Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 10079 43 пікір 3 Шілде, 2019 сағат 22:13

Министр Ермекбаевтың сөзі - барып тұрған провокация!

Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы апатқа қатысты пікір білдіріпті. Әскери қоймадағы ескі-құсқы қару-жарақ пен оқ-дәрінің жарылғанын "табиғи апат" деп бағалапты.

Қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары министр мырзаның сол бір сөзін жарыса жазып, жариялап жатыр.

"Бұл біздің кінәміз деуге болмайды. Бұл табиғи апат. Әрбір арсеналдың қауіпі бар. Әзірге халықтан кешірім сұраудың еш себебін көріп тұрған жоқпын", депті (Нельзя говорить, что это наша вина. Это природное явление. У каждого арсенала есть опасность. Я пока не вижу причин просить прощения у народа).

Министр Ермекбаев Мәжілістің дәлізінде журналистерге жолығып қалып, Арыстағы апатқа қатысты бірнеше сауалға жауап берген екен. Сөйтіп, жоғарыдағы пікірді айтқан. Бұған қоса, Арыс қоймасындағы оқ-дәрі мен қару-жарақтарды көшіру үшін бюджеттің бірнеше миллиард теңгесі қажет екендігін және оның нақты сомасы есептеліп жатқанын да айтқан.

Естеріңізге сала кетейік, өткенде Арыстағы №44856 әскери бөлімінде орналасқан қоймада жарылыс болып, 3 адам қаза тапқан еді.

Кейбір деректерге сенсек, Арыстағы әскери қоймада 90 тоннаға жуық зымырандық-артиллериялық қару-жарақ, инжинерлік жабдықтар, атыс қаруларының оқ-дәрілері, қол гранаттары, танкіге қарсы қолмен басқарылатын зымырандар, зениттік зымырандар мен түрлі калибрлі снарядтар, сондай-ақ, Кеңес өкіметі кезінен бері сақталып келе жатқан ескі қару-жарақтар мен оқ-дәрілер болған.

Жарылыстың салдарынан 45 мыңға жуық тұрғыны бар Арыс қаласы толықтай эвакуацияланып, бірнеше күн қаланы жарылғыш заттардан тазалау жұмыстары жүргізілген еді. Түркістан облысы әкімі аймақта төтенше жағдай жариялаған. Жарылыстан Арыстағы 80 пайыз ғимарат зақымданған деген ақпарат та тарады.

Республика бойынша Арыс қаласына гуманитарлық көмек керуендері жөнелтілді. Халық жаппай жылу жинады. Жергілікті басшылар қаланы қайта қалпына келтіру үшін әлі бір айдай уақыт керектігін айтты. Арыстағы ағайын өз баспаналарына оралғанымен, ондағы жағдай әлі бұрынғы қалпына келе қойған жоқ. Материалдық жағын айтпаған күннің өзінде, сол жарылыстан марқұм болған азаматтардың топырағы да әлі суған жоқ.

Арыстағы шетін оқиға - табиғи апат емес. Ол адами фактордан болған апат. Жарылыс әскери қоймада болды. Қоймаға жауапты адамдар бар. Ол қоймадағы ескі-құсқы, пайдалануға және сақтауға жарамсыз деп танылған қару-жарақ пен оқ-дәрілер дер кезінде жойылуы керек еді. Утилизациялау жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі де, оған бөлінуі тиіс қаражаттың уақытылы берілмеуі де, қоймадағы өрт-қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы да - адами фактор. Алайда министр Ермекбаев үшін бұл факторлар - табиғи құбылыс көрінеді.

Айтпақшы, бүгін Әскери прокуратура Арыстағы апаттың алғашқы себептерін айтқан еді. Бас әскери прокуратура басшысының орынбасары Дархан Ержанов Арыстағы апаттың себебі ретінде бірнеше нұсқаның қаралып жатқанын хабарлаған.

Сонымен, Бас әскери прокуратура айтқан нұсқалар:

- Өрт қауіпсіздігін сақтамау;

- Электр сымдарының тұйықталуы;

- Тез тұтанғыш заттардың өртенуі (қураған ағаштар, жанар-жағармай  материалдары);

- Лауазымды қызметтегі тұлғаларадың салғырттығы.

