездегi губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы Қазбеков Смағұл, губерниялық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Бейсенов Мұхамеджан және Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов, тағы да басқа мен аты-жөнiн ұмытып қалған адамдар өзара ұзақ кеңестi, бiрақ ортақ шешiмге келген жоқ, сонда да өзара пiкiр алысуларын жалғастыра бердi, ақырында Әнуар мен Закидiң iс-әрекетiнiң нәтижесiне қарай қимылдамақ боп, ешқандай шешiм қабылдамауға келiстi. Маған мұның барлығын солардың iшiнде жүрген Байтасов айтты және оны жұрттың бәрi бiлетiн.

Байтасовтың сөзiнен ұққаным мұның мәнiсі қарулы әскер жасақтау, ауылды көтерiлiске дайындау екен. Менiң бұдан түйген тұжырымым мынау: егерде Әнуар паша мен Закидiң әскерi жеңiске жетiп, iлгерi басқан қадамы сәттi болса, онда алашордашылар халықты сөзсiз көтерiлiске шығарар едi. Жаңылмасам, маған Байтасов: Қожанов пен Рысқұловтың, Әнуар паша мен Заки Уәлидидiң арасында байланыс бар, - деп айтқан сияқты. Бұдан басқа айтарым жоқ», - деген жалған көрсетінді жаздырды.

Мiне, тұтқындағыларға тағылған: „аштыққа ұшыраған адамдарды астыртын ұйымға тартты, оларды кеңес үкіметіне қарсы күресуге үгіттеді", - деген үшінші айыптың астарында жатқан оқиғалардың қасіретті шындығы осындай едi.

Бұған қоса: алаш қайраткерлері жазушылық, ғалымдық, оқытушылық қызметi арқылы кеңес өкiметiнiң саясатын бұрмалауға араласты, сол арқылы кеңес өкiметiн құлатуға тырысты делiнген «қылмыстық әрекеттер» айып ретінде тағылды.

Сөйтiп, ұлттық мемлекет пен ұлттың мұқтаждығын терең түсiнетiн ұлттық қайраткерлердiң барлығы қызметтен қуылып, Сталиннiң өзi ғана «мекемелiк көсем» боп қалды, ұлттық партия, ұлттық автономия, дербес мемлекет деген сөздерден оның төбе шашы тiк тұрды.

Сонымен, Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетудің мүмкіндігі неге болмағанын, Қазақтың ұлттық-демократиялық республикасын құру мақсаты неге жүзеге аспағанын баяндап өттік. Ал «Россия халықтары праволарының декларациясы» неге бір уыс қағаз болып қалды? Бұл мәселеге тергеушілердің өзі де жауап таба алмаған.

Оны «қолына алып, пәле салып, өз елін өзі аңдыған» көсемдер шешкен.

Жалғасы бар

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371