Бұған қоса:

- Оқ-дәрілері бар қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі;

- Жарылғыш заттардың дұрыс жиналуы;

- қоймаларда анықталған ақауларды дер кезінде жою.

Бас әскери прокуратура осы аталған себептер бойынша тексеріс жүргізеді. Жоғарыда аталған ережелер сақталмағаны анықталған жағдайда жауапты азаматтар заң алдында жауапқа тартылатын болады. Бұл туралы Дархан Ержанов мырза айтты.

"ҚР қылмыстық кодексінің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес "абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет, Қару-жарақпен, оқ-дәрiлермен, радиоактивтi материалдармен, жарылғыш немесе айналасындағыларға аса қауіп төндіретін өзге де заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге, әскери мүлiктiң жойылуына не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғу" бойынша бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы дерекке қатысты ІІМ тәжірибелі мамандарынан жасақталған жедел тергеу тобы құрылды", - деді Ержанов.

Ермекбаев кім?

Сонымен Ермекбаевқа оралайық... Біле жүріңіз...

Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев - Қазақстанның Қорғаныс министрі. Бұл қызметке 2018 жылдың тамызында келген. Қазір 56 жаста. Әскери атағы - Генерал-майор. Қазақ, орыс, қытай, ағылшын тілдерін біледі. Біраз жыл биліктің әр сатысында лауазымды қызметтер атқарған. 2016 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, сол министрлікті басқарған. Қазір ол министрлік жоқ.

Наградалары:

1. Құрмет ордені,

2. Парасат ордені,

3. Әскери барлауға 100 жыл медалі,

4. Локальді жанжалдарға қатысушыға медалі (Ангола),

5. Облыс игілігіне атқарған еңбегі үшін медалі,

6. Сыртқы барлауға қосқан үлесі үшін медалі,

7. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін медалі,

8. КСРО Қарулы Күштердің 70 жылдығы медалі,

9. Әскери барлауға 20 жыл медалі,

10. Сыртқы барлауға 20 жыл медалі,

11. ҚР Қарулы Күштеріне 20 жыл медалі,

12. ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл медалі,

13. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл медалі,

14. Елбасының алғысы төсбелгісі,

15. ҚР әскери барлауы алдындағы еңбегі үшін "Алтын үкі" төсбелгісі,

16. І дәрежелі ҰҚШҰ құрмет белгісі,

17. Қазақстан полициясына 25 жыл төсбелгісі,

18. бірқатар мерейтойлық медальдар мен төсбелгілер.

Түйін. Ермекбаев Қазақстанның Қорғаныс министрі. Арыстағы өрт шыққан, жарылыс болған әскери қоймаға тікелей жауапты министрлікті басқарып отырған лауазымды тұлға. Ел-халықты осынша әбігерге түсірген сойқан апат үшін Ермекбаевқа себеп керек пе, сонда?

Ермекбаевтың осы пікірі қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Өзі басқаратын министрліктің қарауындағы қоймадағы жарылыстан зардап шеккен халықтан кешірім сұрауға себеп сұраған Ермекбаевтың отставкасын талап етіп жатқандар аз емес. Қалай айтсақ та, біз министр Ермекбаевтың жаңағы сөздерін ақыл шеңберіне сыйғыза алмадық?

Ел аман, жұрт тынышта бүкіл қала қарша бораған оқ пен оттың жауынын көрді. Баспаналарын тастап, босып кетті. Бейбіт күнде азаматтар оққа ұшты. Кісі өлімі болды. Бүкіл Қазақстан халқы қайғы кешті. Көмек ұсынып, жылу жинады. Басқасын айтпағанда, Ермекбаев осы үшін халықтан кешірім сұрап қана қоймай, өз еркімен отставкаға кетуі керек еді. Алайда Ермекбаев өйтпеді. Керісінше, "кешірім сұрайтындай еш себеп жоқ" деп сөйледі.

Жыл басынан бері елімізде жүзге жуық митинг өтіпті. Жұрт елдегі әлеуметтік проблемаларды көтеріп, көшелерге шықты.Ел-халықтың көңілі алағай да, бұлағай болып тұрған осы сәтте министрдің жаңағыдай сөйлеуі -  онсыз да ашынып отырған ағайынды арандатуға себеп болмаса игі еді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

43 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373